Айтыс – ұлт мәдениеті тарихындағы ұлы құбылыс. Импрови-
затор ақындардың ішкі әлеуетінің, жоғары мәдениетінің, ой мен
сөз тапқырлығының, заман, халық, ұлт атынан ақиқатты айшықты
жеткізетіндігінің көрінісі.
Айтыс ақындарында Кеңес заманы шындығы және сол бір
уақыттың тыныс-тіршілігі барынша бедерленді. Кеңес өкіметінің
алғашқы жылдарындағы айтыстарда тап күресі, ел жуандарын
кәмпескелеу, ауылды советтендіру, сауат ашу, қалың мал мен
әменгерлікті жою, зауыт пен фабриканы жырға айналдыру, қысқасы,
айтыстың мәні мен сәнін, айшығы мен өрнегін сұрықсыздандыратын
сұрғылт көріністерді көтермелеп көрсету белең алды.
«Аузынан уыз төгілген маңғаз байлар» осылайша сын садағына
іліккен, елдің құтпаны, қорғаны бағландардан жаны түршіккен.
Дегенмен де айтыс ақындарының серпін-тегеуріні, аршын-
ды да асқақ дауысы, «Үмбетәлі мен Нұрилә» (1919), «Кете Жүсіп
пен Қалыш» (1921), «Керімқұл мен Бибіайша» (1925), «Ақтөре
мен Жәмел» (1928), «Жібек пен Құмар» (1930), «Саяділ мен Май-
са» (1936) айтыстарын Кеңес дәуіріндегі яғни 1919-1940 жылдар
ішіндегі келісті де көркем айтыстар деп санауға әбден лайық.
Майсаның «Жылқы адамның қауырсын қанатындай» дейтін
түйдегі тұтастай көркемдік қасиеттері өзгеше теңеулерден түзілген.
Немесе: «Даналықтан табылған қиын еңбек, / Деп ойлаймын өмірі
өлмейтін зат» – дегені («еңбек-қазына») танымының тереңдігін та-
нытады.
Саяділдің: «Жұмыр жер таным таппай қозғала ма?» деген сауалы-
на Майса «Үнемі қозғалыста сырын ұқсақ» деп түйінді ой өрбітеді.
Тағы бірде Майсаның:
Аспанның астындағы алтын діңгек,
Көкпен тең деп айтамыз біз көңілді – дегені де
тапқырлық. Тосын теңеу. Жаратылыс сырына зерек Саяділ:
Оралады оңына Күн мен Ай да,
Танытатын жиһанды ақыл-айна.
Я болмаса:
Ғылым-теңіз қиялға азық болған,
Өмірлік қуат беріп ұғымына.
Саяділ мен Майсаның ой орамдары, сөз саптаулары, дүниетаным
деңгейі ақындық мәдениетке ие.
Кеңес заманындағы айтыс ақындары, негізінен, құт-береке
тасытқан еңбек екпінділері – стахановшыларды, егіншілерді,
қойшыларды, сауыншыларды, жылқышыларды, сиыршыларды,
комбайншыларды, кеншілерді ықыластана, ынтықтыра жырлады.
Әлбетте, уақыт қалауы, қоғам тілегі осылай. Сонда да ақындық
сана, зерде көркемдік қиялға, эстетикалық қабылдауға, үлбіретіп
айтуға бейім. «Сұлубике мен Зейнептің айтысы» (1943), «Сәт пен
Нұрханның айтысы» (1957), «Насыр мен Қалмахан айтысы» (1957)
көркемдік кестесі, ой дестесі жағынан алғанда бағалы.
Айтыста сыншылдық көзқарас, шынайы шыншылдық жарқын
көрініс тапса, мәні зор есептелмек. Бұл орайда Қалмаханның:
Айнасы ауданыңның газетің бар,
Дейсің ғой онда қанша қажетің бар.
Қатеден аяқ алып жүре алмайсың,
Немене, сауатсыз ба жазатындар? –
деп, Насырға шүйіледі.
