НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус пандемиясына байланысты үйде карантинде отырған адамдар зерігіп кетпеудің амалын ойлап, уақытты барынша тиімді өткізуге тырысып жатыр. Бірі кейінге шегеріп жүрген ісін аяқтауды қолға алса, енді бірі хоббиімен айналысуда.
Бұл жолы ҚазАқпарат зерігіп кетпеудің тағы бір амалы ретінде үй жинауды ұсынады. Үйді тазалаған кезде неден бастап, неден аяқтау керек, қандай затты лақтыру қажет екенін қалай анықтауға болады? Осы сұрақтар мазаласа – бұл сізге арналған мақала.
Бұған дейін психоаналитик Анна Құдиярова үйде отырған қазақстандықтарға бірқатар кеңес берді , сондай-ақ иммунитетті көтеретін ұлттық тағамдар туралы жаздық. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы коронавирустың таралуына байланысты ер адамдарды әйелдерге көмектесуге шақырды.
Осыған байланысты бүгінгі тақырып – үй жинау. Үй жинаған кезде өзіңіз үшін бірнеше пайдалы істі бітіресіз: қимыл-қозғалыста болып, шаң сүрту арқылы коронавирус жұқтырудың алдын аласыз және үйде орын алып тұрған артық заттардан арыласыз. Қазір жазғы киімдерді шығарып, үйдегі басы артық заттардан арылудың орайы келіп тұрған уақыт. Сондықтан карантин уақытын тиімді пайдаланып, үй жинайық.
Үйіңізді қаншалықты жиі тазалайсыз ?
Психоаналитик Жанар Оспанова үйін тап-тұйнақтай етіп ұстайтын және салақтау адамдарға психологиялық сипаттама берді.
«Үйді қайта-қайта тазалап, ыдыс-аяқты қайта-қайта жуып, әр жерді бір «тырмалап» жүретін адамның ішінде әлдебір мазасыздық бар екенін білдіреді. Ол «сырты – бүтін, іші – түтін» болып жүр деген сөз. Осындай күйге түскен адам өзіне «мен неге мазасызданып жүрмін?», «неге көңілім толмай жүр?», «маған не нәрсе ұнамай жүр?» деген сұрақтарды қоюы керек. Қазір пандемияға байланысты бойын үрей билеп, үйді шамадан тыс жиі жинап, жиі шаң сүртіп, өздерін қоярға жер таппай жүргендер қатары көбейген болуы мүмкін», - дейді психоаналитик.
Оның айтуынша, ескі киім, ескі заттарын тастай алмайтын адамдардың жан дүниесінде де жара бар.
«Қандай мәселе болса да адамның балалық шағында не болғанына үңілу керек. Баланың психикасы бес жасқа дейін қалыптасады. Осы аралықта оның өмірінде жанға жара салатын әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін, мысалы: ата-анасының ажырасуы, балабақшаға ерте баруы, 2-3 айлық кезінде ата-әжесінің қолына беруі, омыраудан шығарар кезде анасының басқа үйге бір-екі аптаға кетіп қалуы. Тіпті бұтына «кіш» етіп қойған кезде сәбиге зекіп, ұрсып жіберудің өзі оның болашақта қандай адам болып қалыптасуына әсер етеді. «Кіш» еткісі келіп тұрған балаға отыратын затты алып келгенше шыдай тұруын, шыдамаса ұрсып не ұрып жіберу оның болашақта сараң болуына әкеп соғады. Шошынып қалған баланың кеудесі үңірейіп, бос болып қалғандай күй кешеді, есейе келе сол бос орынды үйдегі артық киім, артық заттармен толтыруға тырысады. Лақтырып тастайын десе, керек болып қалатындай күйде жүреді», - дейді маман.
«Үй жинауда үйренетін не бар?» деп ойлайтын боларсыз. Егер үй жинау соншалықты оңай шаруа болса «Үй жинаған соң 1-2 сағаттан кейін қайтадан қалпына келеді» деген уәж айтылмас еді.
Жапониялық Мариэ Кондо – үй жинау бойынша кеңесші және осы тақырыпта жазылған төрт кітаптың авторы. Оның «Сиқырлы тазалау» кітабына сүйене отырып, үй жинауға қатысты келесі кеңестерді ұсынамыз.
Үйді тазалау – өміріңді ретке келтіру
Мариэ Кондоның пайымдауынша, үйін дұрыстап тазалауды үйренген адамның өмірінде оңды өзгерістер бола бастайды. Мұны ғажайыпқа, сиқырға теңеуге болады. Үйін таза ұстайтын адамға сәттілік серік болады. Шаңы сүртілмей, қозғалыссыз тұра беретін жиһаздар мен жуылмай жата беретін киімдерді өлген затқа теңеуге болады. Оның үйге бақыт әкелмесі анық. «Үйімді жиналған қалпында ұстап тұру неге қиын?» деген сұрақтың туындауы – сіз үйді қалай дұрыс жинауды білмейсіз дегенді білдіреді.
