🔶Экологиялық құқық бұзушылықтарды тіркеуге арналған камералар санын көбейту жоспарлануда Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев атап өткендей, «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасына сәйкес 2025-2027 жылдар аралығында қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша жобалар іске асырылады, бұл көму көлемін қысқартуға және қайта өңдеу үлесін арттыруға мүмкіндік береді. «Көшелер мен аулалардың, қоғамдық кеңістіктің және жалпы қоршаған ортаның жай-күйін бақылауды ұйымдастыру кезінде цифрландыру, бұзушылардың тұлғаларын тану және одан әрі әкімшілік шараларды қолдану секілді бейнемониторингтік жүйенің мүмкіндіктері пайдаланыланады. Бұл ретте азаматтар мен кәсіпорындар тарапынан экологиялық құқық бұзушылықтарды азайту мақсатында тіркеуге арналған камералар саны арттырылады», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Қазақстан мен Түркия Транскаспий халықаралық дәлізі арқылы тауар тасымалын арттыруға ниетті. Мұны елімізге ресми сапармен келген Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фиданмен кездескеннен кейін бірлескен мәлімдеме жасаған ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты. «Қазір әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық ахуал күрделі болып тұрғанын білесіздер. Осы орайда, біз көлік-транзит саласындағы мүмкіндіктерді әрі қарай арттыруға баса назар аудардық. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін толық пайдалану арқылы тасымалды ұлғайту қажет деген байламға келдік. Бұған қоса, транзиттік бағдарлардың диверсификациясы ретінде Қазақстан-Түрікменстан-Иран- Түркия темір жолын түрік тарапы пайдалану мүмкіндігін ортаға салдық», - деді Мұрат Нұртілеу. Министр атап өткендей, сонымен бірге екі ел әскери және қорғаныс өнеркәсібі салаларында да ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. «Тағы бір өзекті мәселе – ол әскери және қорғаныс-өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық. Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде бұл бағыттың маңызы өте зор», - деп тоқталды Мұрат Нұртілеу. Сонымен қатар ведомство басшысы қарашада Түркістан қаласында өтетін Түркі мемлекеттерінің мерейтойлық 10-шы саммитіне қатысу үшін Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған келетінін атап өтті. Бұған қоса, биыл 7 айда Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымы 3,6 млдр долларға жетті. www.inform.kz/...222