Қазақстанда 5 жылда 3 300 жалғызбасты ана уақытында әлеуметтік көмек алды. Олардың сәбилері балалар үйінің табалдырығын аттаудан аман қалды. Қазір дағдарыс орталықтарында баласымен жалғыз қалып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған әйелдер пана тапқан. 2017 жылдың қаңтарындағы мәлімет бойынша, елімізде 140 ұйымда некесіз туылған 7236 бала тіркелген. Олардың 3460-ы балалар үйінде, 1011-і мектеп интернаттарда, 88-і отбасы үлгісіндегі балалар үйінде, 833-і отбасы үлгісіндегі балалар ауылында, 186-сы жеткіншектер үйінде, 173-і жетім балалар үйінде. Бұл – Білім және ғылым министрлігінің берген ақпараты. Сондай-ақ, құрсағына шарана біткеннен туыстары тұрмақ, ата-анасы теріс айналғандар, қысастық пен қорлыққа шыдамағандар "Аналар үйі" дағдарыс орталығынан пана тауып отыр. Тірі жетімдер санын азайту, өмірдің қысылтаяң кезеңіне тап болған жас және жалғызбасты аналарға көмектесу мақсатында ұсынылған жоба нәтижесін берді. Еліміздің осындай баспаналарға зәрулігі болар, алғашқы «Аналар үйі» бір айда толды.