Найти в Дзене

ОРТАҒАСЫРЛЫҚ НОҒАЙЛЫ МЕМЛЕКЕТІ

Ноғайлы атауы Алтын Орда заманында моңғолдардың батысқа жорық кезінде көзге түскен түменбасы Ноғайдың есімімен байланысты. ХІІІ ғасырдың екінші жартысында Қара теңіз маңы, Молдавия мен Болгарияның билеушісі болып Ноғай (Берке ханның немере інісі) тағайындалып, оған XIV ғ. Ноғайлар (ноғай татарлары) деп атала бастаған, негізінен қыпшақтардан тұратын 30 мың әскер бөлінді. Ноғай қыпшақтық Алтын Орда хандығында үлкен ықпалға қол жеткізді. Ол Днепрден Дунай сағасына дейінгі, сонымен бірге Болгария мен Молдавия жері енетін, Қара теңіз маңының жартылай тәуелді билеуші болды[1, 68б]. Біртіндеп уақыт өте келе Ноғайға бағынышты жұрт Ноғайлы атауына ие болып, Еділ мен Жайық бойын тұрақты түрде қоныстанып Каспий теңізінің солтүстігімен Кавказдың Теріскей бөлігін өздеріне жайылым етті. Ноғай ұлысы Алтын Орда мемлекетінің бағынышты бөлшегі саналғанымен XIV ғасырдың екінші жартысынан бастап Шығыс Европадағы саяси өзгерістерге ықпал ете бастады. Біртіндеп Ноғайлы ұлысы Ноғай Ордасы атауына ауысты. Но