Тілеген мен Сейітқасым айтысында ұшқыр мінезді қанатты жол-
дар жеткілікті. Ақын Тілеген суреттеуіндегі «қыз-дала» келбеті:
1 Гүлі – інжу, алтыны – астық, көлі – шәрбәт,
Бойынан бір сұлулық тарағандай.
2 Шеңгелдің қоңырауы қозғалады,
Бойжеткен шолпысындай сылдыр қағып.
Аманжол мен Бекболат айтысында (1957) ел ішіндегі дінбұзарлар,
әсіресе, протестант дінінің бір-тарауы баптистерді Аманжол ақын
былайша сөгеді:
Көрдің бе, «Өрнек» тәртіп бұзғандығын,
Ұйымын төбелестің құрғандығын.
Қалың жұрт еңбектеніп жүрген шақта,
Жол беріп баптистерге тұрғандығын.
Төлеген мен Серіктің айтысында (1957) қазақ газеттерінің
оқылмайтындығы, ана тілін кемсіту мәселесі дұрыс көрсетілген.
Ақын ұлттық тілдің дыбыстық жүйесін, сөйлем құрылысының
заңдарын, сөздің экспрессивтік-эмоционалдық бояуын, сөздердің
орналасу тәртібін, поэзиялық сөздің мәні мен мағынасын талғам
таразысына салып, таңдамалысын алып, өлең-жырларын мәнерлі,
өткір, шебер құрауға, қиыннан қиыстыруға ұмтылады. Бұл орай-
да жалпыхалықтық тілдің қазынасын қалай пайдаланады, сөздің
суреттілік, бейнелілік, асыл сырларын қалай таниды, нағыз сурет-
керге тән шеберліктің үлгісін қалайша жарқыратып көрсетеді деген
мәселелер алдымыздан шығады. «Тілді қолдана білу деп, – жаза-
ды Ахмет Байтұрсынұлы, – айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді
таңдап ала білуді және сол сөздерді сөйлем ішіне орын-орнына
дұрыстап қоя білуді айтамыз». Оның ойын одан әрі жалғастырсақ,
сөз талдаудың шарттарын ол былайша белгілейді: 1) сөз дұрыстығы,
2) тіл тазалығы, 3) тіл анықтығы, 4) тіл дәлдігі, 5) тіл көрнектілігі.
Бұлардың әрқайсысына тән белгілерді айтсақ, ол «сөзді дұрыс сеп-
теп, дұрыс көптеп, дұрыс ымыраластыру», «сөйлемдерді бір-біріне
дұрыс орайластырып, дұрыс құрмаластырып, дұрыс орналасты-
ру», «ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау», «лебіз
ашық мағыналы, түсінуге жеңіл, көңілді күдіктендірмеу», «ойлаған
ұғымға сөз мағынасының сәйкес келуі» және «толғау сөздің көрнекті
болуы». Ал көрнектіліктің өзі бейнелеу құралдарына (айқындау,
теңеу, ауыстыру, бейнелеу, кейіптеу, әсірелеу, шеңдестіру, дамыту,
түйдектеуге) тәуелді.
Ақын-жыраулар жырларында ұйқасты сөз тізбектері, яғни ды-
быс үйлесімділігіне құрылған фразеологиялық оралымдар көптеп
кездеседі. Мәселен, былайша: «Басымды әбжыландай қайқайтайын»
(қыз бен жігіт айтысынан), «Ай мен күндей толқыған» (Сарыбай),
«Бикешім айдай ару, сүттен сұлу» (Сейдәлі), «Қой қоздап, құлын
қунап» (Жамбыл), «Теңіз толқып, қайық қалғып» (Үмбетәлі),
«Өлеңді өңгеру» (Нартай), «Ойды орып, қырды қырып» (Төлеу) т.с.с.
