Найти в Дзене
ORDA

IT мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер

Қазақстандағы еңбек нарығында білікті IT мамандар тапшы. Аталған мәселенің шешімін табу және цифрлық саланың дамуына үлес қосу үшін Jusan Singularity білім беру жобасы жыл басында іске қосылған болатын. Аталған жоба аясындағы тегін оқыту курстары Қазақстанның екі қаласы – Алматы мен Нұр-Сұлтанда жүзеге асырылды. Бағдарлама төңірегінде техникалық білімін шыңдап, жаңа дүниелер үйреніп жатқан студенттер және өзге саладан бағдарламалау мен IT бағытқа ойысқысы келетіндер төрт ай бойы білікті мамандар мен сала көшбасшыларынан практикалық тәжірибе жинап, болашақ жұмыс берушінің сұранысына сай білімдерін шыңдады. Jusan bank білім алушыларға 100 мың теңге көлемінде ай сайынғы шәкіртақы тағайындады. Ағымдағы жылдың шілде айында Алматыдағы IT мектептің 100-ден астам студенті оқуын аяқтап, Jusan Bank-ке жұмысқа қабылданған болса, 10 тамызда астаналық мектептің 43 түлегі сертификаттар мен жұмысқа қабылдау туралы ұсыныстар алған. Олардың ішінде JAVA, iOS, Android, Frontend әзірлеушілері мен DevOps и

Қазақстандағы еңбек нарығында білікті IT мамандар тапшы. Аталған мәселенің шешімін табу және цифрлық саланың дамуына үлес қосу үшін Jusan Singularity білім беру жобасы жыл басында іске қосылған болатын.

Аталған жоба аясындағы тегін оқыту курстары Қазақстанның екі қаласы – Алматы мен Нұр-Сұлтанда жүзеге асырылды. Бағдарлама төңірегінде техникалық білімін шыңдап, жаңа дүниелер үйреніп жатқан студенттер және өзге саладан бағдарламалау мен IT бағытқа ойысқысы келетіндер төрт ай бойы білікті мамандар мен сала көшбасшыларынан практикалық тәжірибе жинап, болашақ жұмыс берушінің сұранысына сай білімдерін шыңдады. Jusan bank білім алушыларға 100 мың теңге көлемінде ай сайынғы шәкіртақы тағайындады.

Ағымдағы жылдың шілде айында Алматыдағы IT мектептің 100-ден астам студенті оқуын аяқтап, Jusan Bank-ке жұмысқа қабылданған болса, 10 тамызда астаналық мектептің 43 түлегі сертификаттар мен жұмысқа қабылдау туралы ұсыныстар алған. Олардың ішінде JAVA, iOS, Android, Frontend әзірлеушілері мен DevOps инженерлері бар. Енді олар бас банкте Jusan цифрлық жүйесін дамыту және жетілдіру бойынша жұмыс істейтін болады.

Orda.kz тілшісі оқуды енді ғана тәмамдаған IT мамандармен тілдесіп, олардың не себепті бұл бағытты таңдағандарын анықтап білді.

Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының әрқайсысында 3000 адам Jusan Singularity жобасына қатысуға өтініш білдірген. Үміткерлер бірнеше кезеңнен тұратын күрделі іріктеуден өтіп, ақтық мәреге тек санаулы шәкірттер жеткен.

-2

20 жастағы Нұрасыл Сүлеев - Jusan Singularity жобасы аясында білім алған жас маман. Оның айтуынша, жоба іріктеуінен өту қиын болған.

«Төрт ай бойы білімімізді тегін шыңдадық, оның үстіне шәкіртақы да алып отырдық. Бұл жоба жайлы алғаш естігенде, IT саласында жұмысқа орналасу үшін тамаша мүмкіндік екенін бірден ұқтым. Бақталастарым көп болды. Әуелі 3000 өтініш түсті, оның ішінен 800 үміткерді іріктеп алып, түрлі тапсырмалар бере бастады, соларды сәтті тапсырған 43-іміз ғана курсқа қабылдандық.
Біз еліміздегі ең үздік IT мамандармен, нағыз практиктермен етене араластық, олардың берген тапсырмалары арқылы білімімізді шыңдап, кәсіби дағдыларымызды дамыттық. Ең қызығы, аз ғана уақыт ішінде қазақстандықтарға арналған жаңа өнім әзірлеп шығу қолымыздан келді. Нәтижесінде Jusan-ның интернет-дүкенінде жұмыс жасайтын боламын.
IT мамандарды үнемі компьютер алдында отырады деп елестететін шығарсыз. Негізі бос уақытымда спортпен шұғылданамын, тоқыма тоқимын», - деді Нұрасыл Сүлеев.

