Найти тему

Қалалықтар. Дәрігер Айдана мен COVID-19

Оглавление

Айдана Аязбек - Нұр-Сұлтан қаласы №11 қалалық емханасының екінші санатты жалпы тәжірибелік дәрігері, мобильді бригада мүшесі. Ол elorda.info тілшісіне пандемия кезіндегі жұмысы жайлы айтып, халық жиі қоятын сауалдарға да жауап берді.

 Айдана Аязбек - Нұр-Сұлтан қаласы №11 қалалық емханасының екінші санатты жалпы тәжірибелік дәрігері, мобильді бригада мүшесі.
Айдана Аязбек - Нұр-Сұлтан қаласы №11 қалалық емханасының екінші санатты жалпы тәжірибелік дәрігері, мобильді бригада мүшесі.

Жұмыс өте ауыр

Біздің провизорлық бөлімде үш дәрігер жұмыс істейді, біреуі - өзім. Екі маман емханада пациенттерді қабылдаса, біреуі мобильді бригада құрамында шақыру бойынша қызмет көрсетеді. Үшеуміз солай алмасып істейміз.

Мобильді бригада құрамында науқастарды үйіне барып қарап, дәрілерін белгілейміз. Керек болса, тағы барып бақылаймыз. Осылайша, таңнан кешке дейін қорғаныш костюмін киіп, ыстық күнде ауа жетпей, демала алмай жүреміз. Жұмысымыз өте ауыр. Демалыс та, түскі асқа үзіліс те жоқ. Таңғы сағат сегізден кешкі сегізге дейін еңбектенеміз. Кейде соңғы пациентті қарау үшін кешкі тоғызға дейін отырамыз. Үйге шаршап келеміз, бала-шағаға қарауға мұрша болмайды. Шынымды айтсам, үйге ұйықтауға ғана баратын болдық. Бұның бәрі тезірек бітіп, бұрынғы өмірімізге, жоспарлы қызметімізге оралсақ екен.

Науқастар азайып келеді

Қазір пациент саны күнделікті азайып барады. Алдыңғы екі-үш аптамен салыстырғанда екі есе аз келіп жатыр. Дегенмен індет толастамй тұр.

Вирус белгілері

Коронавирус белгілері – дене қызуы 38-38,5 градус, кейбір науқаста 37 градус болуы мүмкін. Тамақтың жыбырлауы, ауырсынуы, құрғақ жөтел, кеуде қуысындағы жайсыздық немесе оның ауыруы. Кейбір адамда бұл дерттің еш белгісі болмайды. Оны ештеңе мазаламайды, бірақ КВИ-ге тест тапсырса, нәтижесі оң боп шығады.

Емделу жолдары

Қазір әр емханада провизорлық бөлім бар. Олар таңғы сағат сегізден кешкі сегізге дейін күн сайын, демалыссыз, үзіліссіз, түскі ассыз жұмыс істейді. Бұл бөлімге хабарласуға болады, телефон нөмірлері сайттарда бар. Баруға да болады. Еш белгісі жоқ, бірақ Covid-19 анықталған науқастар тіркелген емханасына барып, 14 күнге еңбекке жарамсыздық парағын ашады. Одан кейін үйде бақылауда болады. Оларға ешқандай дәрі ішу керек емес, тек жақсы тамақтанып, күтінуі тиіс. Дене қызуы көтерілгендер де қаралуы қажет. Керек болса олар рентгенге түседі. Ал өздігінен бара алмайтындар - жүре алмайтын қарттар немесе мүгедектер жедел жәрдем шақыруы керек. Егер пациентте демікпе болса, онда ешқандай рентген, талдаусыз-ақ, бірден емханаға жатқызамыз.

Тест жасау міндетті ме?

Тест жасау бәріне міндетті емес. Біз оны нақты диагноз қажет болғанда, ем қонбағанда, ауыр халдегі адам келгенде жасаймыз. Жүкті әйелдерге міндетті түрде тест жасалады. Ал науқас үйде емделсе, ауруы емге көнсе, рентгенде пневмония анықталмаса, онда тест жасаудың керегі жоқ.

Компьютер томографиясы қажет пе?

