Аңызға айналған абыз
Ұлт мұраты үшін ұлағатты із қалдырған ұлы тұлғалар қазақта аз емес. Біртуар ғалым, этнограф, жазушы-журналист Ақселеу Сейдімбек – Арқада туып, алаштың абызына айналған жан. Ұзақ жылғы ізденісте ұлттық мұрат биігіне көтерілуі оны күллі қазаққа ортақ етті. Ақселеу Сейдімбек Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу ауылында 1942 жылы 12 желтоқсанда дүниеге келген. Әкесі Слан Ұлы Отан соғысында қаза тауып, әкесінің ағасы Аманбектің тәрбиесімен өседі. Жаңаарқадағы №1 қазақ орта мектебін бітірген соң, Қызылтау, Ақтау кеңшарының мал шаруашылығында жолдамамен үш жыл еңбек етеді. Бұл жылдарда болашақ ғалым ел өміріне көз қанықтырып, сана-сезімін қалыптастырып, шығармашылық ізденісте болды...