Найти тему

Анам туралы естеліктер

🐏28 нүкте / Идеолог қойшының әңгімесі
Анам туралы естеліктер

✍️Анам бастапқы кезде әкемнің жанында болды. Таңның атысы, күннің батысы, тыным таппай жүретін осы малшылардың әйелдері. Сондықтан әңгімемді осы арнаға қарай бұрып отырмын...


🐑Наурыз айының орта тұсы болса керек, мал төлдеп, ауыл азан-қазан болып жатты. Сақман науқаны басталды. Содан анам үйдегі шаруаны реттеп тастап, қарап отырғанша қорадағы малды анау бір төбеге қарай жайып келейін дейді ғой...

☁️Бұлт жоқ, аспан ашық. Анам малды алдына салып алып кете барады. Оқыста алай-дүлей боран басталып кетеді. Содан шешем жолдан адасып, қардың астында қалады. Күні бойы іздейді. Тек кешке қарай, боран басылғасын тауып алады. Анам бір ажалдан аман қалса да, осы оқиғадан кейін денсаулығы нашарлады...

✅Әрі қарай әкем малға өзім бас-көз болып қаламын деп, анамды ауылға қайтарады.

🧶Еңбек етіп үйреніп қалған адам тыныш отыра ма?! Ол кезде колхоз 1 гектар жер береді. Сол маңда анам бар, бауырларым бар, таңнан кешке дейін шаруа қыламыз.

💸Әлі есімде, бір ретте жақсы өнім алып, мың рубль таптық. Анам “ертең білім аласың, оқуыңа....” деп жаңағы ақшаны сберкассаға салып қойды. Мен оқу бітіргенше әлгі қаржы түкке де жарамай қалды. Дүниенің құнсызданып кеткені сонша, қанша уақыт ыстық күннің астында жүріп тапқан еңбекақымыз менің теміржол билетімнің шығындарына әрең жеткен еді. Ол кездегі мың рубль қазіргі курспен есептесек шамамен 1 000 долларға тең шығар. О, жалған-ай!..

🧹Кейін бұл міндет те ауыр болған соң анамыз әлдебір мекеменің күзетшілігімен қатар, еден жуу міндетін алды. Бірақ ол жерде ресми тіркеліп тұрғаны ғана болмаса, марқұм бауырым екеуміз күзетке тұрып, еденді де жуып беріп жүрдік. Әлі күнге дейін есімде, Тарзан атты сары итімді ертіп алып, анама қарай ұша жөнелетінмін...

✍️Сөйтіп ол кісіні 58 жасында зейнетке шығарып алдық. Бірақ сол бейнетінің зейнетін екі жыл көрді ме, көрмеді ме, өмірден өтіп кетті...

❤️Осылайша еріне адал, балаларына қамқор, айналасына жұмсақ анамның дәм-тұзы таусылды. Былай қарасақ, жаңа ғасырдың игіліктерін көрмей кеткен қазақтың осындай әйелдерінің арқасында мен секілді қаншама тентек адам қатарына қосылды десеңізші...

🤲🏻Мамам-ай...