«Астана Балет» театрының 11-ші театр маусымы ғаламат көріністерге толы. Репертуарда премьералар да, көрермендердің сүйікті қойылымдары да бар. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конферецниясында «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Қанетов толығырақ айтып берді. Оның айтуынша, ұжым үшін ұдайы шығармашылық ізденісте болу, эксперименттерге ашық болу өте маңызды. Бұл труппа мен театрдың дамуына серпін береді. «Театрдың негізгі бағыттарының бірі - ұлттық спектакльдер жасау. Қазір «От қыз» ұлттық балет ертегісінің премьерасына соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр, – деп атап өтті спикер. «От қыз» ұлттық ертегісі театрдың бас балетмейстері, «От қыз» спектаклінің хореографы Мукарам Авахридің хореографиясымен қойылды. Либретто авторы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақстандық кинорежиссер, сценарист, ақын Бақыт Қайырбеков, композитор – музыкант, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Карина Абдуллина. Премьералық көрсетілімдер театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді. «От қыз» спектаклі мифологиялық сюжетке құрылған. Оқиға желісі бойынша Мерген есімді аңшы өзінің дүлей күшін таныту үшін Күнді атып түсіріп, салдарынан күллі әлем қараңғы түнекке оранып, қақаған аяз басталады. Мергеннің алаңғасарлығынан Биік Шөп елі зардап шегіп, бойжеткен ханшайым От қыз жоғалып кетіп, қыс түседі. Ағат кеткенін түсінген Мерген қателігін түзеп, әлемге жарық пен жылуды қайтаруға тырысады. «6-7 қазанда ересектер мен балаларды «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен қойылатын «От қыз» сиқырлы балетін тамашалауға шақырамыз. Әрине, классика да қажет: 30 қараша мен 1 желтоқсанда Владимир Яковлевтің хореографиясында Сергей Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетінің премьерасы өтеді. Меніңше, бұл жарқын спектакль, бүкіл атмосфераны, сол кездегі эстетиканы сол күйде жеткізеді. Қазан айының ортасында біздің артистер Ballet Globe халықаралық фестивалі аясында Женеваға барып, әлемдік балет жұлдыздарының қатысуымен Альберт Алонсоның «Кармен сюита» атты аңызға айналған қойылымын қояды. 28 қазанда Республика күніне арналған концерт өтеді», - деді спикер маусымның басталуы жайлы айта отырып. ortcom.kz/...827
«Астана Опера» театры өзінің 11-ші театр маусымын аша отырып, дәстүр бойынша талғампаз көрермендерінің назарына ұлттық классиканың жауһары - «Абай» операсын ұсынды. Осы және белгілі шығармашылық ұжымның көрермендеріне қандай тосынсый дайындап отырғаны жайлы «Астана Опера» педагог-репетиторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Сейтбеков Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында айтып берді. «Жаңа маусымда 15 қыркүйекте балет труппасы «Золушка» спектаклін ұсынды, бұл сәнге айналған қойылым, оны әлі көрмегендердің бәріне көруге кеңес беремін. Сценография, жарықпен безендіру, костюмдер мен реквизиттер, кинематографиялық тәсілдер көрермендерге керемет әсер қалдырады», – деді спикер. Сондай-ақ театр өкілі өткен демалыс күндері Грузия астанасында опера труппасының гастрольдері зор табыспен өткенін хабарлады. Тбилисидегі гастрольдер айтулы оқиға болды. Қазақ опералары мен аспаптық нөмірлердің үлкен блогынан тұратын әсерлі гала-бағдарлама ұсынылды, сондай-ақ әлемге әйгілі композиторлардың операларынан танымал ариялар мен ансамбльдер шырқалды. «Қазір біздің балет труппамыздың желтоқсан айында «Щелкунчик» жаңа жылдық балетін ұсыну жоспарланып отырған «Дубай опера» сахнасындағы гастрольдік сапарлары туралы келіссөздер жүргізілуде. Жалпы, маусымның бірінші жартысы өте қарқынды болады, өйткені біз сонымен қатар балалар репертуары бойынша жұмыс істейтін боламыз. К. Байсейітова атындағы камералық залдың сахнасында театр Бала-театр деп аталатын жаңа жобаны ұсынады және оның аясында Ж. Дастеновтың «Қаңбақ шал» ұлттық балалар операсының премьерасы өтеді», – деді Р. Сейтбеков. Биылғы жылы театр сонымен қатар ұлттық сыйлықты – Ұмай байқауын өткізеді. Жақында байқауға қатысушылардан өтінімдерді қабылдаудың басталатыны туралы жарияланады. Тағы бір маңызды жоба, театрдың мақтанышы – «Астана Опера» халықаралық опера академиясының жұмысы. Өткен мерейтойлық маусымда театр алғашқы қарлығаштарын ұшырды. Биыл Astana Opera халықаралық опера академиясы бірегей шығармашылық жобаға қатысуға үміткерлерді іріктеу үшін өтінімдер қабылдайды. Әлемнің түрлі елдерінен үміткерлерді үш конкурстық тур күтеді, олардың біреуі өткен болатын, қазылар алқасының қорытындысы бойынша 10 жас талантты вокалист таңдалады. Олар жыл бойы еліміздің бас театрының қабырғасында үздік шетелдік және қазақстандық коучтардың дәрістерінде өз шеберліктерін арттыратын болады, деді театр өкілі. ortcom.kz/...473