Найти в Дзене

Басты мақсат – балаға қауіпсіз, сапалы әрі жайлы орта қалыптастыру

Сыр өңіріндегі мектепке дейінгі білім беру саласында жүйелі бақылау мен қатаң талаптар енгізілуде. Жекеменшік балабақшаларда орын алған келеңсіз жағдайлардан кейін жоспарлы мониторинг жүргізіліп, бірқатар кемшіліктер анықталған. Нәтижесінде талапқа сай келмейтін 94 балабақшаның мемлекеттік тапсырысы тоқтатылыпты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов мәлімдеді. Сонымен қатар бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жақсыгүл Тоғанова мен кәсіпкер, «Шұғыла» балабақшасының құрылтайшысы Сейтқали Алшынбаев мектепке дейінгі білім саласындағы жағдайға байланысты жеке көзқарастарын білдірді. – Мектепке дейінгі білім беру – баланың өмірлік бағытын қалыптастыратын ең маңызды кезеңдердің бірі. Сондықтан біз бұл салаға ерекше жауапкершілікпен қарап, қауіпсіз әрі сапалы орта қалыптастыруды басты назарда ұстаймыз. Қазіргі уақытта облыс бойынша елу мыңнан астам сәбиді тәрбиелеп жатқан 676 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның іш

Сыр өңіріндегі мектепке дейінгі білім беру саласында жүйелі бақылау мен қатаң талаптар енгізілуде. Жекеменшік балабақшаларда орын алған келеңсіз жағдайлардан кейін жоспарлы мониторинг жүргізіліп, бірқатар кемшіліктер анықталған. Нәтижесінде талапқа сай келмейтін 94 балабақшаның мемлекеттік тапсырысы тоқтатылыпты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов мәлімдеді. Сонымен қатар бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жақсыгүл Тоғанова мен кәсіпкер, «Шұғыла» балабақшасының құрылтайшысы Сейтқали Алшынбаев мектепке дейінгі білім саласындағы жағдайға байланысты жеке көзқарастарын білдірді.

– Мектепке дейінгі білім беру – баланың өмірлік бағытын қалыптастыратын ең маңызды кезеңдердің бірі. Сондықтан біз бұл салаға ерекше жауапкершілікпен қарап, қауіпсіз әрі сапалы орта қалыптастыруды басты назарда ұстаймыз. Қазіргі уақытта облыс бойынша елу мыңнан астам сәбиді тәрбиелеп жатқан 676 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде төрт жүз алпыс бірі жекеменшік балабақша. Бірақ, өкінішке қарай, осы жекеменшік ұйымдардың басым бөлігі 389-ы ыңғайластырылған, яғни бұрынғы тұрғын үйлерде, коттедждерде, тіпті ескі монша ғимараттарында орналасқан. Жүргізілген мониторинг барысында көптеген кемшіліктер белгілі болды. Сәуір айының 18-і мен мамырдың он сегізі аралығындағы бір айда қала мен аудандардағы 464 жеке балабақшаның екі жүз он тоғызы тек облыс орталығында тексерілді. Мониторинг қорытындысының нәтижесінде тоқсан төрт балабақшада анықталған заңбұзушылықтар белгіленген мерзімінде жойылмағандықтан, олардың мемлекеттік тапсырысын тоқтату туралы шешім қабылданды, – деді Асқарбек Темірбекұлы.

– Оның ішінде Қызылорда қаласынан – 44, Жаңақорған ауданынан жиырма төрт, Шиелі ауданынан – 26 балабақша тапсырыстан алынды. Бұл ұйғарым бүлдіршіндердің балабақшамен қамтылуына кері әсер етпейді. Себебі қазіргі уақытта облыс бойынша 1600-ден астам бос орын бар. Қағида талаптарына сай жұмыс істеп отырған мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру орталықтарына балалар қайта бағытталады. Біз бұл жұмыстарды биыл ғана қолға алған жоқпыз. Соңғы екі жылда барлық балабақшаларда «Face ID» жүйесі енгізілді. Соның нәтижесінде балалардың келу-келмеу дерегі автоматты тіркеліп, артық қаржы төлеу мәселесі шешілді. 2023-2025 жылдары бюджеттен үнемделген қаражат көлемі – 14 миллиард теңге. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласымен интеграция арқылы енді ата-анадан анықтама талап етпей-ақ, балалардың больничныйда екенін базадан көруге мүмкіндік бар. Біздің мақсатымыз – балаға қауіпсіз, сапалы әрі жайлы орта қалыптастыру. Біз осы бағытта жұмысты жалғастырамыз. Егер балабақша иелері өз ісіне жауапкершілікпен қарамаса, біз талапты одан әрі күшейтуге мәжбүрміз. Бала амандығы – бәрінен биік.

