МОҢҒОЛ ИМПЕРИЯСЫ (1227 – 1259 ж.ж.)

ХІІ ғасырдың екінші жартысында (шамамен 1155 немесе 1162 жылдары) Евразия құрлығының орталық бөлігіндегі көшпелі тайпалар мекендеген Орталық Азия өңірінде дүниеге келіп, әлемге Шыңғыс хан есімімен белгілі Боржигин тайпасының көсемі Темуджин ноянның жетпіс жылдық ғұмырының - бытыраңқы өмір сүрген тайпаларды біріктіруге арнап өткізген жиырма жылдығында құрған алып империясы (осы өңірдегі көшпелілер құрған үшінші империя, алдыңғыларын Ежелгі және орта ғасырлық ғұндар мен түркілер құрған болатын), билеушінің жекелей харизмалық қасиетімен, замананың сол кездегі талабын төтенше түрде шешуді қажет еткендігімен құрылған болатын. Әрине, заман талабын шешу үшін, Шыңғыс хан атанушы Темуджинге қатігездікпен қаталдық ту етуден басқа амал жоқ еді. Бұл – Шыңғыс хан жасаған қатігездікті ақтаушылық емес, Шыңғыс ханның қатігездігі сол заманның сұраныс заңдылығы еді дегенді айту. Жалпы алғанда Шыңғыс хан құрған алып империя, бағындырушы халықтың (моңғолдардың) бағындырған халықтарды саяси - экономикалық тәуелділікте ұстауы арқылы өмір сүргендігі шүбәсіз. Үздіксіз соғыс жүргізіп құрылған мемлекеттің өмір шеңділігін ұстап тұру мақсатында жаулап алынған жерлерде басқару жүйесін өзгертіп ғана қоймай, мемлекеттің басқару аппаратын да өзгерту керек болады. Осы мақсатты жүзеге асырушы үшін, Шыңғыс хан жаулап алынған жерлерді өз балаларына ұлыстық негізде бекітіп ғана қоймай, өзінен кейінгі биліктің берілу тәртібін де жасады.

1227 жылы Моңғол империясының негізін салушы Шыңғыс хан қайтыс болғанда, мұрагерлік өсиет негізінде хан тағын Шыңғыс ханның үшінші ұлы Үгедей иеленіп хан атанған болатын. Биліктің Үгедейге бұйыруы Шыңғыс ханның тірі кезінде шешілгендіктен, ұлы моңғол ханы қайтыс болған шақта жиналған ақсүйектердің ешбір кедергіге тап болмай жоғарғы биліктің өкілеттілігін тапсырды. 1227 жылы Үгедей ұлы моңғол ханы болып жарияланған соң, Шыңғыс ханның тарихтағы соңғы жорығы болып қалған Таңғұт патшалығына қарсы жорықты аяқтап, моңғолдардың Қытайға ішкерілей енуіне жол ашқан болатын. Үгедей хан оңтүстік шекарада тыныштықты орнықтырған бойда – Жошы ұрпағы тиесілі болуы керекті моңғол атының тұяғы баса қоймаған жерлерге жорық мәселесін шешу мақсатында құрылтай жиналысын шақырған болатын. Бұл құрылтай жиыны 1235 жылы шақырылған болатын. Бұдан кейін моңғолдардың батыс өңірлерге бағытталған 7 жылдық басталады. Моңғолдардың батысқа бағытталған жорығын Жошының ұлы Бату жүзеге асырды. Әрине Бату батысқа жорықты Ұлы моңғол империясының ұлы ханы Үгедейдің атынан жүзеге асырғанын атап өткен жөн. Үгедей хан билік еткен 14 жылдың ішінде моңғолдар Таңғұт мемлекеті мен Чжурчжендер мемлекетін жойып, Кореяны тізе бүктірген еді [1, 64б].