-3

Көп ішінен топ жарып шыққан тағы бір маман – 28 жастағы Батырбек Қаңтарбаев. Бұған дейін ол әскери қызметте болған әкесінің ізін жалғап, Америка Құрама Штаттарындағы әскери-теңіз академиясында оқыған, тіпті теңіз жаяу әскері ретінде қызмет етіп те үлгерген. Десе де, алған жарақаты әскери жолды жалғастыруға мүмкіндігінен айырды. Осылайша Батырбек мамандықты басқа арнаға бұруға бел буады. Бүгінде ол ірі компанияға жоба инженері болып жұмысқа орналасып үлгерген.

«Жоба инженері ретінде қолдан келгеннің бәрін жасадым, бар белестерді бағындырдым десем болады, әрі қарай не істерімді білмейтіндей деңгейге жеттім. IT саласына неге бармасқа деп ойландым, бірақ неден бастарымды білген жоқпын. Сөйтіп жүргенде жаңалықтардан Jusan Singularity жобасы жайлы кішігірім мағлұматқа көзім түсті. Бағымды сынайын деп, өтінім жібердім. Біраз уақыттан кейін қабалданғаным жайлы жауап келді.
Қиын әрі қызықты, осылай сипаттар едім бұл төрт айды.
Неліктен IT? Себебі бүгінгі күннің талабына сай, қай кәсіппен айналыссаң да, өз тауарыңды, қызметіңді жарнамалау үшін заманауи шешімдерді қолдануың керек – сайт немесе мобильді қосымша, тағысын тағы. Бұл салада білікті болмасаң, онда әрі қарай қиын болады. Сондықтан мен жобаға бағдарламалау негіздерін үйрену үшін келдім.
Қазір Frontend-пен айналысудамын, веб-сайттарды әзірлеймін. Бұнымен ғана шектеліп қалғым келмейді, өзімді шынықтырып, біліктілігімді үнемі арттырып отыруға тырысамын. Арманым – full stack әзірлеші болу.
Мені оқудан басқа ештеңе қызықтырмайды деп ойлап қалмаңыз. Бос уақытымда кітап оқимын, кино көремін, спортпен шұғылданамын, тіпті латино-америка биімен айналысқан кезім де болды», - дейді Батырбек Қаңтарбаев.
-4

Jusan Singularity түлектерінің арасында қыздарды да кездестіруге болады. 21 жастағы Аида мамандығы бойынша құрылысшы, 1,5 жыл Қазақстан мен Мәскеуде жұмыс жасаған. Бірақ айлығы жетпейтінін түсінген ару IT салаға ауысу туралы шешім қабылдаған. Оның айтуынша, «нәтиже жаман емес».

«Тәжірибем болмаған соң, IT компанияларға орналасу мүмкін болған жоқ. Мені Jusan Singularity тек бағдарламалауға үйретіп қана қоймай, жұмыс беретіні қызықтырды. IT бағытта жұмыс жасауға деген ынтам мен жаңа білім алуға деген құлшынысымды көріп, мені қабылдады.
Оқу барысында біз акцияларға қызығатын адамдарға арналған жаңа мобильді қосымша әзірледік. Командада жұмыс жасауды үйрендік. Бұл жобаға қосылғаныма еш өкінбеймін», - дейді 21 жастағы Аида Молдалы.

-5

Аидамен қатарлас Рамазан Назарбаев Университетін «робототехника» мамандығы бойынша оқуын аяқтаған. Ол өзі оқыған сала бойынша вакансияның аз екеніне көз жеткізген сәтте IT салаға ауысқан. Әрі қарай Jusan компаниясында жұмыс істеуге бел буып отыр.

«Ең басты мақсатым жаңа мамандық үйрену болды. Өйткені робототехника саласы бойынша Қазақстанда мүлдем жұмыс жоқ, ал IT мамандарына деген сұраныс күн сайын артып келеді.
2022 жылдың ақпан айында Назарбаев университетінің электронды жәшігіне Jusan Singularity жобасының басталатыны жайлы хабарлама келді. Өздері бәрін үйретеді, шәкіртақы төлейді, жұмысқа орналастырады дегеннен соң, түйіндемемді жіберіп, 1-2 аптадан кейін бастапқы іріктеуден өткенімді білдім. Содан бірнеше апта бойы түрлі тапсырмалар арқылы біздің қолымыздан не келетінін тексерді. Жаңа тақырыптар өттік, есеп шештік, емтихан тапсырдық, көптеген техникалық сұхбаттар болды. Соның қорытындысымен мен курсқа қабылдандым.
Бәсекелестіктің жоғары болатынын басынан білдім. Себебі, өтінім бергендердің арасында бірнеше жылдық тәжірибесі бар мамандар да болған. Оны көргенде, үмітім үзілді десем болады. Разы болғаным, Jusan мен сияқты жаңадан бастап жатқан балаларға оқуға мүмкіндік берді, ал тәжірибелі адамдарды бірден жұмысқа қабылдады», - дейді Рамазан Уалдинұлы.
-6