Ақын-жыраулар поэзиясының лексикалық байлығын, интонация-
лық жолын, ырғақтық кестесін көркейтіп көрсететін ассоциативтік
тізбектерді айтып өткен дұрыс. Мәселен, «өнер-айла» (Шәріпжан),
«бота-тайлақ» (Оспантай), «жекжат-жұрағат», «ілім-білім», «қазан-
ошақ», «аяқ-табақ», «тіл-көмейім», «ақыл-қайрат» «бақ-дәулет»
(Омарқұл), «қыдыр-ырыс» (Тезек төре), «жал-құйрық» (Сүйінбай)
т.б. Осынау тіркестер жайдан-жай ойға орала бермейді. Тілге
шеберліктен, шешендіктен туып жатады. Олардың өлең ішінде
қаншалықты әсерлі болып тұратынын білу үшін мына бір жолдарға
назар аудара кетейік:
Жерімді туып-өскен сағынамын,
Қайтейін жібермей жүр ырыздық-дәм.
(Ақтөре)
Айдаған алыс жерден ырыздық-несіп,
Кім болжар алдағыны болмақ нешік.
(Жәмел)
Синонимдес сөздер шығарманың экспрессивтік-стилистикалық
мәнін күшейтеді, толқындата сөйлеуге мүмкіндік береді. Зерттеушінің
жазуынша, «синоним сөздердің ішінен суреткер өз көкейіндегі сыр
мен шындықты дір еткізіп дәл жеткізер ең қажеттісін ғана таңдап
алады. Мәселен:
Бәйшешектей гүл шашқан,
Өрімдей науша жастарым.
Отанымның сәулеті –
Айбарым, көркім, мақтаным!
(Нұрпейіс)
Қуанышым, қуатым, жан серігім,
Сұм ажалға кез болды түзде жатып.
(Иса)
Айтыс ақындары сөз бәсекесіне, өнер бәйгесіне түскенде, ең
алдымен, ақындық қуатын, өнерпаздық қабілетін, сөз қисыны мен
нақышын келтірудегі зергерлігін көрсетуге тырысады. Бұл әріден
тамыр тартқан көне дәстүр. Ақын бейнесі өз өлеңдеріндегі бейнелі
сөздерден сәулеленіп көрініп тұрады. Небір әсерлі, көрікті сөз –
ұғым, сөз – символ осынау ақын образының айналасында жанды,
көрікті суреттер жасап, тамырласып тұтасқан.
Өлең сөзге өрен жүйрік екенін таныту үшін «Түлкісін қызыл алтай
сөздің қуып», «Шаңқан боздай сөзіме шаң жұқпайды» (Үмбетәлі),
«Өлеңнің тандайымда ұясы бар» (Ләтипа), «Өлеңнің тау мен та-
сын құлат маған, кәрі тарлан Жамбылдан дәмең болса» (Жамбыл),
«Өлеңге жел жетпейтін желқобызбын» (Ілияс Манкин) деп тоқылған
образдық- поэзиялық суреттерге қарау керек болады.
Оспантай ақын Үмбетәлімен айтысында ақындардың атасы Жам-
былды «жалғанды жарық қылып жалғыз гауһар» деп бағалап, оның
жыраулық өнерін былайша өрнектейді:
Айтулының бірі еді,
Бозбаланың гүлі еді.
Домбыра таңдай тақылдап,
Тіл мен жағы сапылдап,
Қисынын тауып қиядан,
Ақсұңқардай іледі.
Тоқсанға жасы келгенде,
Тастүлектей түрленіп,
Лашын кұстай жүреді.
Қозғалып түптеп сөйлесе,
Ебінің дауыл желі еді.
Ағызып алған бұлақтай,
Науаша құйған кен еді.
Мұнда фольклор стиліне тән сипаттаулар мен қалыптасқан
халықтық сөйлемдер пайдаланылған.
Ал Жамбыл Үмбетәлі мен Нұриләның айтысына төрелік беруінде
нағыз өлеңнің өзгешеліктерін қара қылды қақ жарғандай жіктеп,
жіліктеп, мүшелеп береді. Сөйтіп, өлеңнің сазы, көркемдігі және
мағыналық салмағы жайында былай деп толғайды:
Айтылса әрбір өлең әніменен,
Дауыс та құбылады сәніменен.
Аршын сөздің асылын ақтар бері,
Сәніменен, маңызды дәніменен.
