Найти в Дзене

«Театр - дисциплина, театр - жауапкершілік, театр - өмірдің айнасы»

Қазақ театрының бүгінгі тынысына жаңа леп әкеліп жүрген жас актерлердің өнер жолы - көрермен үшін әрдайым қызық. Сахнада өз болмысын қалыптастырып, әр рөлге жан бітіріп жүрген жас актрисалардың шығармашылық ізденісі, өнерге деген көзқарасы мен ішкі әлемі - театр кеңістігіндегі маңызды әңгіме. Бүгін біз сондай талант иелерінің бірі Бельгибаева Рабина Талғатқызымен сұхбат өрбітіп, оның өнердегі

Қазақ театрының бүгінгі тынысына жаңа леп әкеліп жүрген жас актерлердің өнер жолы - көрермен үшін әрдайым қызық. Сахнада өз болмысын қалыптастырып, әр рөлге жан бітіріп жүрген жас актрисалардың шығармашылық ізденісі, өнерге деген көзқарасы мен ішкі әлемі - театр кеңістігіндегі маңызды әңгіме. Бүгін біз сондай талант иелерінің бірі Бельгибаева Рабина Талғатқызымен сұхбат өрбітіп, оның өнердегі алғашқы қадамдары, сахнаға деген махаббаты жайлы әңгімелеспекпіз.

1. Актер болуды таңдаған сәттен бері сізде өзгермей қалған қандай қасиет бар?

Әрдайым өзімді қамшылау, өз-өзімді күту. Жаңа дүниелерге ашық көзқараспен қарап, барлығын үйреніп, айналама көңіл бөлу. Бәлкім өзгермеген дүнием сол бір байқампаздық әрі жаңашылдыққа құмарлық болар.

2. Өнерден бөлек, сізді өмірде не шабыттандырады?

Көбіне адамдар, ол қасымда жүрген жандар, отбасым және кішкентай балалар, олардың энергиясы саған деген махаббат көзарасы ерекше шабыттандырады, жүрегім жылиды. Табиғат, тау, жылқы жан-жағымдағы әдемілікті көзбен көру оны сезу.

Әркезде кішкентай ғана дүниелерден шабыт алуға бейіммін, бір кісінің игі ісі немесе өнердегі туындылар мейлі ол кейіпкер жасау болсын, мейлі картина болсада. Жалпы айтқанда адам баласының қолынан келер мүмкіндіктерінің барлығы менің жүрегімді өнерге толтырады.

3. Рольмен жұмысты неден бастайсыз? Кейіпкерге қалай енесіз? Өзіңізге тән қандай да бір әдеттеріңіз немесе ритуалдарыңыз бар ма?

Ең бірінші кейіпкерімнің өмірбаянымен жұмыс жасаймын, оның кім екені, қайдан шыққаны, ары қарай осы пьесада қалай өрбейтінін зерттеп аламын. Сол жанның мінезіне қарай өзгеруге тырысамын. Ал, әрекет кезінде өзімнің бір әдеттерімді, менің қылықтарымды қосып ерекше бейне шығаруға тырысамын, ізденемін.

Иә, ритуалдарым бар. Әрине әрқашан құдаймен сырласамын, бірақ, дәл осы кездерде оған бұрынғыдан да жақындай түсемін, ішімдегіні ақтарып, тазарып отырамын десем болады…

4. Қай роль сіздің шығармашылық жолыңызды өзгертті?

Ұлпан деп нақты айталамын себебі, осы рольге дейін Түскістан музыкалық драма театрында да елеулі, басты рольдермен жұмыс жасаған болатынмын. Осы театрға Дина Жұмабай «Ромео мен Джульета» спектаклінің қойылуы барысында мені байқап, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына келуіме ықпалын тигізді, себепші болды десемде болады. Театрға келіп Гүлназ Балпейісованың іріктеуінен өткеннен кейін тек шығармашылық жол ғана емес өмірім өзгерді десем артық емес. Жаңа қала ауыстыру, жаңа театрда жұмыс істеп, ұжымға үйренісу. Осы кейіпкерімнен кейін мағанда үлкен рольдер беріліп бастады. «Ұлпан» менің сәтті шығармашылығымның бастауы десем артық емес деп білемін.

6. Өзіңіздің актер ретінде өскеніңізді қалай байқайсыз?

Театрда үш жыл бойы жұмыс жасап келемін, әрине алғашқы жылға қарағанда өсуді қатты байқаймын. Қазір еркіндікті сезінемін, дисциплина және өз бойымдағы қасиеттердің өзгергенін көре аламын. Әсіресе, тіл байлығым… Біз зумерлік буын болғандықтан тіліміз шала қазақша, көзқарасымыз басқаша. Театр менің бойыма дәл осы қасиеттерді сіңірді десем болады.

7. Сіздің стиліңізге кім немесе не әсер етті?

Стиль сенің көрген, естіген дүниелеріңе байланысты өзгеретін секілді. Көп көріп, көп білсең және сенің ұнататын бағытың бойынша көп ізденсең соған байланысты сенің тұла бойың, өз-өзіңді қстауыңда өзгереді.

Өз басым барлығын біліп қалуға дайын жүремін. Жалпы өзімді меломан деп санаймын. Себебі, кино әлемі, музыкада да болсын жанжақты көруге тырысамын. Жалпы жасөспірім адам өз өсуіне ізденіс жүргізіп жақан шағында, мастерлеріміз, ересек жандар бағыт-бағдар беріп бойымызға құйып отырады. Бәлкім менің өзіндік стилімнің қалыптасуы дәл осы колледж қабырғасынан басталған болар…

8. Сіз ойнаудан қорқатын роль бар ма? Неге?

Бұл сұрақ туралы әлі ойланып көрмеппін… Менің жұмысым болғаннан кейін сесекенетін кейіпкерім жоқ секілді. Бірақ, қатты қорқатыным ол сахнадағы рольдерімнің таптаурынға түсуі. Сахнадағы өмірімді енді-енді бастап келе жатқандықтан бұл дүниеден тартынамын. Тек мен ғана емес өмірін өнерге арнаған барша жан солай ойлайтын болар…

9. Өзіңізді қай жерде еркін сезінесіз - сахнада ма, әлде камера алдында ма? Осы екі саладағы Рабинаның айырмашылығы неде?

Кино саласындағы жолымды енді бастап келе жатырмын соның өзінде де театрда өзімді еркін әрі шынайы бақытты сезінетінімді түсінгендеймін. Ол жақта жан-тәніңмен беріліп, көпшілікке ойнап, энергияңды ауқымды шашасың. Әрине, кинода да осал емессің бұл жақтың да өзінің қызықтары бар. Бұл жерде барлығы өмірдегідей, еріксіз шығатын эмоцияларыңды түсіресің, публикаға емес жаныңдағы серіктесіңе әрекет жасайсың.

«Театр - дисциплина, театр - жауапкершілік, театр - өмірдің айнасы»

Бельгибаева Рабина Талғатқызы

Темірбек Жүргенов атындағы

Қазақ Ұлттық өнер академиясының

III-курс студенті

Абикен Зейнеп