Найти в Дзене
Карманный дневник

Ақ қармен кетті Ақдана

-Ақдана? Ақдана! - алыстан естілген дауыстарды құлақ естісе де, көңіл қабылдап, көз ашылар емес. Таңғы бестердің шамасына ұйқыға жатқан арудын ешкім мазасын алмаса дейді. Шығып жатқан дауыс та анасының 7-сыныптағы ұйқысынан оятқаны секілденеді. Алғаш таңертең сабаққа баратын кезі еді ғой, сондықтан, ерте оянып үйренбеген. "Ақдана, Ақдана" - деген анасының еркелей-ұрыса сөйлегені есінде. Уақыт өткен сайын дауыс та үдей түседі. -Ақдана, Сенатта сенің сері жігітің сөйлеп жатыр, көрмейсің бе?! - Қарлығаш құрбысы екен. Қазақ атаулыға тән астыртын, күлімдей, қызықтыра сөйлейді. "Сенің сері жігітің" дегені Сәкен айтып жатыр. -Менің сері жігітім? - Ақдана таңырқаған түр жасаса да, жүзіне күлкі шыққаны көрініп-ақ тұр ғой. Қарлығаш уақытылы келді. Сәкен сөйлейді қазір. Шашын дұрыстап, қатар-қатар отырған қыздардың ортасына беттеді. Көрші бөлмеде үлкен экраннан Астанадағы ақсақалдар отырған Сенат қабырғасының мінберіне Қазмедианың 25 қабаты назарын бұруда. 24 жасар, бойы 1,80 метрге жететін, қа

-Ақдана? Ақдана! - алыстан естілген дауыстарды құлақ естісе де, көңіл қабылдап, көз ашылар емес. Таңғы бестердің шамасына ұйқыға жатқан арудын ешкім мазасын алмаса дейді. Шығып жатқан дауыс та анасының 7-сыныптағы ұйқысынан оятқаны секілденеді. Алғаш таңертең сабаққа баратын кезі еді ғой, сондықтан, ерте оянып үйренбеген. "Ақдана, Ақдана" - деген анасының еркелей-ұрыса сөйлегені есінде. Уақыт өткен сайын дауыс та үдей түседі.

-Ақдана, Сенатта сенің сері жігітің сөйлеп жатыр, көрмейсің бе?! - Қарлығаш құрбысы екен. Қазақ атаулыға тән астыртын, күлімдей, қызықтыра сөйлейді. "Сенің сері жігітің" дегені Сәкен айтып жатыр.

-Менің сері жігітім? - Ақдана таңырқаған түр жасаса да, жүзіне күлкі шыққаны көрініп-ақ тұр ғой. Қарлығаш уақытылы келді. Сәкен сөйлейді қазір. Шашын дұрыстап, қатар-қатар отырған қыздардың ортасына беттеді. Көрші бөлмеде үлкен экраннан Астанадағы ақсақалдар отырған Сенат қабырғасының мінберіне Қазмедианың 25 қабаты назарын бұруда. 24 жасар, бойы 1,80 метрге жететін, қара костюм мен қызыл галстук киген аппақ жігітті қайта-қайта көрсетеді камералар. Ол да өзіне ғана жарасатын сабырлы байыппен мініп келеді. Еш ойы жоқ, толқып та келе жатқан жоқ, қорқып та келе жатқан жоқ. Бұл сезімді жазып ұғындыра алмаспыз. Өзі де түсіндіре алмады кейін.

-Сәкен, саламатсызба, мы рады вашему присутствию с нами. Мы просим вас рассказать о своих планах на ближайший год и поделиться предложениями, - Сырғалым Қарабаева ханым, бүгінгі отырыстың модераторы Сәкенге сөз берді.