Өлең сөздің болмысы, жаратылысы туралы ой-толғаныстар,
ақындық алғырлығына деген сенім мен серт айтыс ақындарының
шығармашылығына тән сипаттар. Мысалы:
Жақсы сөз жұпар аңқиды,
Жақсы шөптің гүліндей.
(Кенен)
Айнадай алғыр сөзім болсын өрнек.
Намысын отанымның ойлауға,
Шекердей шыққан сөзім бал тілімнен,
Дәмі жоқ сөйлемеймін сөзді кермек...
(Әбдіғали)
Ал қанатты ақын Нұрлыбек болса:
Асыл сөз сұңғыла ойдан шыққан қайнап,
Көк дауыл толқытқандай толқын айдап.
Шарықтап шартарапты ұшқыр қиял,
Төгілсін сөзден нөсер нажағайлап,
Әйгілі сөз майданы ашылғанда,
Бір күлер дарынды ақын гүл-гүл жайнап,
Шын жүйрік той-топырда тоқтай алмас,
Тұлпардай ауыздығын қарш-қарш шайнап.
Алысқа асқар асып жөнелді ақын,
Құлындай құлдыраған салып ойнақ.
Ақындық арнасына сал кұлақты,
Салғандай алдаспанды қия қайрап, –
деп, қиял қанатында самғап, толқи тебіренеді.
Айтыс ақындары Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында
елінің еңбеккерлігі мен ересен ерлігін, яғни тыл өмірін терең жырла-
ды. Халық шаруашылығы мен өндіріс орындарының ішкі өмірін сын
көзімен тексеріп, зерттеп, совет адамдарының жанқиярлық еңбегін,
онымен қатар ел арасында кездесіп отырған өрескел қылықтарды
да ащы тілмен түйреп, масылдықтың, жалқаулықтың, кеселді
жағдайлардың түп-тамырына балта шабуға тырысты. Іріген-шіріген
құбылыстарды жоюға өлең сөздің уытын жұмсап көмектесті.
Ұлт руханиятының тарихында айтыс өнері айрықша құбылыс.
1943 жылдың 8 тамызында республикалық ақындар айтысын өткізу
жөнінде арнайы шешім қабылданды. Мақсаты – айтыс өнерін халық
кәдесіне жарату, сөз өнерін ел мүддесіне қызмет еткізу, пәрменді
қуатын елімізге келген дұшпанға соққы беруге пайдалану, елдің
еңсесін көтеріп, ердің егесте есесі кетпеуі үшін айбатты болуға
үндеу.
1943 жылдың 4 желтоқсаны. Қазақтың мемлекеттік академиялық
опера және балет театры. Сахнада көз сүйіндірер ою-өрнектермен
нақышталған қазақтың киіз үйі. Тарих қаһармандарын тірілткен
Республикалық айтысқа еліміздің әр жерінен келген Қазақстан
еңбеккерлерінің өкілдері, әйгілі халық ақындары – Жамбыл, Ке-
нен, Шашубай, Қуат, Орынбай, Әбдіғали, Майасар және басқалар.
Әділқазылар алқасының мүшелері – Қазақстан Компартиясы
Орталық Комитеті мектептер бөлімінің меңгерушісі Б.Исабеков,
саяси-ағарту жұмыстары секторының меңгерушісі С.Ахметов, ака-
демик Қ.Сәтбаев, Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Өнер
істері басқармасының бастығы С.Толыбеков, Қ.Қуанышбаев, М.Әуе-
зов, С. Мұқанов, Е.Ысмайылов, К.Байсейітова, А.Жұбанов.
Өлең-жырды орысшаға аудару ісімен Ғайша Шәріпова бастаған
ақындар тобы шұғылданды.
Айтысты жазушы Ғабит Мүсірепов ашты да, кеңестік заманның
ұлы жыршысы Жамбылға сөз берді. Ғасыр куәгері:
– Алатаудан, Арқадан,
Ақындарым келіпсің,
Тілдерінен бал тамған,
Жақындарым келіпсің.
Ертіс, Еділ, Іле, Сыр,
Бас қосқалы келіпсің.
