Түркістан облысы Қазығұрт ауданында биыл ауа райының қолайлы болуына байланысты жеміс-жидек мол өнім берді. Екі жылдан бері мұндай өнім көрмеген бағбандардың қуанышында шек болмаған. Алайда соған қарамастан, көптеген қожалықта жүздеген тонна алма ысырап болып, жерде қалған. Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің жоқтығы, жабдықталған қоймалардың болмауы, инфляцияның шарықтауы бау-бақша, оның ішінде алма өсіретін шаруаларды қаншалықты шығынға батырғаны туралы «Aqniet Agro Gardens» мекемесінің директоры және құрылтайшысы Құралов Нұрболат айтып берді, деп хабарлайды Agroqogam.kz.
«Шаруалардың тасы өрге домалауы үшін тек мол өнім алу жеткіліксіз»
Биылғы жыл оңтүстіктегі мақта өсіруші ағайындар үшін ғана емес, сонымен бірге бағбандар үшін де оңайға соқпады. Нұрболат Құраловтың басшылығымен жұмыс істеп тұрған «Aqniet Agro Gardens» ЖШС бүгінде Қазығұрттағы ең ірі бау-бақшасы бар мекеме. Олардың бауы өте ауқымды – аумағы 500 гектар. Тиісінше, ірі бизнестің табысы да қомақты болуға тиіс еді. Алайда қожалық бірнеше жылдан бері шығынға ұшырап келеді. Бірнеше жылғы өнімсіздік, үсік жүру салдарынан тұралап қалған мекемені биылғы мол өнім де тығырықтан шығара алмапты. Мәселенің мән-жайын мекеме директоры әрі құрылтайшысының өз аузынан естідік. Нұрболат Құралов бүгінде басқарып отырған баудың тарихынан бастап, бүгінгі күнгі хал-жайын да кеңінен баяндап берді.
«Жалпы біздің қожалықты ағамыз Нұрлан Құралов 1999 жылы «Амангелді» ЖШС атауымен ашқан. Кейін 500 гектар жерге бау-бақша екті. Бастапқыда жүз гектар жүзім, алма, алмұрт, қара өрік, шабдалы, шие ектік. Одан бөлек тәлімбағымыз бар. Кейін ребрендинг жасап, 2021 жылы Aqniet Agro Gardens деп атала бастадық. Содан бері мен басшылық етемін.
Жалпы, алма өсіру Қазақстанда 2014 жылы қолға алынып, мемлекет бұл бағытты қолдау үшін түрлі субсидия бере бастады. Біз де соның негізінде бау ектік, инфрақұрылым, тамшылай суару, қарқынды бау-бақша үшін субсидия алдық. Керекті техникалар мен тоңазытқышты алдық», – дейді ол.
Продолжение у нас на сайте
#agroqogamkz #agro #agronews