Фольклордағы жалпы халыққа ортақ саналып жүрген аңыз-әңгімелердің рөлі орасан зор, ол адам табиғатының жанды тұстарын көрсете алатын «халық даналығының» көрсеткіші деп білеміз. Бұндай аңыз-әңгімелердің авторы белгісіз болғанымен, оны жоқ деп айтуға болмайды, кез келген шығарманың авторы болары анық, себебі «ұжымдық» түрде шығарма жазу мүмкін емес, алайда ол «қоғамдық» сипатта жүргендіктен, сол жалпылықтың заңдарына бағынып, өзгеріп, өңделіп тұруы ықтимал. Сол себепті фольклорда аңыз болсын, күй болсын, бейнелі сөз болсын көп нұсқалы боларын білеміз, осындай түрлі нұсқалардың басын біріктіріп XIX-XX ғасырларда ақын-жазушылардың қолға алуымен фольклордағы тақырыптар хатқа түсіріле бастады. Бұл дегеніміз ел ауызында сақталып жүрген аңыз-әңгімелердің жаңа сипатта суреттелуі, яғни жалпы адамзаттық пайымдау үлгілерінің нәтижесінде туған ішкі жиынтық қасиеттердің белгілі бір сәтте жарқ етіп заманалық сипат алатын кезеңі жеткен кез еді. Ежелден қалыптасқан мифологиялық түсініктердің, образдардың, қаһармандардың уақыт пен кеңістікті шартты түрде артқа шегіндіріп, өткенімізге бет бұрып қарауға, сан ғасырлық ізі сайрап жатқан мәдени құндылықтарымызға, объектілерімзге, ауызекі туындыларымызға жан бітіріп, қайта жырлаудың мүмкіндігі туындады. Дәл осы кезде пайда болған саз аспаптарға қатысты, жалпы өнерге қатысты көптеген шығармаларды атап айтуға болады: Мағжан Жұмабаевтың «Қойлыбайдың қобызы», «Қорқыт» дастандары, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қорқыттың сарыны» атты дастаны, Қалихан Бекхожинның «Сері күйші», «Ақсақ құлан» туындылары, Ілияс Жансүгіровтың «Күй», «Күйші» поэмалары, Сейсен Мұхтарұлының «Күн желкен немесе Қорқыт» дастаны, Иран-Ғайып Оразбаевтың «Қорқыттың көрі» пьесасы, Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романы, Ұзақбай Доспанбетовтің «Үйсін Балқыбек бақсы» әңгімесі, Қадыр Мырза Әлидің «Домбыра» өлеңі және XIV-XV ғасырда көне қазақ тілінде жазылған Ахмадидің «Музыкалық аспаптар айтысы» еңбегі.
Мағжан Жұмабаевтың «Қойлыбайдың қобызы» атты поэмасы аңыздық желіске құрылған шығарма. Бұнда автор ертедегі Қойлыбай деген бақсының бәйгеге қобызын қосуы жайлы аңызды негізге ала отырып, поэзиялық үлгіге салып жырлайды. Аңыздың сюжеті былай өрбиді: «сексеуілге байланып тұрған қобыз, ағашты түбімен қопарып алып шығады да, бәйгедегі жылқылардың алдын алып келеді». Яғни, бұл мәтінде бақсылардың жынды басқара отырып түрлі мистикалық дүниелерге қолы келетіндігі хабарланады. Мағжан Жұмабаев дастанда осы сюжетті таратып береді, оған қоса Қойлыбайдың шыққан тегін, елін атап көрсетеді, оның мықтылығын сипаттайды.
