Найти тему

ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҒЫНДА ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

                                       Мустанова Назерке Жайлаукановна                                                                                           педагогика ғылымдарының магистрі ,№ 127 ЖББМ  Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі .
Мустанова Назерке Жайлаукановна педагогика ғылымдарының магистрі ,№ 127 ЖББМ Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі .

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақстан Республикасындағы оқу мен тәрбие жүйесін техникаландыру мен автоматтандыру тенденциясының болашақ қарқыны мен қадамдары оқушыға білім мазмұнын, білімдік ақпаратты берудің жаңа жолдарын іздеумен және компьютерлік жүйені оқу-тәрбие үрдісіне енгізумен тығыз байланысты.

Қазақстан Республикасының білім беру саласының тұжырымдамалық (концептуалды) үрдістерін жаңашаландыру негізін білімді ізгілендіру, ақпараттандыру, үздіксіз білім беру, технологияландыру, бұқаралық білім беру сияқты маңызды мәселелер құрап отыр [1].

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылатын қазақ тілі бүгінгі күні қоғамдық өміріміздің барлық саласына еніп, өзінің толыққанды қызметін орындап келеді. Соның бірі – қазақ тілінің білім берудің барлық сатысындағы міндетті оқу пәні болып отырғандығы.

Қазіргі кезде тілдік білім беру адамдық құндылыққа айналып, өзінің мынадай үш аксиологиялық топтамасын терең тануды қажет етіп отыр:

– тілдік білім беру – мемлекеттік құндылық;

– тілдік білім беру – қоғамдық құндылық;

– тілдік білім беру – тұлғалық құндылық [2, 34-б].

Қазақ тілін цифрлық технологиялар арқылы оқыту үдерісін ұйымдастыру дегеніміз – ақпараттық технологияны қазақ тілін оқыту үдерісінің маңызды бір тірегі ету арқылы мемлекеттік тілді үйрету-өз бетімен үйрену үдерісін сапалы деңгейге көтеру, тиімділігі мен қарқынын арттыру. Цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін қазақ тілін оқыту үдерісінде қолдануда жаттығулар мен тапсырмалардың саны мен түрлерін арттырудың, өзара қазақша қарым-қатынас жасау өрісін кеңейтудің, оқытушы мен оқушының қазақша дидактикалық байланысын түрлендірудің, оқушының болашақ мамандар ретінде ақпаратты жинау, сақтау, жүйелеу, өңдеумен байланысты жаңа технологияларды қолдану маңызды болып табылатын қоғамда қызмет етуге даярлаудың жолдары кең арнада танылады.

Оқушыларға қазақ тілінен шоғырланған білімдік ақпарат беріп, оны есте сақтауға есту және көру құралдары арқылы ықпал ету – жаңа білім мазмұнын қабылдауға жаңа мүмкіндіктер туғызу болып табылатыны белгілі. Қазақ тілінен оқушының тыңдау, оқу, сөйлеу, жазу қабілеттерінің қарқынмен дамытылуында компьютерлік құрал маңызды орын алады. Өйткені ақпараттық құралдар тек мәтіндерді көрсетіп қана қоймайды, графикалық нысандарды, сапалы суреттерді көрсетіп, анимацияны, дыбысталу мен бейнені пайдалануға мүмкіндік береді. Жұмыстың өзектілігі аталған мәселелер негізінде танылады.

Зерттеу жұмысының мақсаты. Жалпы білім беру саласында міндетті пән болып табылатын қазақ тілін оқыту барысын цифрландыру , ақпараттандыру , қазақша еркін сөйлейтін, тыңдап- түсінетін, жазатын тілдік тұлғаны қалыптастыруға қажетті дағды мен біліктің жаңашалануын қажет етеді. Ол үшін қазақ тілін ақпараттық технологиялар негізінде оқытудың ерекшеліктерін лингвистика, тәрбие, әдістеме ғылымдарын танып-талдау арқылы анықтау және сол мәліметтерді теориялық-әдіснамалық тұғыр ете отырып, қазақ тілін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы оқытудың ақпараттық құрал түрлерін, әдіс-тәсілдерін, сабақтар жүйесін әзірлеу мен ақпараттық технологияларды қолданудың ұтымды әдістерін ұсыну.

Зерттеу жұмысының міндеттері.

- Қазақ тілін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы оқыту әдістемесінің лингвистикалық, дидактикалық, тәрбиелік, теориялық негіздерін анықтау;

- Қазақ тілін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы жаңартылған білім бағдарламасын меңгертудің жолдарын әзірлеу;

- Қазақ тілін практикалық тұрғыдан оқыту мақсатына сай білімдік ақпараттың көлемі мен мазмұнын анықтау. Қазақ тілін саналы түрде меңгеруге тірек болатын ақпараттық-коммуникациялық технология құралдары мен оқыту әдістерін жүйелеу;

Зерттеу нысаны. Қазақ тілін цифрлық технологиялар арқылы меңгерту үрдісі.

