Жер үйді, моншаны бір батырма арқылы әп-сәтте жылыта салатын автоматты қазандықтар Қарағандыда өндіріледі. Заманауи пеші ішкі нарықты қамтып, тіпті шетелге де экспортталып жатқан «Горняк автоматты қазандықтары» кәсіпорны – өз саласында көшбасшы. Президент Жолдауда: «Өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретін уақыт келді» деген еді. Аталған серіктестік өңір өнеркәсібінің өркендеуіне елеулі үлес қосып отыр. Кәсіпорын басшысы Данил Березиннің айтуынша, бұл берекелі бизнесті әуелі әкесі Андрей Алексеевич бастап, кейін ұлына сеніп тапсырған. Данил Андреевичтің де компанияға басшылық еткеніне 10 жылдан асыпты. Әкесі Андрей – тәжірибелі дәнекерлеуші. Содан өз үйіне автоматты түрде жылу тарататын тұрмыстық қазандықты жасап шығаруды ойластырыпты. Күні-түні пеш күзетіп, машақаттан құтылуды көздеген ол технологиясын біраз уақыт іздеген көрінеді. Сөйтіп, қызуы күшті пешті жасап шығарады. Мұны көрген тамыр-танысы, көрші-қолаңы Андрейдің алтын қолынан шыққан пешке қызығып, тапсырыс береді.