Мағжанның шығармашылығында әр алуан тақырыптардың барын білеміз, көбінде ол сыршыл ақын ретінде дуализмге негізделіп жазады. Ақ пен қараны салыстыра, салғастыра қарау Мағжан өлеңдерінің ажырамас бөлігі іспеттес болғанымен, мистикалық тақырыпқа құрылған осы дастанды жырлауының бірнеше себебі бар:
Мағжан өмір сүрген дәуірдегі ұлт мәдениетіміздің проблемаларының бірі ол – фольклорымыздың жазылып алынбағанадығы әсер етті, яғни бұл сол кездегі әлеуметтік сұраныс, мұнда «сақтап қалу» ниеті бірінші кезекте тұр. Екіншіден, ежелден келе жатқан дәстүріміз «бақсылықты» дәріптеу, ол жайлы мәлімет қалдыру мақсаты бар. Үшіншіден, елімізге белгілі болған кісі есімдерін ұмытылмас мұра қылып қалдыру ниеті де бар. Тарихи тұлғалар, жер атаулары, этнографиялық мәліметтер Мағжан шығармашылығында кеңінен етек жайған тақырыптар. Төртіншіден, Мағжан Жұмабаев табиғатынан лирик ақын болғандықтан, бұл шығарма өнер тақырыбына арналған жалғыз туынды емес, бұдан да басқа «Қорқыт» сынды дастаны және өнерге, білімге шақыратын бірқатар өлеңдері бар. Бесіншіден, бұл сюжет аңыз болғандықтан оның мәтіні, мазмұны әртүрлі жерде әр қалай айтылып жүрген кезі еді, ал Мағжан осы дастанды жаза отырып, ел ауызындағы әңгіменің тобықтай түйінін жасады деуге болады. Түрлі деректердің басын қосып, Қойлыбайдың нақты кім екендігін көрсетті. Осы бір себептермен және де қазақ бодандық қамытын киген ғасырда, кеңестік идеологияның нағыз қарсыласы, Алаш қоғамының мүшесі ретінде Мағжанның бұл тақырыпта жыр жазуы әсте таң қаларлық жайт емес.
Кеңес өкіметінің қыспағына ұлт мәдениетіне қатысты төлтума әдебиетіміз, мәдени туындыларымыз, ақтаңдақ тұлғаларымыз қоғамдық-саяси дүмпүлер мен қуғын-сүргінге ұшырап жатқан заманда, бақсылық дәстүріміз де рухани дағдарыстың небір зобалаңын бастан кешірді. Бұл жайлы музыкатанушы ғалымдар С.Аманова мен А.Райымбергеновтердің пікірі: «Қобыз дәстүрін баяғы қалпында сақтап қалған – тек қана бақсылар еді. Алайда, Октябрь революциясынан кейін бақсылар үлкен қиындыққа душар болды. Олар дінді уағыздаушы ретінде қудалауға ұшырады. Сөйтіп сан ғасырлар бойы сақталып келген қобыз дәстүрі сөніп, өшуге айналды» деседі.
Айта кететін жайт, бақсылық өнеріміз Кеңестік, атеистік кезеңнің келуімен ғана тепкіге ұшыраған жоқ, одан да бұрын ислам дінінің қазақ сахарасына еніп келуі, ежелден бар тәңіршілдік мәдениетіміздің сарқыншақтарын жаппай жазалауға кіріскені баршаға мәлім. Дүниені дүр сілкіндірген көне түркілік ұлы мұрат-мүдделер тәркіленіп, ел санасынан бездірілді. Бұндай қыспақтарды бастан кешірген ежелгі түрікшіл мәдениетіміз «бақсылық» дәстүр өзгеріске түсуіне тура келіп, ежелгі мифологиялық санадан «алтын көпірдей» дәнекерлік қызмет атқарғандай мұсылмандық сипат алғандығын білеміз. Бұл тарапта фольклортанушы-ғалым Шәкір Ыбыраев: «Ислам діні енгеннен кейін бұрынғы шаманизмнің белді өкілі болған бақсыларды ығыстыра бьастағандығы мәлім... Осыған байланысты көне заманның атақты абыздары мен бақсылары біртіндеп ұмыт болуға айналды немесе исламға лайықты өзгерістерге ұшырап, екі идеологияның да белгілерін ұштастырған күрделі синкретті тұлғаға айналды» – деп сөздің анығын дөп басып айтқан екен.
