Найти тему

🕌 🇰🇿 Жұбан Молдағалиев 🇰🇿 🇰🇿 🇰🇿 МЕН - ҚАЗАҚПЫН 🇰🇿 🕌

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.

Жөргегімде таныстым мұң тілімен

Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Мен – қазақпын, ажалсыз анамын мен,

Құрсағыма сыйдырам даланы мен.

Пәк сәбимін бесікте уілдеген,

Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен.

Мен – жігітпін, айқасқа, сынға асықпын.

Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың.

Жанартаудай жойқынмын жұлқынғанда,

Шарықтасам, қыран боп шыңға шықтым.

Мен – қара көз сұлумын, сайтан қызбын

Сайрай қалсам, тілімнен бал тамғыздым.

Сүйер болсам, өмірдей өле сүйдім,

Қас батырмен қайрасқам балтам жүзін.

Осындай боп, білмеймін, кімнен тудым.

Бәлки қайсақ, бәлки бір ғұннан тудым.

Деп шатыпты біреулер «күннен тудым».

Жоқ, сірә, мен қара құл, күңнен тудым.

Руым көп солардың аттарындай,

Мінезім бар таулардың қатпарындай.

Ән-жырым бар бабалар хаттарындай,

Әжімім бар бейнеттің таптарындай.

Қаза тапқан солдаттай ізгі өлімнен,

Қалалар да өтіпті түз белінен.

Қаңқалары табылып жатыр қазір

Соғыстар мен жорықтар іздерінен.

О замандас, соларға бір қараңыз:

Әр кірпіші, әр тасы бір қора аңыз.

Өлгендерді тірілтіп, өмірлі етіп,

Өшкендерді табатын бір ғана біз.

Мирасы ма, мұра ма аз ба со да?

Алынбайды алтындай қазбаса о да.

Тереңім көп, тұңғиық тарихым көп,

Жылдар көші том-томдап жазбаса да.

Жаза алмадым, қайтейін, хат білмедім.

Білдім, бірақ, найза мен аттың белін.

Ат үстінде ұмыттым кедейлікті,

Ат үстінде өлсем мен шатпын дедім.

Жетпеген жоқ ғылымға зеректігім,

Сезбеген де емеспін керектігін.

Қала бердім жарыққа жол таба алмай,

Қараңғыға тас батып ер екпінім.

Кейін білдім жердің де шар екенін,

Өз өлшемі, өз шегі бар екенін.

Көк өгіз деп көтеріп тұрған соны,

Ысырап боп жүріпті «бәрекелдім».

Ұзақ ұйықтап тұмса түз бесігінде,

Естімеппін Архимед есімін де.

Жерді үйіру қиялы былай тұрсын,

Жемісі де тимепті несібеме.

Танытпады надандық Сократты,

Гомерді де көп ғасыр тоқыратты.

Көзім басыр болса да, ойым көргіш

Мен де ақын ем өзіндей сол бір қарттың.

Келсе ғой далама бұрын олар,

Коперниктер, Джордано Брунолар!..

Қапы кетті қаншама ұл-қыздарым,

Бағы жанса, солардың бірі болар.

Арылмады басымнан замана – түн,

Үйіп-төгіп жазмыш жаманатын.

Европадан жетпіс жыл соң оқыдым

«Коммунистік манифест» ғаламатын.

Соң оқыдым, талайдан бұрын ұқтым,

Түннен күнге күрт басып бұрылыппын.

Бір бөлшегі болғаным қандай бақыт

Россиядай, Лениндей ұлылықтың!

Ал бүгін ше? Бүгін мен азаматпын,

Жаза алатын, ғылымды қаза алатын,

Жаза алатын дүниелік дастандарды,

Жаза алатын тарихқа қазақ атын.

Атымның да кеше ғой танылғаны,

Оған дейін не таңба таңылмады?

Солар жайлы ойлансын ұрпағымыз –

Шолпан қызы, шапақты таң ұлдары,

II

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

– Жоқ, ондай ел болмайды жер бетінде

Мал соңында құл емей желдейтін не?

Мен – Шыңғыс хан, атыңды өшіремін.

Менмін сені тірідей жерлейтін де!..

Екі айтпайды хан тақсыр, бір кеседі,

От көссе де қолымен, бір көседі.

Қылышына ілініп қылша басым,

Әр шапқыншы қолында жүр кесегі.

Шегірткедей қаптаған ат тұяғы

Тозаңдатып талқандап жатты ұямды.

Ит үрікті түтеген түтіндерден,

Шат күлкілі даланы жат күй алды.

Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым.

Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым.

Сансыз басты диюдей сан тіріліп,

«Мен – қазақпын» дегенді айта тұрдым.

