Найти тему
Base Arna

Astana Hub: іскер мамандар мен перспективті IT-компаниялардың пулын құрамыз

Елімізде 2 жыл бұрын құрылған Astana Hub бүгінгі күні өзінің зор жетістіктерімен мақтана алады. IT-кәсіпкерлікті қолдау мен инновациялық жобаларды дамытуды қолға алған ұйым арқылы 700-ге жуық стартап іске асырылды. Қандай стартаптар танымалдылыққа ие? Өз идеяңды іске асыру үшін не істеу қажет? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін біз Қазақстандағы ең ірі стартаптар мен IT-жобалардың негізін қалаушы Astana Hub өкілдеріне бірнеше сұрақтар қойған едік.

Технопарк нақты қандай әрекеттерімен стартап бастағандарға көмектеседі? Жұмыстың өзегі не?

- Astana Hub – IT-кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың негізгі операторы болып табылады. Біздің жаһандық миссиямыз – инновациялық жобаларды дамыту орталығына айналу, серпінді IT-компанияларды шығару, сондай-ақ жас және талантты IT-мамандардың сыни массасын тарту. Технопарк Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің тапсырмасы бойынша, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының бесінші бағыты – инновациялық экожүйені дамыту шеңберінде құрылды. Біздің технопарктің басты құралдары - акселерация және инкубация сияқты стартаптарды тегін дамыту бағдарламалары. Акселерация – бұл стартаптарды ерте сатыда жедел дамыту үдерісі. Табысты кәсіпкерлерден, трекерлерден ментор арқылы біз 300 сағат тренингтер мен консультациялар, нарықтың үздік командаларымен нетворкинг, парт-тайм әзірлеушілер, тегін кеңсе және PR ілгерлету мүмкіндіктерін ұсынамыз. Бұл бағдарлама 3 айға созылады. Ал инкубация – бұл технопарк қабырғасында бір жыл бойы дамып келе жатқан жас IT-жобаларды дамытудың кешенді бағдарламасы.

Қазір Astana Hub 100%-ға толтырылған, осы уақытқа дейін акселерация мен  Astana Hub академиясы ұсынған бағдарламалардан 690 стартап өтті, бұл 1000-нан астам адам. Сондай-ақ бүгінгі күні Astana Hub-та 240-тан астам қатысушы компаниялар бар.

Анықтап айтсақ, қатысушы – бұл ресми тіркелген тұлға – технопарктің қатысушысы ретінде салық преференцияларын алатын компания. Олар технопаркте орналаспауы да мүмкін (экстерриториалды қатысушы болуға болады). Технопарктің барлық қатысушылары салықтық преференциялар алады, олар: КТС (корпоративтік табыс салығы) – 0%, ЖТС (жеке табыс салығы) – 0%, ҚҚС (қосылған құн салығы) – 0%, сондай-ақ резидент еместердің әлеуметтік салығы 2020 жылдан бастап 0% құрайды. Сонымен қатар қатысушы мәртебесі шетелдік қызметкерлерді тарту үшін жұмыс визасын алудың жеңілдетілген тәртібін қолдануға мүмкіндік береді. Жұмыс визасы 5 жылға дейін беріледі, стандартты жағдайда жұмыс визасының лимиті 3 жылды құрайды.

Соңғы жылда стартаптар қанша инвестиция тартты?

- Astana Hub-тың ең басты міндеттерінің бірі – стартаптарға инвестициялардың құйылуына ықпал ету және олар үшін қолайлы орта құру. Хабтың құрылып жұмыс жасап жатқанына небәрі 2 жылдай уақыт болды. 2018 жылы венчурлік қаржыландыру туралы заң қабылданды, онда венчурлік қорлар қызметінің негізі және мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Қабылданған нормалардың арқасында QazAngels бизнес-періштелер клубы құрылды. Astana Hub жұмыс істеген сәттен бастап отандық стартаптарға тартылған инвестициялар көлемі бүгінгі күні шамамен 7 млрд теңгені құрады. Бұл қаржы Astana Hub стартаптары мен IT-компаниялары, яғни қатысушылар тарапынан тартылған. Толығырақ айтатын болсақ, 2018 жылы - 372,2 млн. теңге, 2019 жылы - 6,6 млрд.теңге,  2020 жылы бүгінгі күнге дейін - 101 млн.теңге. Жалпы алғанда 7 млрд теңгені құрайды. Біз дұрыс бағыттамыз және стартап-жобаларға инвестиция тарту құралдарымен жұмыс істейміз. 

Мысалы, табысты жобалардың бірі – Roadshow Astana Hub бағдарламасы. Бұл стартап-жобаларды кешенді дайындау және олардың әлемдегі ірі технологиялық іс-шараларға қатысуы. Бағдарламаның мақсаты халықаралық аренада шетелдік инвестициялар мен стартаптарды тарту, сондай-ақ Қазақстанның ІТ-нарығын одан әрі кеңейту және танымал ету үшін сыртқы нарықтарда стартаптарды ілгерілету болып табылады. Біз технопарктің стартап-командалары өз жобаларына халықаралық среіктестерді, шетелдік инвестицияларды тартуға және олардың халықаралық нарыққа шығуына көмектесеміз. 

