Серікқалиев Әлішер Серікқалиұлы
№88 ЖББМ
Нашар ұстаз шындықты қайталайды,
жақсы ұстаз сол шындықты іздеп,табуға үйретеді.
Адольф Дистервег
Қазіргі кезеңде мағлұматтар күн сайын өзгеретін ақпараттық кезеңде ұстаз болып, оқушыларға тәлім-тәрбие мен білім беру оңайға түспейді. Күн сайын смартфондар арқылы мыңдаған мәліметтер оқитын оқушылардың зейінін жинау да, сабағыңа қызықтыру да, оларды таңғалдыру үшін біраз тер төгу керек. Иә, бұл заманауи ұстаздың ең қиын мәселесі және де менің оқыту философиямның ең негізгі өзегі – тәлімгерлерді өз пәніме қызықтыру және де ізденіске жол ашу.
Әр ұстаздың өзіндік оқыту философиясы болады. Бірақ та, менің ойымша, қазіргі заман талабына сай мұғалімнің оқыту философиясы оқушылардың ерекшеліктеріне қарай бейімделуі тиіс.
Қазір мектеп партасында ұстаздардан тәлім алуға келген оқушылардың ерекшелігі қандай деген сұрақ туындайды?
Уильям Штраус пен Нил Хоувтың ойлап тапқан «Ұрпақтар теориясына» сай қазіргі кездегі оқушылар «Z ұрпақтар» немесе «зумерлер» болып табылады. Олардың теориясына сай 1997-2012 жылдар аралығында дүниеге келген адамдардың негізгі ерекшеліктері адамзаттың технологиялық жетістік жемістерін(смартфон, планшет, VR және 3D-шындық) белсенді пайдаланады. Көбінесе "z ұрпағы" термині "сандық адам" терминінің синонимі ретінде қарастырылады. Z ұрпағы ғылым мен технологияларға (мысалы, ұрпақтың көптеген өкілдері инженерлік-техникалық мәселелермен, биомедицинамен, робототехникамен айналысады), сондай-ақ өнерге қызығушылық танытады және сансыз көп ақпараттар ағымында өмір сүреді. Сонымен қатар, «зумерлер» өкілдері еркіндік сүйгіш және әр мәселеге өз көзқарасы болады.
Яғни, ұстаздың оқыту философиясы осы ерекшеліктерді ескере отырып қалыптасуы қажет. Өзімнің оқыту философимның ең бірінші қағидасы – тәртіп. Өйткені әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың қалдырған бір даналығы «Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы». Яғни, қанша жерден заманға сай білімді ұрпақ қалыптастырсақ та, ол ұрпақ адамзаттың ең негізгі құндылықтары мен тәрибе нормаларын үйренбесе, кейін алған білімдерін адам мен жалпы барша адамзатқа қарсы қолдануы мүмкін. Сондықтан да, мен өзімнің пәнім, тарих сабағы барысында адамзаттың қателіктерінен сабақ алуға және де олардан қорытынды шығару арқылы оқушылар бойында тәрбие, патриотизм, адами қағидаларды қалыптастыруға тырысамын.
Менің оқыту философиямның ең басты қағидаларының бірі – ол визуализация. Заманауи балалар кішкентай кезінен смартфон арқылы болсын, басқа техникалық құралдар арқылы болсын, барлық қызықты дүниелермен көзбен көру арқылы танысады.
Сондықтан да, мен сабақ өту барысында оқушылардың тарих пәніне деген қызығушылығын ояту мақсатында сабақ барысында фото және бейнежазбалар, деректер мен карталарды көбірек қолдануға тырысамын. Және де, кей кезеңдерде 3Д модельдеу әдісімен жасалған ақпараттарды қолданамын. Осы әдіс арқылы, біріншіден оқушылардың тарих пәніне деген қызығушылығын оята аламын, екіншіден, 3Д модельді талдау арқылы оқушылардың бойына тарихи ойлау дағдыларын және де тақырыпқа қатысты тарихи кезеңнің бейнесін қалыптастыруға мүмкіндік аламын.
Сонымен қатар, сабақ барысында оқушылардың тарих пәнінде тарихи үдерістерді түсіндіру, тақырып мәнін ашатын мәліметтермен таныстыру және ең басты мақсаты ақпаратпен жұмыс істеу, оны талдай алу дағдыларын оқушыларда қалыптастыруды көздей отырып деректермен жұмыс жүргіземін.
Тарихи деректер – қоғамның даму заңдылығын көрсететін өткен күннің тікелей ескерткіші. Дерекпен жұмыс қарастырылып отырған кезеңнің ерекшелігін көруге мүмкіндік береді, дерекпен жұмыс жасай отыра оқушы ойлауға, пайымдауға, ақпарат алуға үйренеді.