24 жастағы Ильяс Бекбаев Jusan Singularity жобасына тамыр-таныспен кіру мүмкін еместігін, бәрі іріктеуден өз күштері мен білімдерінің арқасында өткенін алға тартты. Шәкірттердің көбі – өзі сияқты қарапайым отбасының балалары, орта мектеп пен университетті бітіргендер де, Назарбаев Университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері, РФМШИ сияқты мамандандырылған оқу орындарының түлектері де бар.

«Ешкімнің аға-көкесіне қараған жоқ. Бәрімізге көңіл де, білім де тең дәрежеде берілді. Төрт айлық оқуды аяқтағаннан соң, бізге тұрақты жұмыс ұсынды. Оның үстіне, үш ай сынақ мерзімінен кейін қашықтықтан істеуге мүмкіндік беріледі.
Бұл жоба жайлы аяқ астынан білдім. Ол кезде құрылыс компаниясында жұмыс істеп жүргенмін, әріптесімнен бірдеңе сұрау үшін үстеліне жақындаған кезде мониторындағы Jusan Singularity жазуын көріп қалдым. Мен қызығушылық танытқан соң әріптесім жоба жайлы толық айтып берді.
Ол кезде IT бағытына қызығып жүргенмін, бірақ тәжірибем болмаған соң жұмыс ауыстыру оңай болған жоқ. Ал бұл жоба тек білім беріп қана қоймайды, оның үстіне артынан жұмысқа орналастырады. Сондықтан, мен үшін ол таптырмас мүмкіндік болды.
Негізі мен мұнай-газ бағыты бойынша магистратураға түстім. Бірақ локдаун мен дағдарыс мұнай нарығындағы жағдай құбылмалы екенін, енді цифрландыру дәуірі басталғанын дәлелдеді. Сондықтан IT саласына ауысу керегін түсіндім. Оның үстіне, бұл саладағы қызметкерлердің жалақысы жоғары», - деп түсіндірді Ильяс Бекбаев.
-7

Jusan Singularity жобасына іріктеліп алғандардың арманы бір – Қазақстандағы IT саласын дамыту. Мақсаттарына жету үшін олар күн-түн демей соңғы төрт ай бойы оқудан бас алмаған. Тіпті 26 жастағы Рахим тойға қарбалас дайындық үстінде есеп шығарып, оны кураторларына өткізіп отырған екен.

«Мамандығым бойынша аудитормын, IT саласына келмес бұрын салық жөніндегі консультант болып қызмет еттім. Шаршағанымды, әрі қарай басқа затпен айналысқым келетінен түсінгенмін. Ой үстінде жүргенде Jusan Singularity жайлы жаңалықтардан естіп,, қатысуға өтініш жіберсем, ештеңе бола қоймас деп түйіндемемді жібердім. Шынымды айтсам, аса қатты үміттендім деп те айта алмаймын, бірақ, өткенім жайлы хабарлама алғанда, оқуды сәтті аяқтауым үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек деп шештім.
Бір қызық оқиға айтып берейін. Алғашқы іріктеуден өткенім жайлы хабарлама мен тойыма дайындалып жүрген кезде жетті. Оны қалыңдығыма да, туыстарыма да айтқан жоқпын, себебі әрі қарай өтемін бе, жоқ па белгісіз. Сөйтіп, күндіз тойдың шаруаларымен жүрдім де, кешке қарай есептер шешіп, оны дер кезінде тапсыруға тырысып бақтым. Мен үшін бұл ұмытылмас естелік», - деп еске алды Рахим.

Jusan Bank басқарма төрағасының орынбасары Ғабит Нұркеновтың айтуынша, компания адамның негізгі капиталы білім екеніне баса назар аудара отырып, алдағы уақытта да Қазақстандағы білім беру жүйесін дамытуға атсалысады.

«Жобаны қысқа мерзімде жүзеге асыра алғанымызға қуаныштымыз. Қазір кадр тапшылығы қатты сезіліп отыр, сондықтан нарық талабына сай, компанияға қажетті мамандарды өзіміз дайындауға шешім қабылдадық. Бұл – саланың дамуына және Қазақстанда білікті IT кадрларына сұраныстың артуына байланысты туындаған мәселені шешуге қосқан әлеуметтік үлестің жарқын мысалы» деп қорытындылады өз кезегінде Jusan Singularity жобасының жетекшісі Анар Садықова.