– Қазіргі уақытта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Әсіресе, мектепке дейінгі ұйымдарда бала құқықтарының қорғалуына ерекше мән берілуі тиіс. Өкінішке қарай, соңғы кездері жекеменшік балабақшаларда орын алған оқиғалар – бәрімізді ойландыруы керек. Әр баланың денсаулығы мен амандығы – қай уақытта да бірінші орында тұруы тиіс. Сондықтан кәсіпкерлер де, ата-аналар да, тиісті органдар да бұл мәселеге бей-жай қарамауы керек. Балабақша ашу – бұл жай ғана кәсіп емес, ұрпақ тәрбиесіне қосылған үлес, сондықтан орта және шағын бизнес өкілдері әр қадамына жауапты болғаны жөн. Біз бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде ата-аналармен, тиісті мекемелермен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастырамыз, – деді Жақсыгүл Қоханқызы.

– Бала тәрбиесі – сөзбен емес, іспен дәлелденетін үлкен жауапкершілік. Әсіресе, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде әрбір баланың қауіпсіздігі, денсаулығы, жақсы тәрбиесі мен сапалы білім алуы – басты міндет. Мен бұл саланы жақсы білемін, көп жылдан бері балабақша ашып, оны дамыту жолында еңбек етіп келемін. Сондықтан да балабақша ашуды жай ғана кәсіп деп қарауға болмайды. Бұл – ел болашағына, ұрпақ тәрбиесіне қосылған нақты үлес. Бүгінде мемлекет тарапынан балабақшаларға қойылып отырған талаптар өте дұрыс әрі орынды. Себебі әр ата-ана баласын сеніп тапсыратын орын, ең алдымен, қауіпсіз болуы тиіс. Осы ретте кәсіпкерлерге үлкен жауапкершілік жүктеледі, – деді Сейтқали Бегманұлы.

– Тек балаға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, тәрбие мен білім беру ісіне ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Бұл жерде тәрбиешілердің біліктілігі, материалдық база, санитарлық талаптардың сақталуы, өрт қауіпсіздігі – бәрі маңызды. Мен әрдайым балабақшада тәртіп пен талап қатар жүруі керек деп санаймын. Тек осылай ғана біз ата-аналардың сенімінен шығып, балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада өсуіне мүмкіндік бере аламыз. Сондықтан әр кәсіпкер, әр балабақша басшысы өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, баланың амандығын, қауіпсіздігін, сапалы тәрбиесін бірінші орынға қоюы керек. Біз болашақ ұрпақтың негізін қалап жатқанымызды әрдайым естен шығармауымыз керек.

Сыр бойылық бас ұстаздың мәлімдеуінше, Шиелі ауданында «Раяна» балабақшасы тәрбиеленушісінің бірнеше жерден тістелуі, «Сыр болашағы» балабақшасында бүлдіршіннің ыстық суға күйіп қалуы, «Күнім-ай» балабақшасының жеке көлікпен балаларды балабақшаға тасымалдауы салдарынан жол-көлік оқиғасы болып, екі баланың ауыр хәлде жансақтау бөліміне түсуі қоғамдық резонанс тудырды. Жеке балабақшалардың көпшілігі әлі күнге бала тасымалдауда талапты сақтамайды. Өткен жылдары баланың тамақтан улану дерегі, оқу жылының басында Қызылорда қаласындағы «Нұр әлемі», «Сыр бесігі» балабақшаларында бала ұру, «Жас ұрпақ» инклюзивті балабақшасында баланы кереуеттен құлату деректері анықталды. Осындай оқиғалардан-ақ кейбір жеке балабақшалардың бала қауіпсіздігі мен өміріне немқұрайды қарайтынын көруге болады. Осыдан бес жыл бұрын балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс көлемі орташа есеппен 24 мың 240 теңге болса, биыл 73 мың теңгеге дейін көтерілуі нәтижесінде үш есеге өскен. Өкінішке қарай қаржыландыру ұлғайғанымен, балабақшалардың жай-күйі өзгермегенін айтпағанда жауапкершілік артпапты. Балабақша иелері мемлекеттен бөлінетін қажетті қаржылық қолдаумен қатар ата-аналардың да төлемақысын қоса алады.