Зерттеудің әдістері. Зерттеу теориялық және эмпирикалық әдістер арқылы жүргізілді: талдау, жинақтау, модельдеу, салыстыру, бақылау, сауалнама жүргізу, педагогикалық тәжірибелік-эксперимент, тестілеу, педагогикалық тәжірибені жинақтап талдау.

Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері. Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері ретінде цифрлық технологияларды қолданудың мәні, оның дидактика, лингвистика, кибернетика, тәрбие берумен байланысы қарастырылды. Қазақ тілін оқытуды ақпараттық-коммуникациялық технологиялар тұрғысынан тану мәселелерінің бір теориялық тұғыры ретінде алынған лингвистикалық негізін анықтауда Р.Сыздықова, А.Жұбанов, Б.Хасанұлы, Н.Ж.Шаймерденова, М.Жүсіповтің, Н.В.Дмитрюк, К.Абишеваның еңбектері негізге алынды. Зерттеу жұмысымыздың әдістемелік негіздерін анықтауда қазақстандық әдіскер-ғалымдардың, атап айтқанда, қазақ тілін оқыту әдістемесінде тұңғыш ғылым докторы дәрежесін алған С.Рахметованың ғылыми теориялары, қазақ тілін деңгейлік оқытудың негізін қалаушы Қ.Қадашеваның, тілді қатысымдық тұрғыдан оқытуды қарастырған Ф.Оразбаеваның, қазақ тілін орта мектепте дамыта оқытудың теориялық негізін қалаушы Н. Құрманованың , қазақ тілін модуль арқылы оқыту мәселелерін қарастырған К. Жақсылықованың, екінші тіл ретіндегі қазақ тілі оқулығы теориясының лингвистикалық негіздерін қарастырған З.Күзекованың, жоғары оқу орындары студенттеріне қазақ тілін мамандыққа баулу арқылы оқытуға арналған Р.Ә.Шаханованың, шешендік өнерге баулу әдістемесіне арналған А.Қыдыршаевтың, қазақ тілін тіл дамыту арқылы оқытуға арналған А.Жапбаровтың [3,4], Ә.Жұмабаеваның, З.Бейсенбаеваның, Ж.Сүлейменованың, Ә.Әлметованың; Н.Оразақынованың, Ж.Дәулетбекованың, Ш.Құрманбаеваның, А.Сәтбекованың, Б. Жахинаның, Г.Бектұрованың, С.Дүйсенованың, К.Мухлистің теориялық тұжырымдары мен әдістемелік идеялары арқау болды.

Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы.

Қазақ тілін оқыту әдістемесінде цифрлық технологияларды көру, есту сатысында ғана емес оқушының шығармашылық қабілетін дамыту, танымдық қызығушылығын арттыру мақсатында қолдану маңызды.

Зерттеу жұмысында қазақ тілін оқыту әдістемесіндегі еңбектерге сүйене отырып, жаңартылған білім бағдарламасы бойынша ақпараттық-цифрлық технологиялар арқылы қазақ тілін оқыту әдіс-тәсілдері жүйеленді. Қазақ тілін оқытуда мультимедиалық бағдарламалар, онлайн тесттер, онлайн интернет платформалар, электронды сөздіктер, ойын элементтерін қолдану әдіс-тәсілдер жинақталып, эксперименттен өтті.

Цифрлық технологиялар жүйесімен оқытудың өзі оқу, тәрбие, даму рөлін атқаратын құрал болғандықтан, оның мазмұны адамзаттың игілікті ісіне жаратуға арналған материалдармен қамтамасыз етілуі тиіс. Өйткені «мультимедиа, компьютерлер, жаңа форматтағы теледидарлар ақпараттық-коммуникациялық технология болып табылып, физикалық кеңістітіктен жылдам өтуге мүмкіндік береді және де жеделдету арқылы ақпарат алмасуда

орталық пен шеттің арасындағы алшақтықты ақырындап азайтуға көмектеседі. Нәтижесінде мультимедиалық, цифрлық технология кез келген тұтынушыға тіпті біртұтас қауымдастыққа, әлемдік мәдени үдерістерге тартылуына және қосылуына мүмкіндік береді. Цифрлық , мультимедиалық құралдар адамның өз мүмкіншіліктерін өзі іске асырып, әртүрлі және үлкен әсер беруші формалар мен әдістерді табуға мүмкіндік беретін, үнемі дамып отыратын шығармашылық әлеуетке ие. Толықтай технологизациялау қазіргі қоғам өмірінің барлық саласын қамтып отыр. Технология дамуының логикасында бар прогресс пен инновацияға бет бұрыс жасау мәдениет пен өнерге, білімге де оң және ынталандырушы әсер етуі тиіс. Аталып отырған салалар – осы цифрлық , мультимедиалық технологиялардың қызметін белсенді қолданатындар. Осыған байланысты мультимедиа, цифрлық технология мәдениеттің құбылысы ретінде танылып, оның өнімдерінің игілікке жұмсалуын қамтамасыз ету қажет», - деп санайды осы саладағы зерттеушілер [12, 16-17-б].

