Осы күнде қазақ даласында қанша тазы барын ешкім дөп басып айта алмайды. Ал, төбеттің жағдайы одан да қорқынышты, жоғалып кетудің сәл-ақ алдында тұрған сияқты. Бұл – қазақы иттің жай-күйінен бейхабар сырткөз емес, 30 жылдан бері осы шаруаның басы-қасында жүрген кинологтардың сөзі. Қызығы сол, көшпенділер дала заңы, баба заңымен өмір сүрген орта ғасырларда тазы-төбеттің атына да, затына да бөтен ешкім қол сұға алмаған. Саны мен сапасы да мінсіз еді. Қазақы иттердің құрдымға кетуі халқымыз отырықшы елге айналып, құқықтық негізде өмір сүруге көшкен 20 ғасырда басталған ғой. Әсіресе байдалы тұрмақ, бас қайғы 30-шы жылдардағы ашаршылық тазы мен төбетті қатты қыңсылатып жіберді. Ит тұрмақ басын, басы қалса малын аман алып қалу қазаққа мұң болған заманда құмай тазысын түз тағысына салып ағайын-жұртын асыраған бірен-саран аңшы болмаса, саятшылықты кәсіп қылатын адам қалмай, төбет күзететін мал да жоқ, бұралқы иттер басы ауған жаққа қаңғып кетіпті-мыс. Одан қалды сол заманның бай-баярлары малда