Берлинде өткен Украина, АҚШ және Еуропа одағы басшыларының келіссөздері алғашында соғысты тоқтатуға бір табан жақындататындай әсер қалдырды. Америкалық ресми дереккөздер «бейбітшілікке кедергі болып тұрған мәселелердің 90 пайызы шешілді» деп мәлімдеді. Алайда келіссөздер аяқталған соң негізгі сұрақтар – соғыстың нақты қалай және қашан тоқтайтыны, сондай-ақ ұсынылған кепілдіктердің шынайы құны – бұрынғыдан да күмәнді күйде қалды.
Қауіпсіздік кепілдігі: НАТО-сыз НАТО
Келіссөздердің өзегіне айналған басты мәселе – Украинаның болашақ қауіпсіздігі. АҚШ пен Еуропа ұсынған жоспар Украинаға НАТО Жарғысының 5-бабына ұқсас кепілдіктер беруді көздейді. Яғни Украинаға жасалған ықтимал шабуыл Батыс тарапынан ұжымдық жауапқа себеп болуы тиіс.
Алайда бұл кепілдіктердің формальды түрде НАТО мүшелігімен бекітілмеуі – жоспардың ең әлсіз тұсы. Украинадан НАТО-ға ресми кіруден бас тарту талап етіледі, ал оның орнына құқықтық тұрғыдан міндетті, бірақ саяси жағынан әлдеқайда икемді тетік ұсынылып о