Бір уақытта және кеңістікте қолданылған алгоритм, екінші өлшемде өзгерістерге ұшырап жатады. Дегенмен де цифрлық технологиялар жүйесімен оқытуда бір уақытта, бір кеңістікте бір құралмен екі білім субъектісі жұмыс істейтінін ескерсек, цифрлық технологиялар жүйесімен оқытудағы оқу үдерісінің режимі ерекше алгоритмдік ұйымдастыруды қажет етеді. Цифрлық технологиялар жүйесімен оқытудағы білім алушының тек қана қазақ тілі бойынша білім алып қоймай, сонымен бірге зерттеу, технологиялық, ұйымдастыру, басқару сияқты белгілі бір қызмет түрлерін де игереді. Ал осы қызметтердің барлығы қазақ тілінде жасалуы тілді толыққанды игертуге септігін тигізеді. Сондықтан да кез келген білімді игеру қызметті игеру негізінде өтсе ғана нәтижелі және табысты болады.

Адамның оқуда және оқу мазмұнын игеруде белсенді қатысушы бола алуы туралы мәселеде А.Н. Леонтьев, П.Я. Гальперин, Н.Ф.Талызинаның еңбектеріндегі ақыл-ой қызметін кезеңмен қалыптастыру теориясы маңызды рөл атқарады. Оқу үдерісіндегі белсенділік, осыдан оқытудың алгоритмдік қырларының мәселелерін зерттеу швейцар психологы Ж.Пиаже еңбектерінде де көрініс тапқан. Оның тұжырымдамасында басты орын субъектінің жоғары белсенділігіне беріледі. Өйткені Ж.Пиаже бойынша, кез келген интеллект актісі, мейлі ол бала немесе ғалым болсын, белсенді операциялар қасиетіне ие болады [13]. Бұл тұжырым қазіргі цифрлық технологиялар жүйесімен оқытуға толығымен сәйкес келеді деуге болады, ақпараттық технологиялар, мультимедиалық құрал мен бағдарламалардың көмегімен кез келген адам белгілі бір алгоритмдерді игеру арқылы өзіне қажет материал жасай алады. Бұл адамның жасына немесе қызмет түріне байланысты болмайды. Бірақ бұл жердегі ескерілетіні – мультимедиалық өнімнің нысаны мен мақсаты, яғни не үшін және қандай мақсатта жасап отырсың деген сұраққа дұрыс жауап болуы тиіс. Осы жерде берілетін білімнің мазмұндық рөлі мен функциясы үлкен рөл атқарады. ХХ-ғасырдың аяғында өзектілігін танытқан оқытуды алгоритмдеу туралы дидактикалық мәселе өзінің бүгінгі күні қолданысын цифрлық технологиялар жүйесімен оқытуда тауып отыр.

Ал қазақ тілін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жүйесімен оқытуда жоғарыда айтылған қазіргі цифрлық технологияның жетістіктері оқушының шығармашылық әлеуетін ашуға және оның табиғи икемділіктерін толықтай дамытуға үлкен мүмкіншіліктер береді. Цифрлық технологиялар жүйесімен оқыту және компьютерлік, телекоммуникациялық, мультимедиалық құралдар оқушы тұлғасына да, оқытушы тұлғасына да әсер етеді. Қазақ тілін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жүйесімен оқытудағы белсенділік қағидасы оқыту үдерісіндегі мұғалім мен оқушының шығармашылық әлеуеттерінің бірдей ашылуымен, бірдей белсенділік танытуымен жүзеге асады. Цифрлық технологиялардың оқытуда қолданылуы және мультимедиалық құралдардың басымдылығын былай көрсетуге болады:

– ақпаратты қабылдаудың логикалық және бейнелік тәсілдерінің бірігуі;

– көрнекілікті күшейтуге байланысты білім үдерісінің белсендірілуі. Өйткені көру анализаторларының өткізгіш қабілеті есту анализаторларынан артық және де көру анализаторлары көру жүйесінен алынатын ақпараттың 95% жеткізеді;

– интерактивті өзара байланыстың болуы, ақпараттық білім беру кеңістігінде қарым-қатынас жасауға байланысты оқушының жаңаны біліп, өзінің ішкі әлеуетін толығымен пайдалануға мүмкіншілігінің болуы [12, 123-б].

