ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Қазақстан азаматтары мен шекара маңында орналасқан ауыл тұрғындарының шекаралық белдеуге кіруге және онда болуға рұқсаттама беру тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шекара қызметіне Қазақстан Республикасы азаматтарының және шекара маңында орналасқан ауыл тұрғындарының шекаралық белдеуге кіруге және онда болуға рұқсаттама алу мәселесі туралы сұрақтар келіп түскен.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Шекаралық белдеуге кіруге және онда болуға рұқсаттамалар беру қағидаларына Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 11 ақпандағы №51 қаулысымен өзгертулер енгізілген.
«Аталған жаңа өзгерістерге сәйкес қазіргі уақытта шекаралық белдеуге кіруге және онда болуға рұқсаттамалар беру мемлекеттік қызметі электрондық форматта жүзеге асырылады. Осыған байланысты аталған рұқсаттамаларды алу үшін қаулының қосымшаларында көрсетілген құжат үлгілері бойынша «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы (Халыққа қызмет көрсету орталықтары немесе EGOV порталы) өтініш беру қажет», делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қосымша ақпаратты және құжат үлгілерін қаулыдан көруге болады.