Жаңа жыл қарсаңында Алматыда электромобиль таксилер пайда болады. Жалпы қала көшелеріне 200 электротакси шығару көзделген. Бастапқы кезеңде 20 электр көлігі шығарылады. «Таза ауа» бағдарламасы аясында жүзеге асырылғалы отырған жоба оңтүстік астананың экологиялық ахуалын жақсартуға үлесін қосады. Vox Populi тілшісі такси қызметіне шығатын электромобильдің ұтымды және осал тұстарын біліп қайтқан еді.
Электромобильдерді такси ретінде пайдалану жобасын энтузиаст ғалымдар екі жыл бұрын ойластыра бастаған. «Алматы такси» жобасының жетекшісі Михаэлс Квентис каршеринг пен такси қызметіне арнайы электромобиль мен оны қуаттайтын қондырғылар шығаратын Қытай зауыттарында бірнеше рет болып қайтыпты. Сосын электромобиль шығаратын ірі зауыттардың бірімен келісімге отырып, инвестор тауып, алғашқы электромобиль сатып алған. Электрокардың іші-сыртында мін жоқ. Жүрген кезде ешқандай дыбыс шығармайды. Үнсіз қозғалатын көлік қызықтыра түсті. Ондай кезде әдетте дәстүрлі сұрақ туындайды: «Көлік қозғалтқышының көлемі қанша?». Квентис мырза мұндай көліктің батареясының пайыздық мөлшерлемесі саналады дейді.
«Көліктің „объемы“ қанша?»
— 2018-ші жылы шығарылған бұл электромобиль сағатына 35 кВт электр қуатын жұмсайды. Біз ол жақтан электромобиль батареясының қалған ресурсы 85%-дан төмен болмауын қадағалаймыз. Бұл қуаттауға дейін 180–200 шақырым жүреді. Мына көлікті былтыр қазан айында әкелгенбіз. Қыс айларында Алматыда жүрді. Такси қызметіне беріп, сынап көрдік. Қорытындылай келе, осал тұсын анықтадық. Қысты күні көліктің іші-сыртын жылыту желілері қосылып тұрғанда ол 160–170 шақырым ғана жүреді. Ал бізге қуаттау аралығында, такси қызметі аусымына 240 шақырым жүргені қажет. Қазір ол түйткілді шешудің жолын таптық. Жүксалғышына қосымша батарея орнатамыз деп отырмыз.
Сондай-ақ, қаланың өзіндік географиялық ерекшелігіне сай жоғары-төмен деп айтамыз ғой. Бұл көлік жоғары шыққанда электр қуатын көп жұмсайды. Ал төмен түскенде электр қуатының 10%-н қайта қайтарады, яғни рекуперация процесі дейміз. Жоғары шыққанда шамамен 26% энергия жұмсасақ, төмен жүргенде оның 10%-ы қайтарылады. Сонда мысалы орталықтан Шымбұлаққа барып-келуімізге батарея қуатының 16%-ы кетеді. Бұл ретте Алматыда көліктің энергиясын үнемдеуге мүмкіндік бар.
Толығырақ осы жерден оқыңыздар