Жастар орталықтарының проблемалары туралы біраз айтып, жаздық. ЕНДІГІ КЕЗЕКТЕ, СОЛ ПРОБЛЕМАЛАРДЫ ШЕШУ ҮШІН ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҚТАРЫ БАСШЫЛАРЫ МЕН МАМАНДАРЫ ӨЗДЕРІ НЕ АТҚАРА АЛАТЫНДЫҒЫНА ТОҚТАЛСАМ. Себебі, мемлекет араласуы қажет тұстармен қатар жастар қызметкерлері ретінде өзіміз әсер ете алатын тұстар да жетерлік.
Жастар ресурстық орталықтарын дамыту саласында 7 жылдай еңбек етіп жүрген адам ретінде әр ЖРО ұжымына келесі шараларды қолға алуды ұсынар ем (ЖРО мамандары үшін біздің Жастар қызметкерлері қауымдастығы дайындаған құралдарды ескере отырып):
1) Орталықтың жастарға көрсетіп отырған қызметінің сапасына бағалау жүргізіп, соның нәтижесінде әлі де дамытуды талап ететін тұстармен белсендірек жұмыс жасау. Яғни, тек саралап қана қоймай, қорытынды жасап, одан әрі әрекет ету! Бағалау үшін Jastar belgisi атты жастар орталықтары үшін сапа белгісінің онлайн бағалау құралын қолдануға болады (онда жұмыс контентіне, инфрақұрылымға, кадрларға, көрсетілетін қызметтердің сапасына қойылатын талаптар бар) - https://jashome.org/kk/2021-11-10-03-10-30/jastar-belgisi
2) Әр орталықтың жергілікті жастардың сұраныстары мен қызығушылықтарына сай келетіндей 2-3 жылдық жеке бағдарламасы болуын қамтамасыз ету. Бұл жерде, жастар орталығының бағдарламасы - нақты 3-5 бағыт бойынша алдағы бірнеше жылда тұрақты түрде атқарылатын ақпараттық, білім беру және жобалық шаралар жиынтығы. Осы арқылы жұмыстың тұрақтылығын қамтамасыз ете аламыз!
3) Орталық басшылары мен мамандарының құзыреттілігіне тұрақты түрде талдау жүргізіп, Жастар қызметкерлерінің 3-деңгейлік үлгісі арқылы бағалау жүргізу. Өз жұмысымызға тұрақты түрде бағалау жүргізіп, одан қорытынды жасап отырсақ жұмысымыздың сапасы да артуы мүмкін! Жастар қызметкерлері құзыреттілігін өзіндік бағалаудың онлайн құралы - https://jashome.org/kk/2021-11-10-03-10-30/jas-q-zmetkerlerdin
4) Тұрақты түрде жастар ісі, жобаларды басқару, менеджмент және т.б. маңызды деген бағыттар бойынша жастар қызметкерлерінің біліктілігін арттыру (әдістемелер зерттеу, тренингтерге, онлайн курстарға қатысу). Кадрлардың біліктілігін арттыру жұмыстарынсыз жүйелі әрі сауатты қызмет көрсету қиындық туындатуы мүмкін. Яғни, біліктілікті арттыру жұмысы да жүйелі түрде болуы керек әрі бұл ЖРО бюджетінен (жоспарлы немесе экономия есебінен) қаржы бөлуді де талап етуі мүмкін!
5) Атқарып отырған жұмысының нәтижесі негізінде Жастар орталығының жастар үшін пайдасы туралы дәлелдер жинақтап, оларды түсінікті және әдемі түрде безендіріп БАҚ, әлеуметтік желілер және бұқаралық шаралар арқылы қоғам және шешім қабылдаушы адамдар ортасында эдвокаси кампаниясын (саясатты өзгерту бойынша ақпараттық-насихаттау жұмысы) жүргізу.
Осы шараларды тұрақты түрде атқаратындай етіп қолға алсақ, жұмысымыздағы әлсіз тұстар бұдан да әрі азаяр еді.