Найти в Дзене

Жетісу – тарих пен табиғаттың тоғысқан мекені

Жетісу – қазақ даласының жүрегі, көне өркениеттердің ізі қалған, тарих пен табиғат тоғысқан қасиетті өлке. Бұл өлке ұлы көшпенділер өркениетінің алтын бесігі, сақтар мен ғұндардың ізі сайрап жатқан жер, Түркі қағанатының алып ордасы болған аймақ. Әрбір тау бөктері, әрбір өзен аңғары терең тарихтың куәсі болып, уақытпен бірге үндесіп келеді. Жетісу – қазақ халқының ежелгі мұрасы мен мәдениетінің, ата-бабаларымыздың даңқты жолының бір бөлшегі.Бұл мақалада Жетісу өңіріндегі тарихи орындар мен киелі мекендерге тоқталып, көпшіліктің назарына ілікпеген, бірақ қазақ тарихында ерекше орын алатын жерлерді зерттеп, қазақ халқының тарихындағы орны туралы сөз қозғалады. Тамғалы петроглифтері – тастағы сырлы жазулар Тамғалы – жай ғана тарихи ескерткіш емес, бұл – ежелгі адамдардың рухани орталығы болған қасиетті жер. Бұл жерден тек петроглифтер емес, сонымен қатар ежелгі қоныстар мен қорымдар табылған. Мұнда тіршілік еткен халықтардың мәдениеті мен салт-дәстүрі осы тасқа қашалған суреттер арқылы бі

Жетісу – қазақ даласының жүрегі, көне өркениеттердің ізі қалған, тарих пен табиғат тоғысқан қасиетті өлке. Бұл өлке ұлы көшпенділер өркениетінің алтын бесігі, сақтар мен ғұндардың ізі сайрап жатқан жер, Түркі қағанатының алып ордасы болған аймақ. Әрбір тау бөктері, әрбір өзен аңғары терең тарихтың куәсі болып, уақытпен бірге үндесіп келеді. Жетісу – қазақ халқының ежелгі мұрасы мен мәдениетінің, ата-бабаларымыздың даңқты жолының бір бөлшегі.Бұл мақалада Жетісу өңіріндегі тарихи орындар мен киелі мекендерге тоқталып, көпшіліктің назарына ілікпеген, бірақ қазақ тарихында ерекше орын алатын жерлерді зерттеп, қазақ халқының тарихындағы орны туралы сөз қозғалады.

Тамғалы петроглифтері – тастағы сырлы жазулар

Тамғалы – жай ғана тарихи ескерткіш емес, бұл – ежелгі адамдардың рухани орталығы болған қасиетті жер. Бұл жерден тек петроглифтер емес, сонымен қатар ежелгі қоныстар мен қорымдар табылған. Мұнда тіршілік еткен халықтардың мәдениеті мен салт-дәстүрі осы тасқа қашалған суреттер арқылы бізге жетіп отыр. Тамғалы петроглифтерінің ең басты ерекшелігі – олардың алуан түрлілігі.Культтік мәні бар ерекше бейнелер, мал шаруашылығы мен аңшылықтың дамуын көрсетеді,ежелгі адамдардың діни жоралғылары мен салттарын бейнелейді. Археологтар мен тарихшылар бұл петроглифтерді зерттеу арқылы Қазақстан аумағындағы ежелгі тайпалар мен халықтардың өмір салтын, миграциясын, рухани мәдениетін және әлеуметтік құрылымын анықтайды.Көптеген суреттерде күнбасты құдайлар мен діни билер бейнеленген, бұл ежелгі адамдардың сенімдері мен дүниетанымын көрсетеді. Тамғалы петроглифтері – Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемдік мәдени мұраның маңызды бөлігі. Бұл жерді зерттеу – біздің өткенімізді тану, ата-бабаларымыздың өмір салты мен дүниетанымын түсіну. Сондықтан бұл тарихи орынның құндылығын сақтау – келешек ұрпақтың алдындағы басты міндеттеріміздің бірі.

Қойлық қаласы – Жібек жолының інжу-маржаны

Қойлық – Жібек жолының інжу-маржаны, Қазақстан тарихының ажырамас бөлігі. Бұл қала сауда мен мәдениеттің тоғысқан жері, өркениеттердің байланыс нүктесі болған.Қойлық қаласының іргесі VIII–IX ғасырларда қаланған деген деректер бар. Ол кезде бұл жер түркі тайпаларының мекені болған. Алайда, қала өзінің нағыз өркендеу кезеңіне XIII ғасырда, Қарахан мемлекеті мен кейіннен Шағатай ұлысының құрамында болғанда жетті. Бұл кезде Қойлық Жібек жолының негізгі сауда нүктелерінің бірі ретінде белгілі болды.Қала XIII ғасырда Марко Полоның жазбаларында кездеседі. Ол Қойлықты үлкен, гүлденген қала ретінде сипаттайды. Бұл дерек шаһардың сол кездегі маңыздылығын айқын көрсетеді.Қойлық Ұлы Жібек жолының бойында орналасқандықтан, саудагерлердің, қолөнершілердің және саяхатшылардың басты аялдамаларының бірі болды. Мұнда Қытай, Орта Азия, Иран және Еуропа елдерінен келген тауарлар саудаланған. Қала базарларында жібек, керамика, металдан жасалған бұйымдар, қымбат тастар мен басқа да тауарлар сатылған.Қойлық көпэтносты және көпдінді қала болған. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде мұнда мұсылмандардың мешіттері, христиандардың шіркеулері және буддистердің ғибадатханалары болғаны анықталды. Бұл жағдай Қойлықтың толерантты, бейбіт қатар өмір сүрген көпмәдениетті қоғамға ие болғанын көрсетеді.

