Найти тему

🕋🕌 ☾ ☆ АС БЕРУДІҢ МӘНІ НЕДЕ? ☆ ☽ 🕌 🕋

Алдымен өткенге зер салсақ, ас беру рәсімі қазақ даласына ислам діні келмей тұрғанда, сонау көне сақ, ғұн, түркі заманынан бері келе жатыр. Оны біз археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінен де байқаймыз. Орхон-Енисей өңіріндегі балбал тастардағы сына жазулардан Түркі елін қуатты империяға айналдырған Күлтегінге берілген ас туралы жазба деректі ғалымдар ашты. Демек марқұмдарға арнап ас беру салты сонау ықылым замандардан бері ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан дәстүр десек те болады.

Марқұмды еске алу

Қазақта егер ересек адам өмірден өтсе марқұмды жаназалап жерлегеннен кейін әр аймақтың қалыптасқан салты бойынша жетілігі, бейсенбілігі немесе жұмалығы, қырық күндігі, (кей жерлерде 52 күндік), жүзі және бір жылдан кейін жылдық асы беріледі.

Оған арнайы мал сойылып, марқұмның алыс-жақын жердегі ағайын туыстары келіп, көңіл қос айтып, қайғысына ортақтасады. Жоқтау айтылады, марқұмның жақсы қасиеттері мен өнегелі істерін еске алады. ал мұндай рәсімдер сәбиге жасалмайды. Себебі олар өмірден ештеңе көрмей кеткен бейкүнә пәк періштелер. Жасалған күнде де ысырапшылдыққа жол бермей отбасы болып, ет жақын туыстарымен ғана өткізеді.

Қазақтың өткен тарихына үңілсек, бұл фәниден өткен елге белгілі, айтулы адамдардың жыл толғанда оған жасалатын ақырғы зор құрметі болып саналған. Ондай үлкен астарда бірнеше жүздеген киіз үйлер тігіліп, үш жүзге бірдей сауын айтылады.

Бұған әр елдің есімі елге белгілі билері, батырлар, ақындар, палуандар, серілер, көкпаршылар, әнші, күйші, биші, жыраулар шақырылып, үлкен деңгейде салтанатты той ретінде өткізген. Асқа есепсіз мол қаражат, мал-мүлік жұмсалған. Тарихи деректерге сүйенсек, «1860 жылы Ерден Сандыбайұлына 160 жылқы, 200 қой сойылған. Аттың бәйгесі 100 жылқы болған. Осы Ерденге осындай қылып, үш рет ас берген. 1861 жылы Байдәулет Құлбекұлына ас берген. Мұнда бас бәйгеге 100 жылқы, 100 қой 1 ақ отау, 10 түйе берген. 1874 жылы Лабақ Қуатұлына ас берілген.

Оған 300 жылқы, 500 қой сойылған. Асқа 700 үй тігілген. Мұның сыртында асқа шақырылғандар әруаққа деп малын, сойысын, сабасын және әкеледі. Аста елдің бірлігі мен байлығы, мырзалығы сынға түседі.» (С.Шарипов. екі томдық шығармалар жинағы, 2 том, 295 б. Алматы 1982 ж)

Ертеректе ас көбіне-көп кезінде еліне елеулі, халқына қалаулы, көп жағдайда жасы ұлғайып барып қайтыс болған ер адамдарға ғана арналып берілген. Яғни бұл өлген кісінің артын күту салтының қалың қауымға арналған, қайғыдан гөрі салтанаты басым соңғы рәсімі.

Осыған сай мұндайда ас берудің соңы жақсы мағынасындағы, кейінгі ұрпақтың бақытты, шат шадыман өмір сүруі үшін деген тілекпен үлкен тойға ұластырып, ат шаптырып, аламан көкпар тартылған. Алтыбақан ойналып, палуандар белдесіп күрессе, ақындар бірнеше күнге созылған айтысқа қатысқан. Бірақ кейде сирек те болса, әйел адамдарға да ас берілген. Ондай жағдайда жоғарыдағыдай ойын-сауықтар өткізілмей, тек ас арналған адамның қадір-қасиетін ғана еске алып, шағындап беретін болған.

Құдайы ас берудің діндегі орны

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан әзірленіп, жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабында: «Қайтыс болған кісінің атынан ас беру – ислам шариғатында міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды. Яғни, жасалмаған жағдайда ешбір адам күнәһар болмайды. Бірақ жалпы алғанда жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екенін Құран аяттарынан және хадистерден байқаймыз.

