Найти тему
Askar Yessengeldin

Ұлы жеңістер дәуірі

Кеңсенің түп жағында орналасқан оқу-жаттығу бөлмесі тып-тыныш болып тұрған сәттер еді. Бұрышта қосулы тұрған рацияның дауысы болар болмас естіліп тұр. Онда сөйлеп жатырған жандарды есту екіталай… Бүгінгі бұлтты боп тұрған сұр аспанның сәулесі ашық тұрған жалюзилер арқылы бөлмені аздап болсада жарық қылып тұр. Бөлменің қақ ортасында тұрған ұзын үстел және сол үстел басында тып тыныш болып, үндемей отырған үш адам. Осы үстел, жарда ілініп тұрған ақ тақта және компьютерлер - осының бәрі осы бөлмеде сабақ өткізуге арналған дүние. Негізінде әдетте осы жерде у-шу болып түрлі тренингтер өтіп жататын еді. Бірақ бүгін ешқандай оқу жаттығу жоқ. Үстелдің бір жағында отырған Н-атты Мекемесінің Мұнай Өндіру басқармасының жоспарлау инженері Нұрсұлтан. Алдында үлкен А4 форматындағы көп бетті дәптері бар. Көңілі ортайып кеткен бұл жас инженердің. Қарама қарсы үстелдің әрі жағында отырған екі үлкен ағаларына қарап, күрсініп қояды. Ал жаңағы үстелдің басқа жағында, Нурикке қарап отырған екі адам. Екеуі де осы Мұнай Өндіру басқармасында еңбек жолдарын бастап жатқан кезде Нұрсұлтан әлі дүниеге келмеген еді. Біреуі - Тәке, техникалық қызмет көрсету ұжымының бригадирі, екіншісі - Ғабеке, отыз жыл бойы Өндіріс операторы болған білекті әрі тәжірибелі маман. Нұрсұлтан екі ағасына қарайды, ішіндегі ашуын жасырады, дәптерінің бетіне бірнеше қолдары бар құбыжықтардың сүреттерін салып қояды. Осы үшеуі бірталай отырған болуы керек, себебі ағаларымның алдында кофе ішетін қағаз стакандар жиналып қалған болса, Нұрсұлтанның дәптері неше түрлі құбыжықтардың бейнелерінетолы болды…

- Енді, ағалар, тағы бір ойланып естеріңізге түсіріп қараңдар… Онымен болмас… Мүмкін келер бірнеңе? - деп айтып сұрағын қойды жас инженер сұхбаттасушыларына.

- Енді ол… Енді не ғой… Не айтамын енді… Былай енді көп болды ғо… Кетті… Иә… - деп жауап беріп қарады Ғабеке.

- Ол енді, иә… Көп қо… Бірақ енді оны… қалай айтсақ екен… Не бар енді айтатын? Есіме келмей тұр да, шынымды айтсам… - деп жауап қайтарды Тәке.

Ашуын жасырып, шаршағанын байқатпай, мұқият тыңдап отырған адам тәрізді қарады Нұрсұлтан ағаларына. Мұндай жауапты бүгін ол он шақты рет естігені шын енді… Терезе жақтан тұрған желдің дыбысы естілді. Кеңсенің дәл қасында өте жақын өсіп келе жатқан жас қарағаш бұтақтары желдің соғуынан теңселді.

Осы үш кісі, Мұнай өндірісінің мамандары, жұмыстарын қоя беріп, осы тып тыныш, жұмыстан алыс бөлмеде неғып отыр десеңізші… Оны түсіну үшін аздап бір екі күнге артқа қайтып келіп, бұл оқиға неден басталғанын білуіміз керек. Ол былай болған екен…