Цифрлық технология аясында интерактивті әдістер жүйесі арқылы оқыту үдерісінде білім алушылардың белсенділігі үш негізгі топпен көрінеді:

– физикалық белсенділікте тараптардың өзара әрекеттесуінде бейнелерін өзгерту, кеңістікте қозғалу. Мысалы, іскери ойындар, рөлдік ойындар. Білім алушылар жұмыс орындарын өзгертуіне, тақта алдында презентация жүргізуіне, кіші топтарда жұмыс істеуіне т.с.с әрекеттерді істеулеріне болады;

– әлеуметтік белсенділік танытуда білім алушылар тарапынан өзара әрекеттесуінде ақпарат алмасудың түрлі тәсілдері мен техникаларын пайдаланады: сұрақтар қояды, жауап береді, пікір алмасады, комментарийлер

береді т.с.с.;

– танымдық белсенділікте өз беттерінше проблемаларды шешуде, жағдайлық талдаулар жасауда, оларды шешу тәсілдерін ұсынуда, кеңестер жасауда көрінеді. Интерактивті әдістер жүйесімен оқытудың айырықша белгісі нақты тәжірибені қолдану болып табылады. Осының негізінде интерактивті әдістер жүйесімен оқытудың мына айырықша белгілері ажыратылады:

– белсенділік (физикалық, әлеуметтік, танымдық);

– ынталылық (қызметтің бағыттылығы);

– тәжірибемен өзара әрекеттесу;

– кері байланыс;

– мәселелерді шешу;

– команда жасау дағдыларының қалыптасуы [21, 106-б].

1-кесте. Интерактивті оқытудың жіктемесі

Интерактивті әдістер жүйесі

Интерактивті әдістер жүйесімен оқытудың мазмұны мен мақсаттары

Имитациялық ойындар

Адамдардың күрделі жағдайлардағы мінез-құлқы және олардың қызметтік механизмдерін өзектендіру және белсендіру.

Іскери ойындар

Білім алушылардың мақсатқа жету үдерісіндегі нақты жағдайларда шешімдеріне еліктеу.

Рөлдік ойындар

Рөлдерді ойнау әдісі, жағдаяттық талдау, нақты жағдайларды талдау, талқылау

Эвристикалық технологиялар

Wordwall,quizzize, Zipgradeт,learningapps ,plicers active Inspire. тс.с. жұмыс

түрлері арқылы білім субъектісінің ішкі

өзгерістерінің динамикасын қарастыру.

Тренингтер

Білім, біліктілік, дағдыны белсенді меңгеру және меңгерту.

Қазіргі кездегі білім беру мен тілді оқытуда цифрлық технологиялардың мына мүмкіншіліктерін толығымен енгізіп, қолдануға болады:

1. Қажет әдебиетті іздестіру үшін:

а) оқу орнындағы кітапханалардағы электронды каталогтар;

ә) Internet Explorer, Mozilla Firefox браузелерін және өзге де іздестіру машиналарын (Yandex.ru, Rambler.ru, Mail.ru, Aport.ru, Google.ru, Metabot.ru, Search.com, Yahoo.com, Lycos.com) пайдалану арқылы Интернет желісіне шығу.

2. Реферат, конспект, аннотация дайындау барысында әдебиеттермен жұмыс істеу.

3. Аудармашы бағдарламалар көмегімен мәтіндерді автоматты түрде аудару (PROMT XT), электронды сөздіктерді қолдану (Abby Lingvo 7.0.).

4. Ақпаратты сақтау мен жинақтау (CD-, DVD-таспалар, магнитті таспалардағы сыртқы жинақтаушы құралдар, Flash-таспалар);

5. Зерттеу үдерісін жоспарлау үшін ақпаратты жинақтау және сақтау (Microsoft Outlook басқару жүйесі).

6. Жетекші мамандармен қарым-қатынас жасау (Internet, электронды пошта).

7. Графикамен дыбысты өңдеу мен қайта шығару (Microsoft Media Player, WinAmp, Apollo, WinDVD, zplayer ойнатқыштары, түрлі сызбалар, суреттер, графикалар салу үшін ACD See, PhotoShop, CorelDraw, Visio).

Білім беру жүйесі оқу үдерісіне ғылым мен техниканың бағдарламалық

өнімдері мен компьютерлік құралдардың жаңалықтарын енгізуге әрдайым ашық жүйе болып табылады. Соның ішінде қазақ тілін ана тілі ретінде болсын, өзге тілді аудиторияда оқытуда болсын, мемлекеттік тіл ретінде өзге ұлт өкілдеріне меңгертуде болсын, ғылым мен техниканың жетістіктерін қолдану – әр уақытта әдістемеге талап болып қойылып келеді.