Дінімізде «міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап, қайтыс болған кісі атынан ірі қара мал сойып, садақа бер» деген үкім жоқ. Садақалар, құдайы астар берілген жағдайда ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс», – делінген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» – Астана, 2017.

Өткен тарихи оқиғаларды еске алсақ, 1885 жылы Құнанбай дүниеден өткеннен кейін оның өзге балалары «Қазақтың салты бойынша әкемізге ас берейік» дегенде Абай: «Асқа мал бөлейік, бірақ, ол малды сойып жұртқа жегізбейік, орыс школасында оқып жүрген қазақ балаларына жәрдемге берейік», - дейді және осы айтқанын істейді.

Құнанбайдың асына шығарылған мал саны туралы нақты мәлімет жоқ. Бір деректерде 100 жылқы, 200 қой делінеді. Абай олардың барлығын сатып, Семейдің интернатында оқитын қазақ балаларына беруі Құнанбайдың өзге балаларына да, ағайындарына да, тіпті көршілес елдерге де ұнамайды. «Құнекеңді атаусыз қалдырды» деп талайлар ренжіген. Мәселен, көршілес Найман руынан Абайдың туған бөлесі Кемелбай Абайға осы жөнінде былай деп өлеңмен сәлем айтады;

«Сәлем де Ыбырайға бөлем еді,

Ас беріп, Құнекеңді елемеді.

Жер ошағын тастады ау қоңырсытпай,

Бірер күн ел күткеннен өлер ме еді?».

Бұдан түйетініміз діннен хабары бар Абайдың бос даңғаза ысырапқа жол бермей, есесіне сол асқа кететін қыруар қаржыны жастардың білім алуына жұмсағаны әлдеқайда сауаптырақ болатынын түсінгеннен болса керек ...

Қазіргі уақыттағы ас беру рәсімі

Иә, уақыт бір орында тұрмайды. Тарихтың қай кезеңін алып қарасақ та, діннен тыс қалған қоғам болмағандығын байқаймыз. Өәткені, дін сол қоғамның негізін құрайды. Қазір заманның ағымы өзгерді. Алайда қазақ бұрынғыдай өткенді құрметтеу, әруақты еске алу сияқты қасиеттерден ажыраған жоқ.

“Аруақ риза болмай — тірі байымайды” деген қағиданы берік ұстанған халқымыз аруағын сыйлап, ас беруді ешқашан естен шығарған жоқ. Тіпті, өмірден өткен жақыны түсіне кірсе қорасындағы жалғыз қозысын сойып, оған шамасы келмесе жеті шелпегін таратып, құран бағыштатқан. Бұл үрдіс қазіргі күнде де жалғасып келе жатыр.

Жаңарған заманмен бірге ас беру тәртібі де жаңғырып, уақыт талабына сай өзгеруде. Имам-молдалардың: «Құранда Алла тағала ысырапқорларды жақсы көрмейтінін айтқан. Пайғамбарымыздың хадисінде: «Ішіңдер, жеңдер. Бірақ шектен шығып, ысырап қылмаңдар»,-деген. Ас бергенде бір-біріңізбен бәсекелеспеңіздер. Оданда жоқ-жітікке, жетім мен жесірге таратқандарыңыз әлдеқайда сауапты іс болады», – деп айтқан уағыз-насихатын құлаққа іле бермейміз.

Уақыт талабына сай қазір көпшілік асты мейрамханаларда немесе мешіт жанынан ашылған арнайы асханаларда өткізетін болды. Тіпті асты жүргізетін асабаны да арнайы жалдайтын болдық. Асаба емес, ас жүргізуші деп айтқанымыз дұрыс шығар. Өйткені асаба деген сөз халықтың санасында той жүргізушісі ретінде қабылданып кеткен.

Асқа ас жүргізушіні шақырғанның ешқандай ерсілігі жоқ. Бірақ сол ас жүргізуші халықтың көңілінен шығатын болса жақсы. Дүниеден өткен адамның асы болғандықтан ол жерде өмірдің жалғандығы мен өлімнің хақтығы міндетті түрде айтылады.

