Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев төтенше жағдай кезінде интернет пен байланысты бұғаттау құқығына ие мемлекеттік органдарды белгілеу бойынша ҚР Үкіметінің Қаулысына түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске салайық, құжатта әлеуметтік, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде желілер мен байланыс құралдарын басымдықты пайдалану, сондай-ақ уақытша тоқтату құқығына ие мемлекеттік органдар анықталған еді.
Д.Абаев атап өткендей, олардың қатарына ҚР ҰҚК, Бас прокуратура, ҚР Ішкі істер министрлігі мен ҚР Қорғаныс министрлігі кіреді.
«Бүгін журналистерге уәде еткенімдей, ресми парақшамда толығырақ мағлұмат жариялап отырмын», - делінген министрдің Facebook-тегі парақшасында.
Ең алдымен, ведомство басшысы осы мемлекеттік органдардың қандай қағидалар бойынша таңдалғанын түсіндірді.
Атап өтілгендей, Қаулыда мемлекеттік органдардың тізімі қысқарған. 2004 жылғы ескі Қаулыға сәйкес олардың қатарында 22 субъект болған. Олардың арасында мәдениет және спорт, ауыл шаруашылығы, білім және ғылым және тағы да басқа министрліктердің құрылымдық бөлімшелері бар.
Енді бұл тізімде төтенше жағдайды жоюға тікелей қатысатын меморгандар ғана қалған.
Сондай-ақ Дәурен Абаев «желілер мен байланыс құралдарының қызметін басымдықты пайдаланудың, сондай-ақ уақытша тоқтатудың» не екенін және оған интернетті бұғаттау құқығының кіретінін не кірмейтінін түсіндірді.
Оның айтуынша, төтенше жағдай туындаған кезде, азаматтарды хабардар ету үшін мемлекетке барлық қолжетімді байланыс арналары қажет болады, мысалы, теледидар немесе радио. Осыған орай, Қаулы катаклизм туралы адамдарды хабардар етіп, тиісті нұсқаулықтар беру үшін Қазақстан аумағында хабар тарататын кез келген теле- немесе радио арналарды өшіруге мүмкіндік береді. Бұл алгоритм «басымдықты пайдалану» түсінігін білдіреді.
«Әрине, интернет «желі мен байланыс құралдарына» жатады, бірақ бұл жағдайда басымдықты пайдалануы үшін мемлекетке интернет желісін толықтай өшірудің пайдасы болмайды», - деді Д.Абаев.
«Осыған орай, біріншіден, бұл Қаулы мемлекетке жаңа өкілдік бермейді. Мұның бәрі 2004 жылдан бері жұмыс істейді. Екіншіден, құжат мемлекеттік органдардың төтенше жағдайлар кезіндегі коммуникациялық құзыретін реттейді. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Үшіншіден, бұл Қаулы «интернет пен әлеуметтік желілерді бұғаттау» жайлы емес. Осы тақырыптағы кез келген әңгімелер - араңдатушылық», - деп түйіндеді министр.