Найти тему

Қаржылық фейр-плей реттеулері топ клубтардың пайдасына әрекет ете ме?

Оглавление

Қаржылық фейр-плей дегеніміз не?

Қаржылық фейр-плей 2009 жылы УЕФА атқару комитетімен Еуропалық футболдың қаржылық тәуекелдермен күресу мақсатында бекітілген концепция. Концепцияның басты қағидаттары келесідей:

-  клубтардың қаржысына жоғары тәртіп пен рационалдықты енгізу;
- жалақы мен трансфер төлемдеріне қысымды төмендету және инфляциялық әсерді шектеу;
- клубтарды бәсекелестікке (кірістерге) ынталандыру;
- жастар секторы мен инфрақұрылымға ұзақ мерзімді инвестицияларды ынталандыру;
- еуропалық клубтық футболдың ұзақ мерзімді өміршеңдігін қорғау;
- клубтардың өз міндеттемелерін уақтылы өтеуін қамтамасыз ету.

Қарапайым тілмен айтқанда, ҚФП УЕФА турнирлеріне қатысатын барлық клубтарға таралады және екі құрамдас бөліктен тұрады — кешіктірілген төлемдердің болмауы (NOP – no overdue payables) және шығынсыздық ережесі (BE – break-even).

NOP (кешіктірілген төлемдердің болмауының) талдауы жыл сайын 30 маусым мен 30 қыркүйектегі жағдай бойынша жүргізіледі және оның мақсаты кредиторлардың қорғауын қамтамасыз ету болып табылады — клубтар өз қызметкерлерімен; әлеуметтік немесе салық органдары; және басқа футбол клубтарымен міндеттемелерін орындауына кепіл болады.

ҚФП реттеулеріне сәйкес үш қаржы жылы ішінде:

Клубтардың дефициті 5 миллион еуродан аспауы керек. Алайда, УЕФА клубтарының лицензиялауы мен қаржылық fair play регламентіне сәйкес дефицит сомасы рұқсат етілген cомадан ауытқуға ұшырауы мүмкін. Регламенттің 61-баптың 2-тармағына сай рұқсат етілген ауытқу 5 млн еуроны құрайды. Алайда, егер мұндай ауытқу клубтың үлестік қатысушылардың және/немесе байланысты тараптардың қаражаттары есебінен толығымен жабылса, ол рұқсат етілген ауытқу деңгейінен 30 млн еуроға дейін асуы мүмкін. Басқаша айтқанда, ҚФП реттеулерін ешбір айла амалсыз, ресми түрде 30 млн евро сомасына дейін бұзуға рұқсат етіледі, бірақ осы дефицит клуб иелерінің қалтасынан төленуі тиіс.

Шілде айынан бастап ҚФП ережелері өзгеріске ұшырайды:

* Меншік иесі жабатын шығын шегінің ұлғаюы үш жыл ішінде 30 миллион еуродан 60 миллион еуроға дейін өседі.

* Трансферлерге, жалақыға және агенттік сыйақыларға айналымның белгілі бір пайызын ғана жұмсауға болады. 90% - 2023/24 маусымда, 80%-2024/25 маусымда және 70% – 2025/26 маусымда. Клубтардың қаржылық қызметі енді маусым сайын емес, күнтізбелік жыл ішінде талданады.

Кірістер, шығындар және амортизация

Футбол операцияларынан түсетін кірістерге матчдей (билеттерден көретін табыс), трансляциялық, демеушілік және басқа да коммерциялық кірістер, сондай-ақ ойыншылардың трансферлік төлемдерінен түскен кірістер кіреді. Осы жағдайда назар саларлық сәт – кірістерге клубтың иелерінен немесе байланысты тараптардан түсетін кірістер кірмейді.

BE есебіндегі тиісті шығындарға персонал шығындары (негізінен ойыншылар), қаржылық шығындар және басқа операциялық шығындар кіреді. Бұл шығындарға амортизация немесе ойыншыны тіркеу құнының төмендеуі кіреді.

Амортизация – бұл жалпы комиссияны бірнеше бөлікке бөлу арқылы транзакцияның бастапқы құнын төмендету әрекеті. Футболдағы амортизация – ойыншы үшін төленген трансферлік ақыны оның келісімшартының мерзіміне қарай бөлуді білдіреді. Бұл клубқа баланстарын шамадан тыс жүктемей-ақ қомақты қаражат бөлуге мүмкіндік береді.

-2

Трансферлік төлем амортизациясының мысалын келтірейік. Белгілі бір ойыншыны 100 миллион еуроға сатып алып, онымен 5-жылдық келісімшарт жасасты делік – әр жылдың соңында бұл төлемнің бестен бірі (20 миллион еуро) бухгалтерлік есепте амортизацияланады, бұл трансфер шығыны 5-ші жылдың соңында 0 еуроны құрайды — өйткені ойыншылар есеп беру балансында инвестиция ретінде көрсетіледі. Егер клуб аталған ойыншыны екінші тоқсанның соңында 75 миллион еуроға сатса, онда олар 15 миллион еуро пайда туралы есеп бере алады (өйткені олардың есеп балансы бойынша ойыншының құны 60 миллион еуроға дейін төмендегенін көрсетеді, 20 млн еуро бойынша 2 жылдық амортизация = 40 млн еуро, 100 млн еуро трансферлік төлем – 40 млн еуро амортизация = 60 млн еуро ойыншының есептегі құны, 75 млн еуро сатылған сомасы - 60 млн еуро есептегі құны = 15 млн еуро пайда).

