Мұғалім дәптеріне ұмтылып еді, бірақ үлгіре де алмады... Сыныптың бәрі бір тіріліп, улап шулап, бір уақытта айтыла кеткен, алыстан ақырған, жақыннан айтылған, қол көтеріліп өз кезегімен, бір бірінің сөзің бөліп айтылған неше түрлі қысқа аңыз әңгімелерге тола кетті. Сыныптың ана шеті мен мына шетінен «Тамара Гарифоллаевна... Тамара Гарифоллаевна...» деп шырылдаған оқушылар. Айналып тепкен, жүзіп шыққан, жүгіріп келген, атқан, соққан, тепкен, жеткен, ұшқан, қонған, естіген, айтылған, берілген, алынған, көзбен көрген, құлақпен естіген неше түрлі әңгіме, бір сөзбен жинақтағанда ағайын тумалардың арасындағы батырлар туралы дүниені айтудан сынып дамыл таппады. Осыған дейін аздап шаршап тұрған Мұғалімді де қызды. Ортаға ол да тасып бара жатқан күш пен абырой, ерлік пен данқ туралы, қазақтың революцияға дейін қасқа, әрі бишара болғаны туралы, биіктікке самғаған ұшақтар, басқа бағытқа бұрылған өзендер, ғылым мен сауаттың тереңдігі, ғарышты бағындыру, немісті жеңу, егінді егу, жапонды қуу туралы әңгіме қалай кетті десеңізші. Бір уақытта бір жерден Гагаринның да портреты шыға келді, пушкинның да суреті жалт ете түсті... Түбінде бәрі жарқын болашақпен айяқталды... Осы жолы енді бәрі шаршады: мұғалім өте қиын демалып, теңселіп, «уф, ребятки, ох, ребятки» деп үстеліне қарай барды. Сынып та айтатынын айтын, көкейінде жиналғанды шығарып, сабақтың тақырыбына еріп, ішін босатып алғандай болды, көздерінде от жалыны көрінді, қыздар дәл қазір майданға мейірбике боп аттануға, балалар болса осы бойда қолдарына мылтық алып елді қоршап тұрған жаубы жайпауға дайын болғандай болды. Осының бәрін тыңдап, ойына айтатын ештеңе келмегесін тыныш отырған Нурик еді, және артқы парталардың біреуінде отырған, алтын тәрізді сап сары бұрымын ұстап отырған, Айгүл атты сары қыз еді. Ұялшақтығынан ба әлде Нурик секілді не айтарын таппағаннан ба, ол да үндемей, елді тыңдап, тып тыныш дәптеріне қарап, қолына қаламын алып, әйтеуір бір бұйырған затты жазайын деп отыр екен. «Ай, шіркін ай... Несі бар... Сен үшін мен шайқасып келуге қарсы болмас едім... Басқа не үшін...» - деп Нурик ішінен айтты Айгүлге қарап отырып. Сосын мұғалімнің үстелінің бетінде жатқан портреттерге бір көз жүгіртіп шыққан соң «Ия, мыналарды енді білмеймін... Бірақ сенің бір қасыңда жүріп, паркқа барып, күні бойы әңгіме айтып, серуендеп жүру үшін мен бірталай ерлік жасауға қарсы болмас едім негізі...» деп қайтадан ішінен, ешкімге естіртпей Нурик те қиялдап, өзімен сөйлесіп кетті.
- Так, все пишем! Начинаем писать.... – деген дауыс шықты бір сәтте.
Мұғалім бормен тақтаны тарсылдадып ұрып ұрып жіберді. «Навеки дорог мой край родной» деген жазуға назар қайтадан аударылды. Сынып тып тыныш бола қалды. Анда мында қаламның дәптердің бетінде зуылдап жүргенінің дыбысы естіліп жатты...
