Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ халқының еркіндік үшін күресі еш уақытта толастамағандығын көруге болады. соның бір мысалындай ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ халқының ежелден аңсаған арманын жүзеге асыруды ту еткен Алаш қайраткерлері болды. Туған халқының болашақ өркендеуі жолындағы келелі мәселелерді шешуді міндет деп тапқан қазақтың игі жақсылары кейінгі ұрпақ үшін халқына шын берілгендіктің үлгісі болды.
Кеңес билігінің жеңісі «Алаш» партиясына, оның үкіметіне өз мүддесін жүзеге асыруға мүмкіндік бермегенімен, оны амалсыз мойындауға мәжбүр болған Алаш қайраткерлері большевиктердің мемлкееттік аппаратта қызмет атқару туралы ұсыныстарын қабыл алып, кеңес идеологиясына барынша ұлт мүддесіне жақындатуға тырысты.
ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдары Ұлтының мүддесі үшін күрескен, осы жолда жанын пида еткен айтулы қоғам қайраткерлерінің бірі Нығмет Нұрмақов еді.
1895 жылы 25 сәуірде Семей Губерниясының Қарқаралы уезіндегі Қу болысында дүниеге келген Нығметтің әкесі ұлының білімді азамат болуы үшін қолынан келгенін аямаған. Нығмет Нұрмақов 1911 жылы Қарқаралы қаласындағы екі класстық қазақ-орыс училищесін бітірген соң, 1913 жылы Омбының мұғалімдер семинариясына оқуға түседі, осы жерде Сәкен Сейфуллин, М.Жұмабаев, Ә.Досовтармен танысып, достасады. Семинарияда оқыған жылдары Н.Нұрмақов Ресей империясы үкіметінің қазақ даласында жүргізіп отырған отаршылдық саясатына қарсы үгіт жұмыстарын жүргізумен әрі мәдени-ағарту ісін насихаттаумен айналысқан қазақ жастарының «Бірлік» атты жасырын ұйымын құрушылардың бірі болды. Ұйым мүшелері «Балапан» атты журнал шығарып, Омбы тұрғындарын қазақ халқының мәдениетімен таныстыру мақсатымен түрлі кештер ұйымдастырып тұрған.
Алғаш еңбек жолын Қарқаралы уезінде мұғалімдіктен бастаған Нығмет Нұрмақов 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісте қазақ зиялыларының революциялық-бағытын қолдаушыларының қатарынан көрінді. 1916 жылдың 30 маусымында қазақтарды окоп қазу жұмысына жұмылдыру туралы патша бұйрығы жарияланғанда, Нығмет патшалық Ресейдің реакциялық саясатына қарсы шығып, жұмылдыру тізіміне тек кедейден шыққандарды қосқан байларға қарсы күрескендердің алдыңғы қатарында болды. Патша үкіметінің қазақ даласында жүргізіп отырған отарлық саясатына қарсы патшаның қазақтарды қара жұмысқа алу туралы жарлығына қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізумен айналысқан «Дала одағы» («Степной союз») саяси ұйымын құрушылардың бірі болды.
1917 жылғы Ақпан революциясын жылы қарсы алғанымен, Уақытша Үкіметтің «ұлт саясатын» шеше алмауына наразылық білдіріп саяси қудалауға түсті. Осы жылдары Кеңес өкіметі жағына шығып, Азамат соғыс жылдары ақ гвардияшыларға қарсы белсенді күресті. Ал 1918 жылы Қарқаралыда уездік кеңес құрылғанда, оны хатшы етіп сайлады. Сол жылы Қарқаралыдағы Кеңес билігін ақ гвардияшылар талқандап, Нығметті басқа да белсенділермен бірге қамауға алады. 1918-1919 ж.ж. ақ гвардияшылардың түрмесінде отырды.
Қамаудан босағаннан кейін Н.Нұрмақов жергілікті билік органдарын қалыптастыру ісіне белсене араласып, соғыс майданынан қайтқан солдаттарды қосып жасақ құрып, 1919 жылдың ақпан айында Егіндібұлақ сайында атаман Дутовтың ірі жасақтарының бірін талқандады.