«Мен – қазақпын» дедім хан Темірге де.

Жез тырнақша қадалды жебір неме.

Шыңғыс қорқау болғанда, мынау бөрі,

Біреуінен бірі кем елірді ме!?

О да құдай саналды, жұртты алдады.

О да мені өлтірді, құрта алмады.

О да кетті жегідей, жерімді отап,

О да салды денеме дыр таңбаны.

Таңба-таңба тәнімнің тыртықтары

Қатпарына қаншама сыр тықпады?

Шежіренің беттерін ашар о да,

Оқи алсаң кітаптай, сүртіп қанын.

Қан да, көздің жасы да сорықпады.

Күреңітті көлдердің борықтары.

Азан-қазан «Ақ табан шұбырынды»,

Ала топан жоңғардың жорықтары...

Мал айрылды дағдылы жайлауынан,

Жер айрылды жарлы елден, байлы ауылдан.

Қыран бүркіт адасты мекенінен,

Қыз жаңылды сертті сөз байлауынан.

Сарыарқада сарнады Асан қайғы,

Домбырадан бақсыдай бас алмады.

«О, қарт баба, еңсеңді көтер! – дедім, –

Көп күрсінсең, көңіл де қасаңдайды.

«Ару – жолда, мал – терде, бала – белде»,

Уайым түбі – теңіз ғой, бара берме.

Жігер керек, жыр керек, жалау керек,

Қайрат күйі боп төгіл қаралы елге.

Жерімізде жау қолы жосығанда,

Тура айтуға тірі тіл шошығанда,

Жалғыз дауыс – домбыра емес пе еді

Қарсы барған қаныпезер Жошы ханға?

Күй емес пе ботасыз нар идірген?

Ән емес пе аққудай жар ілдірген?

Жыр емес пе жүрекке жел бітірген?

Олар барда дей алман тарылды іргем.

Жолдас емес адамға дүние боқ.

Жұмаққа да жүр қазір дін ие боп.

Өлең қалсын ұрпаққа, өнер қалсын,

Ата мирас мәңгілік дүние боп.

Ұлы аманат етейік еркіндікті,

Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті.

Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең

«Қазақ болу – зор бақыт» дер күн тіпті...»

Сондай-сондай заманды кешкен елмін,

Жұт арытып, шөл қысып көшкен елмін.

Өшіп кетіп бір жайда жер бетінен,

Өзге орында балалап өскен елмін.

Дос та іздедім жау тисе болысатын,

Қыс қыстасып, жаз бірге қонысатын.

Еділ, Жайық, Ертісті сағаладым,

Үміт көрдім қаһарлы орыс атын.

О да қолын ұсынды тосқан таңдай.

Тар кезеңде табысқан достар қандай!

Жайып салдым алдына жанымды мен,

Аппағынан жарылған дастарқандай.

III

Жайып салдым сырымды дос алдына,

От басында, өрісте, қос алдында.

– Жан жүрегі көзінен көрінетін

Қазақ, – дедім, – отырған осы алдыңда.

Көшіп-қонып жүргенім мал қамынан,

Өмір іздеп су, шалғын алқабынан.

Одан өзге тіршілік, кәсібім жоқ,

Не тауыппын құранның әлхамынан.

Ұқсатамын оны мен қысыр малға.

Білем, бұл сөз – күпірлік мұсылманға.

Шынымды айтсам, алланың өзін де мен

Еске аламын кейде бір қысылғанда.

Шариғаттың шартынан үрке бердім,

Көргенім жоқ өмірге бір керегін,

Еркек болып сәлдені сыйламадым,

Әйел болып бетімді бүркемедім.

Жоқ, дін емес, мал – жаным, жер – кіндігім.

Жалайды итше жарамды, дертімді күн,

Күн астында гулеген желді сүйем,

Сүйем оның тежеусіз еркіндігін,

Келгенім жоқ дүниеге кемді күн мен.

Күн болмаса алар ем емді кімнен!

Хауанадай көңілшек түзден тудым,

Сүйем оның қиялдай кеңдігін мен.

Жарқын, жалпақ, жайбасар керіктігін

Табиғатым десем де еріктімін.

Сүйем оның самал таң, салқын кешін,

Сырға өзімдей түнінің беріктігін.

Келбетім бар шой қара құздарымда,

Жаралғандай ызадан ызбарлы о да.

Досыма көл, жауға шөл мінезімдей

Аптап шілде, ақ боран мұз-қары да.

Құшақтасам, сүйегім сынды деме,

Сүйе қалсам, тынысым тынды деме.

Жылай қалсам жұбатпа, мұңды деме,

Сақ-сақ күлсем секіріп, жынды деме.