Халықаралық деңгейге шығып, табыс әкеліп жатқан жобалар бар ма? 

- Roadshow Astana Hub бағдарламасы жұмыс істеген жарты жыл ішінде біз стартаптармен бірге 5 елге бардық. Бірінші, Қазақстанға жақын ТМД нарықтарынан бастадық, одан әрі Оңтүстік-Шығыс Азия нарығымен таныстық. Сапарлар нәтижесінде Сингапурдың, Украинаның, Ресейдің, Ұлыбританияның, Қытайдың жетекші технопарктерімен және инновациялық компанияларымен корпоративтік инновациялардағы бірлескен жобаларды дамыту, акселерациялық және инкубациялық бағдарламалар бойынша жұмыс жасау, стартаптар, менторлар, сарапшылар, трекерлермен іс-шаралар өткізу, венчурлік нарық бағытында және өзге елдердің стартап-экожүйелерінің өкілдері арасында тәжірибе алмасу мақсатында 9 меморандумға қол қойылды. Сапардан кейін жарты жыл ішінде стартап-жобалардың штаттағы қызметкерлер орта есеппен екі адамға көбейіп, сату көрсеткіші орта есеппен 80%-ға жетті және тартылған инвестициялардың жалпы саны 125 млн.теңгеге өсті. Осылайша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. 

Халықаралық нарыққа шығып, шет елдерде жұмыс жасап жатқан стартаптарға келетін болсақ, Astana Hub резиденттері немесе бағдарламарынан өткен Tuvis, Kid Security, Paloma365, Clockster жобалары бар. Мысалы Tuvis -клиенттерді жиі келуге және көбірек сатып алуға ынталандыратын жоба. Бұл шешім мобильді қосымша арқылы сатып алушы мен бизнесті біріктіруге көмектеседі. Қазір Украина, Беларусьпен әріптестік қарым-қатынасты белсенді дамытуда. Сондай-ақ Канада, Малайзия және Вьетнамда әлеуетті серіктестері бар.

Kid Security - ата-аналарға өз баласына алаңдамай, олардың қауіпсіздкте екенін білуге көмектесетін мобильді қосымша. Екі жыл бұрын жоба тек Қазақстан нарығында ғана емес, Ресей, АҚШ және Еуропа елдерінде де сұранысқа ие бола бастады. Стартап Astana Hub-та акселерациядан өтті, қазір олар біздің ресми қатысушыларымыз болып табылады және мемлекеттен салықтық жеңілдіктер алады. Стартап иелерінің болжамы бойынша, келесі жылы олар  1.5 млн. $ пайда түсіре алады.

Paloma365 - бұл саудадағы, қоғамдық тамақтану мен қызмет көрсету саласындағы сату мен қойманы есепке алуды бұлтты автоматтандыру жүйесі. Қазақстан нарығындағы стартап 7 жыл бойы 6 мыңнан астам мекемені автоматтандырған. Ресей, Қырғызстан, Украина және Беларусь клиенттерімен табысты жұмыс істейді. 2020 жылға қарай компания ТМД-ның басқа елдеріне ауқымдауды, сондай-ақ инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Қазір олардың екі бірлескен инвесторы бар, компания биылғы жылы сатылымдарын 3 есеге ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Clockster - бұл қызметкерлердің жұмыс уақытын басқаруға көмектесетін бұлтты жүйе, олар саусақ ізін немесе бет биотметриясын қоюы жеткілікті. Сервис әрбір қызметкердің ID-ін өзі жасайды және демалыстардың, іссапарлардың және уақытша жұмыста болмаудың есебін автоматтандырады. Бүгінгі күні олар Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей, Украина, Армения, Ұлыбритания, Чехия және Филипин елдеріне өз жүйелерін сатып, жұмыс жасап отыр.

-2

Қай саладағы стартаптар бүгінгі күні танымалдылыққа ие?

- Танымалдылыққа келетін болсақ, адамның күнделікті өміріне қажетті барлық құралдар мен жүйелерді ұсына алатын стартаптар. Бұл азық-түлік саласы, ақша аударымдары, қауіпсіздік, денсаулық және ойын-сауық салалары. Яғни әлеуметтік салалар деп айтсақ болады. Бірақ қазір ІТ-бұл жеке сала немесе басқа әлем емес. Бұл біздің өміріміздің ажырамас бөлігі, біз смартфонмен жүреміз және барлық жерде цифрлық технологияларды қолданамыз және онсыз өмірімізді елестете алмаймыз. Біз әрқашан қарапайым цифрлық шешімдерге мұқтаж боламыз, сол үшін де қандай сала болмасын, ІТ-өнімдері барлық жерде қажеттілік болып табылады.