Ас жүргізетін адам діннен хабарым бар екен деп бас-көзге қарамай онсызда өсімі жоғары кредиттен көз ашпай өмірден түңіліп жүрген жандарды өліммен қорқытып, тозақпен үркітіп, келген адамды одан сайын еңсесін езіп, діннен бездіріп жібермесе дейміз. Бабаларымыздан қалған ғибратты оқиғаларды, асыл сөзді де орнымен пайдаланып, асқа келген адам тағылым алып қайтатындай жүргізгені дұрыс.

Асқа шақырудағы басты мақсат – ас ішіп, аяқ босату емес, жақынымыздан айырылу арқылы өмірдің өткінші екенін ұғындырып, тірліктің мәнін түсініп қайтса деген ниет. Ол үшін, әрине, ас жүргізушінің діннен хабары бар, аят пен хадисті орнымен пайдалана білетін, бабаларымыздан қалған өсиетті сөздерді жүйелі қолдана алатын адам болғаны дұрыс.

Сонымен қатар асқа келген ағайындар да дастархан басындағы әдепті сақтаса дейміз. Себебі көп жерлерде байқағанымыздай абыр-дабыр айқайлап, одан қалды ұялы телефонымен сөйлесіп, қарқылдап күліп отыратындар да бар екенін жоққа шығармаймыз.

Ең сорақысы сол ас басталмай жатып, отыра сала дастарханға қойылған тағамдарды түгелдей сыпырып сиырып, жылан жалағандай етіп, пакетіне қотарып аударып алатындарды да көріп жүрміз. Бұндай ашкөздікті қойып, надандықтан тыйылуымыз қажет. Ендеше ас беру рәсімін мақтаншақтықпен бәсекелеспей, ысырапшылдыққа жол бермей, тағылым алатын шараға айналдырғанымыз дұрыс болар еді.

-2

1. Шынайы ниет ету.

Асыл дінімізде кез келген іске кіріспес бұрын әуелі шынайы ниет пен ықыласқа ерекше мән беріледі; Мұсылманның ниеті ісінен қайырлы; Шариғатта жасалған жақсылықтардың сауабы жүректегі ниетпен өлшенеді; Атқарылатын әрбір іске әрдайым шынайы ықылас қажет. Сауапты істе көзбояушылық жасауға болмайды;

Марқұмның атынан ас берілгенде, негізгі ниет – бір Құдайдың разылығын ғана табу болуы тиіс. Одан өзге ниет – астың сауабын кемітеді. Ас беруші шаңырақ осы ниеттен арылмауы қажет; Құдайы астағы оқылған Құранның, жасалған дұғаның, берілген садақаның мақсаты – тірілердің не ойлайтыны емес, марқұмның мәңгілік өміріне пайдасын тигізетін ізгі амал жасап сауабын бағыштау.

2. Құдайы асқа жиналу. Марқұмдарға арналған құдайы ас артында қалған ұрпақтарының, жұбайының, ұл-қыздарының және ет-бауыр жақындарының атынан беріледі. Берілетін асқа, онда оқылатын Құранға, жасалатын дұғаға қайтыс болған кісінің ұрпақтары мен туысқандарының қатысқаны абзал. Сондай-ақ Құдайы асқа жасы үлкен кісілер, жақын туыстары, көршілері мен достары шақырылады.

Қайтқан кісінің артынан үздіксіз жетіп тұратын ізгі үш істің бірі –артында қалған ұрпағының жасаған дұғасы. Сол себепті, құдайы астарда марқұмның өз ұрпақтарының дұға жасағаны абзал. Басына қайғылы іс түскен жағдайда ағайын, туған-туыстар тез арада жиналып, ынтымақтасып, отбасының жанынан табылып, бірі-біріне қол ұшын бергені дұрыс.

Қайғы-қасіретке ұшыраған отбасының материалдық жағдайы көтермейтін болса, туматуыстары көмек көрсеткені жөн. Ислам дінінде жеке жасалған іске қарағанда, көпшілікпен бірге атқарылған игі істердің сауабы көбірек болады. Құдайы асқа келгенде киім кию әдебіне де (әйел адамдар мүмкіндігінше шариғатқа сай киінуге) мән берген жөн.

Елде төтенше жағдай орнаған жағдайда құдайы ас беруді кейінге қалдырған абзал немесе өз отбасымен ғана өткізген дұрыс. Ал індетке шалдыққан адамның мұндай жиындарға қатыспауы тиіс.