Есік қорғаны – Алтын адамның мекені

Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларының ішінде ерекше орын алатын ескерткіштердің бірі – Есік қорғаны. Бұл қорған ежелгі сақ өркениетінің байлығы мен мәдениетін айғақтайтын құнды археологиялық орын. 1969 жылы табылған Алтын адам – Қазақстанның ұлттық символына айналған тарихи жәдігер.

Есік қорғаны мен Алтын адам табылуы – Қазақстан тарихы үшін ерекше маңызды. Бұл жаңалық сақтардың өркениеті жоғары дамыған, өзіндік мәдениеті қалыптасқан халық болғанын дәлелдейді. Сонымен қатар, табылған күміс тостағандағы 26 таңбадан тұратын жазу – көне түркі жазуының ерте үлгілерінің бірі болуы мүмкін.

Есік қорғаны – тек археологиялық ескерткіш қана емес, бұл – Қазақстанның терең тарихының куәсі. Алтын адамның табылуы қазақ халқының байырғы мәдениетінің жоғары дамығанын көрсетеді. Бүгінде бұл ескерткіш ұлттық бірегейліктің нышаны ретінде танылып, Қазақстанның мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып отыр.

Орбұлақ шайқасы – Қазақ батырларының ұлы жеңісі

1643 жылы Жетісу жерінде болған Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының жаугершілік тарихындағы ерекше оқиға. Бұл шайқас қазақтың ерлік дәстүрінің символына айналды және оны мәңгілік етіп қалдырған маңызды тарихи сәттердің бірі болды. Орбұлақ шайқасы – саны көп жау әскеріне қарсы тұрып, шағын қазақ сарбаздарының даңқты жеңісін қамтамасыз еткен шайқас болып саналады.

Орбұлақ шайқасы тек әскери жеңіс қана емес, ол қазақ халқының рухының ұлы үлгісі, ерлік пен қайсарлықтың символы болып қалды. Жоңғарлардың 50 000 адамнан тұратын әскерін 600 қазақ жауынгері жеңген бұл шайқас қазақ халқының тарихи санасын қалыптастыруда ерекше рөл атқарды. Бұл жеңіс қазақ батырларының жоғары әскери өнері мен тактикалық шеберлігін паш етті. Сонымен қатар, Орбұлақ шайқасы Қазақ хандығының азаттық үшін күресіндегі маңызды кезеңдердің бірі болды.

Шайқас қазақтардың жер қорғау жолындағы ерлігін және ұлттық бірлігін көрсетті. Бұл жеңіс қазақтардың жоңғарларға қарсы соғысқан кезіндегі жеңістерінің бастамасы болып, қазақ халқының мемлекеттілікке, ұлттың қорғанысқа деген сенімін нығайтты. Сонымен бірге, Орбұлақ шайқасы Ұлы Жібек жолын қорғауға бағытталған стратегиялық жеңіс болды. Ол қазақ халқының ерлігі мен бірлігін, жауынгерлерінің батылдығы мен табандылығын әлемге танытты.

Қорытындылай келе,менің туған жерім - Жер Жаннаты Жетісу қазақ тарихының алтын қазығы, өркениеттер тоғысқан қасиетті мекен.

Бұл өңір ежелгі сақтар мен ғұндардың, түркілер мен қазақ хандығының ізі қалған, табиғаттың ғажайып сұлулығы мен адамзат өркениетінің терең тарихы тоғысқан өлке.Тамғалы петроглифтері – тасқа қашалған өркениет тарихының куәсі болса, Қойлық қаласы – Ұлы Жібек жолының мәдени және сауда орталығы болған. Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» бүкіл әлемге сақ мәдениетінің байлығын паш етті. Орбұлақ шайқасы – қазақ батырларының қайтпас қайсарлығын дәлелдеген ұлы оқиға. Жетісу жерінің әрбір төбесі мен сайы, өзені мен тауы өткеннің ізімен өрілген. Бұл аймақ – ата-бабаларымыздың ұлы мұрасын бойына сақтаған шежіре. Сондықтан оны зерттеу, оның қасиетті орындарын сақтау – біздің ортақ міндетіміз. Жетісуға аяқ басқанда, сен оның өткенін сезесің, тарихтың үнін естисің.Бұл өңір – қазақ халқының ұлттық болмысын айшықтайтын ұлы мұра. Оны білу – өткенді тану, болашақты бағамдау. Жетісу – тек географиялық мекен емес, ұлттың рухани өзегі, тарихтың алтын көмбесі. Сондықтан әрбір қазақ баласы осы жердің құндылығын түсініп, оның мұрасын көздің қарашығындай сақтауымыз қажет.

Жетісу – өткеніміздің айнасы, болашағымыздың кепілі.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика факультетінің 1 курс студенті Тлектес Жулдызай Серікқызы