1241 жылы Үгедей хан қайтыс болды. Моңғол империясында патшалар арасында бес жылға созылған дүрбелең кезең басталды [2, 79б]. Ұлы ханның қайтыс болуы Европалықтарды моңғол шапқыншылығынан аман сақтап қалды. Үгедей ханның өлгенін естіген Бату кері қайтуға мәжбүр болды. Бірақ моңғолдық дәстүр бойынша жаңа ханды сайлау бойынша шақырылуға тиіс құрылтай жиыны шақырылмады. Бұның себебі Қарақорымда өз билігін мығымдап үлгерген Үгедей ханның жесірі Турақына ханымның хан баласы ержеткенше уақытша билікті жүзеге асыратын регент болып жариялануында еді [3]. Турақына билік құрған кезде билікті Үгедей әулеті шеңберінде ұстап тұру әрекеті тым ашық көрініс таба бастады. Бірақ Қарақорымдағы билікті Үгедей әулетінің ұстап қалуына Шағатай әулеті мен Төле әулеті өкілдерінен ешбір қарсылық туғыза қоймады. Бұның себебі Үгедейдің отбасы Ұлы Моңғол империясының ханы болып 14 жылда оның әулеті Қарақорымда мықтап тұрып орнығып алған болатын. Сондықтанда Шыңғыс ханның басқа да балаларынан тарағандар хан әулетімен қақтығысқа баруға асыға қоймады. Ал Батыстағы жорықтан кері оралып, Еділ бойына тұрақтанған Батый төңірегіне топтасқан Жошы ұрпақтары ұлы моңғол тағына дәмеленуін қойып, өздері бағындырған аймақта тәуелсіз мемлекет құруға талпынды. Олар (яғни Жошы әулеті) Қарақорымдағы ұлы моңғол ханының номиналды билігін ғана қабылдап, өздері ұлыстық негізде қабылдап алған жерлерде мемлекеттіліктің нышанын еңгізуді бастап кеткен болатын. Осылайша империяның батыс бөлігінде себіле бастаған сепаратизмның ұрығы басқа ұлыстарға біртіндеп тарай бастады. Шыңғыс әулетінің атақонысы саналған Моңғолия жерінде Үгедей мен Төле ұрпақтары арасында ішкі тартыстар басталды. Бұл тартыста Төле ұрпағының жағында Жошы әулеті тұрса, Үгедей әулетін Шағатайлықтар қолдап отырған шаққа сәйкес келді. Алайда бұл саяси үрдіс түрлі себептерге орай біртіндеп өрістеп, жылдам қарқын ала бастады. Үгедей өлгеннен кейін билік тізгінін жаңа ханды сайлағанға дейін оның жесірі Турақына өз қолына алады. Ол кеңесшілері мен қолбасшыларының емес, сарайдағы қызметші әйелдердің сөзін көбірек тыңдайды [4].

Моңғолдардың батысқа жасаған жорығының аяқ шамасында, яғни 1241 жылы Үгедей хан қайтыс болғаннан кейін, Шыңғыс хан империясында билік дағдарысы басталды. Ұлы хан тағына лайықтылар Жошының ұлы Бату хан мен Мөңке болатын. Соған қарамастан сарай төңірегіндегілердің ұйғарымымен 1246 жылы Құрылтайда Үгедейдің ұлы Күйік «хан» болып жарияланды. Бірақ оны Жошы мен Төле ұрпақтары мойындамады [5]. Бұған өз кезегінде Турақынаның өзге ұлыс билеушілерін мемлекетті басқару ісіне араластырмай шеттетуі себепкер болды. Саяси дағдарысты жаңа ханның сайлануыда тоқтата алмады. Күйік ханның мемлекет нығайтуға жасаған қадамдарына қарамастан оның нұсқауларын ұлыс билеушілері орындауға құлықсыз болды. Күйікті Ұлы хан ретінде ұлыс билеушілерінің мойындамауы ашындырды. Моңғолдардың Батысқа қарсы бағытталған жорығы кезінде көзге түсіп, моңғол ақсүйектерінің кең қолдауына ие болған Бату Қарақорыммен ашық қарсылықа барды.

1248 жылы Бату мен Күйік әскерлері бір-біріне қарсы жүреді. Бірақ Күйік ханның мезгілсіз қайтыс болуы арадағы шайқасты болдырмай тастайды. 1248 жылы Күйік қайтыс болған соң, әулеттің үлкені ретінде Бату Шыңғыс ұрпақтарын тақ мұрагері жайлы кеңінен ақылдасып, бас қосуға өзіне шақырды. Ол таққа мұрагерлікке Төленің ұлы Мөңкені ұсынады. Басқалары онымен бірауыздан келіседі. 1251 жылы Батудың талабы бойынша құрылтай шақырылып, онда Мөңке хан болып тағайындалады. Үгедейдің ұрпақтары Мөңкені хан ретінде мойындағысы келмей, оған қарсы қастандық ұйымдастырады. Бірақ олар ұсталып қалып, астыртын топтың 77 мүшесі Батудың бұйрығы бойынша тегіс өлтіріледі. Мөңке ханның тұсында Кіші Азияға жорық жасау туралы шешім қабылданады. Оны Мөңке қағанның інілерінің бірі Хулағу басқарды. Хулағу ханға көмекке Иранды және Бағдадты алуға қатысқан Алтын Орданың әскері жіберілді.

