ЕЛ МАҚТАНЫшЫ
ХХ ғасырдың басында әдебиет пен жалпы руханияттағы жаңа ағымды ілгерілетуге атсалысқан тұлғалардың бірегейі – Ахмет Байтұрсынұлы. Есімі бүкіл түркітілдес халықтардың тарихында мәңгі өшпес болып, алтын әріптермен жазылған.
Ол – ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы-демократ, заң білгірі, қазақ халқының адал перзенті.
Ахмет – ең алдымен ағартушы. Ол - поэзияда да, көсемсөзде де, ғылым-ілімде де ағартушы. Өзі:«Әуелі біз елді түзетуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі. Қазақ ішіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқуменен түзеледі» деп, жазғанындай, аталған шақта алашқа сауатты, білгір Ахмет ағартушы ретінде қажет болатын.
«Қазақ» газетінің бастапқы уақытындағы бір нөмірінде әлгі ойын Ахмет былай өрбітеді: «Докторлық ғылымын оқығандар денсаулық жайынан керек кітаптар жазуға мүмкін нәрсе, шаруа жайын оқығандар шаруа жайынан қазаққа керек жақсы кітаптар жазуға мүмкін нәрсе, оқыту жайын жақсы білетіндер мектеп кітаптарын жақсылап шығаруға мүмкін нәрсе, әдебиет ауданында жүйріктер халықтың қылығын, құлқын түзетуге керегі бар жақсы романдар уа ғайри сондай сөздер шығаруға мүмкін нәрсе». Міне, осының баршасы Ахметтің ағартушы, ұстаз Ахметтің әдебиетке қазақтың жоғын жоқтап келгенін айғақтайды.
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ елінің рухани көсемі, болашақтың жарық, көк аспан астында өмір сүруіне өз үлесін қосқан Алаш азаматы. Өз заманының алды болған Ахмет Байтұрсынұлы өткір, алмас қылыштай адамның ойын дәл табатын сөздері мен өлеңі арқылы ой-сезімін айтқан. Елі мен халқын, халықтың мәдени-білімін көтеру үшін қызмет еткен. Ахмет – қазақ әліпбиінің атасы, түркі тілтану ғылымының ағартушысы. Ахметтің мұрағаты жаңа уақыт, жаңа заманға, халқына қызмет етуде. Ахметтің ілімдері – әлі зерттелетін үлкен ғылым.
А.Байтұрсыновтың еңбек жолын ағартушылықтан бастауының үлкен мәні бар. 1895-1909 жылдарда А.Байтұрсынов Қостанай, Ақтөбе, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектептерде бала оқытады, екі кластық училищелерде сабақ береді. Бұл жылдардың ішінде А.Байтұрсынов Қостанайдан Омбыға барып, қазақ халқының тарихын, этнографиясын, фольклорын, тілін зерттеуші А.Е.Алекторовпен танысады. Қарқаралыда қызмет еткен жылдарында А.Байтұрсынов саясатпен де айналысады. Атап айтқанда, мұнда ол патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы революциялық қозғалысқа қатысады, «қазақтың елдігін сөйлей бастайды»(М.Әуезов), яғни 1905 жылы бір топ қазақ зиялылары болып патша үкіметінің жоғарғы басқару орнына петиция жолдайды. Онда қазақ халқына әлеуметтік теңдік берілуін, жер мәселелесінде қазақтардың мүддесі көзделуін, қазақ даласында оқу-ағарту ісін жолға қою керектігін талап етеді. Отаршылдыққа қарсы күресі үшін А.Байтұрсынов 1907 жылы Қарқаралы түрмесінде біраз отырып шығады. Ал 1909 жылы 1 шілдеде оны Семей губернаторы Тройницкийдің жарлығымен жандермерия тұтқынға алып, әуелі Қарқаралы түрмесіне, кейін Семей түрмесіне қамалады. Оны түрмеде ешбір тергеусіз сегіз ай бойы ұстап, ақырында 1910 жылдың 21 ақпанында екі жылға туған жері топырағынан кетуге ұйғарылады, яғни административтік түрде жер аударылады.
1910 жылдың 9 мартында Орынборға келіп, А.Байтұрсынов 1917 жылдың соңына дейін сонда қызмет етеді. Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып жүрген қазақ жастарының, Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда, «қазақтың ерте оянған тобының» инициативасымен, елден қаржы жиналып, 1913 жылы «Қазақ» атты газет шығару ұйғарылды. 1913 жылдың басынан 1917 жылдың соңғы айларына дейін осы органның редакторы болып қыруар еңбек етеді. Бес жылдай (1913-1918) уақыт өз қаражатымен, сол кезең үшін үлкен тиражбен(8000) дана шығып тұрған «Қазақ» газеті ең алдымен қазақ халқының ұлттық азаттығы мен мәдени-әлеуметтік дамуы үшін күрескен және қазақ қоғамының мүдделерін көздейтін проблемалар көтеріп, оларға әлеуметтік үн бере білген орган болды. Газет, әсіресе, тіл мәселесін бірінші орынға қойды. Патша үкіметінің өз қол астындағы халықтарға қатысты саясатына, әкімшілік тәртіптеріне қарсы пікір айтып, шындықты жазғаны үшін жергілікті үкімет орындары тарапынан бұл газетке бірнеше рет штраф салынады, редакторы түрмеге жабылады.Күрескер түрмеде отырып та замандастары айтқандай «тізесін үстел ғып», қаламының қарымын тартпай демі үзілгенше елінің қамын жеп, ой толғаған.
Дүниежүзілік Қызыл Креске М.Горькийдің жұбайы Е.П.Пешкованың жолдаған өтінішімен А.Байтұрсынов 1934 жылы мерзімінен бұрын айдаудан босап, туған елінің астанасы Алматыға қайтып оралады. Бірақ ешқандай дұрыс жұмысқа орналаса алмайды, ғылыми немесе оқу-ағарту істеріне араластырылмайды. Көп ұзамай 1936-1937 жылдардың зобалаңы басталып, НКВД органдары А.Байтұрсыновты екінші рет ұстап, көзін жояды. Бірқатар мәліметтерге қарағанда, 1937 жылы желтоқсанның 8-і күні атылған.
Қазақтың қазақ атануына өз үлесін қосқан. Қарусыз-ақ сөзбен өз ойын істететін Ахмет – қазақ елінің келешегін егемендікке жетелеген халықтың рухани басшысы.