Найти тему
Qazaqstan Media

Полиция қызметкерлері тіркеуден шығарылған қару-жарақты қылмыскерлер мен деструктивті діни ағым өкілдеріне сатқан

Қару-жарақты екінші рет айналымға енгізумен шұғылданған құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен бұрынғы қызметкерлері және олардың көмекшілері сотталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментімен бірлесіп жүргізген операция барысында Алматы қаласы және Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстарында қаруды қайта айналымға шығару арнасының жолын кесті. Тіркеуден шығарылған қару-жарақ пен оқ-дәрі қылмыстық схема бойынша жойылды деген жалған есеп арқылы кейін сатылуға шығарылып отырған.

«Құрықтау және тінту барысында 347 бірлік қару, 13 граната және 7 387 оқ-дәрі алынды. Полицияның бұрынғы қызметкері ұйымдастырған қаруды модификациялау цехының көзі жойылды. Қызметтік міндеттеріне салғырт қарағандары және жеке құрамды бақылауды әлсіреткендері үшін құқық қорғау органдарының бірқатар басшылары теріс негіз бойынша қызметтен босатылды», – делінген ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің хабарламасында.

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының шешімімен кінәлі адамдар 2-ден 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру мерзімдеріне сотталды.