Мұғалімнің қайрап айтқан сөздерінен кейін, сыныптастарының айқайлап айтқан елдің батырларының ерліктері туралы тыңдағаннан кейін Нурик кәдімгі шабыттанып, көңіл күйі көтеріліп, ішінде патриоттық сезім тасып, «Әй, мен шынында да жердің бетіндегі басқа ел жұртқа арман болған жерде өмір сүріп жатыр екенмін, өтіп бара жатқан жиырмасыншы ғасыр елімнің басына өмірде қонбаған дәурен қондырған көрінеді... Әкемнің айтқаны рас екен» деп, көтеріліп, жүрегінің қаттырақ соққанын сезіп, Нурикте шығарма жазуға кірісіп кетті. Сыныптың іші пыс пыс еткен, терең демалған, сыбырласқан дыбыстарға толы. Шаршап, терең демалып, мұғалім де лейкопластырмен тетігі бітелген терезеге қарап, қалада болған тіршілікті көріп отыр.
Ал қала болса өз өмірін сүруде. Ағаштардың жапырақтары жап жасыл, аспанда бір бұл жоқ, көк болған аспан тереңдігіменен таңғалдырады, көп қарай берсең жұтып та кететін сияқты. Бір қараған адам жаздың бір айы деп ойлап та қалуы әбден мүмкін. Бірақ... Бірақ бұл жаз емес. Жазда құстардың әндері де бөлек емес пе? Созып шығаратын шырылдауық шегірткенің жыры ыстық күні қаланың әрбір жерінде естіліп тұрушы емес пе? Ал күзде болса олардың біреуі де жоқ...
Нурик болса бас көтермей шығарма жазуда. Ойлары дәретханада жарық көргенде қаша жөнелетін қоңыздар секілді жоқ боп кетер деп қорқып Нурик есінде бар затты қағазға түсіруге асықты. Тек жаза салмай, ұйқастырып, келістіріп жазуға тырысты, әдемі қып жазуға тырысты. Нурик ең бастысы қайда туылып, қайда өскені туралы жазып бастады, сосын орман мен тауларға көшті, табиғатты қоя беріп пайдалы қазбаларға толған жердің астына түсті, мұғалім айтқандай, «Менделеев таблицасы түгелімен бар» деп жазды, сосын байлықты қойып ерлікке көшті де немісті жеңген соғыс туралы жазумен айналысты, естіген, тыңдаған және теледидардан көрген ардагерлердің бәрін кірістірді, әлем аузын ашып отырған кезде бірінші боп ғарышқа ұшқан туралы да шығармасына кірістірді. Сол кезде маңдайдан тер шықты, мойын талды. Пай пай, шіркін ай десеңісші, шабытқа толған кішкентай баланың қаламының жүйректігін айтсаңдаршы, мұғалімнің берген шабытының жүректе тудырған толқындарының әсерін айтсаңызшы... Нурик шығармасына қазылған шұңқыр, бұрылған өзендер, салынған зауыттар, жазылған кітаптар, басқалардың ғасырлап өткен жолын он ақ жылда жүру, бәрін жеңу, бізді көре алмау, қазақтың қиналып қиналып тек соңғы ғасырда бас көтеруі, Арбат салуы, кітап жазылуы, ақылды болуы сияқты сан жетпес алуан түрлі жетістіктерді кіргізді. Аяқтап келген ол сәттерде сыныптың ана бір шетінде отырған Айгүлге бір қарады: ол да өзінше бірнеңе жазып жатыр екен. Нурик те ойын жинақтап «горжусь, люблю, стремлюсь» деген сөздерді қосып, шығармасын нәтижелеп «Навеки дорог мой край родной» деп жазып аяқтап үлгеріп жатырған еді, тып тыныш болып тұрған коридордан Коля деген кезекші оқушының «Звонок! Звонок! Звонок!» деген жан айқайы естілді. «Звонок!» деп Медеттің қырылдаған дауысы естілді.
- Звонок для учителей! Дописываем! Дописываем! – деп Тамар Гарифоллаевна да тілілді.
- Звонок же, - деп Медет те өзінікін жібермей, күліп мұғаліміне қарады.
- Ой, Жакупов! Ты-то чего? Написал что ли? Громче всех кричишь, - деп мұғалім орнынан тұрып оқушыға жақындады.
- Да, - деп Медет күліп, байсалды боп, дым саспай, өзі өзіне көңілі толып жауап қайтарды да, қолындағы дәптерді ашып жауып отырды.
- Ну-ка, покажи, что ты там понакуралесил? – деп мұғалім дәптерін алып көз жүгірте бастады.