1919 жылы Қарқаралыда құрылған уездік әскери-революциялық комитеттің мүшесі, кейіннен Семей губерниялық әскери-революциялық комитетінің хатшысының міндетін атқарады. Ол аса күрделі саяси хал-ахуал жағдайында қазақ халқының басына төнген ауыртпалықтан құтқару ісі большевизм жолын таңдауға байланысты деп ұқты. С.Сейфулинге жазған хатында: « Сәкен, халың қалай,... Мен патша үкіметі заманында қанауға түскен біздің халықты теңдік пен бостандықты жеткізетін большевиктер партиясы болатынына көзім жетті. Сондықтан мен большевик болдым...», – дейді [1].
1920 жылы 26 тамызда Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен РКФСР ХКК-нің «Автономиялы Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Республикасын құру туралы» В.И.Ленин мен М.И.Калинин қол қойған декреті қабылданып. Нығмет Нұрмақов Орынбор қаласында өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық I съезіне (құрылтай жиналысы) арнайы шақырылып,онда Орталық Атқару Комитетінің мүшелігіне сайланады. Осы құрылтай жиналысынан кейін әртүрлі саяси жауапты қызметтерді атқара бастайды.
1922 жылы Қырғыз (Қазақ) Нығмет Нұрмақовқа мынадай мінездеме берген болатын: "В политической обстановке ориентироваться может, политически устойчивый, энергичный, дисциплинированный, настойчивый в проведении принятых решений. Отношение к товарищам и партработе хорошее" [2].
Н.Нұрмақов 1920 жылдан бастап Қарқаралыда, сонан соң Семейде уездік, губерниялық атқару комитеттерінде бірқатар жауапты қызметтерде істеп, «Қазақ тілі» газетінің, «Қызыл Қазақстан» журналының редакторы болды. 1922 жылы Орынборға ауысып, Қазақ өлкелік партия комитетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. Сол жылы қазан айында өткен Бүкілқазақтық кеңестердің 3-ші съезінде Қазақ атқару комитеті төралқасының құрамына сайланған оған Жоғары революциялық трибуналды басқару жүктелді. Қазақ трибуналы 1923 жылы ақпанның 19-ында РКФСР Жоғарғы сотының қазақ бөлімі болып құрылған тұста төрағалыққа тағы да Н.Нұрмақов бекітілді. Ал 1923 жылдың мамырында оған Әділет комиссары міндеті жүктелді және сол жылдың күзіне дейін Сот төрағасы қызметін қоса атқарды.
Ол әділет комиссары ретінде прокуратура және сот құрылысы ережелерін енгізді. Прокуратура және сот қызметкерлерінің білімін арттыру, білікті жаңа кадрларды қалыптастыру, оларды қызметке тұрақтандыру, жалақыларын өсіру, тұрмыстық жағдайларын жақсарту мәселелерін шешуде де оның табандылығының арқасында біраз жұмыстар атқарылды.
Өкінішке орай, социализм кезеңінде қазақ халқының көкпарға салынған құнды мұраларының бірі оның тілі болғандығы белгілі. Осы тұста тілді тұншықтырушы шовинистер мен нигилистерге бермеуге біршама қазақ зиялысы әрекет етті. Халқымыздың біртуар азаматы Нығмет Нұрмақов та қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында жан аямай жұмыс жүргізген адам. Сот төрағалығы қызметінде болған тұста ол сот ісінің қазақ тілінде жүрргізілуін талап етті. Соның нәтижесінде Н.Нұрмақовтың басшылығымен сот-тергеу органдарында қазақ тілінде іс жүргізу қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылды. Сот қызметкерлерінің барлық санының 60 пайызға жуығын қазақтар құрады. Республика Прокуроры қызметін атқарып жүрген уақытта Орынбор қаласында өткен прокурорлар кеңесінде іс-қағаздар мен тергеу құжаттарын қазақ тілінде жүргізуді талап еткен болатын.