-3

3. Құран оқу, бата беру және дұға жасау. Әрбір құдайы астың түпкі мақсаты – дүние салған адамдардың рухына Құран аяттарын бағыштау.

Асқа Құран оқыту үшін жергілікті мешіттің имамын шақырған жөн. Егер марқұмның ет бауыр жақындарының арасында Құранды сауатты оқитындар болса, оларға оқыту артықтық етпейді. Құран аяттарының бәрі де бірдей қасиетті екендігі айқын. Сондықтан қай сүрені яки қай аятты оқыса да болады. Құдайы асқа жиналған жұрттың уақытын үнемдеу мақсатында тым ұзақ емес, орташа (5-7 минут) көлемдегі сүре-аяттарды оқу құптарлық іс.

Оқылған аяттың дұғасын жасағанда марқұмдардың өз атымен қоса оның әкесінің есімін қосып айтқан жөн. Дұға жасағанда оқыған Құранның сауабын пайғамбарлардың, қазақ даласынан өткен әулиелердің, батыр бабалар мен сол асқа қатысып отырған көпшіліктің де ата-баба, марқұмдарының рухтарына бағыштауға болады.

Құран оқылып, дұға жасағанда жиналған көпшілік ниеттес болып отырғаны дұрыс. Құдайы аста Құран оқудан бұрын әулеттің үлкеніне немесе сол жерге келген қонақтардың ішінен жасы үлкен сыйлы ақсақалға бата жасату – қазақы мәдениетіміздің көрінісі.

4. Ысырапқа жол бермеу. Уақыт – адам баласына берілген ең ұлық нығметтің бірі. Сондықтан құдайы астарды мезгілсіз уақытта бастап, ұзақ уақытқа созу, келген жұрттың уақытын алып, пайдасыз әңгімелер айту – орынсыз. Уақытпен санасу мәдениеттіліктің нышаны. Шақырған жерге кешікпей, уақытында бару – қазіргі қоғамның талабы. Кешігу үй иесінің мазасыздығын тудырады. Кешіккен адамдардың салдарынан өзгелер уақытын жоғалтады.

Асқа шақыру игілік болса, сол асқа дәл уақытынан кешікпей бару да игілік. Кешігетін жағдайда үй иесіне алдын-ала ескерту қажет. Бұл басқаларға деген құрметтің белгісі болып саналады. Құдайы астың тағы бір талабы – асты уақытында бастап, барынша уақытылы аяқтау. Ол үшін өтетін астың бағдарламасын жасау заман талабы.

Мысалы, асты сағат 12:00 де бастау, Құран оқу, әулет үлкендерінің келген кісілерге астың мәнісін түсіндіруі, үлкен кісілердің және құдажекжаттың марқұмның әулетіне көңіл айтуы, жұбату сөздері, имамның насихат айтуы, дастархан иелерінің келген кісілерге алғыс айтуы, асқа бата жасап, дұға оқып тарқауы. Жалпы айтқанда, асты мүмкіндігінше қысқа уақытта тәмәмдау. Өйткені асқа жиналған көпшіліктің жұмысын, жауапты қызметтерін, өзге де маңызды шаруаларын ескерген абзал.

Құдайы ас өткізу жұма намазының уақытымен тұспа-тұс келмеуі тиіс. Ас та төк ысырап жасау кез келген отбасыға материалдық тұрғыда шығын әкеледі. Қасиетті Құранда: «... ішіңдер, жеңдер, алайда ысырапқа жол бермеңдер. Өйткені Алла Тағала ысырап етушілерді сүймейді» делінген («Ағраф» сүресі, 31-аят). Шариғаттағы көптеген міндеттер орта деңгейлі отбасының жағдайына қарай белгіленген.

Мысалы, рамазан айындағы пітір садақасы – жан садақасы бола тұра, барлық мұсылмандарға емес, тек дәулеттілерге ғана міндеттеледі. Сол үшін шығынның көптігімен емес, ниеттің тазалығымен таразыланады. Мал-дәулеті бар адамдар да құдайы асты қарапайым деңгейде бергені жөн. Алайда марқұмның атынан басқа да сауапты амалдар жасауды қаласа, жетім-жесірлерге, кедейкепшіктерге қайыр-садақа беріп, мешіт, медресе, мектеп, бала-бақша, халық жүретін жол, көпір салып, ағаш егіп, басқа да ізгі істер арқылы өз ниетін іске асыруына болады.