Алдымен бірінші, кейін екінші бөлмені жинау –нәтиже бермейді
«Бүгін қонақ бөлмені, ертең ас үйді жинап аламын» деп ойлайтын адамдарға кеңес: үйді бір күнде, бір деммен жинап шығуды үйренсеңіз – ойлау жүйеңіз бен өмірлік машығыңыз өзгереді. Үйді дұрыстап жинай білу – рухани жағынан өзіңді жаңғыртумен тең. Мысалы, бір бөлмені жинап болған соң емтиханға дайындалуға отырсаңыз – дайындала алмайсыз. Келесі бөлмені жинау керек деген ой сізге маза бермей, жұмыс істеуіңізге кедергі келтіреді. Сондықтан үй жинауға кіріскен кезде қай бөлмеден бастайтыныңызға емес, қай заттан бастайтыныңызға назар аударыңыз. Мысалы, барлық бөлмедегі киімдерді жинап, қайсысын киесіз, қайсысын кимейсіз, нені қайырымдылыққа бересіз, нені жуу керек, қайсысын қоқысқа лақтыру керек екенін реттеп алыңыз. Одан кейін жуынуға қатысты заттарды ортаға қойып, реттей бастаңыз. Ішінде сусабыны бітіп қалған ыдыстар, басы артық тіс щеткасы не үшін керек? Оның бәрін қоқысқа лақтырыңыз. Артық заттардан құтылу – үйді дұрыс жинаудың кепілі. Шаршап бара жатсаңыз, үй тазалап болғаннан кейін не болатынын елестетіңіз. «Үйді тазалап болғаннан кейін шай қайнатып, кітап оқимын. Терезені ашып қойып, тап-таза кереуетте жатамын» және тағы да басқа жаныңыз қалайтын нәрселерді елестетіңіз. Бұл сізге шабыт береді.
Қай затты қоқысқа лақтыру керек екенін қалай анықтауға болады ?
Жоғарыда айтып өткеніміздей, артық, қолданбайтын заттың бәрін қоқысқа тастау – үйіңізді дұрыс жинаудың кепілі. Өкінішке қарай, адамдардың көбі керек емес заттың өзін керек болып қалады деп ойлап, тастағысы келмейді. Ондай кезде мына әдісті қолдануға болады: қолыңызға киімдердің бірін алыңыз да, өзіңізге «Бұл киімді киген кезде маған қуаныш сыйлай ма?» деген сұрақ қойыңыз. Әр киім, әр затты алып, өзіңізден осылай сұрап шығыңыз. Сізге қуаныш сыйлай алмайтын заттың орны – қоқыс.
Қуаныш сыйлай алмаса да тастай салуға қолыңыз бармайтын заттар болады. Бұл – үлкен проблема. Ондай кезде қолыңызда тұрған затты қашан, не үшін сатып алғаныңызды, ол сіздің өміріңіздегі өз міндетін атқарып бітті ме-бітпеді ме, сол туралы ойланыңыз. Мысалы, әрбір киімнің міндеті – жыртылып, тозып кеткенше киілу емес. Мүмкін сіз ол киімге сыймай қалған шығарсыз немесе керісінше сізге кең болып қалған шығар? Мүмкін сәннен қалып қойған шығар? Ондай кезде ол киімге «Сені сатып алған кезде маған қуаныш сыйлағаның үшін рахмет», «Маған қандай киім жарасып, қандай киім жараспайтынын түсіндіргенің үшін рахмет» деп алғыс айтып барып қоқысқа тастаңыз.
Киім-кешек
Қазіргі технология дамыған заманда өмір сүріп жатқан адамдар үшін жұмыста жеңіл киіммен жүру қиын емес. Қысы-жазы кеңсе жылы болып тұрады, сол себепті жұмыста жұқа киіммен отыра береміз. Сондықтан қыста жаздық киімдерді сөмкеге салып, тығып қоюдың қажеті жоқ. Сондай-ақ, қыстық киімді де сөмкеге салудың қажеті жоқ. Жуып-шайғаннан кейін киім ілгішке іліп қойған дұрыс. Қыс болғанша, бүрісіп-тырыспай, бойын жазған күйі демалып тұрсын.
Көбіміз киім-кешекті қалай іліп, қалай бүктеу керегін білеміз. Ал шұлықты дұрыс бүктеуді білмейміз. Бар білетініміз, шұлықты бір-бірінің ішіне тығып, домалақтай саламыз. Не үшін олай екенін сұрасақ «Осылай тұрған кезде бір сыңары жоғалып кетпейді» дейсіз. Мұндай сылтау болмайды! Ол да киіліп болған соң «бой жазып» жатуы керек.