Қазақ тілінің сапалы оқытылуына көп ретте техникалық құралдарды уақытылы әрі тиімді қолдану барысы да көп әсерін тигізеді. Б.Құлмағамбетова өзінің техникалық құралдарды қазақ тілі сабақтарындағы ұтымды пайдалануын қарастырса, қазақ тілін өзге ұлт өкілдерін оқытуда үлкен кешен жасап ұсынған Г.Бектұрова [32], С.Дүйсенованың [33] әдістемелік жүйелері қазақ тілін оқыту әдістемесі үшін тың жаңалық болып саналады.

Профессорлар Э.Д. Сүлейменова, Қ. Қадашева, Д. Ақанова сынды авторлар тобы әзірлеген қазақ тілін жеделдете оқытуға арналған техникалық кешенінде, өздеріне дейінгі орыс және шетел тілдерінің оқытылу тәжірибелеріне сүйене отырып, қазақ тілін оқыту әдістемесінде алғаш болып кино, бейнематериалдарды белсенді қолданудың жолын көрсетті [34].

Қазақ тілін цифрлық технологиялар жүйесімен оқытудың құралдарының ішінде ерекше ажыратылатыны компьютер және аудиовизуалды құралдар мен компьютерлік-бағдарламалық базалар, радио, интернет платформалар. Сондай-ақ қазіргі кезде қашықтықтан оқытуда белсенді пайдаланылатын телекоммуникациялық құралдар мен олардың бағдарламалық қамтамасыз етілулері жатады. Жаңартылған білім бағдарламасының оқу мақсаттарын жүзеге асыру үшін қазіргі таңда түрлі цифрлық технологиялардың жіктемесіне және олардың әрқайсысының ерекшеліктеріне байланысты дербес арнайы оқу- әдістемелік кешендер жасалуда. Олар:

1. Қазақ тілінің телесабақтар кешені.

2. Қазақ тілін компьютерлік оқыту кешені.

3. Қазақ тілінің бейнесабақтар кешені.

4. Қазақ тілінің аудио кешені.

5. Қазақ тілінің интерактивті-мультимедиалық оқыту кешені.

6. Қазақ тілінің қашықтан оқыту кешені.

7. Қазақ тілінің кейс-технологиясы кешені.

8. Қазақ тілін Интернет желісі арқылы оқыту.

9. Қазақ тілін жобалау технологиясымен оқыту кешені.

10. Қазақ тілінің квест-сабақтар кешені.

11. Электрондық тест жүйесі.

12. Интерактивтік диктанттар.

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жүйесінің ауқымы мен ішкі компоненті көп екені белгілі. Соның ішінен біз мынадай ақпараттық-коммуникациялық технология құралдарын жаңартылған білім мазмүнының 4 дағдысының оқу мақсаттарына сәйкес қазақ тілін оқыту үшін пайдаландық. Осы АКТ құралдарын қазақ тілін оқыту үдерісінде бірнеше уақыттан бері қолданып, педагогикалық эксперимент жүзінде сыннан өткізілді. Соның бірнешеуі осы жұмыста ұсынылып отыр.

Квест жоба. Білім алушыларға квест-жобаны орындау туралы түсіндірме жұмысы жүргізіледі. Одан соң оқушылар тарапынан мыналар жасалады:

- жасалатын жұмыстар бөлінеді;

- дайындалатын презентацияның жоспарын жасайды;

- ақпараттық ресурстарды зерттейді, қажет материалдарды жинақтап, тақырып бойынша презентациялық слайдтар әзірлейді;

- уақытты есепке алып презентация жасайды.

Мысалға 8-сыныпқа жүргізілген қазақ тілінен квест-жоба үлгісі беріліп отыр.

Сабақ тақырыбы: Жаһандық энергетикалық дағдарыс

Оқу мақсаты: 8.2.7.1 Ғаламтор, энциклопедия, газет-журналдар, оқулықтар, ғылыми еңбектерден алынған деректерді дәлел ретінде қолдану, авторына сілтеме жасау

Оқылымалды тапсырмасы. «Менен сұрақ – сенен жауап!»

Оқылым тапсырмасы

Оқушылар шағын топтарда жұмыс жасайды. Мұғалім топтарға балаларға арналған газет-журналдар, энциклопедия ұсынады. Оқушылар басылымдарды қарап, танысып, ішінен жаһандық энергетикалық дағдарыс туралы ақпараттарды табады.

