Найти тему
Қазақпарат

Наурыздың алғашқы жаршысы - Амал мерекесі басталды

Бүгін халықты ынтымаққа, ұйымшылдыққа, береке-бірлікке бастайтын Амал мерекесі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Амал еліміздің батыс өңірімен қоса Сыр бойында, Қостанай, Торғай аймағында, ресейлік Астрахань, Саратов, Самар, Орынбор облыстарында тұратын қазақтар арасында кеңінен тойланады. Оның қашан және қалай пайда болғаны туралы ғылыми тұжырымдалған нақты жауап жоқ. Бірақ әр түрлі болжамдар мен жорамалдар бар.

Этнограф Серік Ерғали: «Шын мәнінде халқымыз Наурыз айының алғашқы (ескіше - 1 наурыз қазіргі 14-не сәйкес) күнінен бастап, Наурыз мерекесін бір ай бойы мейрамдаған. Қазақтың ғұлама ғалымы - Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбасында 8 күндік наурыздама өтетінін жазады. Ол ескіше:1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы», - деп жазады.  

Ал кемеңгер ақын Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14 март - ескіше 1 март. Әкей айтты: бүгін ескіше 1 март - қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні. Жаңа жылдың бұрынғы аты - Наурыз, бұл парсы тілінде жаңа күн» дегенді білдіреді. Жаңа жыл басының Ұлыс екеніне мынадай дәлел бар «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болады. Үлкен кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар деген», - деп жазылған.

Кеңес өкіметінің Халком кеңесі 1918 жылдың 24 қаңтарында «Батыс Еуропа күнтізбесінің Кеңес өкіметіне енгізілуі» туралы декретін қолданысқа енгізді. Бұл кезде екі күнтізбенің айырмашылығы 13 күнге жеткен еді. Ескі күнтізбені 1918 жылдың 31 қаңтарында жауып, келесі күнді 14 ақпаннан бастап санады.

Амал мерекесін Наурыздан бөле-жара қарауға болмайды, ол -  Наурыздың алғашқы жаршысы іспеттес. Амалдың негізгі шарты - үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, әлсізді демеу, жарлыны жарылқау. Бұл күні жасы кішілер үлкендерге арнайы сәлем беріп, қол алысып, төс қағыстырады. Ақсақалдар «Бір жасың құтты болсын!» деп, жастарға баталарын береді. Бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады. Үй иелері келгендерге дәм ұсынып, ақ тілектерін жаудырады. Осылайша, Көрісу - бауырмалдықтың, кішіпейілділіктің, қайырымдылықтың мерекесі болып саналады.

«Наурыздан бір апта бұрын басталатын Көрісу - шап беріп қол алысып, құшақтасу ғана емес. Қыс бойы бір-бірінің өлі-тірісін біле алмай сағынған елдің жасайтын жоралғысы. Ертедегі жұрт бір-бірін құшақтап, кейде өлгендерін жоқтап, кейде тірі қалғанына шүкірлік айтады. «Қыстан аман шықтың ба, мал-жан аман ба, шаруашылығың жақсы ма» деген сарында өлеңдетіп көріскен», - деді тарихшы, этнограф Жамбыл Артықбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.  

Амал немесе Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмай, жыл бойы жалғасады. Әлдеқандай себептермен 14 наурыз күні болмаған немесе сырт жақта жүрген кез келген адам ауылға жолы түскен бойда қариялардың қолын алып, сәлем беруге тиіс. Сондай-ақ, Көрісудің ешбір діни сипаты жоқ.

Айта кетейік, биылдан бастап, Амал мерекесі халықаралық деңгейде тойланады. Наурыздың 13-14-күндері Маңғыстауда Отпан таудың етегінде өтетін дәстүрлі жиынға Ресей, Өзбекстан,Түркия, ноғай мен қырғыз елінен ағайындар келмек.