– Бірақ балаларға барынша жағдай жасауға келгенде құлықсыз. Осындай пысықайларға көз жұмып қарай алмайтындығымызды қатаң түрде ескертіп келеміз. Кейбір жеке балабақшалар жалақыны әлі күнге қолма-қол береді. Сондықтан бекітілген қаржыдан кем төленетін жағдайлар кездеседі. Қызметкер айтайын десе, «жеп отырған наным ғой» деп тілін тістеуге мәжбүр. Жеке балабақша құрылтайшыларына бұл келеңсіздіктер үшін заңға сәйкес жауапкершілік көзделгенін тағы да қаперге салғым келеді. Бұдан бөлек жақында ғана бір топ ата-ана облыс әкімдігіне келіп, жеке балабақшалардың ата-аналар төлемін арттырып жатқанына шағымданды. Ресми түрде мақұлданған құжаттардағы азаматтар құқығын өрескел бұзған салалық мекемелер мемлекеттік тапсырыстан қағылады.

Аймақтағы салалық құрылымның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, бұл өңірдегі мемлекеттік емес білім ордаларының да жайы мәз емес. Отыз тоғыз жеке мектепте 15 мыңнан астам бала оқып жүр. Оның жиырма тоғызы немесе 74,3 пайызы бойынша педагогтердің сапалық құрамы лицензия талаптарына сәйкес келмейтін көрінеді. Біршама уақыт бұрын «жеке мектептердегі мұғалімдер жалақысын ала алмай жүр, білім басқармасы ақшаны аудармай отыр» деген шындыққа жанаспайтын мәлімет тарады. Жеке мектептерді қаржыландыру биылдан бастап жергілікті әкімдіктерге жүктелді. Бірақ білім басқармасы жүктелген міндеттемені толық орындап, қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр айларына жоспарланған 8,2 миллиард теңге қаржыны бірыңғай оператор – Қаржы орталығына толық аударған. Қаражатты уақытылы ала алмаған жағдайда «мұғалім мен оқушы осы облыстікі ғой, неге шешпейсіздер» деп ұрандататын кейбір кәсіпкерлер сол оқушыларға жасалып жатқан жағдайды тексерерде «жұмысымызға кедергі келтірді» деп шу шығарғанын білдік.

– Бақылау босаңсып кетіп еді, келеңсіз жағдайлар жиіледі. Биылғы ақпан айының соңында «Бәйтерек school» жеке мектебінде балалар уланды. Мамырдың үшінде Р.Әлиарыстанұлы атындағы жеке мектеп оқушысы суға кетіп, қаза болды. Жекеменшік мектептердің барлығы қала, кенттерде. Оқушы тарту үшін Жаңақорған және Шиелі аудандарындағы мектеп құрылтайшылары шалғайдағы ауылдардан бала тасымалдауды жолға қойған. Бұл аудандардағы елді мекендердің басым бөлігі республикалық маңызы бар үлкен трасса бойында орналасқан. Ал оларды тасымалданатын балалардың жол қауіпсіздігі мәселесі мүлдем мазаламайды. Мақсаты – тек пайда табу. Ертеңгі күні осындай тасымал кесірінен оқыс оқиға болса, қоғам айналып келіп білім басқармасын кінәлайды. Біз орталық атқарушы органдарға осы және басқа да мәселелер бойынша ұсыныстар әзірледік. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты күшейтеміз, – деді Асқарбек Есжанов.

Асқарбек Темірбекұлының мәлімдеуінше, 3-6 жас аралығында балаларды қамту үлесі – толық жүз пайызға жетсе, 2-6 жас аралығындағылар 92,6 пайызды құрайды. Ұлттық білім беру дерекқорындағы мәліметке сәйкес, аймақ бойынша балабақшаларда бір мың алты жүз бос орын қалыптасқан. Бұдан бөлек жеті жүзге жуық тәрбиешінің жетіспеушілігі бар. Бұл облыс балабақшалар саны жөнінен республикада Түркістан (1432 МДҰ), Алматы (1168 МДҰ) облыстарынан кейінгі үшінші орында (676 МДҰ). Жекеменшік балабақшалардың саны жөнінен де бұл аймақ республикада тағы да алдыңғы қатарда, яғни алтыншы тұр. ҚР Оқу-ағарту министрлігі №596 бұйрығына енгізілген өзгерістер негізінде, енді жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін өз бетінше айқындау құқығына ие болды. Бұл қадам аймақтағы нақты қажеттіліктерге сай, тиімді қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін жасалған. Қызылорда облысында жаңа әдістеме негізінде мемлекеттік тапсырыс көлемі балабақшалардың болу режиміне (қала/ауыл, санаторлық/түзету тобы) байланысты сараланып бекітілуде.

