Найти тему

АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ ӨКІЛДЕРІНІҢ ПАРЛАМЕНТАРИСТІК ОЙЛАРЫ

ХХ ғасырдың бас кезіндегі Алаш қозғалысы өкілдерінің саяси көзқарастарының бір ерекшелігі Парламенттік демократиялық Республиканы жақтауы еді. Әлбетте, Алаш қозғалысы өкілдерінің парламенттік-демократиялық көзқарасы Ресей империясының 1905-1907 жылдары орын алған буржуазиялық-демократиялық революциясының әсерінен шақырылған Мемлекеттік Дума арқылы анықталғаны анық. Бірақ қазақ қоғамына - парламенттік консультативтік органның нышаны қазақ халқының Ресей империясы құрамына кірмей тұрған Қазақ хандығы кезеңінен белгілі. Әсіресе Тәуке ханның Күлтебеде, Мәртөбеде шақырылған құрылтай жиындары – қазақ халқының өкілдері жиыны есебінде өткізілген. Құрылтай жиыны Қазақ хандығында жаңа ханды сайлауда және төтенше мәселелерді талқылауда үнемі шақырылып отырған. Мемлекет басшысыда осы құрылтай жиналысында сайланған. Кіші жүзде 1785 жылы хандық билікті Ресей империясының отаршыл билігі уақытша жойған кезде билер, старшындар, батырлар жиналысы есебінде шақырылған құрылтай жиналысы 1791 жылға дейін өңірлік билікті ұстап тұрғаны тарихтан белгілі. Ал ХХ ғасырдың бас кезінде саяси парламенттік-демократиялық ойлар дамыған Еуропадан Ресей империясына жеткен бойда – парламентаризм қазақ халқының зиялы өкілдерінен кең қолдау тапты. 1905 жылғы оқиғаларға байланысты қазақ халқының либерал-демократиялық бағыттағы зиялы өкілдерінен құрылған «Алаш» қозғалысы 1906 жылы Қазақ конституциялық демократиялық партиясын құруға әрекеттенген кезде – қазақ халқының Ресей империясының саяси өкілетті кеңесуші консультативті органы Мемлекеттік Думаға дайындықты бастаған болатын. Өкінішке орай, Қазақ конституциялық демократиялық партиясы тіркелмей қалды. Бірақ, қазақ халқы қоныстанған облыстардан депутаттар империя аясында құқығын қорғау үшін Мемлекеттік думаға сайланып, қазақ халқының құқығын мейлінше қорғауға тырысты. Қазақ халқының отарлау биліктен құтқару бағытында қазақ зиялы қауым өкілдерінен түрлі қадамдар жасалды. 1911 жылы «Алаш» қозғалысы өкілдерінің бірі Барлыбек Сыртанов «Қазақ елінің уставы» аталған болашақ Қазақ Республикасының Конституциясын жазған кезде парламенттік Республиканың құрылымын мысалға алған болатын. Мысалы, осы «Қазақ елінің уставының» 4. Қазақ елінде ең басшы орыны-Ұлт мәжілісі. Оған дауыспен өткендер Қазақ елінің басшысы Президентті төрт жылға сайлайды. 