Бұл жылдары Алтын Орда Қарақорымға әлі де болса тәуелді жағдайда еді. Жошы ұлысы Мөңке ханды ұлы хан ретінде таныды. Батудың өзі Мөңкеге «кіші інісі» ретінде емес, өзімен дәрежесі тең билеуші ретінде қарады. Ол Ұлы ханға тәуелді екенін мойындап қана қоймай, оның атымен теңге шығарды. Бату Мөңке ханға Сартақты Алтын Орданың ханы ретінде бекітіп беруін сұрап-білуге жібереді. Мөңке хан Сартақты ерекше қошеметпен қарсы алып, әкесінің орнына билікке келуін мақұлдап, оны лауазымы жағынан хандықтағы екінші адам деп жариялайды. Сартақ Мөңке ханның ордасында жүрген кезде 1256 жылы Бату кенеттен қайтыс болады. Бату хан өлген соң тақ үшін өзара қырқыс басталды. Берке мен оның жақтастары тақ үлкен ағасынан кіші інісіне қалатын ата-баба дәстүрін сақтауды талап етті. Көне шежірелерде оны (яғни Сартақты) у беріп өлтірген Беркенің жақтастары делінеді. Сартақтың қаралы хабарын естіген Қарақорымдағы Мөңке хан Алтын Орданың ханы етіп Беркені емес, Сартақтың ұлы Ұлақшыны қойды. Ол Батудың үлкен бәйбішесі Беракчин ханымға Ұлақшы әкесінің орнына таққа отыратын жасқа жеткенше тәрбиелеуді және уақытша ел басқаруды сеніп тапсырды. Бірақ Ұлақшы да сол жылы белгісіз жағдайда қайтыс болды. 1258 жылы Берке өз жақтастарымен бірге ақыры көздеген мақсатына жетіп, билік басына келді. Берке өзінің мемлекетінің ауқымын біртіндеп кеңейте бастады [ 7, 116 - 118бб]. Алтын Ордадағы билікке қол жеткізген Берке Қарақорымға бағынуға мүдделі болмай, атасы тарапынан өсиет етілген жерлерді бір мемлекетке айналдыруға асықты.

Жалпы алғанда Моңғол империясында орталық билікпен өңірлердегі жоғары билікті тапсыру мен иемдену бір ретпен көрсетілмендіктен мемлекетті басқару бір адамның (Ұлы ханның) ұйғарымен шешіліп отырды. Мемлекеттің жоғарғы билігіне қол жеткізу үшін, ақсүйектердің ашық түрдегі қолдауы керек болды. Бәлкім бұл «дала демократиясы» шығар, не десек те, бұл – ерекшелік. Ал ханның тікелей мұрагерлерінің жастығына байланысты жоғарғы билікті уақытша басшы жүзеге асырды.

Бұндай ерекшелікті біз жоғарыда көрсетілген Ұлы Моңғол ханы Күйіктің жағдайымен қатар Шағатай мен Жошы ұлысындағы билікті тапсыру ерекшелігінен байқай аламыз. Әрине, екі жағдайдың ерекшелігі өзінше: біріншісінде орталық билікті ұстап қалуға тырысқан әулет аралық тартыс ашық көрініс берсе, екіншісінде өңірлердегі ашық көрініс беріп келе жатқан сепаратистік әрекеттермен қатар орталық билікке жан-тәнімен берілген немесе Қарақорымдағы Ұлы ханға бейімді саясат ұстауға тырысқан тұлғалардың үлкен саясат сахнасына көтерілуінен байқай аламыз. Осындай саяси тартыстар ашық көрініс беріп отырған Моңғол империясының болашағы алысқа бара алмайтындығын аңғару қиын емес еді.