Әлемдегі соңғы жағдайларға байланысты, коронавирус аясында стартап бастағандар қалай жұмыс жасайды?

- Жалпы бұл жағдай қазір тек қана стартап, яғни инновациялық экожүйе саласына ғана емес, бүкіл әлемдік нарыққа серпін беріп отыр. Көптеген кәсіпорындар мен компаниялар, шағын және орта бизнес өкілдері өз кәсіптерін, сату жолдарын цифрландыру ауадай қажет екенін байқап отыр. Неге, өйкені дәстүрлі бизнес физикалық байланыс арқылы, яғни клиентпен бетпе-бет жұмыс істеу тәртібіне үйреніп қалған. Бұл өз кезегінде карантин кезеңінде олардың жұмысына кері әсерін тигізіп отыр. Әрине, бұл жағдайда технологиялық стартап дәстүрлі бизнеске қарағанда әлдеқайда азырақ зардап шегіп отыр. Ал, осы вирустың тарауы кезінде керісінше көбірек табыс тауып отырғандарға келетін болсақ: виртуалды ойын түрлерін сататын платформалар, онлайн-тасымалдаумен айналысатын жобалар, онлайн білім алу, онлайн кітап сатып алу, тапсырыспен ақылы фильм көру және де қажетті онлайн курстардан өту мүмкіндіктерін ұсынатын стартаптар мен мобильді қосымшалар ұтымды болып отыр. Өйткені карантин кезінде барлық адамдар өз уақытын дәл осындай шараларға жұмсайтын болады. Бұл өз ретінде осы уақытқа дейін қолма-қол жұмыс істейтін стартаптар мен басқа да компанияларға болашақта өз жүйелері мен әдістерін қайта қарастырып, автоматтандыру мен цифрландыруға көбірек көңіл бөлу керектігін дәлелдейді. Мүмкін пандемия аяқталған соң, әлемдік өзгерістерге орай жаңа бағыттағы стартаптар қатары көбейетін шығар деген болжамдамыз. 

Астана Хабтың келер жылдарға қойған жоспарларымен бөліссеңіз?

- Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А. Жұмағалиев бүгінгі таңда жергілікті биліктің қолдауымен еліміздің өңірлерінде ІТ-хаб ашу бойынша тренд байқалғанын атап өтті. Біз стартаптармен жұмыс істеу бойынша Қазақстан өңірлерінде тәжірибемен бөлісуді жоспарлап отырмыз. Екі жыл ішінде Astana Hub технопаркі технологиялық кәсіпкерлерді дайындау мен дамытудың табысты үлгісін жасады. Осылайша, Startup Sapary бағдарламасы әзірленді, оның аясында біздің менторлар облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларға барады. Біз осылайша Astana Hub бағдарламасының сыни массасын, деректер базасын және әлеуетті қатысушыларын қалыптастыратын іскер мамандар мен перспективті IT-компаниялардың пулы құрылады деп үміттенеміз. Біз өзіміз даярлаған әдістемемізді өңірлік хабтарға беріп, олардың қарқынды жұмыс жасауына көмек беретін боламыз. Сондай-ақ Хаб базасында бар барлық бағдарламар одан сайын қолжетімді, мерзімі ұзартылған және жаңартылатын болады. Бұның бәрі мүмкіндік іздеп келетіп стартаптар үшін жасалып жатқан іс-шаралар. Және жеңілдетілген салық режиміне көбірек компаниялардың іліккенін қалаймыз, қазіргі уақытта осы бағытта да жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар технопарк базасында жұмыс істейтін лабораториялардың стартаптарға максималды қолдау көрсетуін, түрлі семинарлар мен шеберлік сабақтар және конкурстар өткізуін жоспарлап отырмыз. Әрине, халықаралық роудшоу бағдарламасы да өз жалғасын табады, соның арқасында биылғы жылы да жобалардың жақсы инвестициялар тарту бағытында жұмыс жасайтын боламыз.

-3

Дамыған мемлекеттердің бұл бағыттағы тәжірибесі мен ІТ саласының даму жылдамдығын ескерсек, Astana Hub халықаралық технопаркін құру үлкен мақсаттарға жетуге деген нық қадам. Осы уақыт аралығында жасалған еңбек – ертеңгі күннің жемісі. Жас кәсіпкерлер мен мамандарға қолдау көрсету арқылы технопарк инновациялық патенттерді ұлғайту мен ақпараттық технологияларды дамыту құралы болып қана қоймай, жалпы ел экономикасына оң септігін тигізері сөзсіз.

Егер Сенің де IT-әлеміне қосар жаңалығың болса, халықаралық аренада өз жобаңды таныстырғың келсе, Astana Hub әкімшілігімен байланысқа шық! Өз мүмкіндігіңді жіберме!

Өз ұсынысыңды www.astanahub.com сайтында қалдыра аласың.