Балаларды бастан кетіріп жатырмыз... Өзім кикбоксингпен айналысқасын, бокс залдарында жиі болам. Жүрген жерімде «неше жастан қабылдайсыз?» деп сұраймын. Барлығы дерлік 5-6 жасты айтады. Тіпті, соны мақтанып айтады. Типа болашақ чемпиондарды бала жастан тәрбиелеу керек дегендей. Сол балалар сырттай маған обал көрінетін. Өйткені, физикалық ауыр жүктеме алады. Жаттығу кезінде жарақат алады. Жарыстарда небір соққыны алады. Тағысын тағы солай кете береді. Кейін қолыма 1983 жылы шыққан «Спортивный отбор» деген кітап түсті. Сөйтсем, дәл осы жағдайды Кеңес Одағы кезінде ғалымдар әбден зерттеген екен. Біраз тәжірибе жасап, біраз жылдарды жұмсап, ақыры, боксқа 12-13 жастан әкелу керек деген тоқтамға келіпті. 12-13 жас. Онда да бірден қолғап киіп, бастарын ұрғыламайды. Жылдар бойы шеберлігін шыңдап, тек 15-16 жасқа келгенде ғана кішігірім бәсекелерге қатысады. Кейін мықтылары іріктеліп, халықаралық, құрлықтық және әлемдік аламандарға араласа бастайды. Ғылым. Қазір осыны бапкерлерге айтсаң, ит терімді басыма қаптап жібереді. Өйткені, оларды ақша өлтіріп барады. Бала жастан чемпион шығарам деген қате нәрсе. Бала жастан миын шайқалтам, буынын босатам, бүйрегін ауыртам деген дұрыс шығар. Жалпы кез-келген соққы бүлдіршін ағзасына үлкен зиян. Әсіресе, басқа тиген соққы. Оны, әрине, ешкім елемейді. Бапкер де, бала да, ата-ана да байқамауы мүмкін. Бірақ, жылдар өте өз нәтижесін береді. Бұл – менің пікірім емес. Бұл – ғалымдардың пікірі. Бүкіл әлем осындай ғылыми зерттеулер нәтижесіне сүйенеді. Бізде ғана қалтаның қамын ойлап, балаларды құрбан қыла береміз. Көптен бері мазалап жүрген ой еді. Мына кітап жауабын тауып берді. Сондықтан, құзырлы министрліктер бар, комитеттер бар, депутаттар бар, барлығы осы жағдайды назарға алуы қажет. Әрине, «бокс – қазақтың спорты, бүйтеміз, сүйтеміз» - деп понтоваться ету жақсы шығар. Бірақ, ойлануымыз керек. Сауатты ойлануымыз керек. Болашақты ойлауымыз керек...
Актер болған боксер Көрші ел астанасы Ташкентте бокстан әлем чемпионаты басталғанына бірнеше күн болды. Осыған байланысты бокс тақырыбы талай жанкүйердің аузынан жақын күндері түспейтіні анық. Осы ретте қазақтан шыққан атақты боксшымыз Серік Қонақбаевтың актер ретінде киноға түскенін біреу білсе, біреу біле қоймас деген оймен оның «Мадам Воңтың құпиясы» атты фильмге қалай түскені туралы естелігінен үзінді жариялауды жөн көрдік. Бұл фильм 1985 жылдың жазында түсірілген. Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері шытырман оқиғалы фильмде теңізшінің образын сомдаған. Сол оны актерлікке анау-мынау емес атақты Армен Джигарханянның өзі баулыпты. Сөйлесе келе КСРО халық әртісі Серіктің жанкүйері болып шығыпты. Кинотүсірілім кезінде арасында "Серик-джан" деп те еркелетіп, Армен аға ретінде әзіл-қалжыңымен боксерді өзіне баурап алған екен.