-Спасибо большое, - "эээ" деген дауысты шығара жаздаған дауысты уақытылы тоқтап қалды, "ауызды уақытында жаба білу де өнер ғой" деп ойлап қояды. Әзіл айта алмаған баланың осындайда әзілқой бола қоюы қобалжудан ғой, - Құрметті отырыс қатысушылары, мен сіздерге екі нәрсе ұсынғым келеді. Бұл ұсыныстарды айтпас бұрын сіздерге соңғы бір жылда жасаған жұмыстарымыз туралы айтқым келеді. Мен және менің командам көп жұмыс атқардық. Ауылдарға барып, үлкен-кіші адамдармен сөйлестік. Бизнес бастағысы келетін жастарға консультация өткіздік. Мектеп мұғалімдерімен сөйлестік.

-Сәкен, сіз жасаған жұмыстарыңызды есептеріңізден оқи аламыз, сіз ойларыңызбен бөлісіңіз - кенет сақалды қара адам жас жігіттің сөзін бөліп жіберді. Кеңірдегінен біреу ұрып жібергендей, дем ала алмай қалды. Сөйлейін десе ойын жоғалтқан. Бұл жердегі кәрі қасқырлардың не айтқандарынан, қалай айтқандары, ой екпіні мен беттеріндегі әжімдерінің қимылы маңыздырақ. Ал мынау сақалды басып айтты. Өзінің ғана емес, жанындағы бір топ ұлтшылдардың ойларын жеткізді. Сәкен жиналуы керек.

Сәкеннің бойын билеген сенімсіздік азаннан әлсіздікпен күресіп жүрген Ақдананы одан сайын тоңдырып жіберді. Бойына қан жүрмей кетті.

-Сәкен, бауырым-ау, - сақалды қатты кеткенін ұғынғандай - біз келесі жылы мына журналистердің жұмысын жақсарту бойынша біраз жұмыстар жасағалы жатырмыз. Қоғамды қаралап мезі қылды, бесінші билік емес, екінші түрменің оққағарлары секілді. Осыны біз қолға алмақшымыз, сен қалай ойлайсың, бұл істі істегеніміз дұрыс па?! - сақалды соңғы сөздерін басып айтты. Бір білгендерін іске асырмаққа қоғамның қалауы деп көрсететін бұлардың әдеттегі айласы. Жастардың бір-екеуінің басын айналдырып, қажетті сөзін айтқызып алған соң, тоқтамайды бұлар. Азанда ғана алған жап-жаңа шұлығымен қоса су болған көйлегіне дейін "үндеме" деп тұр Сәкенге. "Суайттардың" жастарды сескендірер айласы жайлы Ақдана бұрындары да байқаған. Бірақ, өзіне тым жақын адамына сұмырайлардың қақпаны құрылатынын ойламаған да. Қолдаса Сәкеннің бар жиған абыройы төгіледі. Оған тек Ақдана ғана емес, "не дер екен" деп Қарлығаш та қарап тұр.

-Иә, сіз дұрыс айтасыз, шынымен де бұл журналистер қауымына бұған дейінгі ұсынылған заң қажет-ақ, - деген дауыс естілді. Сәкен дереу қолын қысып қалды. Бір аяғымен екінші аяғын басты, тек дауыстың қайдан шыққанын ұғынған жоқ. Сәкен ғана ұғынған жоқ. Қалғандары бұл қолдаудың мінберден шыққанын ұғынды. Сөзді қайтара алмаймыз, қайтарғаннан да пайда жоқ, бұл қоғам енді дұрыс түсіне алмайды. Иә, үш ай бойы іштей қарсы болған жаңа заңнаманың тағдыры Сәкенге де жартылай байланысты болған. Енді міне, ол да өз ұстанымдарынан айнып қалғандай болды.

Ақдана болса, аузы ашылып Сәкенге қарап тұр. Қарлығаш пен жанындағы қыздардың көзі Ақданада. "Жоқ, бұл Сәкеннің ойы емес қой" - дейді. Іштей. Құлағына да сенгісі келмейді.