СҚО-ның полицейлері 50-ден астам елікті заңсыз атты деген күдікпен Петропавлдың үш тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері келіп түскен ақпаратпен «Челябі – Новосібір» тас жолында 28 жастағы жігіттің басқаруындағы «ВАЗ -2115» автокөлігін тоқтатты. Салонда 29 және 30 жастағы тағы екі Петропавл тұрғындары болған. Автокөліктің жүксалғышын қарау кезінде 4 Сібір елігінің еті, сондай-ақ «ТОЗ» маркалы екі тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтық, 2 патрон, гильза және басқа да аңшылық құрал-жабдықтар табылып, тәркіленді.
«Бұдан әрі іс-шараларды өткізу кезінде Петропавлдағы саяжай қоғамдарының біріндегі үйден мүшеленбеген 2 елік еті мен 41 еліктің терісі, 119 тұяқ, жануардың 12 басы тәркіленді. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабының 3-бөлігі «Заңсыз аңшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Тәркіленген қару мен жануарлардың бас-сирағы сараптамаға жіберілді. Күдіктілер Петропавл қ. ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды»,-дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.