Неше атаға жеткенде, қыз алысуға болады?
Қазақ халқының өзге ұлттардан ерекшелендіретін келесі, бір дәстүрі және қатаң генетикалық заңы –экзогамия. (Экзогамия- бір қауым мүшелері арасындағы некеге тиым салу, яғни,қан араластыруға (инцест) жол бермеу).
Бұл дәстүрдің қай дәуірден, қандай себептерден басталғаны туралы болжам көп. Қазіргідей қымбат жабдықтары бар, зертханалар жоқ кезде, ата-бабамыз жақын туыстардың қан араластыруының, келер ұрпақ үшін, орасан зиян екенін қалай анықтағаны да, бүгінгі ғылым үшін –көмескілеу.
Біз бұл жерде, осы мәселеге тікелей қатысы бар, еркек пен әйел психологияларының ерекшеліктеріне тоқталмай, тек тарихи тұрғыда қарастырып көрейік.
Кейбір зерттеушілер, қазақ халқына бұл дәстүрді XV-ғ. ауыр кеселге шалдыққан Жиренше шешенді емдеген, атақты шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының кеңесімен, Жәнібек хан «өлім жазасының» күшімен енгізген-деп жүр. (Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баян» атты шипагерлік кітап жазған адам). Бұл, үлкен күмән тудырады. Себебі, 1465 ж. құрылған Қазақ хандығының алғашқы ханы Керей 1473 ж. өлген соң, хандықты 1473-1480 ж.ж. аралығында Жәнібек билейді. Енді ғана, іргесін қалап жатқан хандыққа, осы кезеңде айналадағы көшпелі тайпалар көптеп қосылып, хандықтың жер көлемі де, адам саны да ұлғайып келе жатқаны, тарихтан белгілі. Ал, жеті атаға жетпей қосылғандарға өлім жазасы қолданылатын дәстүрі бар елге, тұрмысында эндогамия (эндогамия - бір қауым мүшелері арасындағы неке) өріс алған, көрші тайпалар өз еріктерімен келіп қосылмас еді. Ал, айналамызда ондай халықтар әлі күнге бар. Аз ғана уақыттың ішінде, халықтың мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан дәстүрінен бас тартуы мүмкін емес.
Жалпы, қазір ғалымдар, адамзат тарихы 2 млн.жуық жылды қамтиды-деп жүр. Соның тек, соңғы 3000 жылы ғана хатқа түскен екен. «Алғытарих» (Предистория) деп аталатын, арғы жағы, бізге археология, палеоантропология, геология, палеонтология ғылымдары арқылы белгілі. Ал, бұл ғылымдардың көмегімен, халықтың салт-дәстүрі туралы дерек табу күрделілеу.
Біздіңше, ата-бабаларымыз осы салтты тас дәуірінде, өздерінің мыңдаған жылғы тәжірибесі мен өзін қоршаған табиғаттан алса керек. Миллиондаған жылдарға созылған тас дәуірінің адамдары, кейбір жұптардан туған балалардың дені сау, ал, кейбіреулерінен туған балалар, шетінен сырқатты, дімкәс немесе мүгедек болып туылатынына назар аудармауы және неліктен олай болатыны туралы ойланбауы мүмкін емес. Оның үстіне, үй жануарлары ішіндегі қазақ үшін ең қасиеттісі- жылқы түлігі алғаш рет қазіргі қазақ жерінде қолға үйретілгенін қазір, бүкіл дүние жүзі ғалымдары мойындап отыр. Табиғаттың төл баласы- өздерін «жылқы мінездес»- деп айтатын, бүкіл өмірлері ат үстінде өткен, аталарымыздың қан араластыруға жол бермеуіне, жылқы да өз әсерін тигізсе керек.
Ал, жылқы ешқашан қан араластырмайды екен. Тай, ересек құнаннан дөнен шығып, апа-қарындастарына «құлағын жымитып», мекіренер жасқа жеткенде, үйір егесі –кексе айғыр, талап, теуіп-тістелеп үйірден қуады. Сондықтан ол басқа үйір іздеуге мәжбүр болады.