Мінекей, осындай ежелден қалыптасқан бақсылық дәстүрімізді қоғамдық жағдайлардың езгісінен сақтап қалу мақсатында болу керек, Мағжан Жұмабаев ел-жұртқа аты танылған Қойлыбай бақсы жайлы әңгімелеп қана қоймайды, сонымен қатар өмірде болған тарихи оқиға екендігін көрсету мақсатымен түрлі деректер береді. Мұндай дерек қатарына Қойлыбай бақсының Найманның ішіндегі Бағаналы руынан шыққандығы жайлы:
Ертеде ел бар екен калын Найман,
Қытайға қалың Найман қанат жайған.
Қалың Найман ішінде Бағаналы,
Қазақта бақсы асқан жоқ Қойлыбайдан.
оқиға орын алған жиында Барақ батырдың болғандығы, демек оқиға 18 ғасырда болғандығын:
Қалың Найман жиылған бір зор астан.
Бір асқа жиылыпты Найман тамам,
Бай, биі, батырлары балпаң басқан.
Ішінде сол жиынның Барақ та бар
қобызды сексеуілмен қоса жұлып әкететін Қойлыбайдың жын-шайтан жолдастарының нақты есімдері (Қақаман, Нәдір пері, Шайлан) көрсетілуі тектен-тек емес. Мұндай тарихи фактілердің орын алуы жырдағы әңгіменің нақты қазақ халқы бастан кешкендігінің, оқиға кейіпкері шынайы тұлға болғандығының белгісі екендігі аңғарылады.
Ақынның шеберлігі сонда, ол шынымен болған оқиғаларды қозғалыссыз, жалаң тілде емес, көркемдік шындық дәрежесінде бейнелей алуында. Мысалы, бәйге басталған кезде Қойлыбай бақсының қалыбы, ауа-райының күрт өзгеруі сынды егжей-тегжей суреттелген тұстары фәлсапалық маңызы терең, тебіреніске толы табиғат құбылыстарынан ойып алып, өлең өрнегіне қондырған мынадай тамаша заңдылықтары Әлкей Марғұлан келтірген аңызда былай суреттеледі: «...Сол кезде сұрапыл боран соғып, қобыз ағашты түбімен жұлып ала жөнеледі. Қайтарында бәйгенің алдынан келеді» (7,197) деп қысқа қайтара жазылған, ал Мағжанның:
Сол уакыт жай отырған Қойлыбайды
Аруақ қалшылдатып, дірілдетті.
Аузынан қанды көбік бұрқ-бұрқ етіп,
Жап-жалаңаш қылышты қобыз етті.
Көздері қып-қызыл боп қанға толып,
Сарыны сар даланы күңірентті.
Бір мезгіл екпіндетіп, долдандырып,
Бір мезгіл жыны буып күбірлетті.
Қалың құмды қап-қара бұлтқа қосып,
Қызыл жел құйындатып дүрілдетті.
Жан-жақты ың-жың, у-шу дауыс қаптап,
Шапқылап жын-перілер дүбірлетті.
Осылай ойнап, сарнап бақсы жатты,
Қалжырады, қап-қара терге батты.
Сол кезде ат келетін құба жонды
Түгіндей будақ-будақ бір шаң жапты.
Сол шаңның ортасында бір сексеуіл
Ербеңдеп ойнақ салып келе жатты.
Екі басы жерді ұрып кезек-кезек,
Сабалап қырды жол ғып жаралапты.
Байланған сексеуілге қобыз берік
Көз ашқанша жиынға келіп қапты.
Сексеуілдің қопарып алып келіп,
Қақаман жұбатады ерке қартты.
