“Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тез қолға түседі”
Абай Құнанбайұлы, “Отыз екінші қара сөз”
Кез келген оқу бағдарламасы тиімді іске асырылуы үшін ол оқушылардың өмірімен тығыз байланыста болу керек ["ХХІ ғасыр дағдыларын оқыту және оқу". RAND Corporation, 2012]. Жаттанды оқыту пәндік білімді өмірден алшақ етіп көрсетеді, оқушы білімнің қажеттілігін сезінбейді, ал оқыту өзекті болмағандықтан оқушылардың оқу уәжі төмендейді.
Оқушылардың оқуға қызығушылығын қолдау үшін білімнің өзектілігі мен практикалық мәні аса маңызды болып табылады. Яғни математика сабағында теорияны бекітуге арналған есептермен қатар, функционалық сауаттылықты арттыруға байланысты есептерді кіріктіру өте тиімді болмақ.
Сыныптың жас мөлшеріне және оқу жоспарындағы өтетін тақырыпқа сай дайын есептер жинағы табыла бермейтіндіктен мұғалім сыныптағы оқушылардың деңгейін ескере отырып өзі құрастыруына болады. Ол үшін біріншіден тапсырманың мәнмәтініне көңіл аудару керек. Ол барынша өмірдегі ситуацияға жақындастырылған оқиға түрінде болғаны дұрыс. Екіншіден ондағы мәселені шешуде оқушы өткен тақырыптағы білімдерін қолдана алатындай болу керек. Үшіншіден оқушы өз шешімінің дұрыстығын дәлелдеп, негіздеуі немесе креативтілік танытып тың шешім ұсынуы, басқа да пәндік білімдерін қолдана алуы ескерілу керек.
Жаңа бөлімді не тарауды өткеннен кейін тақырып бойынша теориялық білім меңгеріліп, оқушылардың практикалық дағдылары қалыптасқан соң топтық жұмысы ретінде осындай есептерді ұсыну жақсы нәтиже береді дегім келеді.
Топтық жұмыс формасын таңдауымыздың себебі топтық жұмыста оқушылар өздерін еркін сезінеді, әрдайым сыныптастарынан көмек ала алады, мәселемен бетпе-бет жалғыз қалмайды, оқушының коммуникативтік дағдысы жетіледі, оқушылар арасында зерттеушілік әңгіме орын алады, сыни ойлауы дамиды. Топтар арасындағы бәсекелестік, есептің шешімін бірінші болып табу, не тиімді шешімін ұсыну да оқушыны қосымша уәждейді.
Мұғалімнің алдына қойған мақсатына, қолданылатын интербелсенді әдіс-тәсілдерге байланысты әр топқа бірдей не әртүрлі есеп беруге болады. Тапсырма деңгейі жеткілікті күрделі болғандықтан 1 оқу сағатына 1 есеп берген дұрыс. Берілген уақыт аяқталған соң топтар сынып алдында өз шешімдерін ұсынады және бір-бірін бағалайды.
Кей жағдайда оқушыларға мәселені шешуге керекті ақпараттың бір бөлігін дайын күйінде бермей, интернет желісінен не басқа ақпарат көздерінен өз бетімен тауып алуға да итермелеуге болады. Бұл өз кезегінде баланың әртүрлі ақпарат көздерімен жұмыс жасауын, тығырықтан шыға білуін және сыни көзқарасының қалыптасуын жетілдіреді.
Мысалы 6 сыныпта оқушылар «Қатынас және пропорция» бөлімін өткеннен соң топтық жұмыс ретінде төмендегі «Дәрілік тұнба» есебін ұсынуға болады. Бұл есепті шығарта отырып келесі оқу мақсаттарын және бағалау критерийлерін қарастырамыз:
Оқу мақсаттары:
6.1.1.1 екі санның қатынасы нені көрсететінін түсіну;
6.1.2.1 сандардың қатынасы ұғымын меңгеру;
6.1.2.6 шамаларды берілген қатынаста бөлу;
6.1.2.3 пропорция анықтамасын білу;
6.1.2.4 пропорцияларды ажырату және құрастыру;
6.1.2.5 пропорцияның негізгі қасиетін білу және қолдану;
Бағалау критерийлері:
Есептегі ақпаратты қолданып қатынас жазады.
