Найти тему
Qazaqstan Media

Жас ағаштарды заңсыз кесіп алған солтүстікқазақстандық ұсталды

Солтүстік Қазақстан облысында жас қайың мен көктеректі заңсыз кескен азаматтар анықталды, деп хабарлайды Qazaqstan Mediaтілшісі.

СҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, заңбұзушылық Шал ақын ауданында орын алған. Полицейлер рейд барысында орман ішінде Audi-80 автокөлігінің тіркемесіне жаңадан кесілген ағаштарды тиеп жатқан екі ер адамды байқап қалды. Олар 9 жас көктеректі және 6 жас қайыңды Жаңажол ауылына апаратын жолдағы бұрылыста орналасқан орман алқабынан кесіп алған. Тексеру барысында 52 жастағы жергілікті тұрғынның рұқсат қағазы жоқ екені анықталды. Ер адам өзіне құрылыс материалдары қажет болғанын айтқан. Ағаштардың орман қорына кіретіндігін және кесу үшін рұқсат алу керек екендігін білмепті. Баспасөз қызметі заңбұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 381-1-бабы (Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау) бойынша материал жиналғанын хабарлады.

«Айта кету қажет, ағаштарды заңды түрде кесіп алуға да болады. Бұл үшін орман шаруашылығына жүгініп, орман қорына кіретін ағаштарды кесуге тиісті рұқсат қағазын алу керек. Бұдан бөлек, табиғатқа 100 АЕК мөлшерінен асатын шығын келтірілген жағдайда ағаштарды заңсыз кесу үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Облыс тұрғындарынан табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз, – дейді аудандық ПБ бастығы Руслан Мұхамбетжанов.