Н.Нұрмақов 1924 жылдың қыркүйегінен 1929 жылдың сәуіріне дейін Қазақ АКСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағалығы қызметін атқарып жүргенде шығыс халықтарының алфавитін құруға қатысып, Шығыс халықтарының алфавитін құруға арналған Бүкілодақтық комиссияның мүшесі әрі қазақ алфавитін құрастыру комитетінің төрағасы болды. Бұл комитет құрамында Қ.Тоқтабаев, О. Жандосов, Ә.Байділдин, Ә.Ермеков, Ғ.Тоғжанов, Т.Шонанов, Орманбаев, Б.Малдыбаевтар болған. Комитет қазақ алфавитінің қажеттілігі турасында пікірталас өткізіп, оның қорытындыларын 5 баспа табақтық қазақ тіліндегі екі кітапта жариялайды. Н.Нұрмақов 2 айлық жаңа алфавиттің әрбір терушілер курсын ашуға және бұл курстың үздіксіз адамдарды қабылдауын қадағалады. Сондай-ақ Ақтөбе, Орал-Бөкей губернияларында жаңа алфавиттің маңыздылығын насихаттайтын губерниялық комитет құруға және барлық істерді қазақ тілінде жүргізілуіне ұйтқы болады.
Қазақ АКСР ХКК төрағасының қызметін атқарып жүрген уақытта Қазақстанның бірінші Конституциясының жобасын жасауға, Қазақстанның астанасын Орынбордан Қызылордаға көшіруге, Қызылордада қазақ театрының ашылуына және сондай-ақ әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың Парижге баруына қол ұшын беріп, қазақ халқының ән-күйін жинау үшін Семей қаласына келген А.Затаевичтың «1000 ән-күйлері» атты еңбегінің басылып шығуына демеушілік жасайды.
«Нығмет Нұрмақовтың өнер саласына көрсеткен қамқорлығының өзi бiр төбе. Сонау Семейдегi қызметi жылдарында (1921 жылдың күзiнде) Александр Затаевичтi Семей өңiрiн аралатып, белгiлi музыка зерттеушiсiнiң жанында болған екен. Халком кеңесiнiң төрағасы болғанда астанада өтетiн әншiлердiң жиынына А.Затаевичтi жиi-жиi шақырып отыратын. Сондай-ақ, Қазақстан Халық әртiсi Затаевичтiң Мәскеудегi мүшкiл халiне көңiл бөлiп, Н.Нұрмақовтың тағы да араласуына тура келдi. Қажеттi ақшалай жәрдемдi бөлдiрiп қана қоймай, Халық Ағарту халкомы құрамында тұрақты еңбекақысын алып тұратын қызметке тiркеттi. Сондай-ақ, орыс жазушысы жазушы Николай Анов қазақ өнерін алыс шетелдерге насихаттау мақсатымен Н.Нұрмақовтың Әмiре Қашаубаевты Парижге жiбергенiнің куәсі болғанын айтады.», – деген еді Болат Қабдөшев [3].
Қазақ үшін жер мәселесі қашан да өткір мәселе болып келгендігі белгілі. Үш жүз жылдың көлемінде қазақ жерінде отарлық саясатын жүргізіп келген Ресей патша тақтан түсіп, большевиктер партиясы басқарған Кеңес өкіметі орнағанынан кейін де бұрынғы шиеленіскен жер мәселесі шешімін таба қоймады. Жергілікті халықтың мүддесін кейін сырғытып, қазақ жеріне ресей шаруаларын қоныстандыра бастаы. Сол кезеңде биліктің әр тармағында отырған қазақтың ұлтжанды қайраткерлері орталықтың жерге орналастыру жөніндегі бұл шешімдеріне өз қарсылықтарын білдірді. Мәселен, 1925 жылы Қазақ облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Сұлтанбек Қожанұлы, Қазақ облыстық атқару комитетінің төрағасы Жалау Мыңбаев, егін шаруашылығы халық комиссары Әлиасқар Әлібековтермен бірге Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Нығмет Нұрмақов та, орталықтың бұл шешімдеріне ашық қарсы шыққан болатын. 1925 жылы 19 қазанда Қазкрайкомның бюро отырысында сол кезде Қазақстанның құрамына кірген Орынборды Ресейге қосу мәселесі талқыланды. Осы отырыста сөйлеген сөзінде Н.Нұрмақов: "Территориальный вопрос для нас – это острая проблема. С ней тесно связана судьба нашей республики, ее народа. Причина, высказанная здесь (преобладающее число русских среди жителей), не может быть основанием для такого решения. Во многих уездах республики число русских больше коренного населения, но это не значит, что все эти территории должны быть переданы России. Это равносильно ликвидации республики. Такая постановка вопроса не выдерживает никакой критики, поэтому мы категорически возражаем", - деді.