Қобыз келді, Қойлыбай көзін ашты,
Қалың ел тамашадан тас боп қатты..., – деп
әрбір детальға мән бере отырып табиғат-ана құшағында өтіп жататын адамның ырқынан тыс тәуелсіз реттілікті көркем суреттеуі, адам көңілінің табиғатпен қоса түлеуін көрсеткен бейнелері аңыздың рөлін, Қойлыбайдың дара қасиетін басқа қырынан тануға көмектесті деуге болады. Мағжанның бұл дастаны мадақтау-ода емес, салқын қанды статист, сырттай бақылаушы түрінде суреттесе де, Қойлыбайды мәдени феномен ретінде қабылдауға септігін тигізгені анық. Ақын заттық құбылыстарды сезімге айналдырғанда олардың арасына теңсіздік белгісін қоя салмай, дерексізді деректіге айналдырып, кеңістіктегінің бәрін заттандырып, затты қайта жандандырып отырады. Адамның табиғатпен, тылсым дүниемен кіндіктес байланысын тікелей сезіндірумен қатар, адамның сыртқы және ішкі әсерлері мен түйсіктерін өзіндік електен өткізіп барып, суреттеу нысанасын кешенді қабылдатады.
Осы іспеттес аңыздар қазақ даласына көптеп тарағанымен көбінде сақталмай қалуының бірден-бір себебі, ақын-жазушылардың ондай сюжеттерді көркем әдебиеттің нысаны етіп алмауы, кезінде жазылып қалмауы деп білеміз.
Алаштың ардақты арысы Мағжанның тағы бір дастаны сан ғасыр сахара сардары болған аңыз тұлғаға – Қорқытқа арналады. «Қорқыт» поэмасында тарихымыздың тағлымы мол тұстарынан терең тамырын жайып жатқан естен кетпес мәңгілік идеялардың мәйегіне толығымен бас ұрған ілкі қаһарманымыздың өмір жолы суреттелген. Мұндағы Қорқыт бабамыздың ішкі күйзелісі, жастайынан фәлсапалық ойлардың жетегінде жүріп қайғыға душар болғандығы, оның ұлы армандарының қандай ауыр зардаптарға ұрындырғандығы жайлы әңгіме, нағыз Мағжан санасындағы мұрат-мүдделермен түйіскендей көрінеді. Себебі, ақынның жан дүниесі түрлі сезімдер спектрінің мызғымас тұтастығына негізделген, мәңгілік ойлардың тұғырына тиянақ таптырған түйіндері Мағжанды дүиенің қатпар-қатпар қайшылықтарын, өмір шындығын жырлауға мәжбүрлегендей, ал бұл ретте Қорқыттың өкініші, күйініші, сүйініші ақынның табиғатымен байланыс табуы ғажап емес.
Қазақ сахарасына ғана емес, бүкіл түркі жұртына аты мәлім, ең танымал тұлға, алып бейне Қорқытты суреттеу оңай іс емес екендігі анық, себебі бұл халық жадындағы ең жарқын тұлғаға өзіндік баға берумен пара-пар, сондай-ақ көркемдік бейнелеу процессінде шынайы портреттен алшақтатпай, барынша сәйкестендіріп, болған оқиғаны бұрмаламай, сол қалпында жазу қажеттілігі – Мағжан бойындағы қайсарлылықтың белгісі деп білеміз.
Аталмыш дастанды жазудың өзі қоғамдық қажеттілік еді, себебі өз заманының күрескері, халық мүддесін жоғары қоюшы, парасатты келешектің қозғаушы күші ретінде замана халін сезінген ақын бұл дастанды жырламауына болмады. Жазушы, әдебиеттанушы Айгүл Кемелбаеваның айтуы бойынша Мағжан бұл дастанды жазу барысында өз келешегін сезіп отырған: «...Қорқыттың жер мен көкті табанымен, көңілімен шарлап, өлімге дауа іздеген идеясы Мағжанның дауір үрейін сезіне білген құсалы қалыбына дөп келеді. Мәскеуде оқып,орыс поэзиясы күміс ғасырының символист ақындарымен дос болған Мағжанның өз уақытын зұлмат бір катаклизмдер тосып тұрғанын ұқпауы әсте мүмкін емес. «Дариға, бесігімнен көрім жуық...» Мұны 29 жастағы Мағжанның айтқаны ненің нышаны? Оның азат өткенді, хан Абылай заманын аңсай беретіні сондықтан. Ол кезде қазақ отар емес болатын.