Оқылымнан кейінгі тапсырма. Оқушылар төрт топқа бөлініп, жаһандық энергетикалық дағдарыс тақырыбы бойынша мәліметті ғаламтордан жинастырып презентация әзірлейді, авторына сілтеме жасайды.

Күтілетін нәтиже: Оқушылар қазақ тілін үйренумен қатар, цифрлық сауаттылықты та меңгереді.

Қазақ тілін оқытуда радионы пайдалану. Радио таралым аясы кең және қолдануға ең ыңғайлы ақпараттық-коммуникациялық құрал болып табылады. Радиосабақтар әдістері мен амал-тәсілдері бүгінгі күні әртүрлі бағытта дамып келе жатыр. Радио бағдарламаларды көбіне қоғамдық-саяси лексика қалыптастыру мақсатында қолданады. Қазірде көптеген радиоарналар Интернет желісіне қосылып, көптеген тыңдаушылар өздерінің сүйікті радиоларын Интернет желісі арқылы тыңдауға және де Интернет желісі арқылы көптеген радиолардың Қазақстан аумағынан тысқары жерлерге де таратылатын мүмкіндіктері туып отыр. Техника мен технологияның дамуына байланысты қазіргі кезде радиолар өздерінің тыңдаушыларымен интерактивті қатынас жасайтын бағдарламаларды көптеп енгізуде. Олар түрлі елеулі оқиғаларға, мерекелерге арналған құттықтау бағдарламалары, түрлі интерактивті ойындар, әртүрлі тақырыптар төңірегінде тыңдаушымен әңгімелесу тағы да сол сияқты интерактивті бағдарламалар желісі дамып келе жатыр. Радиотыңдаушылардың қазіргі кезде ондай бағдарламалардың қатысушысы болуына да көптеген мүмкіншілктер бар. Тыңдаушылар тіпті радио арналарды ұялы байланыс телефондарына да қосып тыңдап, интерактивті бағдарламаларға барлық нүктелерден қосылып қатысып жатады. Біз радиосабақтардың «Дұрыс сөйлейік!» радио арқылы қазақ тілін үйрету сабақтарының жобасын https://kitap.kz/ , https://tilalemi.kz/ сайты қорынан таңдап, сабақтарға қолданылды. Бағдарлама мақсаты – қазақ тілінің ауызша және жазбаша сөйлеу нормаларын тыңдарманға түсіндіру.

Қазақ тілін оқытуда аудиоқұралдарды қолдану. Аудио құралдарын қолданудың мақсаты – қазақ тіліндегі дыбыстарды, сөздерді, сөйлемдерді айтылымдарды дұрыс дыбыстап айтуға, дұрыс жазуға төселдіру. Қазақ тіліндегі мәтіндерді түсініп тыңдау. Осыған байланысты аудиокешенде мына міндеттер шешіледі:

- қазақ тілінің үндестік заңын сақтай отырып, дыбыстарды, сөздерді, сөйлемдерді дұрыс айтуға дағдыландыру, үйрету;

- сөйлеу модельдері арқылы қазақша сөйлеу дағдысын қалыптастыру;

Қазақ тілін интерактивті-мультимедиалық оқу құралдары арқылы оқыту.

Қазіргі қазақ тілін оқытудың жаңартылған бағдарламасына сәйкес түрлі интерактивті-мультимедиалық онлайн платформалар пайда болды. Бұл оқушыларға сабақ барысында да, сабақтан тыс уақытта да жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бұл оқушының сабаққа деген қызығушылығын тудырады. Түсінбеген тақырыбын қайта оқып шығуға болады. Сондай онлайн платформаларға https://imektep.kz/, https://daryn.online.kz/, https://bilimland.kz/сынды бағдарламалар жатады.

«Imektep» онлайн білім беру платформасында бастауыш сынып оқушыларының барлық пән жүйесі қамтылған. Мультимедиалық бағдарлама бірнеше тапсырмалар жүйесінен тұрады. Тақырып бейнефильм арқылы түсіндіріледі. Одан кейін тест тапсырмасы, сәйкестендіру тапсырмасы, анимациялық тапсырмалар сияқты тапсырма жүйесінен тұрады.

«Қазақ тілі» пәні бағдарламасы бірнеше бөлімдерге бөлініп, тақырыптарға жіктелген.

1.Дыбыс және әріп – 6 тақырып

2. Сөз – 17 тақырып

3. Сөйлем – 7 тақырып

4. Сөз таптары – 22 тақырып

5. Мәтін – 6 тақырып.

Қазақ тілі сабағында интерактивті-мультимедиалық бағдарламаны қолданып өткен сабақ үлгісі.

Сабақ тақырыбы: Дыбыс үндестігі

Оқу мақсаты: 4.4.1.3 айтылуы мен жазылуында айырмашылығы бар сөздерді анықтап жазу.

