Алматы қалалық полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының басшысы Ж.Зиадин блокпостан өтіп кеткен элиталы көліктер үшін жұмысынан шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Ішкі істер министрлігінің Telegram парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Алматыда блокпост арқылы заңсыз өту фактісі бойынша төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 5 адам ұсталып, 10-нан 15 тәулікке дейін тұтқындау түріндегі әкімшілік жауапқа тартылды. Барлық 4 элиталы автомобиль айып тұрағына қойылды. Кортежге қатысқан тағы екі адамға іздеу салынған. Осы ретте аталған фактіге жол берген және олардың жолын кесу шараларын қабылдамаған полиция қызметкерлері тәртіптік жазаға тартылды.
Бұған қоса, Криминалдық полиция басқармасының бастығы Ж.Зиадин, сондай-ақ патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары Е.Қуанышбаев қызметтерінен босатылды. 21 сәуір күні видеоконференция байланысы режимінде өңірлік бөлімшелердің басшыларымен өткен кеңесте Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев аталған фактіге қатысты нақты ұстанымын білдірді.
«Құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ішкі істер органдары қызметкерлерінің негізгі міндеті болды және болып та қала береді. Төтенше жағдай мен карантин режимін бұзуға, оның үстіне жеке құрам тарапынан жол беруге болмайды. Мұны қатардағы қызметкерлермен қатар олардың басшылары да есте сақтауы тиіс», - деді Ерлан Тұрғымбаев.
Бұған дейін Алматыда қымбат көліктермен кортеж ұйымдастырғандар жазаланғанын хабарлаған едік.
Фото: polisia.kz
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/elitaly-kortezh-okigasy-lauazymdy-policeyler-kyzmetinen-kuyldy_a3641138