Мемлекет басшысы «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішевті қабылдады Болат Жәмішев: ➤ қордың осы уақытқа дейін атқарған қызметі мен алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы ақпарат берді: – «Қазақстан халқына» қоры үш жылда жалпы сомасы 230 миллиард теңге болатын 103 қайырымдылық жобасын қаржыландырған. Оның ішінде 58 жоба толығымен аяқталған; – қордың қызметі ашықтық, есептілік және тұрақтылық қағидаттарына негізделген. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Ernst&Young компаниясы сыртқы аудит жүргізген; ➤ қордың денсаулық сақтау саласына, атап айтқанда, ауыр және сирек кездесетін сырқатқа шалдыққан науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге ерекше мән беретіні жөнінде баяндады: – осы мақсатта 461 адамға, соның ішінде 342 балаға 57,7 миллиард теңге бөлінген; – қатерлі ісікке душар болған 1200-ден астам адамға құны 14,5 миллиард теңге болатын арнаулы препараттар берілген; – бес онкологиялық орталық пен балаларға қызмет көрсететін 22 нейрохирургия бөлімшесіне заманауи құрал-жабдықтар сатып алынған; – балалар мүгедектігінің алдын алуға арналған 13 ерте араласу орталығын ашу жоспарланған болатын. Бүгінде осы мақсаттағы 10 нысан қызмет көрсете бастаған; – әлеуметтік қолдау бағытында аутизм белгілері бар балаларға арналған 7 орталық, сондай-ақ өңірлерде 6 оңалту орталығы пайдалануға берілген. Алдағы уақытта тағы 20 орталық іске қосылады. 150 адам инновациялық протезбен қамтылған; ➤ Тірек мектептердің әлеуетін дамыту жобасы аясында 135 ауыл мектебі жаңғыртылғанын жеткізді: – Алматы облысындағы 50 мектепте және Қарағанды облысындағы 86 білім ошағында физика, химия, биология сабақтарына арналған заманауи кабинеттер жабдықталған; – қордың білім беру гранттарына 3 мыңнан астам студент ие болған; – Ақтөбе облысында 134 шағын жинақты мектептің материалдық-техникалық базасы жаңарып, цифрлық технологиялар арқылы оқытудың төрт моделі енгізілген; ➤ мәдениет пен спорт саласында Батыс Қазақстан облысының кітапханаларын комьюнити орталық ретінде қайта құру және 13 модульді спорт залын салу жұмыстары қолға алынғанын хабарлады. Елді мекендердегі 100 балалар спорт залы жабдықталған; ➤ қор тасқыннан зардап шеккен жандарға қолдау көрсетіп, бес облыстағы 627 үйдің құрылысын қаржыландырғанын баяндады; ➤ «Шағын қалалар – үлкен мүмкіндіктер» әлеуметтік бастамасы аясында ірі кәсіпорындардың және бизнестің қолдауымен моноқалалардың инфрақұрылымын жақсарту бағдарламасын әзірлеу жоспарланып отырғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қорының жұмысын жоғары бағалап, қайырымдылық шараларының Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығын нығайтудағы маңызын атап өтті.
8 месяцев назад