«Әлдекім жапан түзде бір көр қазған,
Басына тақтай қойып, сөздер жазған:
«Өлімнен құтылмайсың қашқанменен,
Мынау көр – сенің көрің, Қорқыт жазған!»
Расында, арада 10-15 жыл өткенде бұл көр алаштың арда туған текті ұрпағына тегіс қазылған, ұлт зиялыларын түк қалдырмай тығуға тырысқан тажал көр екені айқынға шықты. Ақын – құдайдың жер бетіндегі елшісі. Оның сәуегейлігі, құсаны дереу жүрегімен сезетіні көк әлемімен байланысты. Сол үшін де Мағжан «Атасы ақындардың – ақын Қорқыт» деп жазды:
Байқасаң, адамзатта болған ба ақын,
Қорқыттай атасынан бата алмаған?
Мағжан, сөйтіп, өз қайғысын, елінің зарын Қорқыттың бейнесі арқылы өрнектеді. Жылай тұра жұбанды:
«Шеше алмай жан жұмбағын шерлі Қорқыт,
Жұбанды қолындағы қобызымен,
Көрге де қобызымен кірді Қорқыт...» [12,39]
Демек, ақын, Қорқыт поэмасын жазу барысында көне дәстүрлі мұраттарды жаңғыртып қана қойған жоқ, сонымен қатарҚорқытпен сырласа отырып,өз келешегіне баға берді, халқына мұңын шалды.Табиғат аясындағы тылсымдармен тілдесіп өскен лирик ақын қазақ халқының басына төніп тұрған қара бұлтты алдын-ала сезе білгендей, ұлтымыздың кие тұтқан піріне жүгініп, ұлттық мақсат-мүдделерді қорғап қалуға ьалпыныс жасаған ізгі ниеті деп түсінеміз.
Мағжан Жұмабаевтың бұл жырының алғашқы жолдары әдеттегідей тарихтан мағлұмат беру әрекетінен басталады:
Алтайға жер жүзінде тау жоқ жеткен,
Алтайға бетегедей алтын біткен.
Бейіштей алтын Алтай етегінде
Ертеде алаш елі мекен еткен, – деп әрі қарай бұл алты алаштың тату болған өте ерте кезеңде болған уақиға екендігі жайлы сөз етеді. Қызығы, Қорқыт туралы ең көп таралған әпсаналарда суреттелетін жайт ол – Қорқыттың дүниеге келу процессі, мұнда қысқа қайырылып айтылған. Яғни, дүниені дүр сілкідірер таңқаларлық, үрейлендірерлік табиғи құбылыстар бұнда орын алмайды, бірден Қорқыттың жас өспірім кезі суреттеледі:
Қорқытқа ес білгелі бір ой түскен,
Айнымас сол ойымен күнде у ішкен, – деп, әрі қарай Қорқытты қандай ойлар мазалағаны жайлы:
«Топырақ боп ертең шіріп қалмақшымыз,
Өміріміз неге шолақ тәтті балдан?
Әншейін өмір деген ермек үшін,
Күні ертең соғар жүрек сөнбек үшін.
Ойланып, қалай ғана уланбассың,
Берілсе адамға өмір өлмек үшін?
Бір кезде көл тасады құрымақ үшін,
Күні ертең гүл гүлденед солмақ үшін.
Біраз күн адам тұрады, өмір сүреді,
Құртқа жем, шіріп, сасып, болмақ үшін.
Сары суға қан берілген айналмаққа,
Ой менен тіл берілген байланбаққа,
Әлпештеп, ардақтаған денең шіріп,
Желменен топырақ боп айдалмаққа.
Көз ашып жұмғандай-ақ өмір шолақ,
Алдыңды көз ашсаң-ақ ажал қамап.
Өмірде мынау шолақ неге керек
От-үміт, ойын-күлкі, таудай талап?
