Казмедиада тұрмыз. Әбікей досым алыстан аруды көріп қалады. “Сұлу екен,” - дейді қарата. Көзім көрген жоқ, ойланбастан жақындап, сөйлесіп кеттім. Казмедиадағылардың ортақ тақырыбы қашанда табылады ғой. Сәлден соң жанымызға Әбікей де келді. Әңгіменің ауылы Cinemax жаққа ауысты. Фильмде кездесуге уағдаластық. Мен, Әбікей, әлгі ару қыз және оның құрбысы. “Қалай оңай таныстың?!” - дейді Әбікей мендегі сенімділікке таң қалып. “Бұл сенің бақытың болса, құр қарап тұрар ма едің?!” - деймін шүйкебастарға үмітпен қарай. Мақтанып тұрғанымды білдіргім кеп тұрған жоқ, сонда да мақтанғаным анық енді.
Бұрыннан сондаймын. Адам баласының бойынан білімі көрінсе, еркін тілдесіп кете аламын. Керім қызды көңілім қаласа, тоқтап тұрмаймын.
Бірде Павлодардағы теміржол вокзалында отырдық. Ілия досым екеуміз. Бір ару көрінді, жүзінде күлкісі жоқ. Сел қозғалса да, беті бүлк етпейтін біреу дейміз ішімізден. Ол да менсінбейді айналадағыларды. Аэропортта түсіп, вокзалға алғаш келген адам ба дейсіз. Сондай өзі. Жанына жақындап, “Сіз бүгін Алматыдан ұшып келдіңіз ғой, мен сізбен бірге келгем”, - деймін. Алатауды айналып келгенім өтірік енді. Иыққа асанған дорбасынан аэропортта ілетін қағазынан байқадым. Шешпеген екен, демек ұшаққа жиі отырмайды. Содан болар, онысын мақтаныш көреді. Айналадағылар көрсін деген ниетпен шешпейтіндері содан. Мен де дәп бастым. Шешіліп сөйледі. Тіпті поездға отырғызып тастадым. Телефоны әлі сақталған. 8702 563 ****. Есімі Гаухар еді, “Гаухар Алматы Vip ұшақ” деп сақтап қойдым. Кейде хабарласқым келеді. Жағдайын біліп, бар шындықты жайып салғым келеді. Алайда, менің хабарымды күткен ол жоқ шығар, маған да керексіз әрекет. Тіпті бүгінге дейін ұмытып та қалар ем, Ілия досым еске түсірмесе. Танысқанға келгенде тапқырлығымның оянатыны қызық өзім үшін.
Бұл тапқырлық пен сенімділікті бірнеше рет жоғалтып алғаным бар. Неден болды деймін. Аузыма құм құйылғандай үнсіз отырамын, бір ортада. Енді бірде не айтып, не жасағанымды аңғармай қоямын. Тағы да сол ортада. Сірә, сол ортада мен ұнатқан бір ару болса керек, әйтпесе, есімнің дұрыстығына сенімдімін ғой…
Иә, сенімді болғам. Оны жолықтырмай тұрып.
Ойдан шығарылған пост. Сурет көрнекілік үшін.