Сол жылы күз өте жылы болған еді. Қазан айының аяғына дейін адамдар жеңіл киініп, жаздың ыстығынан кейінгі тамаша, қолайлы ауа-райына көңілдері толып жүретін кез еді… Осындай бір аспаны бұлтқа толы болса да жылы күндердің бірінде Н-атты Мекемесінің Мұнай Өндіру басқармасының кеңсесіндегі үлкен конференц-залында салтанатты жиналыс өтетін болды. Әлгі жиналыс туралы қызметкерлерге алдын-ала хабар жеткізілді, салтанатты шараға арнап дәмді тағамдардан тұратын түскі асқа да тапсырыс берілді. “Обед заказ берілді” деген сөз айтылды. Тәңертеңнен бері өзін аямай жұмыс жасаған адамдар түскі астың уақытын асыға күтті… Енді өзін аяп та жәймендеп жүргендер де бар ғой араларында. Бірақ енді қалай болсада, сағат бірге таман конференц-залға келе бастады. Залда дәмді тағамдардың иісі бұрқып тұр, ал асхананың жігіттері әлі тапсырыста берілген тамақтардың бәрі тасып бітірген жоқ. Пиццалар да келді, салаттар, қуырылған балық, сусындар, тәтті шайға тистейтіндер де толып түсті қораптардан. Ұзын сөздің қысқасы - вахтамен жасайтын адамдардың көңілін толтыратын, анда санда болып тұратын салтанатты түскі ас та келіп жетті. Әй, осындай сәтте көңіл-көтеріліп, ойға жақсы-жақсы әңгімелерің келетіні де шын ғой. Құрдастар бір бірімен ойнап, күліп, үлкені кішімен, кіші үлкенмен қылқылдасып қалжыңдап, тамақ алып алып конференц-залдың әр түрлі қалаған жерлеріне жайғасатын кез ғой. Осындай күнде бола бермейтін түскі асқа диетада отырғандар да қосыла кетіні бар негізі… Тек сол уақытта жиналыстары бар адамдар, қызығып және тамсанып қарап қойып, жиналысына кететіні болмаса. Енді жұмыстың аты жұмыс, не қыласың...

Сол, сүйтіп жиналып, тамақ алып отырған кезде Өндіру басқармасының бастығы Бәкең де келді. Амандасқандармен күліп, құшақтап амандасып, “ал, келіңдер, келіңдер, тамақ алыңдар” деп, улап-шулап, жақсы көңіл-күйде ол да ақырында слайдтар көретін экрандардың қасына жақындап, халыққа көрінетін жерге шықты. Сөз сөйлейін деп тұрғаны бәріне мәлім.

- Ал… Ал енді, әріптестер, мына жайылып жатқан дәстархан ненің құрметіне жайылып жатқанын білесіздер ғо… Иә… Біздің… мына… Мұнай Өндіру басқармасына 50 жыл толып жатыр ғо… Көзді ашып жұмғанша енді жарты ғасырда өтіп кетіпті міне… Көп ағаларымыз болды ғо ең басынан бастап жасаған, олар енді қасымызда жоқ, бірақ енді біздер шет жағасын көріп қалдық, солармен бірге жұмыс жасап деген сияқты… Талай қызықтар болды ғо, талай жұмыстар атқарылды. Қазір айтсаң, бәрі бәлду-бәлду өтірік сияқты. Ия… Ол кезде енді бәрі басқаша болды ғо… Ол енді алтын дәуір болды. Талай қызықтар болды. Әй, біздің кезіміздегі адамдар мықтылау болды, а? Керім кез болды ғо… Бәрі бар, адамдар бөлек… Оны қазіргі жастар енді түсінбейді. Олар енді ондай керемет дәуірді көріп үлгірмеді ғо… Иә… Енді ол солай… иә… Бәрі по-военному болды ғо… Кирзухамен жүрдік… естеріңде ғо…

Сүйтіп Бәкең сөзін сөйлей берді, сөйлей-сөйлей баяғыны мақтай берді. Отырғандардың түсінген-түсінбегендері өтіріктен күліп, басын шайқап тамақтан алып отыра берді. Ал Бәкең болса сөзін жалғастыра берді:

- …мына жерде отырған Тәкең мен Ғабекең дер көріп қалды ғо сол заманды… иә…

- Ааа, иә иә, өтті ғой талай қызықтар, - деді де Тәкең, терең демалып.

- Иәәәә, дұрыс қо, - деді де Ғабекең, тәрелкесіне қуырдақ салып алды.

Бәкең сөзін аяқтай бастады. Түскі ас жайымен жүрді. Бәкеңнің көзі сол кезде алдына тәтті торт қойып алып, үлкен бокалға шай құйып алып, керемет болып жайғасып отырып жатқан жас инженер Нұрсұлтанға түсті. Соны көріп, ауызындағыны жұтып үлгерместен Бәкең:

- Ммм! Айтпақшы, - деп орнынан бір хабарлама айтпақшы болды.