Жүрген жері думан жыр,
Сендер елге көріксің! –
деп, толқынды, отты, қуатты толғауын бастады. Ол Сүйінбай мен
Қатағанның, Кеншімбай мен Орынбайдың, Сарбас пен Майкөттің,
Құлыншақ пен Қуандықтың, Шөже мен Кемпірбайдың ақындық
дәстүрлерінің мықты желісін, алтын арқауын босатпай ұстап, өлең-
жырды көкдауылдай боратып, шарықтап, шалқыңдар, толғанып ша-
быттанып, тасқындап тебіреніңдер, сөз нөсерін селдетіңдер, миуа-
сын теріңдер, өнер бәйгесінде қарыштап алға шығыңдар, батырлық,
ерлік күндердің толғауын төгіңдер деп жар салды.
Қазақстан Жазушылар Одағы Президиумының Төрағасы Сәбит
Мұқанов айтыс ақындарының шығармашылығы хақында «Селдет
жырды ақындар» деген тақырыпта өлең түрінде баяндама жасады.
Бұл баяндама «Социалистік Қазақстан» газетінің 1943 жылғы 7
желтоқсан күнгі санында жарияланды.
Тамсана тарих тыңдайтын,
Аңыз қылып айтты жыр –
деп, заманның, ақиқаттың тот баспас айнасындай құдіретті рухқа
толы қазақ жырының қуатын паш етті. Даңғайыр саңлақтар Жамбыл,
Нұрпейіс, Орынбай, Шашубай, Майасар, Кенен, Нартай, Нұрлыбек,
Омар, Молдахмет сынды жыр тарланбоздарының ерен тұлғасы
Сәбит Мұқанов баяндамасында терең сипатталды.
Сәбит Мұқанов ұлт мәдениеті тарихында халық жыршыларының
ұлы қызметін айрықша атайды. Мысалы, Жамбылдың «Өтеген»,
«Сұраншы»,
«Саурық»
туралы
дастандарын,
«Қобылан ды», «Қарасай, Қази», «Төрехан», «Нарқыз», «Ақкенже»
жайлы эпикалық жырларын, Қазанғаптың «Ер Есім», Қалқаның
«Қабанбай», Көшеннің «Кенесары-Наурызбай» атты батырлық по-
эмаларын жоғары бағалайды.
Республиканың әдеби-мәдени және саяси өмірінде ұлы оқиға
есебінде қабылданған Жамбыл бастаған ақындар айтысы алдын-
да, Әуезовше айтқанда, «қоғам құрылысының өжет қайраткерлері»
үшін, «өнерлі өлең думанында» «қызықты, қадірлі мазмұнға» ие
сапалы жырлар туындату мақсатында бір апта бойы семинар-
кеңес ұйымдастырылды. Айтыстың мақсаты, бағыт-бағдары, мән-
мағынасы барынша терең түсіндірілді.
Республикалық айтысты Қарағанды-Семей ақындары Майасар,
Нұрлыбек, Тәңірберген, Жолдекейлер бастады. Шабыты шалқыған
ақындардың лебіздеріне тапқырлық, рухани сұлулық, тереңдік тән.
Айталық, Майасар толғаныстарында Қобыланды, Асанқайғы, Хан
Абылай, Ер Кене, ал Нұрлыбек толғауында «айбыны алпыс құлаш
айдаһардай» Ер Қабанбай, Ер Мамай, Ақтанберді, Батыр Барақ,
«ақындықтың шыңында Гималайдай» Абай тұлғалары айқын көрініс
тапқан. Солтүстік Қазақстанның ақыны Молдахмет Тырбиев айты-
сы тарихилық һәм көркемдік сипаттарымен ерекшеленеді.
Қызылорда-Оңтүстік Қазақстан ақындары желдей ескен Нартай,
«алтын топшы ақиық» Орынбай, «тілінен нұр төгіліп, балы тамған»
Әлібек өнер сынында өрелі пікір өрбітті.
Айтыс III ТОМ
жалғасын осы кітаптан оқыса болады