Ноғайлы атауы Алтын Орда заманында моңғолдардың батысқа жорық кезінде көзге түскен түменбасы Ноғайдың есімімен байланысты. ХІІІ ғасырдың екінші жартысында Қара теңіз маңы, Молдавия мен Болгарияның билеушісі болып Ноғай (Берке ханның немере інісі) тағайындалып, оған XIV ғ. Ноғайлар (ноғай татарлары) деп атала бастаған, негізінен қыпшақтардан тұратын 30 мың әскер бөлінді. Ноғай қыпшақтық Алтын Орда хандығында үлкен ықпалға қол жеткізді. Ол Днепрден Дунай сағасына дейінгі, сонымен бірге Болгария мен Молдавия жері енетін, Қара теңіз маңының жартылай тәуелді билеуші болды[1, 68б]. Біртіндеп уақыт өте келе Ноғайға бағынышты жұрт Ноғайлы атауына ие болып, Еділ мен Жайық бойын тұрақты түрде қоныстанып Каспий теңізінің солтүстігімен Кавказдың Теріскей бөлігін өздеріне жайылым етті. Ноғай ұлысы Алтын Орда мемлекетінің бағынышты бөлшегі саналғанымен XIV ғасырдың екінші жартысынан бастап Шығыс Европадағы саяси өзгерістерге ықпал ете бастады. Біртіндеп Ноғайлы ұлысы Ноғай Ордасы атауына ауысты. Ноғай Ордасының территориясы сол кездегі Алтын Орданың астаналары Сарай-Бату мен Сарай-Берке қалалары орналасқан Каспий теңізінің солтүстігінде орналасқанымен, бұнда моңғолдар мен қыпшақтар аз болды. Ноғай Ордасындағы үстем тайпа маңғыттар болды. «Ноғай», «ноғайлықтар», «Ноғай Ордасы» деген терминдер XVI ғасырдың басында ғана пайда болды, ноғайлар өздерін «маңғыт» деп, ал өз ұлысын «Маңғыт жұрты» деп атаған. Оларды көрші халықтар осы атаумен білген. Тарихшылар Б-А.Б. Кочекаев, И.Х. Калмыков және басқалары ноғайларды моңғол-қыпшақтардан тарағандығы туралы белгілі зерттеушілердің (С.Е.Малов, Р.Г.Кузеев және басқалар) пікірін келтіреді: олардың көпшілігі Ноғай Ордасы негізгі тұрғындарының шығу тегін Жошы әулетіен шыққан Алтын Орда түмені, ХІІІ ғасырда Ноғай әскерінің құрамына кірген тайпалармен байланыстырды. Шын мәнінде Ноғай (Маңғыт) Ордасының негізін қалаған Едіге болып саналады. Ол туралы өмірбаяндық мәліметтер көптеген шығыс авторларында: Му‘ ин ад-дин Натанзиде, Абд ар-Раззақ Самарқандиде, Ибн Арабшахта, Әбілғазыда, Қадырғали Жалаириде кездеседі. XIV ғасырдың аяғында саяси аренаға шығып, Алтын Орданың белгілі уақытша билеушісі болып алған Едіге 15 жыл бойына (1396-1411) шын мәнінде Алтын Ордадан бөлектенген елеулі феодалдық иеліктердің бірі болды [2, 159 - 160 бб]. Мұндай тарихи айырмашылықты былай түсінген жөн: «Ноғай», «ноғайлықтар» атауы Шыңғыс ханның ұрпағы болып саналған Ноғай баһадүрдің иелігі немесе Ноғайға берілген үлестік жердегі халықтың бағыныштылығы-деп түсінген жөн шығар. Ал Ноғай Ордасына келер болсақ Орда атауы мемлекет деген түсінікке жақын келерін ұмытпағанымыз жөн. Сонда Ноғай ұлысы ХІІІ ғасырдың екінші жартысында, ал Ноғай Ордасы XIVғасырдың аяғы мен XV ғасырдың бас кезінде рәсімделгенімізге күдігіміз болмақ емес. Ноғай Ордасының негізін салған Едіге би жайында Қазақстан ұлттық энциклопедиясында «Едіге (1352, кейбір деректерде 1362-1419/23) – Ақ Орданың әмірі. Әкесі Құтлықия маңғыт әулетінен шыққан. «Мунтахаб ат-тауарихи Муинидің» (қ. Ескендір анонимі) авторы Едігенің әкесін Тоқтамыс ханның қолынан қаза тапқан Ақ Орданың әмірі Балтышақ» деп көрсетеді. Едіге есімі алғаш жазба деректерде 1376 жылы Самарқандағы Әмір Темір әскерін бастап Тоқтамысқа қарсы жорыққа аттанады. Әмір Темір Мауераннахрға оралған соң Темір Құтлық Қажы Тарханға хан болып сайланып (1391/92), Едіге өзінің ұлысы маңғыт жұртына қалады. 1396 жылға дейін Едіге мен Темір Құтлықтың Қырымдағы Тоқтамыстан билікті тартып алмақ әрекеті сәтсіз аяқталады. 1395 жылы Тоқтамысқа қарсы жорығында Әмір Темір жеңіске жетіп, Сарай билеушісі етіп Өріс ханның баласы Құйыршықты сайлайды. 1419 жылы Сарайшық маңында Тоқтамыстың кіші баласы Қадырбердімен (кейбір деректерде Келімберді) шайқаста ауыр жараланған Едіге Қадырбердінің адамдарының қолынан қаза табады. Едігенің балаларының ішіндегі белгілері: Нұр әд-Дин, Қасым, Сайид Әли, Көкуат (Кей Қуат), Мансұр, Наурыз делінеді [3, 345б].