6. Президент Қазақ елін министрлер арқылы басқарады. Министрлерді Президент өзі таңдайды, бірақ Ұлт мәжілісі дауыспен шешеді. 7. Министрлер өздері басқарған жұмыстарымен Президенттің һәм Ұлт мәжілісінің алдында есеп беріп тұрады. 24. Қазақ еліндегі бар судьялар Ұлт мәжілісінде өмір бойы сайланады. Законды бұзған һәм орындамаған судьялар орындарынан алынады. Орнынан алуды адам баласының арызы негізінде һәм Қазақ елі сотының Председателінің хүкімімен Ұлт мәжілісінде көп дауыспен растайды. Олай болмаса судья өз атына қайтарылады[1]-деген баптары бар. Бұл жерде Ұлт мәжілісі деп тұрғаны бір палаталы парламенті. Барлыбек Сырттанов «Қазақ елінің уставын » жаза отырып, болашақ Қазақ Республикасының парламентіне кең өкілеттер береді. Елдің президенттін сайлау, министрлерді тағайындау. Президентте те министрлерде парламент алдында жауапты. Өз заманында Барлыбек Сырттановпен замандас болған қазақ халқының ұлттық зиялылары жоғары баға беріп кеткен. Бұған дәлел ірі қоғам қайраткері, атақты заңгер, ағартушы демократ Бақытжан Қаратаев … «Меніңше, жалғыз сен ғана халықтың сеніміне ие болдың, жалғыз сен ғана «халық үшін еңбек еттім» деп айтуыңа хақың бар» – дей келе сол заманда оқыған қазақтардың ішінде ең білімдісі, беделдісі Барлыбек Сырттанов екенін, егер ол мемлекет басқару тізгінін өз қолына алатын болса, оның соңынан қазақ халқы еретінін мәлімдеп, оны өте жоғары бағалаған[2]. Барлыбек Сырттановтың жазған «Қазақ елінің уставы» аталған Конституциясының «Алаш» партиясының баспа орталығы «Қазақ» газетінде жарияланып тұруы «Алаш» қозғалысы өкілдерінің аталмыш еңбекті халық тағдырына тұсбағдар есебінде алғаны анық. Тіпті, осы еңбекке сүйене отырып, халықтың саяси бағытын анықтауға тырысқан. Бұл еңбекте биліктің үшке бөлінуі айқын көрсетілген. Тәуелсіздік анық жазылған. «Алаш» қозғалысы өкілдері Барлыбек Сырттановтың еңбегіне сүйене отырып, монархиядан – республикалық басқару жүйесіне ауысып жатқан Ресей мемлекетінің қазақтарға бейімді басқару жүйесі парламенттік-республикалық, федеративтік құрылысында айта білді. Жалпы, алғанда парламенттік органның Конституциялық монархиялық басқаруда болсын, Республикалық парламенттік жүйеде болсын тиімдісі - халық өкілдерінің түйткілді мәселеге келгенде өзі сайланған аумақтың, партияның атынан сөйлеуге мүмкіндік алады. Парламентте депутаттар фракциялық сөз таласқа түседі, өз пікірін жеткізеді, өз ойын білдіреді. Парламенттік республикада – сайлау арқылы жеңіске жеткен партия үкімет құралады, оппозицияның пікірі үнемі ескеріліп отырады.

