Найти в Дзене
Қазақпарат

Әлеуметтік төлемдер қажет болған жағдайда инфляция деңгейімен сәйкестендіріледі - министр

Әлеуметтік төлемдердің мөлшері қажет болған жағдайда инфляция деңгейімен сәйкестендіріледі.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі жағдайда Үкімет тарапынан халықтың алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалады. Мемлекеттік бюджетте 2020 жылы 4 миллионнан астам әлеуметтік төлем алушыларға 3 триллион 377 миллиард теңге қарастырылған. Зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың сатып алу қабілетін сақтау мақсатында жыл басынан инфляция деңгейін ескере отырып, барлық әлеуметтік төлемдер 5 пайызға арттырылды. Оның ішінде зейнетақы 7 пайызға, яғни инфляциядан 2 пайызға ілгерілеп арттырылды», - деді Еңбек министрі.

Оның атап өтуінше, сыртқы нарықтарда қалыптасқан жағдайды ескере отырып және халық үшін болуы мүмкін салдарды жеңілдету мақсатында барлық әлеуметтік төлемдердің мөлшері қажетті жағдайда инфляция деңгейімен сәйкестендірілетін болады.

«Халықты жұмыспен қамту бойынша барлық шаралар қолданылады. Оның ішінде мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасының әлеуеті толық пайдаланылады. Осы жылы біздің жоспарымыз бойынша 735 мың адам жұмыспен қамту көзделіп отыр. Бағдарламада дағдарысқа ден қою бойынша қажетті шаралар көзделген. Олар: жұмыссыздарды қайта оқыту, жеңілдетілгнен несиелер және микробизнесті дамыту үшін гранттар беру, субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру. Осы шараларға жергілікті және республикалық бюджеттен 323 миллиард теңге көзделген», - деді Біржан Нұрымбетов.