Қазақ шежіресінде Едіге бидің үрім-бұтағы былайша таратылады. Маңғыт әулетінен Құтлу Қабан (ел аңызы бойынша Баба Түкті Шашты Әзіз) Едіге батыр. Едігеден Нұраддин, Қасым, Сайдалы, Марсур, Марсурдан Мұса Жаңбыршы туады. Мұсаның он екі баласы болған деседі. Одан әрі Ағыс, Көгіс, Алшағыр, Смайыл, ШаҺ-Мамай, Орақ, Орманбет би (арғыннан шыққан Орманбет би емес), Қарасай, т.б. «Әуелі бабасы Әбу Бакр әл-Садық Разиалланың төрт ұлы бар еді. Екеуінен кішілі-ұлысы, оның аты Мұхаммед Шамда патша еді. Оның ұлы Сұлтан Қайдар, олда Шамда патша болды, оның ұлы Сұлтан Халид еді, ол Сарсарда болды. Оның ұлы Сұлтан Қайдар, олда Сарсарда патша болды. Оның ұлы Сұлтан Маулид еді, олда Сарсарда патша болды. Оның ұлы Әбу-л фана еді, ол Антақияда патша болды. Оның ұлы Сұлтан Сәлім еді, ол да Антақияда патша болды. Оның ұлы Сұлтан Садық еді, ол да Антақияда патша болды, оның ұлы Сұлтан Әбу-л-хақ еді, ол Мадаинда патша болды. Оның ұлы Сұлтан (Осман еді), ол да Мадаинда патша болды. Оның ұлы Жалаладдин еді, ол Кастаниде (Константинополь) патша болды. Оның екі ұлы бар еді, бірінің аты Адхам және бірінің аты Баба Туклас еді. Баба Туклас Кағбада патша болды. Баба Тукластың белгілі үші ұлы бар еді. Бірінің аты Аббас, Қағбаның оң жағында, бірінің аты Абдрахман Қожа еді. Ол Қағбада жатыр. Үшінші ұлының есімі Тырма. Бұл Тырма (Терме) Еділ-Жайықта қаза болды. Оның ұлы Карачи еді. Олда Еділ-Жайықта қаза болды. Оның ұлы Ислам Қия, ол да Жайықта қаза болды. Оның ұлы Құтлу Қия Құмкентте қаза болды. Оның ұлы Едіге би (Алла оған рахим етсін). Құтлу Қияны Урус хан шаҺид қылды. Осыған ұқсас тағы бір шежіре бар. Ол атақты Мұрын жыраудың «Қырымның қырық батыры» циклында жырланатын Едіге би қиссасында шертіледі. Онда: Ақшыбай батыр, Одан Баба түкті Шашты Әзіз одан Парпария, одан Құттықия батыр, Сол Құттықиядан Едіге туады-делінеді [4, 56б]. Көріп отырғанымыздай екі шежіреде де Едіге бидің ата-тегін Орта Азияға ислам дінін таратушы қожалар жағынан шығарып, мұсылман дінінің әулие пірі Баба Түкті Әзізден таратады. Бұл дегеніміз Ноғай Ордасының негізін салған Едіге бидің Шыңғыс хан әулетімен генеологиялық байланыстығы жоғын көрсетеді. Едіге бидің ХІV ғасырдың екінші жартысындағы саясат сахнасына көтерілуі Алтын Орда мемлекетінде орын алған «дүрбелең кезең» деген атпен қалған саяси тартыстар кезеңімен тұспа-тұс келеді. Алтын Орда мемлекетінің ішкі және сыртқы жағдайының күрделенуі Едіге секілді дала ақсүйегін билік иерархиясына қарай көтертті. Ол кезде Алтын Орда мемлекетіне басты жау оңтүстіктегі Темір мемлекетінен төңген болатын. Алтын Орда ханы Тоқтамыс пен Әмір Темір арасындағы тартыстың алғашқы уақытында Едіге ханның жағында болып Темірге қарсы күресті. Едігені Тоқтамыс хан өзіне нөкер етіп ерітті. Кейін бір себептермен Тоқтамыс ханның қаһарына ұшырады. Өлтірілетінін сезіп Самарқан қаласына – Темірдің қол астына қашты. Едіге 1391 жылы Тоқтамыс жеңілгеннен кейін Темірді де тастап шығып, Еділ мен Жайық арасындағы жерлерді жеке билей бастады. Ол кейінірек Алтын Орданы да өзіне қаратты. Алтын Орданың ханы деген атаққа Темір-Құтлық ие болғаны болмаса, оның шын мәніндегі билеушісі Едіге болды (1396-1411). Едіге Темір-Құтлықпен бірге Тоқтамысқа қарсы күресті. Темір-Құтлық өлген соң (1399 ж.). Едіге Алтын Орда тағына Шадыбекті отырғызды. 1409 жылы Едіге Батыс Сібірді паналап жүрген Тоқтамысты өлтірген еді. Дәл осы жылы Хорезмді басып алды. 1407 жылы Бұлғарда өзін хан деп жариялаған Жа-лал ад-Динге қарсы жорық ұйымдастырды. 1408-1409 жылдары Руське жорық ұйымдастырды. Оның мақсаты – орыс мемлекетін Алтын Ордаға қайтадан салық төлеуге мәжбүр ету еді. Бірнеше қалаларды (Серпухов, Дмитров, Ростов, Переяславль, Нижний-Новгород т.б) бағындырды. Мәскеуді де қоршады, бірақ оны ала алмады. 1410-1412 жылдары Алтын ордада болған аласапыран кезінде Едіге өкімет билігінен айырылды. Өкімет басына қайтадан Тоқтамыстың балалары келді. Едіге жан сауғалап Хорезмге қашып барды, бірақ көп ұзамай ол жерден Герат ханы Шахруқ Едігені қуып шықты. Едіге 1416 жылы Литва княздығымен соғысып, жеңіп шығады. Мемлекетті бүтіндей жояды. 1419 жылы Сарайшық қаласының түбінде Едіге Тоқтамыстың баласы Қадірбердінің қолынан қаза табады [5, 45 - 50бб].