Нұрсұлтан бірнеңе байқағандай, тортқа шанышқысымен жасайын деп жатқан шабуылын тоқтата тұрды да, басшыға қарады.

Бәкең былай деді:

- Айтпақшы, мен айтуға ұмытып барамын екен… Нурикті көргенде есіме түсіп кетті ғо… Мына біздер не етейін деп жоспарлап жатырмыз… Жаңа айтып кеттік қо… өткен кезде болған… жаңағы… бұрыңғы кезде болған үлкен жетістіктеріміз бар, сосын жаңа айтып кеттік қо тамаша кездеріміз туралы… Соның бәрі туралы мекемеміздің газетіне үлкен мақала берейін деп жоспарлаудамыз. Бізде мына Нұрсұлтан күшті жазады ғо. Соның көмегімен бір өткен туралы үлкен мақала береміз деп келістік. Солай ғо?

- Мхм, әрине, - деп Нұрсұлтан келісті де, аздап ұялып қалғандай болды.

Бәкең бауырсағын жұтып алып:

- М!… Тәкең мен Ғабекеңе айтып қойдым. Міне, пожалуйста саған, ходячий энциклопедиялар: осы ағаларың бәрін айтып береді саған, үшеуің бірге отырып, ойларыңды жинақтап алыңдар да, басыңдар сосын… Айтатын зат көп қо. А то керемет-керемет кездер бар, солар туралы көп ешкім білмейді қазір… Ана мақала бар ғой… Соның атын Ұлы жеңіс дәуірі деп қой… Күшті как раз… - деп қорытындылады өз хабарламасын.

“Тілші” және оның “студиясының екі қонағы” бір біріне қарады да, тапсырманы түсінгендей болды. Ал салтанатты түскі ас әрі қарай жалғасты. Қып-қызыл боп қуырылған балық күрішпен керім болды, майлы қуырдақ та жақсы кетті, тортпен шай да халыққа жақты. Өткен-кеткенді айтып, қастарында жоқтарды еске алып, тортты төрттің шайына салып алып, ұжым жайлап өз жұмыс орындарына тарай бастады.

Осы үш кісі, Мұнай өндірісінің мамандары, жұмыстарын қоя беріп, осы тып тыныш, жұмыстан алыс бөлмеде неғып отыр деген сұрақты жауабы осы екен… Бәкеңнің ұсынысына, Тәкең мен Ғабекеңнің естеріне түскендеріне сүйініп, Нурик “Ұлы жеңіс дәуірі” атты батырлық дастан лайықты мақала жазып шығаруы мақсат екен.

- Жақсы онда… Ештеңе етпейді. Сосын етеріңе бірнеңе келгесін жолығармын, - деп айтты да Нурик, ағаларына күлгендей болып қарады, сосын дәптерін жапты.

Ондай амал Такеңе жақпады ма, әлде намыстанды ма, әйтеуір түрі өзгеріп, бетіне бір байсалдылық жинап, орнынан тұрып ол былай деді:

- Қой, жүрейік енді осымен вахта бойы, құрысын… Оны тезірек бітіріп, көп созбай құтылып қалайықшы.

Сосын Такең бұрыштағы шәнекке жақындап, су құя бастады.

Такеңнің бойы аласа, мінезі жайлы және жұмсақ адам. Жұмысқа тәуір көйлегін киіп, шашын жақсылап тарап келгенді жақсы көретін адам. Слесарьларына тапсырма бергенде өте қатал деп естіген еді Нұрсұлтан, бірақ бір алып бара жатқан қаталдықты мүлдем байқамаған екен бұл кісіден. Шайнектің қайнағанын күтіп тұрып, Тәкең терезеге қарап көп ойланды. Сосын су әбден қайнағанын білдіретін “тың” деген дыбыс шыққан соң, ағамыз біреу сөзін бөліп жіберер деп қорыққан адам тәрізді “Не ғой…” деп алып, жаңа қағаз аяқ алып, соған ыссы су құйып, шай салып алды.