Ал 1928 жылы қарашада өткен ВКП(Б)-ның үшінші сессиясында Нығмет Нұрмақов Орталықтың Қазақстан патшалық Ресейдің кезіндегідей бұратана-коллониалдық көзқарасы өзгере қоймағанығын қатаң сынға алады, осы сессияда жасаған баяндамасында: "Многие из наших соседей, полагая, что Казахстан тяготится огромными размерами территории, часто покушаются на отдельные ее части… Но мы ни клочка своей земли не намерены никому уступить…", - деп кесіп айтады [4]. Сталиннін алдында осындай сөздерді батып айту өз елінің шын жанашыр азаматының қолынан ғана келетіндігін дәлелдейді.
Н.Нұрмақов Ф.Голощекиннің қазақ даласында «Кіші Қазан төңкерісін» жасау керек деген арандатушылық пікіріне және халық малын тәркілеуге бағытталған шараларына үзілді-кесілді қарсы болып, оған ашық қарсы шықты. Ф.Голощекинмен арадағы пікір қайшылығы оның үкімет басшысы қызметінен босап, Мәскеудегі БК(б)П ОК жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберілуімен аяқталды. Мәскеуде ол Бүкілодақтық атқару комитеті хатшысының орынбасары және аз ұлттар бөлімінің меңгерушісі болды. Сібір, Повольженің аз халықтар тұратын аудандарын аралап, қызмет жасады.
1934 жылы Мәскеудегі “Власть Советов” баспасынан “РСФСР-дегі аз ұлттар арасындағы жұмыстың жайы мен міндеттері” деген кітабы жарық көрді. …Нығмет бұл еңбегінде БОАК Президиумы ұлттар бөлімінің жан-жақты жұмысын саралап көрсеткен. Отызыншы жылдардың бас кезінде РСФСР территориясында өзіндік ұлттық құрылымдардан тыс аудандарда ұйымдастырылған аз санды ұлттардың 65 ауданы болған. Сол сияқты аз санды ұлт өкілдері топтасқан аудандарда төрт мыңға жуық ұлттардың атымен аталған селолық кеңестер жұмыс істеген. Солардың ішінде Орталық Волга өлкесінда — 15, Батыс Сібір өлкесінде — 49, Орал облысында — 4 қазақ селолық кеңестері, ал біздің сол кездегі автономиялық республикамызда 40 неміс, 2 эстон, 2 чуваш, 6 мордва, 2 дүнген, 1 белорус, 2 болгар селолық кеңестері жұмыс істеген. Бұл жұмысты ұйымдастыру, біріншіден, ұлтшылдық сенбеушілік пен қайшылықтардың қалдықтарын тездетіп жоюды, екіншіден, аз санды ұлттардың өкілдеріне қамқорлықты күшейтіп, мәдени және басқа мұқтаждықтарын өтеуді, үшіншіден, оларды жаңа құрылысқа араластыруды мақсат етті.