Әлдекім адам деген ермек үшін,
Жүректе от ойнайды сөнбек үшін.
Ойланып, қалай ғана уланбассың,
Берілсе адамға өмір өлмек үшін» , – деп табан астынан жауап сұраған күйін осылайша суреттейді.
Қай заманда болсын үздіксіз туа беретін биік адамгершілік идеяларды дәріптеуші мәдени қайраткерлердің ойы біте қайнасып, бірінің соңынан бірі еріп өткен жандардың жолы, қилы тағдыры, ауыр өткелі тоғысып жатады. Сондықтан, пәк көңілді ысырып өз қоғамының осындай жасырын ауруын көрсетіп қана қоймайды,
Кім білед, өлмейтұғын ел бар шығар,
Кім білед, ажалға да ем бар шығар.
От-суы, топырағы қасиетті,
Кім білед, өлтірмейтін жер бар шыға р, – деп еш үмітін үзбей жолға аттанған Қорқыттың тынбай жол жүріп, ұлы идеялардың жетегінде жүрген күрескер қалыбында көрсетеді.
Талса да тоқтамады, Қорқыт жүрді,
Бетпақ шөл өтті талай қырды, өрді.
Арада біраз жыл өткенде Қорқыт Алтайға қайта оралып келеді де, қобыз аспабын жасап алады. Сөйтіп күні-түні күңіренген ащщы дауысқа еліктеп қобызын тарта берген екен. Мағжан мұнда табиғат пен адам мінезін жарыстыра суреттеп, өзара параллельдер жүргізе отырып суреттейді:
Тыңдасаң, есітесің жаныңменен,
Сар дала күңіренеді сарынменен.
Ерте естіп сол сарынды, ерте улап,
Мен сорлы көптен әуре зарыңменен.
Қорқыт поэмасының соңғы жолдары екі түрле сезімге бөлейді, себебі бір шұмақтың өзі екі түрлі көңіл-күйге негізделген, бірі позитивті арнаға құрылған да:
Енді менің жолдасым – жалғыз қобыз,
Сарна, қобыз, мұң-зарлы шығар лебіз!
Енді бірі:
Сен жыласаң, жылармын мен де бірге,
Жан жыласа, жыламай қала ма көз?!
Соңғы шұмақта да дәл осындай сезімдер спектрін кездестіруге болады:
Өмірде арманым жоқ – Қорқытқа ерсем,
Қорқыттай жанды жаспен жуа білсем.
Жас төгіп сұм өмірде зарлап-сарнап,
Құшақтап қобызымды көрге кірсем!..
Яғни, дастанды оқып бітіргенде адамның көңілі құлазып, не жыларын, не қуанарын білмей жан дүниесі ассиметриялық сипат алары анық. Бұл арпалыста Қорқыт жеңгенімен, көр оны қобызымен бірге құшағына алғаны анық. Демек, сайын даланы сары уайымға бөлеген сарынның үні өшті, бірақ жалғастығын тапты, себебі Қорқыттың өнері де, ақындығы да қазақ даласына тарап кетті. Сондағы оқырманның алар әсері ерекше, екі жүзді болып келетіндігі, Мағжанның ғана қолынан келер дара қасиет. Ғұмыр шектеулі болғанымен, өмір шексіз екендігін дәлелдеп кеткен Қорқыт бабамыздың дастандағы келбеті, құнарлы топырақтан нәр алып өскен әрбір далалық пенденің келешегіне зор үмітпен қарауға итермелейтіні анық.
Аңыздағы Қорқыт бейнесі мен Мағжанның суреттеуіндегі образды салыстыра қарасақ, екеуінде де ол көпқырлы, сан сырлы мәдени қаһарман-демиург, адам баласының басындағы шешімі шиеліністі барша мәселелерді үйлестіруші, тарихи келбеті Тәңірлік сипатта жүретін аса ірі синкретті тұлға. Өмірде болған Қорқыт пен поэмадағы Қорқыттың функциясы да бір, ол – келешекке жол сілтеуші халқының ақылгөй көсемі.