Тас дәуірін ауызға алуымыздың себебі, ғалымдардың айтуынша б.з.д. 7-6 мыңжылдықтарда Солтүстік Каспий далаларында пайда болған «Зороастризм» діні тарала бастайды. Бұл дінді ұстанатындардың арасында таралған ең бір жабайы дәстүр, туысқандар түгілі, әкесі қайтыс болса, баласы анасына үйленетін болған.
Одан, кейін жерімізге тарала бастаған буддизм, христиан, манихейлік, тіпті ислам діндерінде де «жеті ата» санамалау көрінісі байқала қоймайды. Мыңдаған жылдар ішінде жерімізге таралған осыншама діндердің ықпалына ұшырамаған, бірден-бір салтымыз – ол осы - жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі.
XVII –ғасырға дейін, осы мәселенің қалай шешілгені біз үшін көмескілеу.
Ал, Тәуке ханның (1626-1718 ж.ж.) тұсында жасалған, Қазақ хандығының басты заңы "Жеті жарғыға" халқымыздың осы бір тамаша дәстүрі, бір бап ретінде еніп, ресми түрде бекітілген. Осы кезден, бастап ата-бабамыз, әулеттің арасы жеті ұрпаққа жеткенде, олардың қай жүзге жататына қарамастан, бүкіл үш жүзге сауын айтылып, осы үш жүздің өкілдері қатысқан жиында, оларға ресми түрде «ру» статусы беріліп отырған. Және, осы дәстүрдің берік сақталуы ел ақсақалдары тарапынан қатаң бақылауда болған. Жазатайым, дәстүр бұзылған жағдайда, үлкен дауға айналып, артынан, жиын шақырылып, дәстүр бұзған адамдардың арасы алшақтау болса, «боз бие» сойылып, ескерту айтылып, екі жасқа бата берген. Ал, аралары тым жақын болса, кейде «өлім» жазасы тағайындалып, немесе елден аластатылған.
Осы бір тамаша дәстүріміз, яғни- арасы, жеті атадан асқан әулеттерге, бата беру, өкінішке қарай кейінгі жылдары сақталмай жүр. Бұл жайт көпшілікті мазаландырғанына біраз жыл болды. Әсіресе Жаныс руының өкілдері үшін бұл кезек күттірмейтін мәселе. Себебі оларда кейбір аталардың арасы 14-15 ұрпаққа жетіп қалды.
Осыдан, бірер жыл бұрын да «Замана» газетінде осы мәселеге байланысты мақалалар жарияланып еді. Бірақ ақсақалдарымыз бен өздерін ел ағасымыз деп жүрген азаматтарымыз селт ете қоймады. Ал олардың кейбіріне осы сұрақты қойғанымызда: «Төле бабамыз Жаныстарға жеті атадан кейін де қан араластыруға тиым салып кеткен екен» деген сияқты көңілге қоныңқырамайтын жауап естідік. Өз заманында дәстүрдің берік сақталуына аса қатты мән берген әз Төле би олай ете қоймаса керек.
Ал енді төмендегі кестеге назар аударайық:
1. Әке. 2. Бала. 3. Немере. 4. Шөбере. 5. Шөпшек. 6. Немене. 7. Туажат. 8. Жүрежат. 9. Жекжат. 10. Жұрағат. 11. Қаймана.
Яғни 8-ші ұрпақ – жүрежаттан бастап қыз алыса беруге рұқсат етілген.
Жалпы, ақсақалдарымыздың құлақтарына алтын сырға, маман-тарихшы, шежіре жинаушы ретінде айтарымыз, бұл мәселеге ары қарай да көңіл бөлмеу ұрпаққа жасалған қиянат болар еді. Тағы біраз кешіксек, бата беретін қарияларды да таппай қалуымыз мүмкін.
Уақыт – керуен өз дегенін істемей қоймайды, сонау шежіре-шалдардың тізесіне отырып, әңгімесін тыңдаған ағаларымыздың өзі арамызда күн өткен сайын кеміп барады. Ал кейінгі, «асфальтта» өскен азаматтарымыз ол мәселеге басын қатыра қоя ма? Бұл үлкен сұрақ.
Сондықтан, ақсақалдарымыз бен дінбасылар жиналып, осы мәселе бойынша пәтуа жасайтын уақыт жеткен сияқты.