1259 жылы Қытайды бағындыруға бағытталған жоспарлы түрдегі моңғолдардың екінші (Бірінші жорықты Шыңғыс ханның қолбасшысы Мұқылай жүргізсе, үшінші жорықты Шыңғыс ханның немересі Хұбылай бастады) жорығы кезінде Ұлы Моңғол империясының Ұлы Ханы Мөңке ханның қайтыс болуы саяси жағдайды тіптен ушықтырып жіберді. Өз кезегінде Мөңке ханның Ұлы Моңғол тағына отыруы саяси тартыстармен тұспа-тұс келіп, Үгедей ұлысы жойылып, Шағатай әулетінің өкілдері саяси қыспаққа алына бастаған болатын. Мөңкенің жоғарғы билікке қол жеткізгеннен кейінгі жеткен табыстары атап айтқанда Иракты, Таяу Шығысты, Кореяны Ұлы Моңғол Империясына қосуы диктаторлық жеке дара өктемшіл басқарудың арқасында жүзеге асқандықтан уақытша экономикалық-саяси табысты ғана әкеле алды. Бұл жорықтардың көп бөлігі Моңғол Империясы ханы Мөңкенің ағайындас бауырларының басшылығымен жүзеге асқандықтан өзге ұлыстарға пайда әкеле қоймады. Мөңке ханның атасы Шыңғыс ханнан жаулаушыл жорықтар жүргізу жағынан асып түспек әрекеті өзге туыстары жағынан қабылданбауы Ұлы ханды оларға қарсы қойды. Осы жағдай Жошы, Шағатай, Үгедей әулетінің Қарақорымдағы орталық билікті мықтап ұстап тұрған Төлей әулетінің сеніміне айдыруға әкелді. Олар Ұлы Моңғол ханының туы астында жүзеге асырылған жорықтарға қатыстырылмай шеттетеліп отырды. Мөңке ханның 8 жылдық билік құрған кезінде көрініс берген осындай жағдайлар Ұлы Моңғол империясының ыдырауына тікелей себепші болды. Мөңке хан қайтыс болған шақта екі інісі Арығ Бұқа мен Хұбылайдың Ұлы Моңғол тағына таласуы өзге ұлыс билеушілерінің тарапынан тек ғана Төлей ұлысының ішкі ісі деп қарастырылып, соғыстың тоқтаусыз түрде жүзеге асуының қолдаушылар қатарына қосқызды. Бұл Қарақорымдағы Жоғарғы Ұлы хандық биліктің сакральдығының жоғалу белгісімен көрініс берді. Ешбір ұлыс билеушісі Арығ Бұқа мен Хұбылайды бітістіру үшін құрылтай шақыруға мүдделі болмады. Хұбылайдың Арығ Бұқаға қарсы жүргізген бес жылдық соғыста нәтижемен аяқтағанына қарамастан, Қарақорымға тұрақтай алмай өзіне бағынған жұртты Қытайды жаулап алуға бағыттағандығы сондықтан болса керек. Бұл ретте жоғары билікке қол жеткізген Хұбылай үшін Қарақорымның орталық астана болудан қалып, өзгелердің (Жошы, Үгедей, Шағатай әулеттерінің) Төлей әулетін орталық билік иесі ретінде ендігәрі қабылдамайтындығы түсінікті жәйт болса керек еді. Сондықтан да Хұбылай Ұлы Моңғол империясын сақтап қалудың орнына Төлей әулетінің жеке мемлекетін құруға бар күшін жұмсады. Осылайша Шыңғыс ханның Моңғол даласындағы көшпелі тайпаларды біріктіруге арнаған 38 жылдық (1189-1227 жж.) ғұмырында құрған алып империясы ұрпақтарының алауыздығы арқасында 32-ақ (1227-1259 жж.) жыл өмір сүрді.

Автордан мақала,

Бірнеше жыл бұрыңғы конференцияға жіберілген мақала үзіндісі

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Ликеров. И. А Қазақстан: Еуразия даласы этностарының қысқаша тарихы. – Көкшетау: Келешек – 2030, 2008 ж.

2. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық жинақ. 2 том. – Алматы: Атамұра, 2010 ж.

3. Дорегене. //.ru.wikipedia.org/wiki/

4. Білгенге маржан. www. Balkhaslib/ kk/ resurs_16/id/2980

5. Мөңке. https: //kk.wikipedia.org/

7. Ұлы Дала мемлекеттері. – Алматы: «Аруна ltd.» ЖШС, 2010 ж.

 ХІІ ғасырдың екінші жартысында (шамамен 1155 немесе 1162 жылдары) Евразия құрлығының орталық бөлігіндегі көшпелі тайпалар мекендеген Орталық Азия өңірінде дүниеге келіп, әлемге Шыңғыс хан есімімен...

Сурет ғаламтордан алынды