Осылайша Қарадан шығып ресми түрде хан деп танылмаса сондай билікке ие болған Едігенің саяси күреске толы дәурені бітті. Маңғыт ордасының орталығы болып саналған Сарайшық қаласының төңірегінде топтасқан жұрт Едіге ұрпақтарының жоғарғы билігін мойындап, мемлекеттілікті құруға асықты. Едігенің ұлы Нұр-ад Диннің тұсында Ноғай Ордасы саяси күшейіп, дербес мемлекет атанды. Ноғай ордасының саяси басқару Едіге ұрпақтарының қолында болды. Билік мұрагерлік жолмен берілді. Көшпелі өмір сүрген ноғайлықтар Европадан Азияға баратын Каспий теңізінің солтүстік бағыты арқылы өтетін сауда керуен жолдарын өз бақылауында ұстап экономикалық әлеуметін мықтап отырды. Көрші мемлекеттермен сауда-дипломатиялық қатынастарды басты назарда ғана ұстап ғана қоймай, жаулаушылық және қорғаныс негізіндегі соғыстар жүргізді. Орта ғасырлық кезеңде өмір сүрген Ноғай ордасының басқарушысының титулына келгенде қазіргі кезге дейін бір тоқтам жоқ. Бір ғалымдар маңғыт билері тарапынан қойылған хандарды мысалға тартады. Мүмкін, бұл мемлекеттілікті қалыптастыру үшін уақытша қойылған хандар болар. Біз ол жағын нақты білмейміз. Алтын Орда құрамы кезіндегі Маңғыт ұлысын иелік жағынан не Алтын Орда хандары тарапынан жіберілген наместниктерде болуы мүмкін. Ноғай Ордасының хандары тізімі деген мәліметтер кездеседі. Бұл зерттелетін тақырып.