Қызығушылығын ояту. «Ойлан-түзе-дәлелде» тәсілі арқылы оқушыларға экранда берілген сөйлемнің қатесін табу тапсырылады. «Дошшан құлұнұна Досполды отырғызып, көршү ауұлдұң балаларымен ойнауға гетті.»

Оқушылардың пікірін білгенен кейін https://imektep.kz/kz/dybys-undestigi сілтемесі арқылы сабақты түсірдіру жұмыстары жүргізіледі.

Оқушылардың «Imektep.kz» онлайн платформасы арқылы жасаған жұмыстары суреттермен беріледі.

1. Алдымен оқушыларға «Дыбыс үндестігі» тақырыбын анимациялық бейнефильм арқылы түсіндіреді.

«Imektep.kz» онлайн платформасының бейнефильм арқылы тақырыпты түсіндіруінен үзінді

Сурет 2
Сурет 2

2. Түсіндірілген тақырып бойынша тест жұмысы жүргізіледі. Тестке дұрыс жауап беруге 2 мүмкіндік беріледі. Егер дұрыс жауап берсе, жасыл отшашу, дұрыс емес болса қызыл отшашу шашылады. Дұрыс жауапты күлген смайликтердің саны арқылы білуге болады.

Тест тапсырмасын орындау барысы

Сурет 2
Сурет 2

3. «Сұрыптау» тапсырмасы. Бұл жерде оқушы айтылуы бойынша жазылған сөздерді көк, жазылуы бойынша жазылған сөздерді қызыл қорапқа салу тапсырылады.

«Сұрыптау» тапсырмасын орындау барысы

Сурет 3
Сурет 3

4. «Дұрыс/дұрыс емес» тапсырмасы. Берілген ережелердің дұрыс/дұрыс еместігін анықтау. Әр дұрыс жауап күлген смайликтер арқылы бағаланады.

«Дұрыс/дұрыс емес» тапсырмасын тексеру жұмысы.

Сурет 4
Сурет 4

Сонымен мультимедиалық оқу құралдарымен жұмыс істеуде оқушының жан-жақты жұмыс істеп, өзіне қажетті білімді үйрену траекториясын таңдауға үлкен мүмкіндіктері бар. Ал оқытушы бұл жерде бағыттаушы, бағдарлаушы рөл атқарып отырады. Мультимедианың мол мүмкіншілігін пайдаланып жасалған тағы бір электронды-мультимедиалық оқу құралы. «Дарын онлайн» «Білімланд» бағдарламалары. Бағдарламада оқушының тапсырманы сатылай меңгеруге мүмкіншілік жасалған. Оқушы өзіне керек тапсырмаларды орындап, кейбір тапсырмаларды кейінге қалдыруына болады. Мектеп оқушыларына жүргізілген эксперимент қазақ тілін оқытуда мультимедиалық оқу құралдарының тиімділігін көрсетті. Бұлардан бөлек қазақ тілін кинофильмдер , электронды кітапхана, электронды сөздіктер арқылы да түрлендіріп өткізуге мүмкіндік бар. Ал заманауи цифрлық технологияларды қолдану барысында оқушыларға ойын элементтері бар тапсырмаларды орындату арқылы үлкен нәтижеге жетуге әбден болады. Өз тәжірибемде цифрлық технология әдіс- тәсілдерін түрлі заманауи қосымшалар арқылы жүзеге асырып, қазақ тілін оқытуда қолданып , нәтижесін көрудемін. Олар: wordwall, renderforest , learningup,quizlet,kahoot,plicers,I spring suite,Active Inspire,чат-бот, сыныптағы сорителлинг,мұғалім калькуляторы,canva,tallanto teachers т.с.с геймфикациялар.

Нәтижесін көріп жүрген әдіс-тәсілдерді қолданған бір бейнесабағымды ұсынғым келіп отыр.

Қазіргі уақытта оқушыларға білім қандай маңыздылыққа ие болса, дағдыны меңгеру де сондай қажеттілік туғызады. Бұл оқушының мектептен алған білімін есте сақтап, ақпаратты сүзгіден өткізуін, түсіну мен алған білімді өмірде пайдасына жарата білуді талап етіп отыр. Қазақстан Республикасының орта білім беру мазмұнын жаңарту жұмыстары жүргізілді. Соған сәйкес оқушының тілдік құзіреттілігін көтеру үшін айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым дағдыларын қалыптастыру басты мақсатқа айналды.

