СҚО полицейлері «Өрмек» жедел-профилактиклық іс-шарасы аясында синтетикалық есірткі жеткізу арнасының жолын кесті, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қаңтардың 16-сы мен 20-сы аралығында СҚО-да «Өрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Нәтижесінде Астана қаласынан Петропавлға синтетикалық есірткі жеткізу арнасының жолы кесілді. Тәртіп сақшылары «тұз» деген атпен белгілі «α-PvP» синтетикалық есірткісінің ірі көлемін тәркіледі. Сондай-ақ, полицейлер есірткі жеткізуші курьерді ұстағанын хабарлады. Одан синтетикалық есірткісі бар 50 түйіншек тәркіленген.
«Бес күн ішінде облыста есірткінің заңсыз айналымы саласында 14 қылмыстық құқық бұзушылық анықталып, жолы кесілді. Іс-шараны өткізген кезде есірткіні жеткізу арналарын анықтауға, есірткіні, әсіресе, синтетикалық психоактивті заттарды өткізуді ұйымдастырумен айналысатын қылмыстық топтарды әшкерелеуге ерекше назар аударылды», – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.