Бірақ Ноғай ордасының билеушісінің титулы хан дегенді мына мәліметтер жоққа шығарады: 1502 жылы Мұса биден соң Ноғай Ордасының биі боп Оқас бидің ұлы Жаңбыршы 1502-1504 жылдары билікті қолға алды. Ноғай ордасында 1504-1508 жылдары Жаңбыршы биден кейін Оқастың Кіші ұлы Хасан билікті қолға алды. Хасан бидің тұсында болашақта орын алар аласапыран жылдардың алғашқы лебі байқалды. Хасан биді Мұсаның ұлы Алшағыр мойындамай қойды. Ол өз бетінше дербес саясат жүргізе бастайды. 1508 жылы Хасан би қайтыс болып, би орнына Мұса мен Жаңбыршының ұлдары Алшағыр мен Шейх Мұхаммед екінші жаққа бөлініп, билікке талас басталды. 1519 жылы Ноғай мырзасы Алшағырдың қазақтармен болған шайқаста қаза тапқандығы жөнінде ауыз әдебиеттерде мәліметтер бар. Тарихи деректерге жүгінсек, 1523-1530 жылдары Мамай ыдырап бара жатқан Ноғай Ордасын қалпына келтіріп қана қоймай, оның бұрыңғы беделін одан әрі өсіреді. 1532 жылы ноғайлық билікке Мұсаның ұлы Сайд Ахмед келіп, ол 1549 жылға дейін би болды. 1537 жылы ноғай мырзаларының бірігу құрылтайы болып, онда Орданың әкімшілік құрылымы мәселесі шешіледі. 1552 жылы жазда орыс әскерлері Қазанды бағындыруға аттанғанда сол кездегі ноғай биі Жүсіп бүкіл елден әскер жиюға жарлық береді. Мәскеулік позицияны ұстанған Исмаил мырза оң қанатттағы ұлыстардан әскер жібермейді [6, 71 - 74 бб]. Өкінішке орай, Исмаилдың кесірінен ҚаҺарлы Иван басқарған отты қарумен қаруланған орыс әскерлері Қазан қаласын алады. Бұл жердегі бізге маңыздысы – Ноғай Ордасының билеушісі хан емес, би делініп тұрғандығы. Өз кезінде Ноғай Ордасының билеушісі «беклер бек» лауазымын иемденуіде оның хан тұқымынан еместігі әсер етсе керек-ті. Сондықтанда Ноғай Ордасының билеушісінің титулын хан деп қабылдамағанымыз жөн. Ешбір тарихи деректерден ноғай билеушісінің есіміне хан лауазымының қосарлана жазылуын таба алмайтыныңыз анық. XIV ғасырдың аяқ шегінде Едіге бидің Алтын Ордадағы билікті өз қолына шоғырландыру әрекетінен пайда болған Ноғай ордасының саяси құлдырауы XVI ғасырға сәйкес келеді. XVI ғасырдың екінші жартысында Қазан мен Астрахан хандықтарын Ресей жаулап алғаннан кейін Ноғай ордасы әлсіреп, бірнеше ұлыстарға, ордаларға бөлінді. Солтүстік Кавказда Кіші Ноғай ордасы Жем, Ойыл жағалауларында Алты ұлыс ордасы құрылды. Исмаил мырзаның қарамағындағы тайпалар Үлкен Ноғай ордасын құрып 1557 жылы Орыс мемлекетіне бағынды. Еділ қалмақтарының шабуылынан кейін 1634 жылы ноғайлар Еділдің оң жағалауына көшіп, Кіші Ноғай ордасымен бірікті де Қырым хандығына тәуелді болды [7].

Бытыраңқылыққа ұшыраған ноғайлықтардың бір бөлігін XVI ғасырдың екінші жартысында қазақ ханы Хақназар өзіне бағындырған болатын. Хақназар ханның кезінде бағынған ноғайлықтар қазақ халқының Кіші жүз бөлігіне қосылып, мәдени-тілдік ұқсастығына байланысты мәдени бірігуді бастан кешірді. Осылайша бір кездері Шығыс Европа елдерінің едәуір бөлігіне ықпал ете білген Ноғайлы мемлекеті саяси өмір сүруін тоқтатты. Алайда бір кездері Ноғай Ордасының құрылуымен пайда болған ноғай этносы тарих сахнасынан жойылып кетпей, түрлі қысымға ұшырауына қарамастан, әлі күнге азшылық құрамда болса да Еділ мен Жайық бойын мекендеуде.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. И. А. Лекеров. Қазақстан: Еуразия этностарының қысқаша тарихы. Жалпы білім беретін мектептерге арналған. – Көкшетау: «Келешек-2030», 2008. – 288 б.

2. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін, Бес томдық. 2- том. – Алматы, Атамұра. 2010 ж.

3. К.Р. Аманжолов. Түркі халықтарының тарихы. 2-кітап (XIVғ-дан XVIIIғ.-дың бірінші жартысына дейінгі кезең). – алматы: Білім, 2002 ж.

4. Икласбаев. Д. Ноғай ордасы // «Алашы ардақтаған ақын» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы материалдары. – Талдықорған, 2015 ж.

5. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы, 3-том. – Алматы: Қазақ энциклопедициясының Бас редакциясы, 2001 ж.

6. Қазақстан тарихы этникалық зерттеулерде. – Алматы: Алаш тарихи-зерттеу орталығы. Т.V: 2009 ж.

7. Ноғай ордасы. Kk.wikipedia.org

Бірнеше жыл бұрын конференцияға жіберілген мақала үзіндісі

Мақала қайта өңделген

Сурет ғаламтордан алынды

МОҢҒОЛ ИМПЕРИЯСЫ (1227 – 1259 ж.ж.)
Тарих, саясат, этнология, география30 декабря 2023