Дамыған елдерді білім саласында оқытудың нақты мақсаттары мен күтілетін нәтижелер нақты көрсетіледі. Қазақстандық білім беру жүйесінде де осы тәсілді қолдану 2016 жылдан бері қабылданылып, жүзеге асырылып келеді. Бұл оқушы мен мұғалімнің арасындағы білімге нақты қадамдар арқылы қол жеткізуіне көмектеседі. Демек, оқу бағдарламасын жүзеге асыру үшін білім мазмұны, қолданылатын әдіс-тәсілдер, қоршаған ортамен байланыс , оқу мақсаттары бірігіп нәтижеге бағытталуы тиіс.

Жаңартылған білім бағдарламасы 21-ғасырдың ұстазына әмбебаптық пен заманауилықты талап етіп отыр. Қазақстанның үшінші жаңғыру бағдарламасында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі қозғалды. Цифрлы Қазақстан жобасының бесінші бағыты - «Адами капитал», яғни білім беру саласын цифрландыру, оқушылардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды сауатты деңгейде қолдана алуы мен өмірдің кейбір саласында өзіне ақпараттық қызмет ала алуы. Жоғарыда аталған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аясында түрлі онлайн платформалар мен интернет бағдарламалар дайындалды. Электронды сөздік, электронды кітапхана, электронды анықтамалық бағдарламалардың түрлері анықталды. Қазақ тілін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы оқытудың бір әдісі ретінде электронды сөздіктермен жұмыс жасау жолдары ұсынылды. Конфуцийдің «Маған айтсаң ұмытып қаламын, маған көрсетсең есте сақтаймын, жасатсаң – мен түсінемін» деген даналығы бар. Қазақ тілін оқытуда интерактивті-мультимедиалық бағдарламаларды қолдану оң нәтиже көрсетті. «Bilimland», «daryn.online», «iMektep» сияқты онлайн платформаларды пайдаланудың әдіс-тәсілдері көрсетілді. Қазақ тілін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы оқытудың әдіс-тәсілдер жүйесін жасау барысында мынадай қорытындыға келдік.

- цифрлық технологиялар арқылы өзге ұлт өкілдерінің ғана емес, сондай-ақ ана тілінде оқитын мектеп оқушыларынң коммуникативтік дағдыларын дамытуда қолданған тиімді;

- цифрлық технологиялар көру, есту сатысында ғана емес, оқушының шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік береді;

- қазақ тілі сабағында цифрлық технологиялар аясындағы онлайн тапсырмалар, тесттер, квест жобалар т.б онлайн платформаларды қолдану мұғалімнің жұмысын жеңілдетеді.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ДЕРЕККӨЗДЕРДІҢ ТІЗІМІ

1. 1.Білім туралы Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі №319 Заңы // Егемен Қазақстан. – 2007. – №254-256. 15 тамыз

2. Гершунский Б.С. Философия образования ХХІ века (в поисках практико-ориентированных образовательных концепций). – М., 1997. –234 с.

3. Федотова Е.Л. Информационные технологии в профессиональной деятельности. – М., 2008. – 368с.

4. Бонгард М. М. Моделирование процесса обучения узнаванию на универсальной вычислительной машине // Биологические аспекты кибернетики: сб. статей. – М.: Изд. АН СССР, 1962. – С. 123-156

5. Қадашева Қ.Қ. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. – Алматы, 2005. – 176 б.

6. Шлыкова О.В. Культура мультимедиа. – М., 2004. – 416 с.

7. Организация, формы и методы проведения учебных занятий и самостоятельной работы: требования, условия, механизмы: уч. пос. / под ред.

8. Волгина Н.А. – М., 2004. – 412 с.

9. Хуторской А.В. Эвристическое обучение как технология творческой самореализации учащихся и предпосылки их жизненного успеха. http://www.eidos.ru/journal/2006/0829.html

10. Kainz F. Psihologie der Sprache.-Stuttqart, 1956. http://www.eidos.ru/journal/2006/0829.html

11. Вернеp Ингенблек. Все о мультимедиа. – Киев: BHV, 1996. – 352 с.

12. Мухлис К. Өзге тілді мектептердің 7-сыныбында қазақ тілі мәтіндерін компьютермен оқыту әдістемесі: пед. ғылым. канд. ... дисс. – Алматы, 2006. –148 б.

13. Қараев Ж.А. Активизация познавательной деятельности учащихся в условиях применения компьютерной технологии обучений: автореф. докт.пед.наук. – Алматы, 1994. – 54 с.

14. Әлімов А.Қ. Интербелсенді оқыту әдістемесін мектепте қолдану. Оқу құралы /«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2014. – 188 бет.

15. Hattie, J. Visible learning – Maximizing impact on learning [Көзге көрінетін оқу – оқуға ықпалын күшейту]. Routledge, London. 2012.

С подпиской рекламы не будет

Подключите Дзен Про за 159 ₽ в месяц