Сонымен қатар жаңа қаржыландыру жүйесі балабақшаларға берілетін қаражаттың тек ағымдағы шығындарына әсер етеді. Яғни, педагогтердің жалақысы өзгеріссіз қалуы тиіс. Өйткені мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, педагогтердің айлық ақысына 2020-2023 жылдары жүз пайыз ал 2023 жылы қосымша отыз пайыз үстемақы енгізу бюджет есебінен толық қамтылған. Бұл – педагог мәртебесін арттыру бағытындағы нақты әрі маңызды қадам. Өкінішке қарай кейбір жеке балабақшалар бөлінген қаржыны мақсатсыз пайдаланып, қызметкерлерге еңбекақыны қолма-қол және заңсыз аз мөлшерде төлеп отырғаны анықталуда. Бұл – салықтан жалтару және еңбек заңнамасын өрескел бұзу. Қоғам тарапынан «Білім басқармасы үнемдеген қаржыны қайда бағыттап жатыр?» деген сұрақ жиі қойылады. Бұл – маңызды сауал. Себебі мемлекеттен бөлінетін қаржының ашықтығы мен әділ бөлінуі – қоғам сенімінің басты тірегі.

Біріншіден, білім саласындағы үнем – тек артық шығыннан бас тарту немесе жоспарлы оңтайландыру арқылы жүзеге асады және білім саласы бойынша бюджеттің әкімшісі ретінде басқарма қаржыны салаға қайта құюда. Мысалы, оқу жылында нақты қажеттілікке сай келмеген жабдықтарға немесе қызметтерге бөлінген қаражат толық игерілмей, үнемделуі мүмкін. Мұндай қаржы ешқашан текке кетпейді немесе басқа салаға аударылмайды – ол қайтадан білім саласына жұмсалады. Екіншіден, үнемделген қаржы көбіне білім беру нысандарын күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу, материалдық-техникалық базаны жаңарту, интернетпен қамтамасыз ету, робототехника, STEM-зертханалар ашу сияқты басым бағыттарға қайта бөлінеді. Бұл – оқушылар мен мұғалімдердің сапалы білім алуы мен еңбек етуіне жағдай жасаудың тікелей жолы.

Үшіншіден, үнемделген қаржы педагогтердің біліктілігін арттыру, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ ыстық тамақтың ұйымдастырылуы сияқты маңызды мәселелерге бағытталып келеді. Бұл – білім беру процесінің үздіксіз және қауіпсіз жүруі үшін қажет. Мәселен, 2022 жылға дейін міндетті оқу қорынан бөлінген қаржы есебінен ыстық тамақпен жекелеген санаттағы отбасынан шыққан оқушылар ғана қамтылса, 2023 жылдан бастап әлеуметтік осал топқа жататын балалар мен бастауыш сыныптардағы оқушылар толық жүз пайыз тегін тамақпен қамтылады. 2022 жылы бұл мақсатқа екі миллиардқа жуық теңге қаралса, 2023 жылы ыстық тамақты ұйымдастыруға 8,9 миллиард теңге, былтыр – тоғыз, ал биыл 88 мың 168 балаға 9,3 миллиард теңге бөлінген.

Бұдан бөлек соңғы үш жылда 7,8 миллиард теңгеге жиырма төрт мектеп күрделі жөндеуден, 2,3 миллиард теңгеге жетпіс тоғыз білім ордасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалуда екен. Соңғы үш жылда 22,9 миллиард теңгеге алты білім беру мекемесіне қосымша ғимарат, 12 жаңа ғимарат салыныпты. Үш жарым миллиард теңгеге білім беру мекемелері пәндік кабинет, интерактивті панель, LED экран және робот құрылғылармен қамтылған. 2,1 миллиард теңгеге білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, яғни бейнебақылау жүйелері, турникет, дабыл нүктелері орнатылғаны айтылды. 861,6 миллион теңгеге жылу маусымын үздіксіз ұйымдастыру бағытында білім беру мекемелерінің жылу жүйелері жаңартылғаны белгілі болды. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуға алдыңғы жылы 1,7 миллиард, былтыр 1,8 миллиард, биыл 1,9 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл білім басқармасы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға қаралған қаржының бір бөлігі ғана. Сондықтан үнемделген қаржының «қайда кетіп жатқаны» туралы сұраққа жауап – ол сол қаржының білім сапасын арттыруға қайта инвестиция ретінде қайтып келуі (ешқандай да асфальт салуға, басқа құрылыс нысандарын салуға емес).

Аружан РАУАНҚЫЗЫ