Құс ішінде ұнайды қыран маған.

Күрт құлаймын құласам, бұраңдаман.

Іштей сүйем, сүйсем мен, іспен сүйем,

Көлгірсімен, көзіңше ұрандаман.

Аққу, бұлбұл әнімен сылаң қақтым,

Сұлулыққа, өнерге сұғанақпын.

Сауысқан мен қарғадан жиіркенем,

Бірі сұйқылт, біреуі сырғанақ тым.

Қызық көрем жәндікте құмырсқаны,

Тырмысқаны тынымсыз тұрмысқа әлі.

Белі үзілген бейнетқор қайтер еді

Бітсе менің күшімнің бір мысқалы!?

Қолдан түспей ақ таяқ, шалғы орағым,

Қалт-құлт етіп тірнектеп мал құрадым.

Жұлдызбен тең мен қазған құдық саны,

Сүйем судың, мөлдірін, бал бұлағын.

Сүйем гүлдің қызылын, қызғалдағын,

Қызыл алтын секілді ол қызғанда күн.

Иіскеп тұрып соны мен, бақ аңсаймын,

Болса өзгеде, жоқ және қызғанбағым.

Тамызықпын жолдасқа, білтедеймін,

Жал-құйрығын атының күлтелеймін.

Өз үйімде тимеймін жауыма да,

Жығылғанға жұдырық сілтемеймін.

Құнықпаймын дүние-шолаққа мен,

Асым барда қуанам қонаққа мен.

Жолаушыға сатпаймын көлеңкемді,

Болса болды бірер ән, қонақ кәдең.

Даяшымын, бәйекпін, ең кішімін,

Демесе кім «мен тақсыр, мен күштімін».

Шоқпар боп та шекеме тимеген жоқ

Жомарттығым, аңқылдақ сенгіштігім.

Қазақтың да жоқ емес «жау шаптары»,

Қолымыздың бірдей ме саусақтары.

Есімімнен садақа кетсе олар,

Демес едім «қабырғам қаусап қалды».

IV

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.

Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Қашан қазақ атандым мен азандап? –

Әлі күнге білмейсің, ей, адамзат.

Есіміме береді бала жасын

Құлпы тасты шұқыған кей азамат.

Өзі шешер тарих талас үнін,

Әйтеуір мен – адамның баласымын.

Екеу емес, адамзат біреу ғана,

Айырымы жоқ ақ өң мен қарасының.

Адамзатта айырым жоқ, адамда бар –

Адамдықта, әдетте, аранда бар.

Бөлтірігін жейтұғын бөрілер бар,

Бабасын да сатады арамға олар.

Ұл өсірдім, қыз бақтым – ұлан тудым

Жақсы ішінде кейде бір жылан тудым.

Хан-сұлтан боп, бай болып аждаһалар

Салды астына жұртымды лаң тудың,

Абылайды, Жәңгірді, хан Кенені

Қазақ өзі қашаннан аң демеді?!

Қылықтары еріксіз түссе еске,

Қан татыған аузыма дәм келеді.

Солар мені қамаған қараңғыға,

Соларды тек жебеді сараң құдай.

Мен де ұқтым көзімнің ашылмасын,

Озбырлықты отамай, қараң қылмай.

Өшпейтұғын от іздеп құр сандалған

Прометей мен болдым құрсауланған.

Жарқылдадым Исатай найзасы боп,

Махамбет боп тілінен жыр саулаған.

«Өздеріңдей хандардың,

Қарны жуан билердің

Атандай даусын ақыртып,

Лауазымын көкке шақыртып,

Басын кессем деп едім.

Еділдің бойы ен тоғай –

Ел қондырсам деп едім.

Жағалай жатқан сол елге

Мал толтырсам деп едім.

Еңсесі биік ақ орда,

Еріксіз кірсем деп едім.

Керегесін қиратып,

Отын етсем деп едім.

Туырлығын кескілеп,

Тоқым етсем деп едім.

Тақта отырған хандардың

Төрде отырған ханымын

Қатын етсем деп едім...1»

Қамшы үйірдім атойлап хан тағына,

Хан-сұлтандай қайрымсыз аң табына.

Жалаңдаған найзама жалт қарады

Қаңтарылған зар заман аңтарыла.

Кезіккендей бір сойқан сең селіне,

Теңселгенде қанды тақ, еңсеріле,

Тұрып қалды жамбастап сүйеніп ап,

Ақ патшаның қап-қара семсеріне.

Тұрып қалды, түндігі желпілдеді,

Төне түстім, дауылым серпілмеді,

Өштескен соң өліспей бітіспеймін –

Не сен! Не мен! – болды тек сертім де енді...