Кітаптар
Қоқысқа тастауға қимайтын заттардың бірі – кітап. Кітап жинаған кезде көбіміз оқып, отырып қаламыз, сондықтан үй жинаған кезде кітаптарды реттеуді ең соңына қалдырған дұрыс. Қоқысқа тастауға болатын кітаптар да болады. Кітап сөреңізде сізге шынымен қуаныш сыйлайтын, көзіңіз түскен кезде қайтадан оқып отыра алатын кітаптарды ғана қараңыз. Әдетте «Кейін оқырмын» деген кітап сол күйі оқылмай қалады. Кітаптарыңыздың арасында сондай кітап болса – қоқысқа тастаңыз. Үйдегі артық заттарды азайтқан кезде сіз үшін өмірде не маңызды екенін, не керек екенін жақсы түсіне бастайсыз.
Сыйлықтар
Егер қолданбайтын болсаңыз – алған сыйлықтарыңызды да қоқысқа тастау керек. Өзіңіз қолданбайтын киім немесе сыйлықты әпке, сіңлілеріңізге берудің қажеті жоқ. Көңіліңізге қарап алғанымен – сізге керек емес заттар олардың үйінде де орын алып, шаң басып тұрады.
Үйлену тойыңызда сыйлаған ыдыс әлі де қолданбай тұр ма? Қоқысқа тастаңыз. Сыйлаған адам сізге қуаныш сыйлағысы келген болар, сыйлықты алған кезде сіз қуандыңыз – осылайша сыйлық өз міндетін атқарды. Сыйлық берген адам оның көңіліне бола сақтап жүруіңізді қаламайтыны анық, сондықтан ештеңеден именбей қоқысқа тастауыңызға болады.
Тастауға қимайтын ұсақ-түйектердің бірі – телефон, ноутбуктің қораптары, қолдану мерзімі өтіп кеткен косметика, несие төленгені туралы чектер және тағы басқалары. Керексіз заттарды жинап, ата-анасының үйіне апарып қоятындар бар. Ешқашан олай етуге болмайды. Ата-анаңыздың үйі – сіздің кәдесыйларыңызды сақтайтын қойма емес.
Фотосуреттер мен хаттар
Фотосуреттердің орны – фотоальбом. Бірақ үйдегі қандайда бір қорапшаның, конверт, кітап ішінен фотосурет тауып алатын кездеріміз болады. Ол сіз үшін шынымен бағалы, қажет дүние болса – фотоальбом ішіне салып қойыңыз. Олай етпеген жағдайда қоқысқа тастаңыз. Көрінген жерде «илектеліп» жатқанша фотоальбом ішінде тұрсын немесе қоқысқа салынсын.
Оқушы кезде құрбыңыз, досыңыз жазған хаттарды әлі сақтап жүрсіз бе? Ол хаттар өз міндетін сол оқушы кезіңізде атқарып тастаған. Тіпті сол құрбы, достарыңыздың өзі кезінде сізге не деп жазғанын ұмытып қалған болуы да ғажап емес. Олар ұмытып қалған нәрсені сіз не үшін сақтауыңыз керек? Ол хаттарды оқыған сайын бойыңызды қуаныш билеп, төбеңіз көкке бір елі жетпей қалатын күй кешсеңіз – әрине қоқысқа тастамай-ақ қойыңыз, бірақ дұрыстап ойланыңыз. Маңыздысы – өткен күннің естеліктері емес, маңыздысы – қазір сіздің кім екеніңіз.
Артық заттарды тастаған кезде адамның тәні не сезінеді ?
Мариэ Кондоның айтуынша, бір күн ішінде үйден 30-40 қап қоқыс шығарған кезде адамның іші өтіп немесе денесі бөртіп кетуі мүмкін. Ондай кезде адамның тәні де артық уытты заттардан арылғандай күй кешіп, 1-2 күннен кейін қалыпқа келеді. Сонымен, өздеріңіз түсінгендей – жүрегіңізге жылу сыйламайтын заттардан құтылсаңыз болғаны. Негізінде үй жиналмай қалғаннан ешкім өліп қалмайды. Апталап, айлап үйлерін тазаламай жүре беретін адамдар бар, бірақ ондай адамдар дәл осы мақаланы оқып отырған жоқ. Үй жинау – өмірдегі басты мақсат емес, сондықтан үйді жинағанда артық заттарды қоқысқа тастап, жинап болған соң қайта шашылып қалмайтындай етіп бір ретке келтіріп алыңыз.
Сондай-ақ Мариэ Кондоның, ата-ана, аға-бауыр, әпке-сіңлі мен өмірлік серігіңнен кимейтін киім мен қолданбайтын затын қоқысқа тастауын өтінген кезде «кейін өзім тастаймын» немесе «менің киім, заттарыма тиіспе, оларды ешқашан тастамаймын» деп жауап береді екен. Карантин жағдайында осындай түсініспеушілік болмас үшін, оларға айтпай тастауыңызға болады.
«Олар кейін тастағысы келетін киім, заттарын ешқашан тастамайды, сондықтан өзіңіз біртіндеп қоқысқа тастай берсеңіз болады. Менің жұмыс тәжірибемде, тасталған киім, заттарын кейін іздеп, таба алмай жүрген адамдар кездескен жоқ», - дейді үй жинау бойынша кеңесші Мария Кондо.
Автор Зарина Қаһарман