- Ну, вы же сами сказали, что надо сочинение про Родину написать и строго про дедушек и бабушек… хе хе… Вот… Все есть…
Япыр-ай десеңші, осы жалғанда да құпияға толы ғой. Арнайы ма, әлде сол табиғаттың заңы ма, кім білсін, бірақ сол кішкентай баланың шын жүректен, қарапайым боп, өзі өзіне риза болып жауап қайтарғаны не деген үлкендерің бытшытын шығаратын құдырет?! Сол сәтте Медет Жакупов ешқандай дөрекілік айтпады ғой... Керісінше, күліп тұрып мұғалімнің тапсырмасы орындалғаны туралы айтты ғо... Бірақ сол мәз боп дәптерін берген Медеттің іс қимылы соншама өмірлік иронияға толы болғаны... Сыныптың бәрі қарқылдап күле салды...
- Ой, ой, ой… Боже… Медет Жакупов… Ты меня в гроб загонишь… - деп мұғалім дәптерді қабылдап алып, теңселіп, шаршап, қатарларды аралап дәптер жинауға көшті... «Сдаем, сдаем, сдаем... Я тут еще буду проверять, всю ночь буду проверять ваши писанины» деп күрсініп, ауырсынып, ашуланғандай болды...
Сабақ аяқталды, сынып та, коридор да у шу ға толды. Кабинетная система атты режим Нуриктың есіне түсті де ол да заттарын асығып жинап, сыныптан шығуға асықты, сыныптастарына қарап, «төрт жыл бойын оқыған сыныптастарым неге маған бөтен адамдар сияқты көрінеді екен?» деп ойлады. Кітаптарын жинап алып, атып тұрып, шығуға асығып еді, бірақ пеналын ұмытып кетіп, қайтадан отырған жеріне қайтып келіп, пеналын алып, Асан деген досын тауып алуға ұмтылып, Нурик сыныптан шығуға асықты. Айнала у шу, басқа класстың оқушылары коридорда итерісіп сыныпқа кіруде, жан жақтан естіліп жатқан күлкі, айқай, боғауыз, тарсыл, ашуланып жатқан біреудің жан айқайы... Коридор базар тәрізді, тіпті жәрменкеге ұқсайды екен. Неше түрлі жастағы оқушылар: өзімен шамалас балалар мен қыздар, бойлары сорайған жоғары сынып оқушылары, бірі ақ көйлек пен қара шалбар киген болса, басқалары рэперлер секілді, орысы бар, қазағы бар, кәрісі бар әйтеуір бәрі опыр топыр былай да былай жүруде, жүгіруде. «Бородач!» деп айқайлаған Медеттің дауысын естіп, «И! Я тебя сейчас поймаю!» деп айқайлаған Алексейдің боғауызын тыңдап, Асанның қасында көппен бірге бейтаныс коридорлардың арасыменен Нурик математика кабинетіне бағыт алды. Математика кабинеты екінші қабатта еді. Оған жеткенше Нурик неше түрлі таныс және бейтаныс беттерді көріп үлгерді. Математика кабинетінің дәл қасында кафель ұқсас бөлшектерден тұратын мозайка жар бар екен. Сол жардың қасында бір топ бала жиналып қалған екен. «Онда не боп жатыр екен» деп ойлап Нурикте барып қарады. Асан да қарап тұр екен. Ал онда болса Нурикке таныс, бірінші сыныптан бастап, көрші сыныпта оқитын, Юра деген кәріс бала жұдырығымен әлгі жаңағы кафелды сындырмақ болып жатыр екен. Енді ол кафельге өші болды ма немесе тек білегінің күшін сынап жатыр ма, әйтеуір барын салып жұдырығымен жарды ұрып жатыр екен. Кафель сына ды ма әлде Юра-кореецтың қолы сыр береді ме екені негізі өте қызық боп көрініп еді, бірақ сол қабатта кезекші болған Макс атты, жетінші сыныпта оқитын баланың «Звонок!» деп ащы дауысымен айқайлағаны естілді. «Звонок! Звонок! Звонок!» деп айқайлап жатыр екен қиналып... Нурик қайырылып жатырған линолеумге сүрінді де, Математика кабинетіне кіріп кетті.