Оқушылар сыныпқа келіп, кіріп болғанша үзіліс те бітіп кетті. Қайтадан төменгі қабаттағы кезекшінің «Звонок» деген, тамағын қинап шығарған айқайы естілді. Коридор тынышталса да, еңбек сабағының сыныбына тыныштық мүлдем кірмеді, керісінше, Нуриктың сыныптастары одан сайын есіріп, тіпті бұзақылыққа кірісіп кеткендей болды. Соның ішінде тентектіктің құлағында ойнаған Вася болды. Вася дауысы ащы, аласа бойлы, шымыр келген денелі, беті секпіл секпіл болған бала еді. Ағалары жоғары сыныпты оқығанымен мақтанып, өтірік араласқан бандылар туралы және криминал туралы кинолар туралы көп айтушы еді. Сыныптың ішіне кірген бойда Вася бірінші партаға отырып алды да, қолына ілінген ағашты алып алып, соны партаның бетіне ұрғылап «Алексеич! Алексеич! Дядя Леха!» деп өте қатты айқайлай бастады. Ол айқайын пері күлкімен жалғастырып, құтырған кісідей кабинеттің бәрін басына көтерді. Онымен бітпеді... Васяның жанына Медет қосылып, ол да қырылдаған дауысымен «Дядя Леха! Дядя Леха! Дядя Леха бородач!» деп зарлап айқайлады. Оларға Вова қосылды. Ол да кабинетті шулатты. Сыныпта он шақты бала жиналып еді, бәрі күліп, шулап, айқайлап кетті. Бәрі бір орында отырмай, жаңа сыныпты аралап, неше түрлі жаңа, қызық заттарды ұстап қарап, зерттеп кетті. Бір заманда Леша атып шықты. Ол мұғалімнің үстелінле тұрған «рубанок» деп аталатын құралды қолына алып алып партасына келіп, партаның бетіне бір ұрып, «Алексеич! Дядя Леха! Менты нагрянули!» деп айқайлады. Рубаноктың дыбысы қатты шықты, партаның бетінен шаң мен жаңқа көтерілді, ал Лешаның қалжыңы бәріне жақты. Бір сәттен соң барлық сынып «Менты нагрянули!» деп жан жақтан айқайлай кетті. «Неге олай «менты» деп айқайлайды екен? Ол неге олай болды екен?» деп Нурик біраз ойланып еді, бірақ мына айқайдан басы қатып кетті де, ештеңе демеді... Бір уақытта айқай мен шудың ортасында Нуриктың көзі мұғалімнің үстелінің артында, тақтаның жанына қарай кеткен жердегі есікке түсті. Есік ашық, сыныптың құпия бөлмесіне апаратын жол ашатын есік тәрізді... Нурик сол жаққа қарай барды. Есік аңқайып ашық тұрғасын, кіруге тиым салынбаған шығар деп оқушы да келесі бөлмеге өтті. Ол бөлме сыныпқа қарағанда шуақтылау болып көрінді, бөлменің бәрі құрал саймандарға, ағаштарға, жасалып жатқан жиһаздың бөлшектеріне, неше түрлі табурет отырғыштарға, құмыраларға, сырдан қалған қаңылтырларға, пайдаланылған кисточкаларға, лас, сыр жұққан газеттерге, жәшіктерге, жартылай жасалған, жартылай сырланған сөрелерге, беті даттанған білдектерге толы екен. Заттардың беті үш елі шаң, бөлменің ішінде темекі, сыр және ағаштың иістері ұрып тұр екен. Сол бөлмеде Нурик балға, ара, шеге секілді дүниенің өмірде көрмеген алуан түрін көрді. Олардың түрлері жарылып кететін заттар сияқты суық көрінді, Нурик біреуіне де жақындамады. Жартылай құрылып, жартылай кесіліп, боялып, шабылып қойылған шкаф тәрізді нәрселер терезенің қасындағы бұрышқа жиналған екен. Сол бұрыштан алыс емес жерде, жан жағындағы ағаш жоңқаларға қарағанда, ағаш кесетін құрылғы ма әлде бір мотор жалғанған ара ма, әйтеуір нән үшкір «тістері» бар, ұстараның жүзіндей қауіпті дөңгелек орнатылған екен. Сол қондырғының үстінде жаңағы өткір арамен жартылай ортасынан қақ бөлінген Ленинның портреты жатыр екен... Жалпы оқу сыныбымен жаралас болып тұрған бөлме бейберекет боп, қоқып, жер сілкінгендей қалда тұр екен... Оң мен солын қарап үлгерген Нуриктың назары сол бөлменің алыс бұрышына ауды. Сол жерде ғана бір шаршы метрге жетер жетпес жер тиянақтай болып жинаулы тұр екен. Нурик төрт бұрышты қоңыр жиһазға ұқсас зат көрді де соған қарай келді. Әлгі қоңыр «жиһаз» дегені ол үлкен, ескі, бұрыңғы заманнан қалған радио екен. Там сондай радионы Нурик кішкентай кезінде, ауылға барғанда әжесі мен атасының үйінде көруші еді... Радионың алды үлкен экран тәрізді панель, оның бетінде радиотолқын аулауға арналған сандар, оң жағында бұрайтын тұтқалар. Радионың беті тап таза: шаңы да сүртілген, сыр да тимеген. Ал радионың үстінде бір кішкене қана, алақанға сиып кететін, жақтауға салынбаған ақ қара түсті фотосурет тұр екен. Нурик суретті қолына алып қарады: суретте әскери форма киген, кеудесінде бір екі медалі бар, басында фуржакасы бар, жүзі жылы азамат ойын жинақтап отырып суретке түсуге ниеттенсе де, көзі күлімсіреп қарап тұр екен. Фото суреттің артында «Брату Алексею от Николая» деген жазуы бар екен. Нурикке осы кішкентай ғана ақ қара түсті сурет бір ерекше әсер еткендей болды. Не болса да өткен ғасырда жасалған ескі фото карточканың иесі мықтап мұқият сақтаған көрінеді, шаң тигізбеген, бір бұрышын да майыстырмаған, бір қыртыс та бетіне түсірілмеген екен. Онымен қоса фото сурет, көп адам көре бермейтін жерде, жұмыс жасалатын бөлменің ең таза жерінде орнын тапқан екен. «Соған қарағанда осы суреттегі кісі ерекше қымбат боп тұр ғой... Фотоны осылай құрметтеп сақтағанына қарағанда...» деп бесінші сынып оқушы қорытынды жасады да, суретті орнына кері қойды. Суреттегі жас жауынгер көзі күлімсіреп қарап тұра берді. Осындай ойға келіп, «жасырынды» бөлмені зерттеп, мұқият, аса үлкен құрметпен, төрде сақталып тұрған суретпен танысқаннан кейін Нурик ішінде еңбек сабағына да, еңбек сабағының мұғаліміне де қорқынышы азайғандай болғанын сезді. Сыныппен жаралас қоқып жатқан бөлмеде көп қызық ештеңе жоқ екеніне көз жеткізіп, ол кері сыныпқа қайта оралды...
Сыныптаға жағдай сол бір қалыпты екен. Баяғы сол айқай шу, әңгіме, алысу мен жұлысы... Леша болса қайтадан Медетті қатар айналдырып қуып кеткен екен. Ал Вася болса, сол шаршамастан «Дядя Леха! Дядя Леха! Менты!» деп айқайлауын жалғастыруда екен. Беті қып қызыл боп, қоймастан, қолына ағаш алып алып, сол ағашты партасына ұрып айқайлауда екен... Бір екі айқайлап алып, қарқылдап күледі, сосын қайтадан айқайды салады. Қайталағаны сол баяғы бір екі сөз. Оның айқайынан жалыққандар топ топ болып бірігіп алып, әңгіме соғуда екен. «Ол не қалжың екен сонда? Неге ол солай жаны шығып бара жатқандай шыңғырады екен?» деп Нурик те таңғалды да қоя берді... Бұлдыр болған терезенің әрі жағында шуақты қыркүйектің құтты күні өзінің жалғасын таба берді, қаланың өмірі гүрілдей берді, мектептің ауласында өсіп тұрған қарағаштар бұтақтарымен терезені түртіп, бастарын шайқап тұра берді... Шаң, сыр, ағаштың иістеріне толы еңбек сабағына арналған сыныптағы оқушыларда қайсысының шаруасы бар десеңізші...
Тек бір уақытта сыныптың ішіне еңбек сабағы мұғалімі кіріп келді...