Құдайы асқа арнап мал сою міндет емес. Өйткені құдайы аста жиналған адамдарды тойдыру шариғат талабына да, мақсатына да жатпайды. Ең бастысы, ас берушілердің және оған қатысушылардың ниеті таза болуы тиіс. Құдайы аста кәде (сыйлық, тәбәрік, жыртыс және т.б.) таратуды шариғат талап етпейді. Оған жұмсалған қаржыға шын мұқтаждардың қажетін өтеу – әлде-қайда сауапты.

5. Құдайы аста уағыз-насихат айту.

Көпшілік жиналған құдайы астарда Алланы еске алудың, шынайы сенім мен имандылықтың маңызы жайлы, сауапты істер туралы имамның қысқаша уағыз айтқаны жөн. Мұнда уағыздың ұзақтығы емес, оның түсінікті, жүйелі және пайдалы болуы маңызды.

Уағыз-насихат барысында Құран аяттарынан, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінен, сонымен бірге халқымыздың даналары мен ғұламаларының, бишешендерінің ғибратты өмірлерінен, өсиетті сөздерінен де үзінділер келтіру әдетке айналуы тиіс. Насихат айту барысында жиналған жұрттың уақытын алмау мәсәлесіне де ерекше назар аударған жөн. Асқа жиналған адамдар тойға емес, құдайы асқа келгенін терең сезініп, өзін-өзі соған орай барынша мәдениетті ұстағаны дұрыс.

Қайғылы жағдай орын алып отырған шаңырақта, оған арналған аста әртүрлі пайдасыз, бос әңгімелер айтып, орынсыз күліп отыру – әдепке қайшы. Ол қаралы әулеттің қайырымды ісіне зиян келтіреді. Құдайы аста мейлінше жақсы сөз айту, тілектес болып әдеп сақтап отыру.

6. Марқұмды еске алу және қаралы отбасын жұбату. Құдайы асқа жиналған қауым қаралы шаңырақтың қайғысын қозғауға емес, қиын сәтте қайратын қолдауға келеді. Біреудің құдайы асын жиналыс сипатына айналдыру мәдениеттілікке жатпайды. Асқа келген көпшіліктің арасынан нағашылары, құда-жегжаты, ағайыны сынды жақындары ниет білдіріп, көңіл айтып, марқұмның жақсылықтарын сөз етіп, артында қалғандардың көңілін жұбату мақсатында ғибратты әңгіме айтқаны жөн.

Жұрттың көзіне көріну үшін құдайы аста көп сөйлеу жөнсіз. Шариғатта марқұмды жақсы жағынан еске алуға рұқсат етілген. Марқұмды жақсы танитын, онымен сырлас, сыйлас болған кісі оның көпшілік біле бермейтін жақсы мінез-құлықтары мен қасиеттері туралы қысқаша естелік айтуына болады. Сөз берілмесе, үндемей, іштей тілектестік білдіріп отыру мәдениеттілікке жатады.

7. Құдайы аста қарапайымдылықты сақтау.

Құдайасдастарханында қарапайымдылық таныту – әдептіліктің белгісі әрі мәдениеттіліктің көрінісі. Құдайы ас дастарханында дәулетті кісілер жоғары, жағдайы төмендер төменде отыруы тиіс деген теріс түсініктен аулақ болу қажет. Дастарханға мейлінше тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтылған жандарды көбірек қатыстырған абзал.

Оның сауабы молырақ болады. Қасиетті Құранда: «Олардың (ізгі жандардың) мал-мүлік дүниелерінде, көмек сұраушының да (жоқшылыққа сабыр етіп, алақан жаюды ар көретін) пақырдың да тиесілі ақысы (сыбағасы) бар» деп баяндалған («Зәрият» сүресі, 19-аят). Құдайы ас бергенде осы ережені назарда ұстау қажет. Құдайы астың дастархан мәзірінде барынша қарапайымдылық сақталғаны жөн. Құдайы ас дастарханында дәулетіне не мансабына қарай емес, асқа келген кісіге қарапайымдылықпен бірдей мәміле жасап, көңіл бөлінуі тиіс.

© ummet.kz Толығырақ:
https://ummet.kz/islam-tarihy/14333-kudajy-as-beru-madenietinin-zheti-tiregi.html