Дегенмен, «шығынсыздық» есептелуінде жастар мен әйелдер футболын дамытуға арналған барлық шығындарды, сондай-ақ стадиондар сияқты инфрақұрылымның амортизациясын қамтитын кейбір ерекшеліктер бар екенін атап өткен жөн.

Топ клубтардың айрықшалығы

Жоғарыда келтіргеннің барлығын бір сөйлеммен келтіргенде, қаржылық фейр-плей реттеулерінің басты ережесі – клуб пайда тапқан ақшадан артық қаражат жұмсамауы қажет. Бұл, яғни, орташа клубты дәулетті инвестор сатып алса да, ол клубтың табысынан асатын соманы трансферлік төлемдер мен футболшылардың жалақыларына қолдана алмайтынын білдіреді. Сәйкесінше ҚФП реттеулері еуропалық топ клубтарға тиімді болып табылады, себебі осы реттеулер аталмыш басты клубтар кагортасы жабық топ ретінде қалыптасып қалуына тікелей үлес қосады.

-3

Мұндағы басты клубтар – бұл футболға үлкен ақша келген сәтте жеңістерін, тарихын, жанкүйерлерін капитализациялап үлгерген командалар. Соның арқасында ішкі турнирлерде болсын, чемпиондар лигасында да жеңіске фаворит болып есептелетін клубардың шағын шеңбері өзгеріссіз қалады. Футболдық ішкі құрылымы жүйелі түрде жоспарланған менеджмент, есепті жасалған сәтті трансферлер мен ең жоғары деңгейдегі бапкерлік жұмыстар сияқты аспектілердің барлығы бір клубта орын алғанның өзінде, бар болғаны сол топ клубтар қатарына кірмей, тек жақындай ғана аласын. Мысал келтіретін болсақ, Симеоне бастаған «Атлетико Мадрид», Ватцкенің Клопп, Тухель сияқты бапкерлермен жасаған «Боруссия Дортмунд» және Леви мен Почеттино құрған «Тоттенхэм» командаларды атап өтуге болады.

Көптеген жанкүйерлердің пікірінше, Еуропаның басты клубтары реттеуді УЕФА-ға қысым көрсету нәтижесінде енгізуге мәжбүрледі. Оған басты себеп – 2003 жылы «Челси» футбол клубын ресейлік олигарх Роман Абрамович сатып алып, футболда бұрын-соңды болмаған қаражат жұмсап, Лондондық клубты ағылшын және еуропалық футболдың басты клубтар қатарына қосты. 2008 жылы мұнайлық қаражаттарға «Манчестер Сити» сатып алынады. Осы хронологияға қарайтын болсақ, топ клубтардың УЕФА-ға қысым көрсету теориясын қисынды етеді. Оған қоса, 2011 жылы катарлықтар «Пари-Сен-Жермен» клубын иеленеді. Кім біледі егер бұл ережелер енгізілмегенде, «Челси» сияқты жоба-клубтар жиі орын алатын үдеріс болатын ба еді, мүмкін салыстырмалы түрде олжалы «Ньюкасл Юнайтед» секілділердің барлығына инвестициялар құйылып, бәсекелестік жаңа деңгейге шығып, футбол қазіргіден де аса дамыған ойын болатын ба еді?

-4

Қаржылық фейр-плей реттеулері енгізілген сәттен бастап, тікелей инвестицияларды жасанды түрде шектеу арқылы өзінің бәсекелестікті ынталандыру қағидатына қайшы болғаны анық. Алайда инвестицияларды құю ережесі тек трансферлік шығындар мен жалақыларға ғана шектеу қойып, жастар футболына ешбір шектеусіз ақша құюға рұқсат етеді. Оның әсерін бүгінгі күні де көре аламыз, жоғарыда келтірілген «Челси», «Манчестер Сити» клубтары қазіргі таңда Англияның үздік футбол академияларының қатарына кіреді. Мәселен, аталған клубтардан Мэйсон Маунт, Фикайо Томори, Рис Джеймс, Джейдон Санчо, Фил Фоден, Рико Льюис ойыншылар түлек ретінде шыққан. Тіпті ПСЖ сатынан шыққан бірден еске түсетін Кристофер Нкунку, Кингсли Коман, Майк Меньян сияқты жоғары деңгейдегі футболшыларды атап өтуге болады.

-5
-6

Қаржылық фейр-плей ережелері клубтардың қаржылық істеріне бірізді реттеу енгізіп, тәртіп орнатты. Константин Сонинге (Экономика профессоры және УЕФА клубтарының қаржылық бақылау комиссиясының бұрынғы мүшесі) сәйкес ҚФП енгізілгенге дейін футбол клубтарында көпжылды қаржылық стратегия емес, тіпті келесі 3-жылға да қатысты ешбір жоспарлау болмаған. Осының нәтижесінде клубтардың қаржылық әл-ауқаттығы жақсарды және де банкроттыққа ұшырау азайды (P.S. Қазақстандық футболға байланысы жоқ). Осы оңтайлы әсерлерге қарамастан, жалпылама алғанда қаржылық фейр-плейдің футболға кері әсер етеді және кейбір жағдайларда тіпті жүзеге де аспайды. Қаржылық фейр-плей жасанды барьер құру арқылы футболдың таза бәсекелестіктің орнына топ клубтар арасындағы монополиялық бәсекелестік жағдай жасайды.

Егер мақала ұнаса, осындай контентке толы телеграм арнама жазыл.
https://t.me/bcsula