- Енді кеше бастық та қатты айтты ғой енді… хе-хе… кхм… не деді… “керемет жетістіктер дәуірі” деп. Оны енді үйтіп айта беру де, қатты мақтап, дұрыс па, дұрыс емес пе деген сияқты ғой… - деп шайнек жаққа барып, шайын құйып алғаннан соң аздап өзгерген Тәкең әңгімесін бастады.

- Мхм… Иә, - деп қолдап алып, Ғабекең де шайнек жаққа кетті.

Ғабекең алып денелі, дауысы қалың, кей кезде ауыр-ауыр, небір-небір салмақты сөздерді де бетке тіке айтып қалатын ағамыз. Сол салмақты деген сөздердің ішінде қағазға түсіруге болмайтын сөздерде кетіп қалып жататыны да шын енді. Ғабекең шайын салып қойып, бұрышта ілініп тұрған бешпетінің қалталарынан шайға тәтті іздей бастады. Ал Тәкең болса, шайын ішіп қойып, қабағын аздап түйіп қойып, әңгімесін жалғастырды:

- Мына апамдар осы жақта тұрған ғой бұрын, былай қарай… Осы жерде ауылдар болған. Содан жаңағы айтатын еді, күн демей түн демей Өндірістен тревога келеді деп: газ ба әлде тағы бір апатты жағдай ма… Сосын ауыл ауыл боп, эвакуацияға кетеді. Біррет сол түннің бір уақытында газ шығып кеткен бе, әлде тағы бірнеңе боп қалды ма, әйтеуір қашқан ғо адамдар. Апам мотоцикл мініп кеткен ғо… хехе… Иә… Сосын узақ уақыт далада болған. Әрине енді тамақ әкелген ғо, консервалар берген, палаткалар құрған. Сондай болған бұрында… Тааак… Тағы не бар еді. Екі ағам болды ғо, бір інім. Інім кішкентай. Үйге көмір төгіп кетеді. Соны ломмен сындырып жару керек. Ағаларым жарады, сосын маған ұрғызып қояды. Күні бойы сол көмірмен арпалысамын… Не бар еді тағы, есіме не келіп тұр. Бір ағаларымыз болды, бізге қонаққа келіп тұратыны бар еді соның. Ескі бір шарбалдар алып келеді… Бір ескі униформа ма? Білмеймін. Сондай бірнеңе әйтеуір. “Балыққа шыққанда киесіңдер” деп айтатын еді бізге. Ағаларым балыққа шығатын еді… Бірақ оның шарбал бергені не керек, балықтың бәрін алып кететін еді… Хе хе хе…

Әңгімесін аяқтағандай болып Тәкең күліп жіберді. Сосын шай ішуге кірісті.

Нұрсұлтан терең дем алып көзін жауып, ойланды. Оның бетінде “Оны не деп жазамын” деген ойды оқуға болатын еді.

Бір сәтте Ғабекеңнің қалың даусы естілді. Ғабекең Тәкеңді тыңдап отырып, шоколадпен шай ішудің ләззатын көріп отырған еді.

- Мен енді, інім, саған былай деп айтайын… Не деп еді кеше… Ұлы бақыт кезеңі деді ма? Не ғо… Мен енді ұзақ әрі әдемі сөзге жоқпын ғо. Нақты мысал келтірейін саған, айт деп отырсаң… - деп әңгімесін бастады Ғабекең.

Нұрсұлтан тағы тыңдап, материал талдауға дайын болып отырды…

- Сен қазір шайді күшті, импортный, ыңғайлы шайнектен ішіп отырсың ғо, иә… Мен бұрын да Сәйуз кезінде КИПовский трубкамен су қайнатып ішетін едім… Түсініп тұрсың ба?

- Жоқ, аздап түсінбей тұрмын, - деді Нұрсұлтан.