1924 жылдан бастап өлкелік партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Сол жылдардағы өмірге жолдама алған мемлекеттік маңызды құжаттардың бәрінде Н.Нұрмақовтың қолы тұрды. Төрт жыл төрт ай Қазақстанның үкіметін басқарған уақытта Қазақстанның халық шаруашылығы құлаш жайып, Екібастұз, Қарағанды, Ембі, Балқаш өндіріс орындары елге таныла бастады. Оның Қазақстан үкіметінің басшысы ретінде республиканың аумақтық тұтастығы, өнеркәсіп құрылысы, қазақтарды жерге орналастыру мәселесі, құрғақшылық зардаптарына қарсы күрес, оқу-ағарту және мәдени даму, қазақтарды басқару ісіне тарту, ауыл шаруашылығын қалпына келтіру, т.б. салаларда атқарған қызметтері еліміздің өсіп-өркендеуіне, нығаюына белгілі әсерін тигізді. 1924 жылы Қазақ АКСР-і астанасын Орынбордан Қызылордаға, ал 1929 жылы Алматыға көшіру туралы шешімдерді қабылдауға тікелей қатынасып, ұйымдастыру жұмыстарын басқарды. Ол еліміздің тұңғыш конституциясы жобасын әзірлеу комиссиясының мүшесі, қазақ әліпбиін құрастыру комиссиясының төрағасы болды, алғашқы қазақ драма театрын ашуға үлкен еңбек сіңірді. Нығмет Нұрмақовтың өмірі қысқа болса да саналы өмірін туған халқының болашағын жақсартуға арнап, сындарлы қатерлі уақытта қатерден қаймықпай шешім қабылдай білді.
1937 жылдың 27 қыркүйегінде өткен айыптау сотында Нығмет Нұрмақовқа «1921 жылы пантүрікшіл орталықтың басшылық құрамына тартылды, Қазақстанда партияға қарсы зиянкестік әрекеттермен шұғылданды» деген айыптау тағылып ату жазасына кесілді. «Халық жауының туған-туыстары» деген айыппен Нығмет Нұрмақовтың отбасы мен туған-туыстары да қуғындауға ұшырады.
Елі үшін ерен еңбек сіңірген тұлғаның өмірін қазақ халқының басынан өткерген ХХ ғ. 20-30 ж.ж. бөліп қарау мүмкін емес. «1920-1930 жылдардағы көптеген ақтаңдақтарды зерттеушiлер аршып жатқанымен, олар туралы көптеген мәлiметтер халыққа жетпей жатқандығын көрiп жүрмiз. Мәселен, Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожановтарды көп ешкiм бiле бермейдi. Ал, «Алаш Орданың» 15 министрi болған арыстарды бiлу - бүгiнгi ұрпақтың парызы...», - деген еді Нығмет Нұрмақовтың туғанына 115 жыл толуына арналған "Елім деп соққан жүрегі" атты дөңгелек үстел отырысына қатысқан Қазақстан саяси қуғын-сүргiнге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы [5].
Замандастары Нығмет Нұрмақовтың қоғамдық-саяси еңбегіне өз кезеңінде-ақ аса жоғары баға берді, ал оның тұлғасын, өмірін, қоғамық-саяси еңбегін жаңаша қырынан ашып, тиісті бағасын беру – бүгінгі күннің еншісі.
Пайданылған әдебиеттер:
1. С.Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу». – Алматы, «Жазушы», 1977 ж.
2. В.Минин «За что был расстрелян Нигмет Нурмаков – глава правительства Советского Казахстана (история)» // Казахстанская правда, № 25-26 (26844-26845) 21.01.2012
3. Д.Асауов «Қазақ мүддесіне қызмет еткен коммунист» /http://www.baq.kz/kk/material/75
4. Н.Нұрмақов «Шығармалар жинағы». – Алматы, «Алаш», 2005 ж.
5. Жұмабек Ашуұлы «Нығмет Нұрмақовтың өмірі кімге болса да үлгі болатын өмір» http://thenews.kz/2010/04/20/330595.html
Бірнеше жыл бұрын конференцияға жіберілген мақала
Автордан
Сурет ғаламтордан алынды