Қазір пациенттер бірден томографияға жүгіреді. Неге рентген емес, неге компьютерлік томография? Екеуі де пневмонияны көрсетеді ғой. Менің айтарым, томографияға бару міндетті емес. Себебі қазір оған кезекте тұрғандар көп. Ал бізге рентген суреті болса жеткілікті. Екеуінің айырмашылығы процент көрсетуінде ғана. Компьютерлік томография өкпенің зақымдану көлемін көрсетеді. Ал процент бізге тек адамды емханаға жатқызу үшін керек. Өкпе 30 процентке дейін зақымданса - амбулаторлық режимде, ал одан жоғары болса, стационарда емдейміз. Кейде біз бұған да қарамай, стационарға жатқыза аламыз. Мысалы науқаста демікпе пайда болып, халі нашар болса, бірден жатқызамыз. Ал томографияға дәрігер сұрағанда ғана түсу қажет. Мәселен пациенттің халі жақсармай, нашарласа, бір аптадан кейін қайта компьютерлік томография жасауға болады. Негізі адам томографияға бір, үш одан кейін алты айдан соң түсуі тиіс. Әдетте пневмониямен ауырғандар алты айға дейін тіркеуде болады.

Халық еміне орын бар

Егер дене қызуы көтеріліп, тамақ ауырса, бірінші кезекте ыстық шай ішу керек. Қарақат, таңқурай, кез келген жидек қосылған ыстық шай дұрыс. Олар болмаса, солардың жапырағын қосып, дәріханадағы шөп шайларды да пайдалануға болады. Бұл шайларды ыстық күйінде көбірек ішу қажет. Бірақ ол да бәріне жарай бермейді. Бүйрегі істемейтін, гемодиализге баратындардарға көп пайдалануға болмайды. Олар тамағын жиі шаю керек. Басқа науқастар да тамағын шаюды ұмытпауы тиіс. Ол үшін «Фурацилин» іздеудің қажеті жоқ. Тамақты тұз, ас содасы қосылған жылы сумен сағат сайын шая беруге болады.

Ал халі жақсы болса, бірден вирусқа қарсы препарат ішу керек емес. Оның орнына сарымсақ, пияз жеп, ақжелкекті пайдалануға болады. Олар - вирусқа қарсы халық емі.
Егер құрғақ жөтел болса, таңертең сүт пен майды араластырып ішуге болады. Сары майды қыздырып та қабылдаған пайдалы. Оны тамақ күймейтіндей етіп қыздырып, таңертең аш қарынға ішуге болады. Ол тамақ пен кеңірдекті маймен қамтамасыз етеді - жөтел бәсеңдейді. Бұған қоса сүтке шырғанақ немесе зәйтүн майларын қосып, күніне екі-үш рет қабылдауға болады. Ол құрғақ жөтелді, тамақ ауырғанын басады. Құйрық майды да ішуге рұқсат. Бірақ ол егде жастағылар, инфаркт алғандар, холестерин және қысыммен тіркеуде тұрғандарға жарай бермейді. Себебі мөлшерден көп құйрық май, қаздың майы ағзадағы холестеринді көтеріп жібереді.

Иммунитетті көтеру үшін жақсы тамақтанып, қымыз, сүт ішу қажет. Ал тәбеті нашар адамдарға аскорбин қышқылын пайдалануға немесе лимон қосылған шай ішуге кеңес береміз. Бірақ қысымы төмен науқастар лимон шайды тамақтан кейін ғана ішуі тиіс.
Одан кейін көбірек ұйықтау қажет. Иммунитетке керегі - дұрыс тамақ, түнгі ұйқы, бір-екі сағаттық күндізгі ұйқы.

Психоэмоциялық тыныштық та маңызды. Яғни, үйде ұрсып, «сен аурусың» демей, бір-бірінің жағдайын түсініп, көңілін көтерсе, денсаулық жақсара түседі. Ал стрессте жүрген адамның иммунитеті төмендей береді.

Сосын тыныс алу гимнастикасын жасаған дұрыс. Оған міндетті түрде демді алу - демді шығару, терең демалу жаттығуларын қосу қажет.

Дене қызуы түспесе не істеу керек?

Дәріханалардан «Парацетомол» таба алмасаңыз, «Ибупрофен-200 мг», «Тайлол-хот», «Фервекс», «Терафлю», «Немисил», жалпы құрамында 500 мг парацетомолы бар дәрілерді ішуге болады. Сұйықтық көп ішу керек. Ал демікпе басталған жағдайда бірден терезелерді ашып жіберіп, тез арада жедел жәрдем шақыру қажет.