Парламенттік республика — парламенттің өкілеттігі басымырақ болып келетін республиканың бір түрі[3]. Жалпы Республикалық басқару Президенттік, парламенттік және аралас болып бөлінеді. Қазіргі кезде дамыған елдердің саяси тәжірибесіне парламенттік республикалық басқару жүйесі барынша енуде. ХХ ғасырдың бас кезінде Франция мемлекеті парламенттік республикалық басқарудың жарқын үлгісі болды. Ал АҚШ президенттік басқару жүйесінде үлгі болды. Барлыбек Сырттанов «Қазақ елінің уставын» жазуда Франция, АҚШ, Ұлыбритания мемлекеттерінің конституциясын біріктіргендігі анық көрініп тұр. Франциядан парламенттік басқаруды, АҚШ-тан президент, вице-президент, Ұлыбританиядан доминион ұғымын алғаны анық. Парламенттік Республикада – Мемлекет басшысын – заң шығарушы орган, халықтың өкілетті жиыны сайлайды. 1917 жылы жалпықазақ бірінші съезінде «Алаш» партиясы құрылған кезде партияның бағдарламасының 10 бағытының 1 бағытында - Ресей демократиялық, федеративтік республика болу (Демократия мағынасы- мемлекетті жұрт билеу. Федерация мағынасы - құрдас мемлекеттер бірлесуі. Федеративтік республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. Әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді.) Үкімет басында Учредительное собрание мен Государственная Дума қалауынша кесімді жылға сайланатын президент болу. Президент халықты министрлер арқылы бағу, ол министрлер Учредительное собрание мен Государственная Дума алдында жауапты болу. Депутаттар тегіс, тең, төте һәм құпия сайлаумен болады. Сайлау хұқында қан, дін, еркек-әйел талғаусыз болу. Законды жалғыз ғана Государственная Дума шығару һәм Государственная Дума үкімет үстінен қарап, ісін тексеру, запрос (сұрау) жасау хұқы да Государственная Думада болу. Мемлекет салығы Государственная Думасыз салынбау[4, 118-119 бб.]-деп қазақ зиялы қауым өкілдері қазақ халқының жаңарған Ресей мемлекетінің федеративті-парламентті демократиялық көретіндігін айтып жеткізді. Яғни, қазақ халқының ұлттық либерал-демократиялық бағыттағы «Алаш» партиясының өкілдері монархия құлағаннан кейінгі Ресейдің саяси дамуы парламенттік тұрғыда болуын жақтады, тіпті талап етті. 1917 жылы желтоқсан айында өткен жалпықазақ екінші съезінде құрылған Алаш автономиялық аумақтық мемлекеттік бірлестігі парламенттік тұрғыда құрылатындығы айтылған. Бұған қоса Алаш партиясы өңірлік (земство сайлауларында) аймақтарда сайлауда басым көрсеткендігіде парламентаризмнің айғағы. Жапықазақ бірінші және екінші съездері өңірлердегі жиын арқылы халық өкілдерінен шақырылғандығыда – парламентаризмнің белгісі. «Алаш» қозғалысы өкілдерінің Түркістан өлкесінің басшылары Мұстафа Шоқай мен Мұхаметжан Тынышпаев тарапынан құрылған Түркістан (Қоқан) автономиялық мемлекеттік бірлестігінің парламенттік органдары құрылғандығын атап өткен жөн. Бұл жәйлі Өзбекстандық тарихшы Сайдакбар Агзамходжаев «История Туркестанской автономийи (Туркистон Мухторияти)» өзінің еңбегінде былай дейді: Жас ұлттық мемлекеттің үкіметімен қатар уақытша Ұлттық жиналыстың (Милли Мәжіліс) құрамы да анықталды. Оның құрамына Убайдулла Ходжаев кірді, Мұстафа Шоқаев, Тошпулатбек Норбутабсков, Садриддинхон Шарифходжаев, Кунгирходжа Қожа. Исматулла Убайдуллин, Саидносир Миржалилов, Саид Жаъфарбой Саидов. Ислам Шоахмедов, Абдурахмонбск Оразаев, Хидоятбек Юрали Ағаев, Носырхонтура Комолхонтураев, Миродил Мырзаахмедов, Тошходжа Ашурходжаев, Абдулкадыр Көшбегиев, Обиджон Махмудов, Жамшидбек Қорабеков, Соломон Гсрцфсльд. Абдусамад Абдусалимов, Абдулла Дербисалин, Мұса Акчурин, Мұстафа Мансуров, Махмудходжа Бехбуди, Ибрахим Давлетшин, Мұхаммеджон Тынышпасв, Халил Ширинский. Толибжон Мұсабаев, Олимхонгура Шокирхонтурасв, Собиржон Юсупов, Одилжон Омаров және т. б. [5, 194 б]. Бұл мәліметке сүйене отырып, Түркістан (Қоқан) Автономиялық мемлекеттік бірлестігінде парламенттік органның тұрақты жұмыс істегенін байқай аламыз. Бұл автономияның басында «Алаш» партиясының өкілдері тұрғандығын алсақ – «Алаш» қозғалысы өкілдерінің парламентік органның тікелей теориялық ұстанымнан өз көзқарастарын шынайы өмірде жүзеге асыра алғанын байқауға болады.

Пайданылған әдебиеттер

1. Барлыбек Сыртанов һәм Қазақ елі Конституциясы alashainasy.kz 01.2014

2. Алаш қайраткері, тұңғыш қазақ Конституциясының авторы Барлыбек Сыртанов

кім еді? olketanu.pushkinlibraray.kz 12.07.2017

3. Парламенттік-республика kk.wikipedia.org

4. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. – Алматы:

«Атамұра», 2010, 752 бет, суретті, карталы

5. Сайдакбар Агзамходжаев «История Туркестанской автономийи

(Туркистон Мухторияти)» Тошкент ислом университеті Ташкент 2006.

Конференцияға жіберілген мақала үзіндісі

Автордан

Сурет ғаламтордан алынды