Солтүстік Корея фабрикалары БҰҰ санкцияларына қарамастан Ресейге әскери киім экспорттайды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Free Asia радиосына сілтеме жасай отырып.
КХДР-дағы дереккөздерінде Пхеньяндағы кем дегенде үш зауыт және елдің басқа аймағындағы бірқатар кәсіпорын Украинада соғысып жатқан ресейлік сарбаздарға киім өндірумен айналысатыны жазылған. Олар қыстық киім, іш киім және аяқ киім тігіп шығаруда. Ресей Федерациясы оларға қажет шикізат береді.
«Пхеньяндағы зауыттар шамамен бір ай бойы істеп келеді. Олардың әрқайсысында 500-ден 1000-ға дейін тігінші жұмыс істейді, өйткені Ресей Үлкен партияларға тапсырыс берді.
Дайын киім-кешек Ресей Федерациясына Тюмень-Хасан тауар пойызымен жөнелтіледі. Осы бағыт бойынша теміржол қызметі COVID-19 пандемиясындағы үзілістен кейін осы айдың басында қайта басталды. Бұған дейін форманы өндіруге арналған шикізат теңіз арқылы тасымалданған» делінген мақалада.
Дереккөз сонымен қатар Пхеньяндағы тігін фабрикалары пандемияға дейін Қытай мен Шығыс Еуропадағы компанияларға шығарған киімдерін экспорттау арқылы шетел валютасын тапқанын атап өтті. Ресейлік сарбаздарға арналған әскери киімге жаңа тапсырыстардың арқасында осы мүмкіндікке тағы ие болып отыр.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017 жылғы қарары Солтүстік Кореядан тоқыма экспортына тыйым салған. Мұндай санкциялар Пхеньянға оны ядролық қару мен баллистикалық зымырандар жасау бағдарламаларында қолдануға болатын шетел валютасының көздерінен ажырату үшін қолданылды. Сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесі КХДР-дан жұмыс күшін пайдалануға тыйым салған еді, өйткені Солтүстік Корея жұмысшылары жалақысының 70 пайызын мемлекетке аударады.
Бұған дейін Пхеньяндағы Ресей елшілігі Мәскеудің Солтүстік Кореядан киім мен аяқ киім әкелуге мүдделі екенін мәлімдеді. Алайда дипломатиялық миссияның өкілі бұл ретте барлық санкциялар ескерілуі тиіс екенін атап өтті. Жағдаймен таныс Vpost дереккөзінің айтуынша, мұндай ынтымақтастық ең алдымен ресейлік компаниялардың тапсырысы бойынша өнімді тігуді көздейді. Оның айтуынша, Солтүстік кореялық тігіншілер өте сапалы жұмыс істейді.