Оқу процесіне тарихи құжаттарды енгізу, оларды оқушылардың танымдық қабілеттерін дамытуда қолдану оқушылардың эмоционалдық құндылықтарының дамуына, жеке тұлға ретіндегі қасиеттеріне де әсерін тигізеді. Бүгінгі күні мектепте білім берудің жағдайы жаңа ұрпақтың талаптарына сай келуі тиіс. Заманауи үлгідегі сабақ жүйесінде оқушының белсенділігі басты орында, ол еркін таңдау жасай алады. Сол себепті де оқушыларды өзіндік жұмыс жасауға үйрету – мұғалімдердің негізгі міндеті.
Оқушыларды дерекпен жұмыс жасауға үйретпестен бұрын бұл жұмыстың негізгі мақсатын айқындап алған жөн. Педагогика ғылымының әр түрлі даму кезеңінде мектептегі тарих сабағында тарихи деректерді қолданудың рөлі әр түрлі болды. Ал біздің кезеңнің көзқарасына сәйкес, мектепте тарихи деректерді қолданудың негізгі рөлі оқушылардың ақпаратпен жұмыс жасай алу және оны талдау қабілетін дамытуда болып отыр. Өйткені, қазіргі ақпараттық ағымында туып өсіп, өмір сүретін тәлімгерлер бойында көп мөлшерде ақпараты өңдей алу және де оның ішінен ең керекті ақпаратты алу дағдыларын қалыптастыру менің оқыту философиямның бір бағыты.
Оқыту философиямның тағы бір қағидасы – оқушылар бойынан тарихи ойлау дағдыларын қалыптастыру және де өздігінен іздену, зерттеушілік қағидаларын қалыптастыру. Жаңартылған білім беру қағидаларына сай қазіргі кезеңде сабақ барысында ұстаздан гөрі, оқушылар сабақ барысында тыңдаушы емес, сабаққа белсенді қатысушы болуы тиіс.
Сондықтан да, сабақ барысында өз шәкірттеріме тақырыпты түсінуге, қорытынды жасауға мүмкіндік беретін тапсырмалар беріп, оларға бағыт бағдар беріп отырамын. Қазіргі кезеңде, тарих пәнінің басты мақсаты – оқушылар бойынан тарихи ойлау дағдыларын қалыптастыру, тарихи оқиғалар, үдерістер мен құбылыстардың мәні мен мазмұнын ұғынуға бағытталған. Бұл пән мазмұнын терең түсінуге ықпал етеді.
Нәтижесінде оқушылар пәндік материалды ғана емес зерттеушілік рәсімдерді, олармен байланысты білім, білік, дағдыларды да меңгереді ( материалдарды жинау және реттеу әдістері, дереккөзбен жұмыс барысында сұрақтар мен мәселелерді қою дағдысын қалыптастыру, дереккөздерді сыни көзбен бағалау және идентификация әдістері,зерттеу жоспарын жасау, жинақтау әдістерін таңдау және қорытындыларды тексеру). Осы орайда сабақта оқушыларда тарихи ойлау дағдысын қалыптастыруға ықпал ететін түрлі әдістер мен тәсілдерді қолданамын.
Сонымен қатар, оқушылармен кейбір сабақтар барысында дискуссия, дебат форматында қолданамын. Тарих сабағы барысында кейбір проблемалық мәселелерді осындай форматта өткізу арқылы тәлімгерлер бойында сөйлеу дағдыларын және де өз ойын дәлелмен, тарихи фактілермен дәйектеп жауап беруін қалыптастырамын. Әсіресе 10-11 сынып оқушыларының тақырыптарында дискуссия, дөңгелек үстел және де дебат түрінде өткізуге болатын тақырыптар баршылық.
Ежелгі грек ойшылы Сократ айтпақшы: «Ақиқатты тартыс тудырады, ақиқатқа ой көмектеседі». Дебат форматында пікірталас ойындарын өткізу оқушыларға мәселенің түп негізін өздігінен зерттеуге және де белгілі бір мәселеге байланысты өз позициясын ұстануға, қорғауға, кез келген мәселеде болсын, жалпы өмірдің өзі ақ пен қараға бөлінген екі жақтың ғана емес, әлемнің көп түрлілігін түсінуге мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, менің оқыту философиямның қағидалары қазіргі кездегі мектеп партасында отырған өскелең ұрпаққа үлкен өмірге аяқ басқанда қажет болатын көп мөлшерде ақпаратты игеру, тарихи ойлау, өз ойын еркін жеткізе алу дағдыларын қалыптастыру, олардың ерекшелігін ескеруге, және оған бейімделуге негізделеді. Өйткені, егер ұстаз өз пәнін оқыту барысында оқушыны қызықтыра алмаса, оның зейінін өзіне бұра алмаса, жалпы оқушының жүрегі мен сана сезіміне жол таппаса онда ол оқушыны қанша оқытсаң да оның алған білімі құмға тамған тамшы секілді болады. Сондықтан да, әр оқытушы заманға сай ұрпақты тәрбиелегісі келсе, онда сол оқытушының өзі сол заманға сай технологиялар мен әдістерді игерген заман талабына сай болуы тиіс.