Найти тему
Qazaqstan Media

«Солтүстік» ӘКК» АҚ бұрын қымбатқа алған қантты кәсіпкерге бағасын одан әрі шарықтатып саудалаған

«Солтүстік» ӘКК» АҚ кәсіпкерге әлеуметтік маңызы бар тауарды қымбатқа сатып келген. Өнім құны тауарды көтерме бағамен саудалайтындардан 30 теңгеге жоғары болған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің мәліметінше, оларға жеке кәсіпкер шағымданып, тұрақтандыру қорындағы азық-түлікті қымбат бағаға алуға мәжбүр болғанын айтқан. Ауылда дүкен ұстайтын бизнесмен сауда орнында сату үшін тұрақтандыру қорынан әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 5 түрін алмақ болған. Алайда акционерлік қоғам өкілдері оны қосымша әлеуметтік қантты алуға міндеттеген. Бірақ тауардың бағасы ол жердегі өзге көтерме саудамен айналысатындардан 30 теңгеге қымбат болған.

«Осылайша, «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тарапынан әкімшілік кедергі жасалған. Олар шағын бизнес субъектілері есебінен бұрын қымбат бағаға алынған азық-түліктен құтылмақ болған. Ведомствоның араласуынан кейін барлық тараптардың қатысуымен кездесу өтіп, мәселе оң шешілді. Яғни, кәсіпкерлер қажетті азық-түлікті еш шектеусіз сатып ала алады», – делінген СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің хабарламасында.