Берілген қатынасқа тең қатынас табады
Есепті шығаруда шаманы берілген қатынаста бөлуді қолданады
Есепті шешуде пропорция құрады
Пропорцияның негізгі қасиетін қолданады
«ДӘРІЛІК ТҰНБА» есебі
Саматқа анасы дәрігердің рецепті бойынша шөп дәрі тұнбасын әзірлеп беру керек. Керекті тұнбаны әзірлеу үшін түймедақ гүлінен 9 бөлік, қалақай жапырағынан 5 бөлік және қызыл мия тамырынан 2 бөлік қажет. 200мл тұнба дайындау үшін 32 гр құрғақ дәрілік шөптердің қоспасы керек. Самат бір күнде 2 рет (таңертең, кешке) 50 мл-ден тұнба ішуі керек.
Дәрілік шөптердің керекті салмағын өлшейтін құрал болмағандықтан Саматтың анасы шөптерді қасықпен мөлшерлеп алды. Интернетте әдетте шай қасыққа 4 грамм, ал ас қасыққа 8 грамм құрғақ дәрілік шөп сыятыны жазылған екен.
1-тапсырма:
Саматтың анасы 1 күнге тұнба дайындау үшін әр дәрілік өсімдіктен қанша грамм өлшеп алу керек?
2-тапсырма:
200 мл дәрілік тұнба дайындау үшін Саматтың анасына қай қасықты пайдаланған дұрыс? Әр шөптен неше шай қасық алу керек?
Күнделікті дәрілік шөптерді өлшеп отыру ыңғайсыз болғандықтан Саматтың анасы дәріханадан дайын дәрілік шөптердің қоспасын сатып алғысы келді. Дәріханада дайын қоспалардың әртүрлі бағада және мөлшерде 3 түрі бар екен. Олардың бағасы, салмағы және дәрілік шөптердің қатынасы кестеде көрсетілген:
3-тапсырма:
Саматтың мамасына дәрілік тұнба дайындауға осы қораптардың қайсысы жарамды? Неліктен?
4-тапсырма:
Қайсы қораптағы қоспаны сатып алу қаржы жағынан тиімді? Өз дәлелдеріңді келтіріңдер.
Дескриптор:
1 тапсырма
- 200 мл тұнба дайындау үшін керекті дәрілік шөптердің мөлшерін анықтайды
- 1 күнде ішілетін тұнбаның көлемін анықтайды
- 1 күндік тұнбаға кететін дәрілік шөптердің мөлшерін анықтайды
2 тапсырма
- 200 мл тұнба әзірлеуге әр дәрілік шөптен неше шай қасық керектігін анықтайды.
3 тапсырма
- Әр қораптағы дәрілік заттардың қатынасының бастапқы берілген қатынасқа теңдігін анықтайды
4 тапсырма
- Жарамды қораптың бағасы мен салмағының қатынасын анықтайды (Пропорция құру арқылы да шығаруына болады. )
Бастапқы кезде оқушылар тапсырманы өз бетінше орындай алмауы, уақыт жеткіліксіздігі орын алуы мүмкін. Бұл жағдайда мұғалімнің қолдауы мен көмегі көбірек қажет болады. Бірақ біртіндеп оқушылар бейімделген соң, жақсы нәтиже көрсете бастайды. Осылайша әрбір тарауды не бөлімді қорытындылау кезінде оқу мақсаты мен бағалау критерийлерін ескере отырып мұғалім оқушылардың математикалық сауаттылығын дамыта алады.