Жүкті әйелдерге кеңес

Жүкті әйел ауырып қалса, дене қызуы 37-37,5 градус болса - таңқурай қосылған шай ішсе, температурасы түседі. Шөп шайларды да қабылдауға рұқсат. Ал қызу 38,5-тен жоғарыласа, парацетомол қолдануға болады. Бірақ «Терафлю», «Тайлол-хот» сияқты дәрілерді ішуге болмайды. Міндетті түрде тамақты шаю керек. Сосын дәрігерге қаралған жөн.

Тыйым салынған ем жолдары

Қазір науқастардың көбі үйде емделген кезде «Варфарин никомед», «Клексан», «Фраксипарин», «Гепарил», «Прадакса» мен басқа да антикоагулянттарды бір-бірімен алмастырып, ішіп жатыр. Ал оларды үйде дәрігер кеңесінсіз қабылдауға болмайды. Осы препараттарды қолданған кейбір адамдар демікпеден емес, қан кетіп қайтыс болуы мүмкін.

Антибиотиктерді де дәрігер кеңесінсіз ішуге болмайды. Мысалы науқастар рентген нәтижесі «пневмония» деп көрсетсе, дене қызуы, ешқандай шағымы болмаса да антибиотик қабылдайды. Олай дұрыс емес. Онымен қоймай, антибиотиктің бірін алып, бірін салады. «Цефамедті» бітіре салып, «жұрттың бәрі Азитромицин қолданып жатыр екен» деп, басқасын алады. Бір антибиотик бастап, оны бітірмей жатып та, басқасына көшеді. Бір-бірінің айтқанын алып, іше береді. Ал антибиотик - химиялық препарат. Сөйтіп бірнеше дәрі тауысады. Бұлай болмайды. Бұның зияны – антибиотикке төзімділік пайда болады. Яғни, ағза антибиотикке үйреніп, келесі жолы ол көмектеспей қояды.

Одан кейін ауырған кезде спирттік сусын ішуге болмайды. Былай да біраз адам фейк-хаттамалар бойынша көп антибиотик қабылдап қойған. Егер оның үстіне спирттік сусындар ішсе, бауырға зақым келеді. Сондықтан спиртті қол жууға, заттарды сүртуге ғана пайдалану керек.

Ал «иіс сезбей қалғанда сірке суын иіскеу қажет» деген кеңес – улану қаупін тудырады. Біреулер адыраспан, спиртті мұрнына тақап иіскейді. Олай жасап керек емес. Иіс пен дәм сезбей қалғандарға, дене қызуы болмаса, ештеңе істеудің қажеті жоқ. Вирус мұрын, тамақ пен тіл рецепторларын зақымдайды. Ол екі-үш аптада, әркімде әртүрлі, қалпына келеді. Сондықтан оған ешқандай адыраспан, ешқандай сірке суын қолданудың керегі жоқ. Жақсы тамақтанып, тәбет шақыратын лимон, жеміс-жидек, цитрус препараттарын қабылдап, күту жеткілікті.
Ас содасымен ингаляция жасау да қажет емес. Үйіне шыққан науқастардың көбі кеудесін, тамағын, аузын кәдімгі буға күйдіріп алып жатыр. Вирустық пневмония кезінде тамақ булаудың керегі жоқ.

Емдеу хаттамасы қандай?

Хаттама апта сайын өзгеріп тұрады. Оның біреуін барлық пациентке белгілемейміз. Хаттама адамдардың ауру белгілеріне, қосымша ауруларына байланысты өзгереді.

Дәрігер өтініші

Дәрігер ретінде науқастарға өтінішім бар. Антибиотиктерді, беталды дәрілерді көптеп сатып алудың керегі жоқ. Одан да бірден тұрғылықты мекенжайыңыздағы емханаға қаралған дұрыс. Бара алмайтын жағдай болса, жедел жәрдем бар, онлайн консультациялар да бар. Мысалы біз емханамызға келіп қаралған пациентімізге екінші-үшінші күні бейнеқоңырау арқылы онлайн кеңес береміз. Қажет болса, үйіне барып бақылаймыз. Баршаға тілегім – ауырмаңыздар!

Қымбат Елтайқызы, elorda.info