- Воот… Сендер ондайды білмейсіңдер. Қазір мен айтамын. КИПовский трубка болатын еді, ішінен ыстық өтеді. Сол трубка қатты ыссы болады. Соны бір шетінен ағытып сосын банкіге су құйып алып, сол трубканың ыстығын пайдаланып, шай істейтін едім… Сол… Не айтамын? Мен де, мысалы, түсінбеймін қандай керемет жетістік дәуірі туралы айтып жатқандарыңды… Кирзовый етікпен, ашық бортта отырып анда-мында барып жүруші едік. Мен ол кезге не баруым керек? Сальникті қолдан кесіп…

- Енді мен ол заттарды жазбайтын шығармын… Жетістіктеріңіз де көп қой… Бәрін негативті түрде көрмейміз керек қо. Әр заманда өзінің қиындықтары болады ғо. Мысалы, Сіз сорап қондырғысының обвязкасын құрастырғаныңыз туралы айтты ғой алдында басекең…Позитивті ойлау дегеннің ерекшелігі - ол сынақтардың арасында мүмкіншілктер… - деп Нұрсұлтан бастап жатырған еді, бірақ Ғабекең сөзін бөліп жіберді.

- Ана насосты айтып тұрсың ба? Әй, оны жасау үшін мен мусоркаға барып трубкаларды жинағанмын, айналайын. Ана жерден, мына жерден мусорға кеткен заттардан жиналған насосты айтып тұрсың ба? Прицепті қайдан тапқанымды мен айтпай ақ қойайыншы… Ай, інім, тілімді қышытпаш өтінемін бар ғо…

Ағалар өз ойларын айтты да, ойға толды және шайларын іше берді.

Нұрсылтан да ойланды. Осыған дейін аздап болсада шабыты болған болса, енді мүлдем шабыты жоқ болды… Ауыр күрсініп, дәптеріндегі “Ұлы жеңіс дәуірі” деген жазудың әріптерін бірнешерет бояды. Осыған дейін салып тастаған құбыжықтары да біршама салмақты боп көрінді. Жас жігіттің көңілінің босап бара жатқанын көрген ағалары бір қолдарынан келгенше аздап қолдағысы келді де, былай деді:

- Әй, Нурик… Сен бар ғо, иә… Сен енді бізді көп тыңдай бермей, жаймендеп жаңағы біздің айтқанымыздан, басекеңнің айтқанына бірнеңе жазып шығар. Көп қо енді. Бұрыннан бері келе жатырғанымыз туралы, талай нысандар іске қосылды деген сияқты… Еңбек етті… Не бар тағы? Беделді мамандар… Елдің экономикасына үлес, жастарға тірек деп… Солай кете бермейтін бе еді, а?

Қалай болсада Нурикке осы сөздер бір шешімге ұқсас нәрсе болып көрінгендей болды… Ол дәптерінің таза бетін ашып алды да, сосын былай деп қорытындылады:

- Онда былай қыламыз… Тәке, сіз туралы былай дейміз. Напишем, что вы с самого детства были трудолюбивым человеком и всегда стремились, как можно, скорее начать свою трудовую карьеру. Подрабатывали, помогая братьям… Потом, начав работу на производстве, вы еще налаживали связи с местным населением и делали вклад в обучение населения гражданской обороне. А вот, Ғабеке, сіз туралы былай етіп жазамыз. Вы были первопроходцем и с нуля построили производственные участки. В юности по своей любознательности вы часто проводили опыты. Напишем о вас, как об ученом. А потом скажем, что вы спроектировали оборудование, испытали и ввели в эксплуатацию. Жақсы емес пе? Міне, пожалуйста, жетістіктер…

Тәкең мен Ғабекең бір біріне қарады да қойды.

- Енді үйлестіресің ғо, інім. Оқыған адамсың ғой, - деді Тәке.

- Мақала орысша болады ма? - деп сұрады Ғабеке.

- Иә, маған солай жазған ыңғайлы, - деп жауап қайтарды “жазушы”.

- Жақсы, болдық қо онда, да? - деп айтты да, ағалар шайларын ішіп болып, шығып кетті.

- Рақмет, - деп өз жәйіна Нұрсұлтан да кетті, дәптерін мыжғылап.

Сол жылы күз өте жылы болған еді. Тек Қараша айының бірінші аптасында қар мол жауды. Бір аптадай көзді қуантып, аппақ шекерге ұқсап, далада қар жатты. Сосын күн қайта жылыды. Қардың бәрі еріді. Түнімен төбеден аққан еріген қардың суы тарс тарс етіп тамшылады. Қылышын сүйреп қыста жақындады…